Жылу – жүрекке, жайлылық – үйге: Алматыда мұқтаж жандарға газ тегін тартылуда

Madeniet Portaly

АЙМАҚТАР
68

Алматыда көмір жағып, күл шығаратын күндер келмеске кетіп барады. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін биылғы қыс жылы әрі жайлы болмақ. Қала әкімдігі мен демеушілердің біріккен жобасы аясында елуге жуық шаңыраққа көгілдір отын тегін тартылды. Бұл – «Жаңа Қазақстандағы» әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

 

«Халықтық» қолдау

Мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы нақты нәтижесін беруде. Алматы қаласы әкімдігі, «Халық банк» АҚ және «Халық» қайырымдылық қоры бірігіп, ерекше қолдауды қажет ететін тұрғындарды газбен қамту жобасын қарқынды жүргізіп жатыр.

Бұл бастаманың басты мақсаты – қаржылық қиындығы бар азаматтарға қауіпсіз әрі сенімді жылу жүйесін орнатып беру. Үшжақты келісім жұмыс қарқынын жеделдетіп, қамту ауқымын кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді.

«Кілтке дейін»: Шығынның бәрі өтеледі

Жобаның ең маңызды тұсы – оның кешенділігінде. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, үй иесіне «толықтай дайын» (под ключ) күйде тапсырылады.

Әлеуметтік осал санатқа жататын тұрғындар мына заттар мен қызметтер үшін бір тиын да төлемейді:

-       Есептегіш құралдар;

-       Газ жабдықтары (пештер, плиталар);

-       Жылыту радиаторлары;

-       Құбырлар және басқа да қажетті материалдар;

-       Монтаж жұмыстары.

Барлық қаржылық шығынды «Халық» қайырымдылық қоры өз мойнына алған. Бұл – қарапайым халық үшін үлкен жеңілдік.

Кімдерге көмек беріледі?

Көмек алушылардың тізімі ашық әрі әділ жасалады. Оны жергілікті атқарушы органдар (аудан әкімдіктері) анықтайды. Басымдық – газға қосылу ақысын өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқ, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандарға беріледі.

Нақты нәтиже және келесі кезең

Бүгінгі таңда игі істің алғашқы нәтижелері көріне бастады. Қаладағы 50 үйде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Соның ішінде 42 отбасы қазірдің өзінде газға қосылып, өркениеттің игілігін көре бастады. Енді олар отын тасып, пеш жағу машақатынан құтылды.

Мамандар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазірдің өзінде жобаның екінші кезеңіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жауапты тұлғалар үйлерді аралап, құжаттарды реттеу және жаңа өтініштерді қарастыру жұмыстарын қолға алды.

Бұл жоба – Алматының экологиялық ахуалын жақсартуға қосылған үлес қана емес, ең алдымен, адамға деген қамқорлық. Үйі жылының – жаны жылы. Қыстың көзі қырауда мұқтаж жандарға жылу сыйлау – сауапты әрі мәдениетті іс.

 

MADENIPORTAL.KZ шолушысы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жол ережесін бұзған 32 жастағы жүргізушіні полиция қызметкерлері тоқтатады, деп хабарлайды MadeniPor...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға кей өңірлерде әкімдік жергі...