«Бизнесмен Шу өзенін қорасына бұрып алған»: Ауыл тұрғындарының жанайқайы жеткізілді

Фото: Су ресурстары министрлігі ұсынған видеодан скриншот

АЙМАҚТАР
477

Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбаев Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алған бизнесменнің бассыздығын әшкерелеп, су ресурстары және ирригация министріне Созақ ауданындағы ауыл тұрғындарының жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Azattyq Rýhy тілшісіне сілтеме жасап. 

Депутаттың айтуынша, мыңдаған ірі қарасы бар кәсіпкер бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған.

«Бір фазенда үшін бастауын Қырғызстаннан алатын Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алу деген не сұмдық? Шу – шекаралық өзен. Сырдарияға барып қосылуы керек. Алайда, етектегі елге жетпей, Созақ даласы сорға айналғалы бірнеше жыл болды.  Тұрғындардың айтуынша, тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ. 12 мың ірі қарасы бар дейді. Дронмен түсірілген фото-видеоларына дейін қолыма ұстатты. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген», - дейді Толықбаев депутаттық сауалында.

Айтуынша, былтыр Жамбыл облысына барған сапарында бұл ақпараттың рас-өтірігін премьер-министрдің өзі сұраған. Алайда жергілікті шенеуніктер мен салалық министірлік мұны «жалған ақпарат» деп Олжас Бектеновті кері қайтарған.

«Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге сонша қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме? Әлде бірге ме? 12 мың сиыры бар шаруашылық соншалықты кімге тиесілі? Осы жағы түсініксіз», - деп ашынды депутат.

Толықбаев бұл мәселе тез арада шешілмесе, даласы сорға айналған Созақ ауданындағы 8 ауылдың тұрғындары Астанаға келгелі жатқанын айтты.

Мәжілісменнің депутаттық сауалынан кейін су ресурстары және ирригация министрі қарамағындағы қызметкерлерін Созақ ауданына тексеріс жасауға жіберген.

«Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшылары Созақ ауданына барды. Тексеріс барысында Шу өзені арнасын өз бетінше бұру және заңсыз бөгет тұрғызу фактісі анықталған жоқ», - деп мәлімдеді министрлік.

Барлық суармалы алқап және су пайдаланушылар белгіленген лимит бойынша сумен қамтамасыз етіліп жатыр, дейді олар. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Instagram-нан жоғалып кеткен қазақ әндері қайта оралды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Бұл ақпарат...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қызылордада алаяқтық жасап, ірі көлемде ақша ұрлаған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ....