Осы бір қысылтаяң шақта елдің елдігі, ердің ерлігі көрінді - журналист

Фото интернеттен

Қоғам
533

Жалпы, еліміздегі 7 облыста 3,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Жауапты министрліктерге оларды тезірек қалпына келтіру тапсырылды.

Қазір Қостанай облысында зардап шеккен әр отбасына мемлекет тарапынан 186 мың теңгеден түгел төленген, деп жазды өзінің facebook парақшасында белгілі журналист Еркеғали Бейсенов. Автордың айтуынша, қазір наурыздың аяғында қарғын судың астында қалып, абыр-сабыр болған ел ептеп есін жия бастады.

Төменде автордың толық мәтінін беріп отырмыз. 


«Сәуір болмай, тәуір болмас» дейді дана халқымыз. Міне, қазір наурыздың аяғында қарғын судың астында қалып, абыр-сабыр болған ел ептеп есін жия бастады. Біз де олардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы біраз ресми ақпарат тараттық. Шамамызша бар шындықты бүкпесіз жарияладық. Эмоциямен асыра сілтенген алыпқашпа әңгіме өрбіткендер де аз болмады. Тәуелсіздік тарихында болмаған бұл тасқын осылайша биліктен бұқараға дейінгі біраз пенденің бетпердесін сыпырып тастады. Енді фактіге көшейік...


Жалпы, еліміздегі 7 облыста 3,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Жауапты министрліктерге оларды тезірек қалпына келтіру тапсырылды. Қазір Қостанай облысында зардап шеккен әр отбасына мемлекет тарапынан 186 мың теңгеден түгел төленген. Оның сыртында еріктілер мен тасқынға тап болған ауыл түлектерінің жинаған қаржылай және азық-түлік қорлары бар.


Күні кеше қырғыз елінен жөнелтілген 12 фураның жартысы бүгін Ақтөбе облысы мен Қостанай қаласына жетті. Қалғаны Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына бара жатыр. Сонымен қатар, өзіміздің ел ішінде жиналған азық-түлік, қажетті тауарлар, жанар-жағармайдың тікұшақтар, қайықтар арқылы жеткізіліп жатқанына жұрт куә. Қайсы бірін жеке-жеке айта берейік, «Көп түкірсе – көл» дегендей, осы бір қысылтаяң шақта елдің елдігі, ердің ерлігі көрініп жатқаны рас.


Айтпақшы, бүгін «Қазақстан халқына» қоры бастапқыдағы 5 млрд теңге деген көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге ұлғайтып отыр. Ол қаржыға шамамен 400-ден аса үй салуға болады екен. Жоқтан тәуір. Әр облыс әкімдіктері бар шығынды есептеп, отқа оранған Әулиекөлге 90 үй салған сияқты етіп, суға кеткен әр қарашаңырақтың орнын толтырып береміз деп отыр. Қостанай облысының Арқалық қаласы маңындағы және Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты мал-мүлкінен түгел айрылған ауылдардағы кейбір отбасы қала мен аудан орталығына қоныстанбақ.


Әзірге елдегі ірі компания, банктердің миллиондап, миллиардтап қаржы шығарып отырғанын айтпай-ақ қояйық. Діттеген жеріне жеткен соң өздері нақты есебін бере жатар. Тек сол қомақты қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпесе екен дейміз. Үкімет қатаң қадағалайтынын жеткізді ғой. Ақырын күтейік.


Бұнымен жұмыс біткен жоқ, әрине! «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» дегендей, қазір жан-жақтан шығып жатқан еріктілерге көмектесу – әрқайсымыздың парызымыз. Тасқынға қарсы қолдан келер қайранымыз болмаса да соның салдарын жоюға атсалысқанымыз жөн.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...