РУХАНИ ҰСТАЗ

Фотосурет автордан

ҚАЛАМГЕР
596

(Жанашыр ағам Нұртас Ахатұлына) 

Әдебиет — ардың ісі. Қалам шындықты ғана сүйеді, жалғандықты көтермейді. Осы қасиетті әлемнің айналасында жүрген әрбір адамның өз тағдыры, өз жолы бар. Менің де әдебиетке деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Иманбай ағай — менің алғашқы ұстазым. Ол кісі әдеби шығармаларды жүрегімен сезініп, сөздің майын тамызып жеткізетін. Әр сабағында Абайдың тереңіне бойлатып, «Жай ақын деп емес, Ұлы ақын деп жазыңдар» деп қайталайтын. Өз ісіне берілген ұстаздың шын ықыласы бізге де жұғатын. Мен де «Иманбай ағайдай болғым келеді» деп шығарма жазғаным есімде. Ол кісі әдебиетке келеді-ау деген балаға ерекше қарайтын. Маған да назары ауғаны рас. Бір рет ренжіп үш-төрт апта сабақ айтпадым. Әбден ренішім басылған соң айттым. Сол сабақта маған қарата, бірақ жалпылай сөйлеп «ертең университетке барғанда ешкім бір-екі ай сабақ айтпағандарыңды көтеріп жүрмейді» дегені бар. «Менің атым Қожадағы» Рахманов ағайға ұқсататын едім. Ол кісі арасында үш-төрт күнге, кейде тіпті аптаға ащы шәй ішуге кетіп қалатын. Сонда Майра апайымыз Иманбай ағайды уақытша алмастыратын. Ол кісі де нағыз филолог, сөз қадірін терең түсінетін білімді ұстаз еді. Ілияс Жансүгіровтің «Күйшісін» кітаптан оқығаннан гөрі, Майра апайдың жүрекпен жеткізген әңгімесінен ерекше әсер алатынбыз. Сол сияқты, «Абай жолының» «Қайтқанда» тарауын да алғаш Иманбай ағайдың бейнелі тілмен суреттеп бергенінен кейін, көркем фильм көргендей әсерде қалғанымыз есімде. Мектептегі филолог мұғалімдеріміздің әрқайсысының өзіне тән сабақ беру мәнері, оқушы жүрегіне жол табатын ерекше бір стилі бар еді. Азамат досымның әкесі әдебиетші Сарқытбай ағай Алматы туралы айтқанда, тыңдап отырған адамның көкейінде тұтас қала тіріліп, көз алдыңнан кино кадрындай өтіп жататын. Қазір, өкінішке қарай, әдебиет пен тіл пәндері екі түрлі бағытқа бөлініп кеткендей. Ал ол кездері қазақ тілін әдебиетпен байланыстыра түсіндіретін Лида апайымыз секілді ұстаздар бар еді. Сабақтары ерекше қызықты өтетін. Тілді сүюге, сөздің табиғатын түсінуге үйреткен ұстаздарымыздың ықпалы орасан зор болды. Міне, осындай жүрекпен үйреткен ағай-апайлардың арқасында әдебиетті таңдадық. Бұл – жай ғана пән емес, өміріміздің рухани бағдарына айналды.

Көне Торғай топырағына алғаш табан тірегенімізде, бір жатсыну, жасқану сезімі болды. Беймəлім мекен, тосын орта, көңілде күдік пен үміт қатар жүрген шақ. Әрине, біз бұл қасиетті өлкеге Қазақстанның талай өңірін аралап, ұзақ жолмен жеттік. Әйтпесе, туған Қарақұмнан қара жолмен тіке тартқанда, небәрі он сағаттық жер екен. Кейін білдік, Торғайдың тірі жүрегі Алтынсарин атындағы университет екенін. Ол оқу ордасы бүкіл өңірге рух беріп тұрған, шырағы сөнбеген шамшырақ екен. Үшінші қабатта халық мұрасының иісі аңқып тұратын. Сол жерде Сейіт Кенжахметұлының кітаптары мен ұлттық нақыштағы ою-өрнектері қойылған бұрыш бар еді. Ол кісі кейде дәлізде үнсіз жүреді. Әңгімелесуге адам таппағандай, жалғыздықтың сарынына бөленіп жүргендей көрінетін. Сол уақытта балалық басым болды ма, әлде ішкі уайымды ұғынар танымымыз жетілмеді ме ол кісімен жақын танысып, жан әлеміне үңілуге ұмтылмаппыз. Кейін кеш болды.

Айбек Қалиев келген соң көп дүниені жаңаша ұғына бастадық. Әдебиеттің тереңіне бойлау, сөз қадірін сезіну, рухани ұстаздың бағыт-бағдарымен мүмкін болатынын сол кісіден көрдік. Филологияның талантты жігіттерін бір арнаға тоғыстырып, ұйыстыра бастаған да – дәл осы Айбек ағай болатын. Жаз айында ол кісі туған жерім Аралға жол тартарымда үлкен сеніммен қарап, «Жазушы Қази Данабаев жайлы дипломдық жұмыс жазып кел» деп тапсырма берді. Бірақ мен күзде ештеңе істеместен бос қайттым.

Айбек ағай байыппен бір жымиып алды да мені елордаға ақын Қонысбай Әбілов ағамызға жіберді. Бұл – сөз өнерін ұғуға бағытталған тағы бір үлкен баспалдақ еді… Ол кісінің үйінде екі күндей мейман болдым. Қонақжай көңілі мен бай рухани әлемін сезіндім. Балалары қайтыс болып, көңілсіздеу жүрген кезі еді. Маған жастық шағын айтып, айтыстарды тізбектеп, қалжыңдап біраз бой жазып қалғандай болды. Диктофонға жазылған сұхбаттар мен сүбелі әңгімелерді, сыйға тартқан кітаптарын арқалап Арқалыққа оралдым. Қалалық газетке мақала жазып, сұхбатты да жарияладым. Әрине, Торғай жерінде түрлі келеңсіз жайттар да болды. Бірақ Торғай жұртына деген ішкі жылылығым мен құрметімді сол кісілердің өнегелі тәрбиесі қалыптастырды деп ойлаймын. «Елдің қаймағы» деген сөз бекер айтылмаса керек...

2013 жылдың жазында Көкшетауға ат басын тіредік. Балалық пен есеюдің арасы бір арнаға тоғыспай, жан дүниеміз сергелдеңге түскен шақ. Рухани ізденістің келесі үшінші тарауы осында басталған еді. Көкшетауға келіп, Нұртас Ахатұлы басқаратын мекемеге жұмысқа орналастым. Терең ойға бойласам да, өмірлік тәжірибе мен пысықтық жағынан кенде екеніміз байқалады. Алғашқы жұмыс күнімде-ақ жазған мақаламнан Нұртас аға мың қатемді тауып берді. Кабинетіндегі "Филология ғылымдарының кандидаты" деген жазуға көзім түспеген екен... Әйтпесе, кеңірек жазасың ғой. Атүсті, жүрексіз жазылған мақалама мақтау емес, сын естіп үйге көңілсіз қайттым. Бірақ уақыт өте келе ол кісі мені бауырындай қабылдады. Ағалық, ұстаздық мейіріммен қарай бастады. Азаматтық ұстанымым мен ой-талғамыма құрметпен қарап, алға жетеледі. Осы сенім мен жанашырлық менің әдебиетке деген ықыласымды тереңдете түсті.

«Ар-намыс» клубының студенттерімен бірге солтүстік өңірді үш күн бойы араладық. Сол сапарда мен де ілесіп жүріп, Нұртас ағаның әр айтқан сөзін жадыма түйіп отырдым. Ол кісінің әңгімесі тек ақпарат емес, өмірлік бағыт-бағдар болатын. Сол сапардың бірінде қазақтың батырлары туралы айтып еді, жақында сол әңгімені тарихшы Жақсылық Сәбитов те қайталап айтып отыр екен. «Аға, осыны бес жыл бұрын жол үстінде айтқан едіңіз» десем, Нұртас аға «Ұмытпапсың ғой» деп жымия күлді.

Шынын айтсам, Нұртас ағамыздың болмысын кейінгі жылдары тереңірек түсіне бастадым. Бұрын тек жанында жүргеніме мәз болып, оның ішкі әлеміне, ойының тереңіне толық үңілмеппін. Нұртас аға үшін ең қымбат ұғымдар - даму, талант және табиғилық. Ол кісі сырттай жылтыраған емес, іштей өркендеген, шынайы болмысты, рухани тазалықты жоғары қояды. Сол қасиеттерін уақыт өте келе ұғынып, бағалай түстім.

Нұртас ағаның арқасында талай жақсы-жайсаңмен дидарласып, талғам мен танымның жаңа белесіне шықтым десем артық емес. Журналист атаулыдан ат-тонын ала қашатын Тұрсынжан Шапаймен алты сағат әңгімелескеніміз әлі есімде. Сол уақыттың екі сағатын Абайдың болмысын жаңаша ашқан «Анық Абай» кітабын талқылаумен өткіздік. Бір күні Нұртас аға кенет кабинетіне шақырып, Өмірзақ Мұқайдың қылдай жұқа өлеңдер жинағын қолыма ұстатты. «Мұны оқисың ғой, бірақ Өмірзақ ағаң поэзиядан қарағанда прозаға шебер. “Көлеңкенің салмағы” дейтін повесі бар, соны тауып оқы» деді. Сол сөзден соң облыстық кітапхананы шарлап жүріп, 1996 жылғы «Жұлдыз» журналының бір санынан аталған повесті тауып, оқығанмын. Тілі мен трагедиялық иірімдері жүректі дір еткізіп, көзге жас үйірген. Нұртас аға тағы бір жолы «Жапандағы жалғыз үйді» қолыма ұстатып кетеді, басқа жолы келіп Төкеңнің (Төлеген Қажыбай) 95-96 жылғы өлеңдер жинағын береді. Сол кезде мән бермейтінмін, ал кейін ойланып отырсам, мұның бәрі нағыз парасатты ұстаздың, тереңнен ойлайтын рухани жетекшінің ісі екен. Және мұндай оқиғалардың жүзі бар. Әр кітап тек баспа өнімі емес, ішіне әлем сыйған құнды қазына. Ал сол әлемге апарар жолды көрсете білген, жүрегіме сәуле түсірген — Нұртас аға болатын.

P/S

Жазылған әр жол жүректен шыққан шынайы ризашылық пен құрметтің көрінісі. Рухани ұстаз тек білім беріп, бағыт сілтеуші ғана емес, тұлға ретінде қалыптасуға әсер еткен, ішкі дүниеңе сәуле түсірген жан. Нұртас ағаның қамқорлығы, бағыт-бағдары мен сенім артуы талай руханияттағы жігіттерге әсер етті. Өз ісіне адал, сөзі мен ойы терең Нұртас аға сынды азаматтар сирек туады. Ол тек ұстаз емес, рухани бағдаршам, бағыт көрсеткен жолбасшы. Осындай адамдар бір қаланың ғана емес, тұтас өңірдің рухани келбетін айқындайды.

Төкең жоқ қой деп кейде ішің босап сала береді... Сол кезде Нұртас ағаның жүргені – бір жұбаныш, бір медет. Әдебиет жайлы ескі әңгімелердің үзіліп қалмай, сабақтаса айтылып жүргені – соның арқасы. Руханияттағы үлкен буыннан қалған аманат пен абырой жүгін арқалап жүрген адамды бағалай білу – кейінгі буынның да, тұтас Көкшенің де парызы сияқты көрінеді. Төкең жоқ қой деп толқитын сәтте, сол рухани жалғастық үзілмесе екен дейсің...

Қуаныш Қожабайұлы, әдебиетші 

author

Нұртас Ахат

ҒАЛЫМ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...