«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандардың тарихи орындармен танысуына...
«100 жаңа оқулық» -түбегейлі қозғалыс
Әлемдегі ең көп таралған тіл – ағылшын тілі. Тура осы заңдылық бойынша ілім-ғылымның да негізгі тілі – ағылшын тілі. Ғылыми жұмыстар, жаңалықтар, зерттеулер әуелі осы тілде жарияланады. Қайбір кездері осы тілдердегі білімді алу үшін тілді меңгеру, шетелге барып оқу керек болды. Ал қазір ше?
Ruh.kz сайтының жоба туралы, жобаның нақты қандай оқулықтарды, қалай аударып жатқандары туралы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының бас редакторы – Мұхтар Сеңгірбай мырзамен сұқбатын жариялаймыз.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында дәрігерлер мен мұғалімдер ғана емес, болашақты түсінетін, заманауи көзқарастарын қалыптастырған мамандардың ауадай қажет екенін де айта кетеді. Бұл – даусыз. Жаһанданған заман өзгерістерінен хабары бар, болашағын нақ бағдарлай алатын, жаңашылдықтардан хабары бар, өзі таңдаған саланың «құлағында ойнайтын» мамандар қай қоғамға болмасын, қай уақытта болмасын ауадай қажет-ақ. Осындай мамандарды дайындау үшін, әлемнің үздік оқу құралдарын кез-келген ЖОО-да оқитын студентке қолжетімді ету үшін, әлемдік аренадағы ілім мен білімді әр ауылдың колледж студенттері тегін ала алуы үшін «100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылып келеді. Психология, менеджмент, кәсіпкерлік, философия және т.с.с. жаңа заман мамандықтарына арналған әлемнің озық оқыту құралдары енді қазақ тілінде сөйлейді.Жүз жаңа оқулықтың жаңашылығы неде?
Мұхтар Сеңгірбай: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған бұл жобаның жаңалығы туралы көп айтылды. Бұл – гуманитарлық білім салаларының ең озық оқулықтары мен ғылыми еңбектерін мемлекеттік тілге аударып, Қазақстанның жоғары оқу орындарына тегін таратып беруді мақсат еткен еліміздегі бірден-бір жоба. Бұл ғылым тілін қазақшаландырып қана қоймай, қоғамдағы күрделі мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Ең алдымен жас өскіндердің әлемдегі көп сұранысқа ие оқулықтарға қол жеткізіп, соның арқасында білім нәрінен сусындауына мүмкіндік береді. Аударылатын кітаптарды таңдауда олардың түрлі идеологиялық догматтардан ада, бейтарап ғылыми стильде жазылуына мән беріледі. Сондықтан, онда бұрынғы-соңғы түрлі ғылыми тұжырымдар мен көзқарастар айтылады, ешқайсысына басымдық берілмейді. Бұл оқырманның ғылым саласынан жалпы мағлұмат алып, әрі қарай ізденуіне, сыни ойлауына мүмкіндік береді. Елбасы Н.Назарбаев айтқан «Сананың ашықтығы» деген осы болуы керек.
Бағдарлама аясында аударылып жатқан оқулықтардың көбі тиісті ғылым саласындағы терминологияны қалыптастыруға жол ашып жатыр. Сала мамандары, беделді ғалымдар мен білікті филологтар жаңа терминдерді қалыптастыруға көп күш салып жатыр. Бұл жоба біраз кібіртіктеп қалған ұлттық терминжасам процесіне қозғау сала алса, бұл да – ұлттың рухани жаңғыруының бір белгісі болса керек.
Біз байқаған үшінші жаңалығы – бұл жоба жалпы қазақ тіліндегі кітап индустриясына, ғылыми-көпшілік аударма ісіне серпін әкеліп жатқан сияқты. Қазірдің өзінде түрлі ғылыми, ғылыми-көпшілік, әдеби және мотивациялық кітаптар шығаруға бет түзеген ұйымдар бой көтеріп жатыр. Бұл да болашақта тілдік ортаның сапалы, мазмұнды болуына, сол арқылы жалпы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сеп болады деп үміттенеміз.
Рухани жаңғыру жобасының іс жүзінде жалпы ұлттық сипат алуы үшін неге көңіл аударуымыз қажет?
Мұхтар Сеңгірбай: Меніңше, ең алдымен әр азамат бұл жобаны науқаншылдық, әлдебір саяси конъюнктураның өтпелі бір бөлігі деп емес, үнемі жүретін, тұрақты, түбегейлі қозғалыс деп түсініп, оны өзінен бастауы керек. Жеке өз түсінігімде рухани жаңғыру – кеңестік өткеннің бәрінен көзсіз бас тарту емес, ХХІ ғасырдың адамына сай талғаммен, сыни көзқараспен қарап, адамзаттың осы кезге дейінгі жеткен жетістіктерін екшеп пайдалану, оны өзіңе, айналаңа, студенттеріңе, отбасыңа тарату. Көп мәселеге басқа ұлттың көзқарасы арқылы қарау, өз тіліңді, руханиятыңды қор санау сияқты колониялдық сана-сезімнен арылу, маңайыңды да соған шақыру. Бұл – ұлттық үстемдік емес, нағыз либералдық түсінік, яғни көп білмекке ұмтылу, әлемге түрлі көзқарастар тұрғысынан қарау және мұны өз ұлтыңның дүниетанымымен қабыстыра білу.
Жоба қазірдің өзінде жалпыұлттық сипат алды деп ойлаймын. Оның нәтижесі осы жобаның аясында тәрбиеленіп, осы оқулықтарды оқып жатқан ұрпақ өсіп, қоғамға толық араласқанда айқын көрінеді деп үміт етеміз.
100 жаңа оқулықтың келесі сандары латын қарпінде жариялануы мүмкін бе?
Мұхтар Сеңгірбай: Қазақ тілін латын қарпіне көшіру – рухани жаңғыру жобасының аса маңызды бөлігі. Бұл әсіресе сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тұрғысынан өте қажет шара.
Алғашқы 18 оқулық шыққан кезде-ақ кітаптарды латын қарпімен шығару туралы идея болған. Мұндай пікірлер қазір де көп айтылады. Дегенмен, жаңа қаріптің емле ережелері әлі бекітілмегенін, оның апробациядан өтпегенін ескеріп, әзірге латын қарпіне көшуді кейінге шегеріп отырмыз. Қаріп дайын болғанша ғалымдар, студенттер мен оқушылар қазіргі әліпбимен оқып, таныса береді. Болашақта бұл кітаптардың латын қарпімен жаңарып, қайта басыларына сенеміз.
Оқулықтар ауыл оқушыларына қолжетімді ме?
Мұхтар Сеңгірбай: Оқулықтар 130 жоғары оқу орны мен 130 колледжге 10 мың данамен таратылды. Оның үстіне openu.kz сайтынан «Ұлттық аударма бюросында» шыққан барлық кітаптың электронды нұсқасын ашып, оқуға болады. Яғни, кітаптарды Интернеті бар кез келген адам аша алады. Бұған қоса, сала ғалымдарының қатысуымен барлық оқулыққа қазақ, орыс тілдерінде видеолекциялар әзірленіп, сол ресурсқа салынып жатыр. Кітаптардың кейбірінің аудионұсқалары әзірленіп, оларды да жүктеп жатырмыз. Халықтан сұраныс болғандықтан, кей оқулықтарды кітап дүкендеріне шығардық. Қысқасы, оқулықтар қалың оқырманға жетуі үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасауға тырысып жатырмыз.
Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
«Елдің болашағы – жастар» деген сөздің айтыла-айтыла қадірі кеткен секілді. Десе де бұл – ақиқат. Жастарға жасалған жақсылық – ел ертеңіне жасалған, болашаққа жасалған ең тиімді инвистиция. Жастарымыздың сауатты болуы, жастарымызды жаһанданған жаңа заманға сай болуы – үлкен мәселе. Сондықтан тұтас ұлт болып қолға алынған жобаларды, игі істерді барынша қолдауға, барынша тиімді пайдалануға шақырамын. Жарқын Қазақстанның алтын болашағын бірге жасалық!