Бәшен Баймұратқызы, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкеріОл ағынға қарсы жүздіБәшен Баймұрат...
Көккөл туралы аңыз
Фотосурет автордан
Шілденің шіліңгір күндерінің бірінде жеңіл көлік ағаштардың арасымен зулап келеді. Машина ішінен табиғатқа зер сала қарап отырған Арман бір жағына қисая ұйқыға кетті. Арада қанша уақыт өткені есінде жоқ, әлден уақытта машинаның тоқтаған дауысымен, әкесінің машина есігін жауып сыртқа шыққан дыбысынан оянды. Атасы дарбазадан әкесі мен баласымен амандасып жатыр екен. Арман да көліктен түсіп, атасымен амандасып үйге кірді. Атасы баласы мен немересінің келуіне арнап дастарханға бауырсақтарды мол қылып үйіп қойған екен.
Дастархан басында әкесі атасына:
– Жаз бойы Арман осы жерде сізбен болсын. Шамалы қаланың у-шуын ұмытып, ауылдың таза ауасымен демалсын деп әкелдім. Жаздың соңына қарай өзім келіп алып кетемін, – деді.
Осылай деген әкесі бетін сипап, дастарханға бата қайырды да, көлігіне мініп қалаға кері кетті.
Шай ішіп болғаннан кейін балалар дастарханды жинастырып, содан соң Арман тапшан үстінде шалқасынан жатты. Аспанда ақша бұлттар қалықтап жүр. Қора жақтан күйіс қайырған сиырлардың иісі мұрынға келеді. Қалаға қарағанда ауыл өмірінің мамыражайлығы сезіледі. Бір кезде үй ішінен атасының дауысы шықты:
– Арманжан, сиырдың астын тазалай қой.
Арман қолына тырма алып, дереу қорадағы сиырлардың астын тазалауға кірісті. Тазалап болғаннан кейін тырманы сарайға қойып, өзі бөлмесіне кірді. Үстіндегі терге малынған көк жейдесін жаңасына ауыстырды. Бір уақытта терезені біреудің қаққан дауысы естілді. Қараса, осы ауылдың баласы Мұхтар екен.
– Далаға шығып асық ойнасақ қайтеді? – деді Мұхтар.
Арман атасынан сұранып, досына ерді. Досы екеуі басқа да балалардың жанына келіп асық ойнады. Бір кезде балалар доп ойнауға көшті. Балалар допты теуіп ойнап, ағаштар арасымен жүгірді. Допты теуіп жүріп, Арман белгісіз бағытқа бұрылып кетті. Бір кезде қараса, мүлде адасып кетіпті. Жанында ағаштардан басқа ештеңе жоқ.
Бір уақытта Арманның көзі көл ішінде жүзіп жүрген өзі қатарлас қызды шалды.
– Ауылға қалай баруға болады? – деп айқайлады Арман.
Алайда күлгін көйлекті қыз оны елемеді.
Бәлкім, естімеген болар деп ойлады ол. Көл жаққа жақындауға бара жатыр еді, досы Мұхтар келді.
– Сені таппай қалдық, – деді Мұхтар.
Ертеңіне Арман ойын үстінде қайта көл жаққа барды. Көл жақта жүзіп жүрген кешегі қыз көрінді. Бүгін ол қалаққа жармасып жүзіп жүр екен.
Үйге келсе, атасы кілемді жинап қойыпты.
– Ата, кілемді неге жинап қойдыңыз?
– Шаң басып қалыпты. Көлдердің біріне апарып жуып алу керек болды. Бүрсігүні Азамат келсін. Соның «КамАЗ»-ымен ауыл сыртындағы көлге апарып жуып аламыз.
– Ата, өзіміздің жақын маңдағы Көк көлге жуып алмайсыз ба?
– Астафиралла…
Атасының қолындағы кілем жерге түсіп кете жаздады.
– Көк көлге кілем жуғанды қайдан көрдің, есалаң?! – Атасының дауысы ащы шықты.
– Көл ішінде адамдар шомылады ғой.
– Сен ол көлдің аңызын білмеуші ме едің?
Арман досы екеуі үй алдындағы орындыққа отырып, әңгімелесе бастады.
– Ол көлге адам баласы тұрмақ, жануар да жуымайды. Алда-жалда көлдің бетіне жапырақ қонақтай қалса, көл жұтып әкетеді. Көлдің қасиеті сол. Жақын келген заттың бәрін жұтады.
– Көлдің ішінде бір қыз шомылып жүреді ғой.
– Ол қыз күлгін көйлек киген бе?
– Иә, қайдан білдің?
– Көк көлдің тағы бір аңызы бар.
– Ол қандай аңыз?
– Ертеде осы ауылда бір қыз болыпты. Ол жалғыз анасымен тұрған екен. Ол анасына реніш үстінде көлге түсіп, қайта шыға алмаған екен. Кей кезде су бетіне шығатын әдеті бар деседі. Ол адамдарға сирек көрінеді екен. Көк көлге барған адамдар қайта оралмапты.
Осы сәтте үй ішінен атасы шығып:
– Ертең әкең келеді. Қалаға қайтасың. Заттарыңды жина, – деді.
– Сірә, атаң шошып қалған сияқты, – деді Мұхтар.
Ертеңіне таң азанмен әкесі келді. Атасымен сөйлесіп, мән-жайды ұққаннан кейін Арманды машинаға отырғызып, кейін алып қайтты. Қас қылғандай, жол жабылып, көлдің жанымен өту тиіс болды. Машина ішінде отырып, Арманның көл жаққа көзі түсті. Күлгін көйлекті қыз жағада тұр екен.
Ниязымбет Гауһар,
Тараз қаласы, студент,
2021 жыл, күз.