2019 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды "М...
Түркістан облысына – 1 жыл: «Түркі әлемінің тарихи Ордасы»
Иә, осыдан тура бір жыл уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаулысымен Түркістан өз алдына отау тігіп, дара облыс болып шыққан еді...
2018 жылдың 19 маусымында "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" заңға қол қойды Ұлт көшбасшысы. Десе де тарихи датаның таңбаланғанына да жыл толған екен.
Қаулы барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Шымкентті респуликалық маңызы бар қала етіп, ОҚО-ның атауын Түркістан облысына өзгерткен болатын.
Жаңа статусқа ие болған қазақ руханиятының алтын қазығы Түркістан өңірі өз дербестігін алумен қатар оны дамыту туралы да сөз басталып, Елбасы Үкімет тарабына 8 түрлі тапсырма берген болатын. Ол өңірдің экономикалық әл-ауқатын өсіру, туризмді дамыту, Түркі әлеміндегі рухани одақтастықты күшейту секілді көп салалы жобадан тұрған-ды.
Сонымен, Жер Күннің осін бір айналып шыққан уақытта не өзгерді, қай жұмыстар жүзеге асты, қай жұмыстарға әлі де талай істер жасалу керек?
Бұл туралы Елдің алдында жүрген түрлі саланың тарлан тұлғаларынан пікір жинап көрдік. Ендеше, мархабат:
Жандарбек Мәлібекұлы, сәулетші, Мемлекеттік Елтаңба авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:
«Түркістандағы сәулет өнері – тірі тарих»
Түркістандағы сәулет өнері – тірі тарих. Құлағыңды тоссаң қайран бабаларың қисса-дастандарын төгілте жөнелетін тәрізді. Көз тастап көрсеңіз сөз саптауыңыз тиылады емес пе? Қазақ сондай данышпан ұлт, қазақ сондай дарынды ел екеніне кәміл сенесің.
Сәулет өнері – сыйқырлы әлемнің есігі іспеттес. Мұндағы әр бір ескерткіш, әр бір ғимаратқа қараңызшы. Қаншама ғасыр бұрынғы бабаларымыздың саусақ табы қалған. Бұл біздің ұлтымыздың руханиятының бастауы, шыңы мен шыңырауы ғой.
Қарап көрші, 699 жылы дүниеге келген, бүгінде елімізде ресми ұстанатын Ханафи мазһабының негізін салған Әбу Ханифа көне Наса қаласында туып, ілім алып, хақ жолмен жүрген. Араға 394 жыл салып дүниеге келген Қожа Ахмет Яссауи исламда осы бір хақ жолды әрі қарай жалғастырып, Түркі тілдес елдерде софылық ілімнің негізін қалап, ұстаз атанды.
Мына бір қызықты қараңыздар, Қожа Ахмет Яссауи дүние салғаннан кейін 233 жыл өткен соң, 27 мемлекетті бағындырған Темір династиясының негізін қалаған Әмір Темір ұлы бабаға арнап кесене салдырды. Міне, ондаған ғасыр сабақтастырған осы бір мол мұра бүгінде құтты мекен Түркістанның төрінде орналасып, ерекше көрік беруде. Дүние танымымыздағы осындай қасиетті жерімізге деген рухани ізгі ниетіміз таусылмасын.
Бір ғана кесене 1,5 мың жылдық тарихты еңсеріп тұр. Қасиет емес пе? Бұдан кейін қандай кие іздейсің ал?
Алдағы уақытта Түркістан облысында түрлі ғимараттар салынатыны сөзсіз. Көзіңді жұмып-ашқанша құбылатын заман туды ғой. Ендігі кезек осы жаңа ғимарттар ескірмейтін мәңгілік ескерткіштермен байланысып отырса деймін.
Бұл тарихи мекен, қасиетті атырап. Шамамен атпен жерсе айшылық жерде ғана бұл өлкеде кемі он бес қала бой көтерген. Демек қала мәдениеті мен дала мәдениетінің алғаш тоғысқан жері осы тұс. Жалпы алғанда сәулет өнерінің алғаш өркендеген атырабы осы Түркістан. Сондықтан мұндағы әр бір құрылысқа терең назар аударылуы керек.
Шайманов Болат Елтайұлы, ІІ Дәрежелі «Даңқ» орденінің, 30-дан астам медальдармен Құрмет грамоталарының иегері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері:
Түркістан – көне түркі елінің астанасы, бас шаһары болған. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан құтты мекен топырағында әлемге әйгілі Әл-Фараби сынды тұлғалар дүниеге келіп, тарихта өшпес із қалдырған. Он мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, түркі еліндегі софылық жолдың негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауиде осы өңірдің тумасы. Сондықтан да еліміздің рухани ордасы Түркістанның облыс орталығы атануы өте орынды деп білемін.
Аталмыш бағытта түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Бір жыл ішінде Түймебаев мырза бастаған білікті мамандар облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіріп шықты. Бұл орасан еңбек. Осындай жолдарда кадрлық кризистен бастап жергілікті тұрғындардың менталитетіне дейінгі үлкен өзгерістерге төтеп беру – ерлік.
Десе де жергілікті жерлердегі құрылыс жұмыстары, рухани бастамалар, туризмді қолдайтын жобалар туралы көз қуантып, құлақтың құрыш етін қандыратын түрлі жаңалықтарды оқып отырамыз.
Ауызбен айтуға оңай ғой, алайда бұл орасан еңбек, толағай инвестицияның ақылды жұмсалуы.
Құрылыс жұмыстары елді-мекендегі мыңдаған жұмыссыздарға жұмыс күшін ұсынды емес пе? Бұл жергілікті халықтың әл-ауқаты көтерілді деген сөз. Оған туризмді қосыңыз.
Соңғы уақытта өңірде орын алып отырған түрлі халықаралық шараларды есепке алыңыз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген меймандар туризмнің дамуына үлкен үлес қосады емес пе?
Менің ішкі пайымымша соңғы бір жылда өңірде бес жылдық жұмыс нормасы орындалды. Бұл сөзсіз экономикалық өсімге орасан импульс береді.
Қазір Өмірзақ Шүкеев бастаған атқамінерлердің алдында ұлы миссия тұр. Түркістан қазақ руханиятының шолпан жұлдызы. Сондықтан жаңа облыста жасалып жатқан әр-бір жұмыс, әр-бір бастаманың жіті назарда тұрғаны анық. Ендігі кезек орта және шағын бизнестің дамуы, туризм оның ішінде туристерге жасалатын жеңілдіктер, тарихи құндылықтарды қайта қалыпқа келтіру секілді жұмыстарды қопсыту керек. Бұл үшін қолдау да, құлшынып тұрған қоғам да бар. Алла жар болсын.
Жанғали Жүзбай, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, онға жуық ғылыми еңбектер, христоматиялар менен кітаптардың авторы:
«Түркістан «Оян, Қазақ» ұранының заттанған көрінісі»
Түркістан - иісі қазақтың қасиетті мекені. Қаратаудың күнгейінен ғұлама ғалымдармен қатар ақын, жырау, сал-серілер де көп шыққан. Атақты Дайрабай, Сатыбалды, Әлшекей, Сүгір, Жаппас, Төлеген сынды күйшілер осы өңірде домбыра шертіп, думандатып өткен. Қазақтың байырғы жазба әдебиетінің жауһарлары - қисса, дастан, хат-өлең, жазба айтыс дегендей асылдарымыздың көзі Түркістан топырағына дарыған. Осы күні ежелгі Түркістан мәдениетінің заман көшіне ілесе өркендеген нағыз дер шағы. Ендеше оңтүстік өңірдегі күйшілік өнер де қайта түлейтін шақ алыс емес шығар.
Аталмыш аймақ менің туған топырағым. Сондықтан Елбасы жарлығын естігенде жаным жай тапқандай күй кештім. Бұл шешім экономика мен туризмды былай ысырғанда қалғып жатқан қазақ рухын оятатын ұлы қадам болды деп есептеймін.
Қаратаудың басынан көшкен қаймана қазақтың қарашығына тұнған тамшы жастың еріксіз тамып түсетін кезі осы емес пе?
Бейбіт күнде майдан ашып, жоқ жаумен алысқан псевдо-патриоттар үшін керемет үлгі осы болды. Бастысы – іс. Түркістан «Оян, Қазақ» ұранының заттанған көрінісі.
Осы тұста ескеріп айта кетуіміз керек бір мәселе бар. Түркістаннның географиялық орыны – қасиетке тұнып тұр. Созақтағы шешендік, Кентаудағы жер байлығы, Жетісайдағы ел байлығы, Мырзашөлдегі мырзалық туралы аңыз көп.
Қазір атқарылар жұмыстың бір тармағы Түркістанның тарихи картасын жасау керек. Бұл жердегі әр тұлға, әр өңір туралы фильмдер түсірілуі керек. Сонда біз рухани жаңғырып қана қоймай, қазақ болып қайта түлеп шығамыз деп ойлаймын.
Иә, ғасырлар бойы білім мен танымның айнасына айналған абыз дала, қарт қала – қазақтың ғана емес күллі түркі жұртының рухани астанасы болуы тегін емес қой. Осы орайда сұқтанған көзбен сумақай сөзден аластанып, Қазағыма Алла жар болса, болашақ жарқын. Негізі болашағына кірпіш салатын ұлт тарихын қызғыштай қорғайды екен. Елбасының осы шешімі – тарихи қадам деп қазірден бағалауға болады.
Самал Еслямова, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 71 Канн фестивалінің «Үздік әйел рөлі» номинациясының иегері, «Asian Film Awards Academy» марапатының иегері:
«Он ғасырдан астам уақыттан бері бүтін бір ұлтымызбен сабақтасып келе жатқан түрлі мәдени феномендердің отаны Түркістан болып табылады»
Қазақ халқының мәдениеті – түрлі реңде қалыптасқан. Тарихтың қатпар-қатпар беттерінің әр кезеңінде өзіндік ерекшелік, айшықты айырмашылықтар болды.
Алайда, он ғасырдан астам уақыттан бері бүтін бір ұлтымызбен сабақтасып келе жатқан түрлі мәдени феномендердің отаны Түркістан болып табылады. Сөзсіз, алғаш естігенде түркі жұртының астанасы деген ұғым егіз жүреді. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб секілді тұлғалардың есімдері ерекше аталатын бұл шаһар расында еліміздің рухани астанасы атануға әбден лайықты және атанып та келеді. Сондықтан да оның облыс орталығы атануы өте орынды шешім деп білемін.
Оның үстіне демография үлесін де ескеруіміз керек. Түркістан облысы - жастардың мекені. Арыстарымыз бен алыптарымыз ауылдан шыққан. Содан соң қалалық мәдениетпен ассемиляция жасады емес пе? Бұл мидың жылдам, әрі ерекше бағытта жұмыс жасауына себепкер болады.
Ал бұл өңірде ауылдық жерлер өте көп. Солардың ішінен ұлы ғалымдар, қарымды қаламгерлер, әккі әртістердің шығатынына кәміл сенемін. Түркістан – болашаққа жасалған ұлы инвестиция, тарихқа жасалған ұлы тағзым болып қала бермек.
Оның үстіне бұл атырап тарихи мекен. Бір ғана сырдың бойында 15-тен аса қала бой көтерген кезінде. Тапырақққа сіңген мәдениеттің құдіретін сезіне беріңіз осыдан кейін.
Ал топыраққа таңба болып қалған әр-бір қасиет – ешқашан өшпейді. Бұл ұрпақтан ұрпаққа беріле беретіні сөзсіз.
Ендігі арман Түркістан облысының орталығына үлкен Театр салынса екен деймін. Бұл қаладағы мәдениетті жаңа бір сатыға көтеретін еді. Облыстық дарам немесе комедиялық театр болса... Биыл жастар жылы ғой. Тіпті жастар театрын ашса да үлкен жеңіс болатын еді. Бұл өңірде мүйізі қарағайдай, тума талантты актер, режисерлер жеткілікті. Бұл біздің шағын ғана арманымыз. Десе де Түркістанның тынысы кеңи түссін деп тілегіміз келеді.
Бекарыстан Аманжолов