Елімізде жалғызбасты әкелердің саны 70 мыңнан асады , деп хабарлады madeniportal.kz. Саят есімді жа...
«Тойдан шығып, әскерге кетті»: Желіде сарбаздың анасымен қауышқан сәті түсірілген видео тарады
коллаж: madeniportal.kz
Астана қаласының теміржол вокзалында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жауынгер анасымен қауышты, деп жазды madeniportal.kz.
Кадрдан бірін-бірі сағынған ана мен баланың құшақтасып жатқан сәтін көруге болады. Видеоның бастапқы секундтарында вокзал маңынан елеңдеп, анасын іздеген сарбаз байқалады. Ал ол артына қараған сәтте анадайдан анасын байқап, жүгіріп жетеді. Осы сәтте оны анасы да бауырына басып, екі бетінен алма кезек сүйе бастайды. Ана мен бала арасындағы шексіз махаббаттың символы тәрізді бұл видео әскери бөлімнің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған.
Белгілі болғандай қатардағы Медеу Жақсыбаев Cтепнагорск қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 3517 әскери бөлімінде қызмет еткен. Ол құқықтық тәртіп әскері қатарына былтырғы жылдың 13 желтоқсанында қосылған. Ал оның әскерге аттануына анасы тікелей себепші болған.
«Былтырғы қыста Медеудің нағашыларында той болды. Соған бардық. Ал келесі күні балама әскерге шақыру қағазы келді. Сосын бірден баламды ертіп, аудандық әскери комиссариатқа бардым. Жылдам тексерістен өткізіп, ұлымды армияға алып кетті. Жалпы мен оған әрқашан әскерге баратынын айтып, психологиялық тұрғыда дайындадым. Үнемі Отан қорғау ісі маңызды екенін құлағына құйып келдім. Өйткені, үлкен ұлым Саятты әскерге жіберерде уайымдап, қатты алаңдаған едім. Оным бекер болып шықты. Айтпақшы ол да Ұлттық ұланның Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде қызмет еткен. Тіпті сол жақта жүріп тегін оқу грантын да иеленді. Міне, бүгін ағасының ізін жалғап інісі де борышын өтеп келді. Баламының әскери ант қабылдау рәсіміне бардым. Содан кейін көріп отырғаным осы. Вокзалда кезігетін күні жұмыстарыммен Астана қаласында болған едік. Бұл видео сол жерде түсірілген. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балаларымды мақтан етемін. Енді екеуі де емін-еркін қалаған жұмыстарын істей береді. Егер әскери қызметші болуды таңдаса ол шешімдеріне де қарсы келмеймін», — деді сарбаздың анасы Гаухар Ыбырайым.
Бүгінде қатардағы Медеу Жақсыбаев Түркістан облысы Ордабасы ауданы Көлтоған ауылындағы үйіне аман-есен жетті. Енді оны алда жауапты қызметтер мен жарқын болашақ күтіп тұр.
Видеоны көрген желі қолданушылары: «Бұйырса, 6 айдан соң мен де баламды осылай күтіп аламын», «Бұл ең күшті сәт», «Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», «Жарайсың, бауырым!» деп жазды.