Бұдан былай Ақтаудағы ең үлкен даңғыл ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен ата...
Қар жауып, аяз күшейеді: Қазақстанның 10 облысына шұғыл ескерту жасалды
ЖИ
«Қазгидромет» 24–25 қазан күндері Қазақстанның 10 облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде қар жауып, көктайғақ пен тұман түседі. Кей аймақтарда желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Синоптиктердің болжамынша, елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде қар жауып, көктайғақ қалыптасады. Ал оңтүстік пен батыста қатты жел соғып, шаңды дауыл көтерілуі ықтимал.
Алматы облысында 24 қазанға қараған түні ауа температурасы 1–6 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Алматы мен Қонаев қалаларында 2–4 градус үсік күтіледі. Таулы аудандарда желдің екпіні секундына 18–23 метрге жетеді.
Түркістан облысында 24–25 қазанда шаңды дауыл болжанып отыр. Желдің жылдамдығы секундына 23–28 метрге дейін күшеюі мүмкін. Облыстың солтүстігінде түнде 3 градус үсік жүреді. Шымкент пен Түркістан қалаларында жел секундына 15–20 метрге дейін күшейіп, топырақ бетінде 2 градус үсік болады.
Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Көктайғақ пен тұман күтіледі. Өскеменде 24 қазанға қараған түні қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.
Абай облысында түнде қар жауып, бұрқасын соғады. Кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Семей қаласында да қар мен көктайғақ болжанған.
Қарағанды облысында түнде қар жауып, солтүстік және шығыс аудандарда тұман мен көктайғақ күтіледі. Өңірдің батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстікте жел секундына 15 метрге дейін күшейеді. Жезқазған қаласында төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Қостанай облысында 24 қазанға қараған түні және таңертең батыс, солтүстік және шығыс аудандарда тұман күтіледі. Оңтүстікте жоғары өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысында түнде аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың бірқатар ауданында тұман түседі.
Маңғыстау облысында күндіз шаңды дауыл көтерілуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Өңірде жоғары, ал орталық бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Петропавл қаласында да қатты жел болжанған.
Мамандар тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, алыс жолға шығарда сақ болуға кеңес береді. Әсіресе қар мен көктайғақ күтілетін өңірлерде жүргізушілерге жылдамдықты шектеп, қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды.