1. Әйгілі этнограф, композитор А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әндері мен күйлері» жинағына...
Бөрібай КӘРТЕН. Қарақалпақ өңіріндегі жыр саздары
Фото интернеттен
Ақтөбе аймағы, Сыр бойы жыршылық дәстүрлерімен тарихи байланысы, сабақтастығы
1. Эпикалық мұраларға тыйым салған 1947 жылғы атышулы қаулы жайында
Соңғы кездері біреулер «Ақтөбе өңірінде жыр айту дәстүрі болмаған, тек Маңғыстауда, Сыр бойында, Қарақалпақстанда ғана дамыған» деген парықсыз әңгімені ара-тұра қозғап қояды. «Жыр саздары жоқ, Қарақалпақстанда туып-өскен, өздеріне еш қатысы жоқ Наурызбектің өз жанынан шығарған әуен-саздарына жармасулары содан» дейді. Осы сөзге елітіп жүргендер де кездеседі.
Эпостық мұралардың өткен шежіресін зерделей қарағанда қазақтың әні мен жырының советтік отарлық саясаттан көрген тепіреші, шеккен зияны – орасан. Шолу жасап, тарихтың сол ақиқатын шама-шарқымызша баяндап өтелік. Бөстекі күңкіл сөздің төңірегінде жүргендер үшін емес, зерделі қауым біле жүрсін деп.
1947 жылдың 21 қаңтарында ҚК(б)П ОК-і «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» деп аталатын қазақ тарихындағы атышулы қаулысын шығарады. Ұлттық Ғылым академиясында партия жиналысы өткізіледі. Тіл және әдебиет институты жоспарлаған ғылыми зерттеулер сүзгіден өтіп, Октябрь төңкерісіне дейінгі қазақ әдебиетіне қатысты тақырыптар түгел алынып тасталады. Көп шығармалар, атап өтсек, Алтын орда, Ноғайлы дәуірлеріне байланысты туған «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», басқа да жыр-дастандар, сондай-ақ, Шортанбай, Дулат, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір, т.б. социалистік қоғамға жат деп жарияланып, оларды оқытуға қатаң тыйым салынады.
Эпос кейіпкерлері шыққан тегіне қарай бағаланады. Мысалы, Қобыланды мен Алпамыс байдың балалары һәм солардың қорғаны боп «батыр» атанғандар, Төлеген де – байдың ұлы, Қыз Жібек – ханның қызы. Осылайша қазақтың қисса-дастанында елге үлгі қылатындай оңған кейіпкерлер жоқ деген үкім шығарылады. «Қазақ жырларының ішіндегі дұрысы Қамбар батыр, халыққа ең жақыны да – осы» деп танылды. Өйткені ол – аң аулап, тоқсан үй тобырын асырап жүрген зиянсыз адам...
Аталған қаулыға байланысты жазған-сызғаны совет идеологиясына қауіпті саналып, тарихшылар Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, әдебиет, өнер қайратерлері Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Қ. Мұхамедханов, А. Жұбанов, т.б. тұтқынға алынады, қуғындалады. Жазықсыз жазалау науқаны 1953 жылы И.В. Сталин өлгеннен кейін 60-жылдары ғана саябырсыған...
Сонау заманнан бері ән мен жырдың бір мекені – Ақтөбе аймағы еді. Қалың ноғайлының ат дүбірлеткен қонысы. Жыршы-жыраулардың сан алуан әуезді саздарымен өріліп, «Едіге», «Қарасай-Қази», «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Бекет батыр» т.б. эпостардың дүниеге келген жұрты.
Ақтөбе өңірінде әріректегі Әлімнің Кетесінен өрген Үкі, Бекберген, Жаскелең, Бітеген, Қонақберген, Кенжеқара, Мақует... олардан соңғы Әлімнің Шектісінен Нұрпейіс, Пұсырман, Ізтілеу, Байсалбай, Адай Айса, Тама Әкімкерей, Алшын-Шөмекей Жәкібай, Алшын-Шөмекей Ділжан, Қали, Ноғай Құдабай, т.б. таңды таңға ұрып жыр төккен жыршылар екен... Бұлардан басқа біржола белгісіз боп қалғандар қаншама.
1947 жылдың 21 қаңтарында ҚК(б)П ОК-і шығарған «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысының тыйымына байланысты совет заманында тек Ақтөбе өңірі емес, күллі қазақ жұртындағы сан алуан жыршылық дәстүрдің әуен-саздарына қысастық жасалды. Таспаларға, ноталарға түсірілмеді. Жыр әуездерінің нақышты талай нұсқалары жадыдан осылайша өшірілді. Мәңгілікке жоғалып, сабақтастық үзілді. Бұл да – ұлтымыздың өкінішті бір қасіреті.
2. Жыршы Наурызбектің беріп кеткен өз деректері
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасының ұстазы, ф.ғ.к. қауымдастырылған профессор Сәуле Жанпейісова мынадай мәліметті баяндаған еді: «Наурызбек жырау Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық әні кафедрасына 1992 жылы қыркүйектің 1-інде «аға оқытушы-консултант» боп жұмысқа қабылданды. Бірақ ол кісі бізде көп жүрген жоқ. Анығы екі айдан кейін әлде үш айдан соң ба, кетіп қалды. Оның себебі былай еді: алдына үйренуге келген шәкіртке жырды бір-екі орындап көрсетіп береді де «ал, сен қайтала!» дейді. Бұрын құлағы естіп жаттықпаған әуенді қайдан бірден ала қойсын. Біз сияқты бірнеше мәрте тыңдатып, әуенді үзік-үзіктерге бөліп үйретпегесін балалар қаша бастады. Соңында келмей қойды. Болмағасын Нәукең де қолын бір сілтеді...
Сол кезде Наурызбек жыраудың өзінің айтуындағы деректерді қаз-қалпында қағазға түсіріп алған едім, сонда ол былай деген-ді: «Ата-бабамыздың мекені – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы. Арғы атам – Көтібарұлы Есет батыр. Нағашым – Оразбай жырау. Арал маңында өстім. Кейін Мойнақтан Қоңыратқа көштік. Жыр айтуды ел ішінде «Қу молда» атанған Тілеумағамбеттің баласы Ережеп жыраудан меңгердім. Одан көп үйрендім. Екпіндерін, дыбыстарын. Бата алдым. Айтып жүрген дыбыстарым соныкі («дыбыстарым» дегені «әуен», «мақам» мағынасында екен.-Б.К.). Екі-үш жылдай Мұратбай жыраудың қасына ердім. 1956 жылдан топқа түсе бастадым. 60-жылдардан бастап, атпен ел араладым. «Асау-Барақты», «Егізбай-Сегізбайды», «Едігені», «Қарасай-Қазидың үш арманын» жырладым... Ережептің әкесі – Тілеумағамбет «Асау-Барақты» жырлаған. Мұхиттың, Таңжарбайдың әндерін айтқан» (астын сыздық.-Б.К.).
Бейәдеп біреулердің қоймастан өжектеп «авторы – Наурызбек, сол шығарған» деп жүрген жыр саздарды Наурызбек өзінікі емес екенін, Ережептен үйренгенін ашық айтып отыр мінекей! Мұның бір жыршыдан бір жыршыға ауысып, ескіден келе жатқан әуен-мақамдар екені белгілі болып тұр сонда.
Айта кетейік, Наурызбек (1932-1994) – Шектінің Қабақ руынан, оның Қарабас аталығы. Атақты Көтібар батырдың туған інісі – Тоқпанның төртінші ұрпағы. Әкесі Нұржаубай Қарақалпақ жеріне 1928 жылы қоныс аударған делінеді.
Наурызбек жыршының Қарақалпақ өңіріндегі әр төңірекке тиесілі саз-мақамдарына қатысты ап-анық қып айтып кеткен өзінің тағы бір сөзі бар. Мұны музыкатанушы ғалым, профессор Болат Қарағұлов 1982 жылы Қарақалпақстанға арнайы ұйымдастырылған экспедициямен сапарлап барғанда үнтаспаға жазып алған. Аудиожазбаның көшірмесі қолымызда. Ықшамдап, қаз-қалпында, сөйлеу стилін сақтай отырып берейік, сонда бүй деген ол: «....жыраулардың (сазы) әр жердегі айту мақсатында әр түрлі жағдайда айтылады. Мысалы, мынау ұлы жүз дейміз, орта жүз дейміз, кіші жүз дейміз. Ұлы жүз, орта жүздің дыбыстары, өлеңдері, әндері бұл жерден әлдеқайда... бөлек тұрады. Кіші жүздің дыбыстары бөлекше тұрады. Соның өзінде мына Қазалы, Арал жағы бөлек айтылады. Міне, одан әрі өте бере... Тақтакөпір жағы, осыдан былай қарай кеткен соң Әмударияның ар жағы бөлек айтылады. ...Гурьевтен әрман қарай кеткенсін адай жырлары, бұлардың дыбыстары бөлек тұрады. Біздің мінекей, Ақтөбе, Ақтөбеден бермен қарай, Шалқар, Шалқардан осылай айналып келіп, мына Хорезм бойына қарай кеткесін жыраулардың дыбыстары бөлек айтылады. Сөздері де бөлек болады» (астын сыздық.-Б.К.).
Наурызбек ақсақал Қарақалпақстандағы жыршылық мектептерді осылайша тарамдап бөле келіп, өзінің репертуарындағы әуен-мақамдарды оларға қоспай отыр, керісінше, Ақтөбе өңірінің, соның ішінде Шалқар төңірегінің әуездері Хорезм жақтікімен бір дейді.
3. Ережеп жыршының мақам-саздары хақында
Елге кең тараған тарихи жырдың бірі – «Асау-Барақ». Қазақстанның батыс өлкесінде ғұмыр кешкен әкелі-балалы батырлар жайлы. Авторы – Тілеумағамбет Аманжолұлы. Ол турасында мынадай деректер бар: «Выдающийся жырау Тлеумагамбет Аманжолов (1861-1935) – автор поэм «Аскер-батыр», «Ермагамбет-батыр», «Маркабай-батыр» и других, воспевающих храбрость и отвагу борцов за установление Советской власти в Хорезме и борьбу отрядов ГПУ с туркменскими басмачами, в 1916 году сложил толгау, посвященное событиям народного восстания против царского правительства под названием «16 жыл» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Народная музыка в Казахстане. (Сборник статей, посвященный 50-летию Великой Октябрской Социалистической революции) Составитель В.П. Дернова. Издательство «Казахстан», Алма-Ата – 1967. Стр.120-121).
Бұдан кейін Тілеумағамбеттің «16 жыл» толғауының үзіндісі мен әуенінің нотасы берілген. Сөзі былай:
– Бір азғана жақсылар,
Заманның жайын сөйледім.
Бұрынғы ойлар қаумалап,
Оңды, солды сермедім.
Хорезмге келгенім,
Қайғылы заман тап болып,
Мұны да тағы көргенім,
Әмірі келіп патшаның,
Он тоғыз бен отыз бір,
Балаларды жөнелттім.
Қозғатылып қуанып,
Езу тартып күлмедім,
Бұл бәлелік емес пе?
Бұл 1962 жылы Қарақалпақ жеріне арнайы ұйымдастырылған экспедиция сапарында Тілеумағамбеттің баласы Ережеп жыршының айтуында түзілген. Оның жасы сонда жетпіс екіде екен.
Музыкатанушы Талиға Бекхожина былай дейді: «...Қарақалпақстан қазақтарында өзінше қалыптасқан бірнеше жыраулардың мектебі бар. Олар: Нұртуған, Қарасай, Тілеумағамбет (астын сыздық.-Б.К.), Сүгір, тағы басқалар» (Қараңыз: Бекхожина Т. Қазақтың 200 әні. (Музыкалы-этнографиялық жинақ) – Алматы: 1972 жыл, 6-бет).
Мінекей, өз құлағымен естіп, Тілеумағамбет туралы нақты деректерге қаныққан ғалым оны жыраулық мектептің бір өкілі деп отыр. Олай болса, әуен-мақамдарын үйреніп, сабақтастырған мұрагерлерінің бірі – өз ұлы Ережеп.
Енді осы Ережеп жайлы нақты мәліметке көшейік. Онда бүй деп таңбаланған: «Тілеумағамбетұлы Ережеп – 1890 жылы Қоңырат-Малшы деген жерде туған. Әкесі Тілеумағамбет жасынан өнерлі жырау, шайыр адам болған. Ел ішіне жыршылық еңбегімен де танылған (астын сыздық.-Б.К.). Әкесінің лақап аты – «қу молда» болған. Қу молда «Қобылан», «Кенесары-Наурызбай», «Қарасай-Қазидың» он екі тарамға бөлінетіндігін білген. 1917 жылғы төңкерістен бері жазылған жаңа заман жырын айтқан. «Асқар батыр», «Өтеш», «Марқабай», «Ермағамбет» жырларын жазған. Шәкірттері Дариябай жырау, Құдайберген жырау, Жақсылық жырау, Оразбай жырау (астын сыздық.-Б.К.) т.б. болған. Ережеп әкесінің дастандарын жазбасынан үйренген. 22 жасынан бастап, жыраулықпен шұғылданған (астын сыздық.-Б.К.). Ережеп жыраудан 1962 жылы жазылып алынған «Қобыланды батыр» жыры – осы эпостың ең толық, көркем нұсқаларының бірі» (Қараңыз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2006. Т. 37: Батырлар жыры. – 2006. 531-бет).
Айтпағымыз, Ережеп жыршы әкесі Тілеумағамбеттің «16 жыл» атты толғауын «Наурызбек шығарған» деп жүрген әуез-сазбен орындап берген (1-нота, «16 жыл»). Сонда Т. Бекхожина нотаға түсірген мақамды ол өзінен қырық екі жыл кейін туған Наурызбектен 60-жылдары үйренген бе?! Бұған нендей уәждері бар екен айтар «авторы – Наурызбек, өзі шығарған» деп жүргендердің?
Есте сақтайтын және бір жайт, Наурызбектің репертуарындағы «Мұхит салмын» әні Қарақалпақстан өңіріне Тілеумағамбет арқылы жеткен (астын сыздық.-Б.К.). Бұған куәлік беріп, сөзімізді деректермен бекітейік: «Тілеумағамбет 1860 жылы Қоңырат қаласына жақын, Үстірттің «Малшы» деген жерінде туылған. 1900 жылдары Ақтөбе облысының Табын ауданына көшіп барған (бұл жер – Табынның, оның ішінде Тілеумағамбет тараған қалың Шөміштінің да атақонысы.-Б.К.). 1913 жылы Ойыл өзені бойында тұрған. 1914 жылы Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданына көшіп келеді...» (Қараңыз: Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы: Хрестоматиялық оқу құралы: (Қаржаубай Жұмажанов), Тұрсынай Төрткүлбаева. – Алматы: «Дәстүр», 2017. – 286 б.).
Мұндағы «1914 жылы Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданына көшіп келеді» деген мәлімет жаңсақ деп ойлаймыз. Өйткені Ережеп жырлап, ғалымдар жазып алған «16 жыл» аталатын толғаудағы Тілеумағамбеттің:
«Хорезмге келгенім,
Қайғылы заман тап болып,
Мұны да тағы көргенім,
Әмірі келіп патшаның,
Он тоғыз бен отыз бір,
Балаларды жөнелттім...», – деген сөзі он алты жыл тұрған түп атамекенінен 1916 жылы патша шығарған «Июнь жарлығына» байланысты оның амалсыздан кері оралуға мәжбүр болғанын куәландырып тұр. Балаларының амандығын ойласа керек шамасы.
Мынаны да есте мықтап ұстаған жөн. Тілеумағамбет 1900 жылы Ақтөбе өңіріндегі Шөмішті-Табынның ортасына көшіп келгенде ұлы Ережеп он жаста. Ол жиырма екі жасында жыр айтуға ден қойған кезде атақонысында, анығырақ айтсақ, қазіргі Байғанин ауданында жүр. Өнердегі қадамы осы жерде басталған...
С. Жанпейісоваға жаздырып қалдырған Наурызбектің: «Тілеумағамбет Мұхиттың, Таңжарбайдың әндерін айтқан» деген дерегі де келтірілген мәліметтермен қиысып, шындықты ашып тұр. Демек, аталған шығарманы ол батыс өлкесінде, Табындардың ортасында, Ойылдың бойында жүргенде, осы жақта аралас-құралас болған әнші-жыршылардан естіп, үйренген, кейін Қарақалпақстанға оралғасын да алқалы топта орындап, насихат еткен. Наурызбектің «Мұхит салмын» әнін де әкесінің репертуарын қаз-қалпында алып қалған Ережеп жыршыдан меңгергені белгілі боп тұр сонда.
4. Батыс өлкесі жыршылық дәстүрінің Хиуа жерінде сабақтасу тарихы
«Наурызбектің орындауында Балқы Базар жыраудың сөзіне шығарған Оразбай жыраудың термесі» делінетін аудиожазба қолымызда. Мәтінінің басталар тұсыннан үзінді берейік, былай делінген:
– Әлі де сенде арман жоқ,
Табылған сөзде жалған жоқ,
Басы жұмыр пендесін,
Жаратқан жалғыз бір Құдай,
Не күйлерге салған жоқ?..
Оразбайдікі деп отырған бұл әуен де атақты эпик-ақын һәм жыршы Нұрпейіс Байғаниннің сонау 40-жылдары орындалып, Мемлекеттік архивтің фонотекалық қорында үзігі сақталған толғауының сазын қайталайды. Дараландырып тұрған өзгешелік жоқ. Тек қағыстарында ғана сәл айырмашылық бар. Наурызбек болар-болмас құбылтқан. Бірақ екеуінің де арнасы – бір, ортақ әуен. Пікірімізді дәлелдеу үшін Нұрпейіс Байғаниннің сол әуезінің нотасын оқып тани алатындар назарына ұсынып отырмыз (2-нота, «Арнау»).
Әлгінде «Оразбай жырау Тілеумағамбеттің шәкірті болған» деген архивтік мәліметті келтірдік. Олай болса, бұл сазды ол содан үйренген һәм осы жыр мелодиясы жиені Наурызбекке ауысып, кейінге жалғасып таралып отыр.
Оразбайдікі деп жүрген әуен-саз – Тілеумағамбет пен Нұрпейіске Мақует жыршыдан, Мақуетке Бітеген, Жаскелең жыраулардан, тіпті әріден сабақтасқан мақам-сарындардың бір үлгісі екені аңдалады. Мұның осылай екеніне көз жеткізу үшін әрі қарай ізіне түсейік.
Белгілі жыршы Хайролла Иманғалиевтың 1952 жылы өзінің айтуымен жаздырып қалдырған қолжазбадан алған ақтөбелік мәдениетанушы ғалым Есентүгел Әзидің мәліметінде былай делінген: «Қарт жырау Хайролла Иманғалиев (1907-1987) Кіші жүз тайпаларының ішіндегі Кете руынан шыққан атақты Үкі жыраудың (XIX ғ.) шөбересі Махмут жыраудан 14 жасында бата алған (астын сыздық.-Б.К.). Хайролла жыраудың айтуына қарағанда, бұл шежіренің негізін салған (Е. Әзи: «Хайролла – шежіре-толғау жазған адам, бұл жерде соны айтып отыр» дейді.-К.Б.) – XV ғасырда өмір сүрген атақты Сыпыра жырау. Онан соң толықтырғандар – жоғарыдағы Үкі жырау мен оның баласы – Бекберген, немерелері – Жаскілең, Бітеген, Бақы және шөбересі Махмут жырау».
Махмут (дұрысы – Мақует, қағазға түсірген кісі қате таңбалаған.-Б.К.) – Кете Үкі жыраудың ұрпағы. Бабасының жолын ұстанған. Хайролла осылай деп куәлік берген.
Қарақалпақстандық әдебиетші ғалым Қ. Жұмажанов: «Бақы баласы Мақуат Хожелі ауданының Хожелі қаласында 1919-1926 жылдары тұрақтап, қоныс еткен» (астын сыздық.-Б.К.), – деген мәлімет жазып қалдырған (Қараңыз: Қ. Жұмажанов. Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006 жыл, 181-бет.).
Ескерте кетейік, Қ. Жұмажанов көрсеткен генеологиялық шежірені Н. Байғаниннің айтуындағы ататекпен салыстырып қарағанда жаңсақтық бар. Оған мәліметтер берушілер мұнда да қателесіп, жыраудың есімін «Мақуат» деген. Қайталап айтамыз, нақты шын ныспысы – Мақует. Аталары мен ұрпақтарының да орнын ауыстырып жіберген. Анығында Мақует Нұрпейістің куәлік беруінше, Ділмағамбеттің баласы, Бақының төртінші ұрпағы.
Қарақалпақ жерінде өткізген жеті жыл ішінде Әлім Махует жыршы талай алқалы отырыстарда таңды таңға ұрып, жыр төккені еш шүбәсіз жайт. Олай болса, оның арғы бабасы Үкі жыраудан, одан кейінгі аталары Бітеген, Бақыларға жалғасқан сарынмен жырлағаны шүбәсіз және сол әуездің Қарақалпақ өңіріндегі жыршылардың жадында сақталып, сабақтасқанын бағамдауға болады. Әйтпесе «Оразбай жыраудікі» делінетін мақамның эпик Нұрпейістің сазын қайталап, ұқсас болуы – кездейсоқтық емес. Бұған тағы үстеме дәлел келтіріп, пікіріміздің дұрыстығын одан әрі бекіте түсейік.
Эпик-ақын Нұрпейіс Байғанин өз баяндауында («Қобыланды батыр» ОҒК, Ш 62 Д) мынадай архивтік дерек қалдырған: «Мен он жеті жасымнан жырладым. Сол кезде тұқымды жырау Махует деген жыраудан осы «Қобыландыны» үйрендім (астын сыздық.-Б.К.). Махуеттің әкесі Ділмағамбет, Ділмағамбеттің әкесі Бітіген, Бітегеннің әкесі Терлікбай, Терікбайдың әкесі Бақы, Бақының әкесі Жаскелең, Жаскелеңнің әкесі Бекберген деген атақты жыршылар өтіпті. Атадан балаға «Қобыландының» осы мен айтатын желісі қалған екен. Мен мазмұнын бұзбай, ертегісін сол күйінде беріп отырмын. Ожырай деген елден ақсақ Қонақберген деген айтқыш ақын да «Қобыландыны» осылай жырлады. Ожырай руынан Кенжеқара жыршы да «Қобыландыны» осылай жырлады...» – депті (Қараңыз: Байғанин Нұрпейіс. III томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012 жыл, 332-бет).
Міне, Нұрпейіс «Қобыландыны» Махует жыршыдан үйреніп, мазмұнын бұзбай жырладым» депті. Және қайыра еске салып өтейік, осы Махует Қарақалпақстанда жеті жыл тұрған.
Жыршылық өнердің жолына он жеті жасынан бастап түскен, даңлы эпик Нұрпейіс ата Байғанин репертуарындағы әуезді беріректегі Оразбайдан үйренбегені айдан анық.
Айтқандай Сүгірдің шәкірті Бегей Жақсылық жыршы да «Елтай батыр – Бегей батыр» туындысын Оразбайға таңып жүрген мақам-сазбен жырлаған...
Тағы бір қызық жағдай. «Ақсақ құланды» жеткізген дәулескер күйші Қамбар Медетовтің орындауында «Дәулеттің термесі» деген әуенді Затаевич нотаға түсірген. Бұл да Оразбайға телініп кеткен әуезбен сарындас.
Сонымен жоғарыда келтірілген айғақтар бірінің Наурызбекке, енді бірінің Оразбайға жапсырылып жүрген әуендердің бұрынғы ғұмыр кешкен ақын-жыршылардан бір-біріне ауысып отырып, жоғалмай жеткен өзегі ортақ, сарыны бір әуездер екенін дәйектеп тұр.
Жыр саздарын жыршының өз жанынан шығарғандары деп кесіп айтудың дәйексіз екенін зертеушілер нақтылаған. Бұл жөнінде ф.ғ.к. Ұ. Байбосынова: «Жыр мақамдарына «менікі» деп айдар тағу эпос орындау дәстүрінің ішкі заңдылықтарына бағынатын бұрыннан бар үрдіс. Тек мұны авторлық-композиторлық құқықпен шатастыруға болмайды, – деген фольклортанушы Б. Жүсіповтің тұжырымын келтіріп, сөзін былайша тәмамдайды, – ...біз де ғалымның әр жыршының өзі айтқан мақамды шығармашылықпен икемдеп, «өзінікіне» айналдыратынын, алайда бұл мәселені композиторлық құқықпен шатастыруға болмайтындығы жайындағы ой-пікірін қолдаймыз». (Қараңыз: Байбосынова Ұ. Сыр бойындағы шайырлық дәстүр және ислам мәдениеті. Монография. – Алматы: «Arna-b», 2022, 105-106 беттер).
5. Батыс өлкесі мен Қарақалпақ өңірі қазақтарының музыкалық мұраларындағы ортақ жайттар
Белгілі ғалым Мәриям Ахметова Қазақстанның басқа аймағындағы әндерге қатысты айырмашылықты былай деп баяндайды: «Миксолидикалық ладқа ауысатын ионикалық лад тоникасымен, миксолидикалық мажор ладының үшінші сатысын төмендету және натуралдық эоликалық ладтың үшінші сатысын жоғарлату әсіресе дамыған әндер мен бертінде шыққан әндерде (Орталық Қазақстанда) көбірек қолданылады» (Қараңыз: Ахметова М. Қазақ әндері (Музыкалық зерттеу). – Алматы: «Жазушы» баспасы, 1970 жыл, 27-бет). Ал батыс өлкесі мен Қарақалпақ өңірі музыкалық мұраларының ладтық қалыбы бұдан басқаша, ортақ тұстары көп. Соған бірер айғақтар бере кетейік.
Т. Бекқожина Ережептің жыршылық болмысын былай деп баяндайды: «...Ережеп жыраудың орындаушылық мәнерінде жырдың әр сөзін анық жеткізіп, уақиға желісіне беріліп, қызу қандылықпен айту басым. Бұл кісіден өзі шығарған ән, күй, термелерден басқа «Қобыланды батыр» жырының белгісіз вариантын жазып алдық». Ол «Қобыланды батыр» жырын бізге екі түн жырлады» (Қараңыз: Бекхожина Т. Қазақтың 200 әні. (Музыкалы-этнографиялық жинақ) – Алматы: 1972 жыл, 6-бет).
Музыкатанушы ғалым Бақыт Тұрмағамбетовамен бір сұхбат барысында Т. Бекхожинаға, оның «Қазақтың 200 әні» атты еңбегіне қатысты пікір өрбіп кеткен-ді. Сонда ол сөз арасында былай деп еді: «Ережептің жырлауында Т. Бекхожина нотаға түсірген «Қобыланды батыр» жыры әуенінің соңғы бөлімі локрийлік ладпен қайырылып аяқталады. Бұл – біздің батыс аймаққа тән жағдай. Бұған Б. Ерзакович нотаға түсірген Мұхиттың «Демалысы», Маңғыстаудың өз стилінде орындалатын «Ақбөбегі» (Ғ. Құрманғалиев орындайтын нұсқа емес.-Б.К.), Затаевичтің еңбегіндегі Әкімгерей Қостанұлы орындаған «Кербез кер» әні, т.б. нақты дәлел бола алады».
Б. Тұрмағамбетованың пікірін негізге алып, нотадағы дыбысқа байыптай қарасақ, Ережеп жыраудың «Қобыланды батыр» жырындағы бұл әуез-қайырымында гәп бар екен. II, V басқыштары төмендейтін локрийлік лад өзгеше мұңлы әуез тудырып, тыңдаушысын әсерлендіре түсетінін аңдадық.
Шынында да А. Затаевичтің, Б. Ерзаковичтің, Т. Бекхожинаның еңбектеріндегі шығармаларды бір-бірімен салыстыра шолып өткенде батыс өңіріндегі халық әуендерінің құрылымдарында орныққан дорийлік (VI басқышы жоғарылайтын), фригийлік (II басқышы төмендейтін) және локрийлік немесе гипофригийлік (II, V басқыштары төмендейтін) минор бағыттарындағы ладтардың кейбірі Қарақалпақ өңіріндегі ән-жыр саздарында да кездесетінін аңғардық. Мұның өзі әуендердің түп тамырларының бір, тарихи арнасы ортақ екенін нақты көрсетіп тұр...
Айғақтарымыз осы дәлелдермен ғана бітпейді, тізсе кете береді. Халықтың сонау заманнан бері сабақтасып келе жатқан ортақ мұрасын бір адамға меншіктеп телу, бір төңіректікі ғана қып көрсетпек ниеттегі әрекет – жарымжан ойдан туған дөрекілік, ғылымға жат қылуа!
6. Қарақалпақ жерінде қазақ эпикалық мұраларының сақталып қалуының сыры
Тарихи деректердің көрсетуінше, 1556 жылы Ноғай Ордасы құлағаннан соң еді одан бөлініп шыққан мүйтен, қоңырат, қытай, қыпшақ, кенегес, маңғыт руларының «Қарақалпақ» атауын иеленіп, жеке этнос болып ұйысуы. Әуелі Қазақ Ордасы бағынышында болады. Сырдарияның орта және төменгі тұстарын, сонан кейін жылжып Жаңадарияның төңірегін мекендейді. Қарақалпақтар XVIII ғасырдың орта шенінде негізін 1511 жылы арабшаһиттер династиясы қалаған, халқы парсы, шағатай тілдерінде, өзбек-қыпшақ, оғыз диалектілерінде аралас сөйлеген Хиуа хандығының құрамына енеді.
Мұндағы билік 1815 жылдан 1873 жылға шейін Қоңыраттар династиясының қолында болғаны тарихтан аян жайт (Қараңыз: Веселовскаго Н. Очерк историко-географическихъ сведеній Хивинскомъ ханстве от древнейшихъ временъ до настоящаго. С.-Петербургъ. Типографиія брат. Пантелеевых. Казанская ул., дом №38. 1877).
Өзге де мәліметтерге сүйенсек, бұл аталған өңірде XIX ғасырдың алғашқы жартысында кіші жүз руларының, оның ішінде Табын мен Шектілер некен-саяқ қана болған. Ауыл ауыл боп қоныстанған қазіргі жағдайына қарап, ежелден мекендеп келеді деу – тиянақсыз сөз! Алда бұған арнайы тоқталамыз...
Қазақ Орталық Атқару комитетінің Кіші Төралқалығы 1924 жылы қазанның 17-інде Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысын құру туралы шешім шығарады. Алайда аталған аймақ кейін 1930 жылы шілденің 20-сында Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Төралқасының «Қарақалпақ Автономиялық облысының бұрынғы аумағын сақтай отырып, Қазақ АКСР-і құрамынан шығару және оны РСФСР Орталық органының тікелей қарамағына беру жөнінде» деп қабылдаған қаулысымен Ресейдің құрамына өтеді.
Мұндағы айтпағымыз, Қарақалпақстандағы қазақтарға 1947 жылғы қаңтардың 21-індегі ҚК(б)П ОК-інің «Қазақ ССР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» деген атышулы қаулысының күші жүрмейтін еді. Себебі, аталған аймақ бұл кезде бөлек мемлекеттің құзырында болатын. 1936 жылы Өзбекстанның бағынышына өтіп кеткен-тұғын. Қазақстанның құрамында қала бергенде өктем қаулыға амалсыз бағындырылып, мұндағы мұраларға да қысастықпен тыйым салынатыны, тепіреш көріп, із-түссіз жоғалатыны айдан анық, күмәнсіз жайт-ты...
7. Қарақалпақ жұртына кіші жүз руларының қоныс аудару себептері
Кіші жүз қазақтарының, оның ішінде қатар көшіп-қонып жүретін Адай, Табын және Шекті руларының Хиуа жеріне басталған әуелгі қарқынды көштері тарихи деректерді зерделей қарағанда XIX ғасырдың екінші жартысы тұсында болғанын көреміз. Бұған себеп отарлық саясатқа қарсы қазақ жұртының батыс өлкесінде орын алған оқиға-тын.
Шекті руы қазақтарының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісі 1847-1858 жылдары өткені белгілі, тарихта таңбаланған. Бас көтеруді басқарған даңқты батыр – Есет Көтібарұлы еді (Қараңыз: Казахские депутации к российскому императорскому двору. 1801–1873 гг.: Сб. документов / Сост. Б. Т. Жанаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. Стр. 754-755). Ал оның бірден бір қолдаушысы, ақыл қосар тірегі, өз руласы Әзберген Мұңайтпасұлы болады. Алайда, мұздай құрсанған Ресейдің жаулаушы армиясы көтерілісті аяусыз басып-жанышады.
Жеңілген соң Әзберген өзіне ерген сарбаздарымен 1858 жылы Хиуаға келеді. Сейд-Мұхаммед хан жылы жүзбен қарсы алады. Жер береді. Әзберген оған бақ егіп, қорған соғады. Біршама уақыт сонда тұрақтайды. Бұл жөнінде Ж. Асановтың, М.Н. Галкиннің, Н.И. Гродековтың еңбектерінде анық мәліметтер берілген.
Кіші жүз қазақтары 60-жылдардың аяғында тағы көтеріліске шығады. Мұның себебі 1868 жылғы хұқықты шектеген «Уақытша ережеге» байланысты еді. (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 418-422 беттер).
Бұл тарих парақтарында былай таңбаланған: «Көтерлісті сұлтан Ханғали Арыстанов, молда Дәуіт Асауов (Тілеумағамбет, Ережеп жыршының аталастары.-Б.К.), би Азберген Мұңайтпасов, молда Ықылас Досов және басқалары сияқты ірі сұлтандар мен билер, діни адамдар басқарды» (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 420-бет).
Көтеріліс 1869 жылдың ортасында жеңіліс табады. Совет тарихшылары мынадай мәлімет айтады: «...Көтеріліс басшылары Хиуаға қашты... 7 мыңдай қазақ үйін Хиуа жеріне көшіріп әкетті» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы. I том. – Алматы, Қазақ Мемлекет баспасы, 1957 жыл, 422-бет).
Кіші жүз қазақтарының Қарақалпақстан жеріне бағытталған миграциясы совет өкіметі тұсында тағы басталды. Бұған негіз болған: 1921 жылғы ашаршылық, 1928 жылғы байларды тәркілеу, 1931-32 жылғы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық.
Сөзімізді тарихи нақты мәліметтермен дәйектейік. Былай делінген онда: «Қазақстанда ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезінде орын алған өрескел саясат нәтижесінде халықтың көпшілігі ашаршылық құрбаны болып, енді бір бөлігі босқындыққа ұшырады... Бұл адамзат тарихындағы трагедиялар қатарынан орын алады. Осы мәселеге байланысты 1991 жылы 12 қарашадан 1992 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жұмыс істеген Комиссия Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру мен аштық науқаны барысындағы ақиқатты айғақ етті. 1931 жылы қараша айындағы Қарақалпақ аумағына барған 3 мыңға жуық шаруа қожалығының жағдайы аса ауыр халде болды. Бұлар негізінен Шалқар, Табын, Арал, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан ауып барғандар еді... (астын сыздық.-Б.К.) Қарақалпақ Автономиялы Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің РСФСР үкіметіне берген мәлімдемесінде Қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындары 12830 адамнан тұратын 3060 қожалық деп көрсетілген... (астын сыздық.-Б.К.)» (Қараңыз: Уалтаева А., Тәлім А.У. Қазақстан республикасы қарақалпақтары арасындағы этно-мәдени үрдістер. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Формат-Принт» баспасы, 2020. – 121 бет). Мемлекет қайраткері С. Меңдешев бастаған топ Қоңырат ауданына босып барғандардан 2644 адамды, 772 шаруа қожалығын ғана кері қайтара алған...
Біз айғаққа тартып отырған «Қазақстан республикасы қарақалпақтары арасындағы этно-мәдени үрдістер» атты еңбекте тағы да мынадай мәлімет келтірілген: «1933 жылы мамырда Автономиялық облыстағы аудандар басшылығы мен ГПУ (Мемлекеттік саяси басқарма) өкілдерінің анықтаулары бойынша қарақалпақ жеріне 47578 қазақ босқындары «анталай» енген екен. Олардың ішінде 2357 қараусыз балалар болады (астын сыздық.-Б.К.)» (Қараңыз: Уалтаева А., Тәлім А.У. Қазақстан республикасы қарақалпақтары арасындағы этно-мәдени үрдістер. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Формат-Принт» баспасы, 2020. – 121 бет).
Әрі қарай бәрін тізіп баяндап шығу – тап қазіргі міндетіміз емес. Біздікі бірер дәлелдермен бүгінгі Қарақалпақ жеріндегі халықтың біршама бөлігін совет дәуірінде батыс аймағынан әрқилы жағдайлармен қоныс аударған кіші жүз рулары (Адай, Табын, Шекті) толықтырғанын, оның себептерін көрсету-ді.
Осы күнгі Ақтөбе облысы территориясындағы Ырғыз, Ұлы Борсық құмы, Мұғалжар тауы, Доңызтау, Сам құмы, Жем-Сағыз, Ойыл төңіректерінен Хиуа жерін осылайша сан мәрте түрлі себептермен паналап барған қазақтардың ішінде талай күйшілердің, талай әнші-жыршылардың да болғанын, батыс өлкесіндегі өнердің солар арқылы Қарақалпақ өңіріне таралып, қайта түлегенін, сабақтасқанын ұға алмау – білік-танымның таяздығынан.
8. Қызылқұм қазақтары жайлы бірер сөз
1924 жылы шекара сызылғанда Әмударияның оң жағындағы әйгілі Қызылқұмда орналасқан Дәуқара, Шымбай, Талдық, қазіргі Тақтакөпір, т.б. өңірлер Қарақалпақстан Республикасы территориясы құрамына енгізілген. Аталған бұл төңіректерді Ырғыз бен Арал, Сыр бойы қазақтары бұрыннан жайлап келе жатқан-ды. Сөзімізді орыс офицері А.П. Хорошхиннің «Кызылкумскій дневникъ» деген 1872 жылғы жазбасы да толық айғақтайды, қысқартып бірер сөйлемін ғана келтіреміз, былай деп жазылған: «Нъ предъидущей главе сказно было, что первыми пришли, 40 летъ тому назадъ Алчины; (астын сыздық.-Б.К.) по, кажется и другіе киргизскіе роды Малой, Средней и Большой ордъ...» (Қараңыз: А.П. Хорошхин. Сборникъ статей касающихся до Турестанскаго края. С.-Петербургъ. Типогрфія и хромолитографія А. Траншеля, Стремянная, №1, 1876. Стр. 468.).
Қызылқұм жайлы дерек мынадай: «Қызылқұм шөлі – Әмудария мен Сырдария аралығындағы құмды алқап. Өзбекстан, Қазақстан (солт. бөлігі) және шағын оңт.-батыс бөлігі Түрікменстан Республикасында жатыр. Солт.-батысы Арал т-не, оңт.-шығысы Өзбекстандағы Зеравшан аңғары мен Нұратау тауларына ұласады. Аум. 300 мың км2 (оның 1/3-інен астамы Қазақстан аумағында (Қызылорда, Оңт. Қазақстан облыстарында)» (Қараңыз: Атамекен: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл, 442-бет).
Бұл өңірдегі Шекті (Жақайым), Шөмекей, Төртқара, т.б. рулардың «қарақалпақстандық» болып кету тарихы осылай.
Совет өкіметінің саясатымен екі елдің бөлісіне түсіп ажыратылған, ежелден атақоныстары саналатын Әмударияның оң жағындағы Қызылқұм шөлінің бүгіндері Қарақалпақстанға тиесілі төңірегінде тұрмыс кешіп жатқан қазақтардың жыр орындаушылық дәстүрінің Сыр бойы әуез-сарындарынан еш айырмасы жоқ, бірдей. Әуелгі қалып-өзегін сақтаған. Сондықтан бұл жыр саздарына біреулердің ғұламасынып «Бесқала жыр мектебі» деп ат қойып, айдар тағып, бөлектеп, елге беймәлім «жаңалықты» ашқандай жалаулатуы – күлкілі жайт.
9. Түйін
«Ақтөбе өңірінде жыр айту дәстүрі болмаған, тек Маңғыстау, Сыр бойында, Қарақалпақстанда ғана дамыған» деген бәтуасыз әңгіме айтылып жүр дедік. Бұған да аз-маз тоқтала кетейік.
Аталған өңірлерде жыршылық совет заманында толық сақталып қалды деу – бос сөз! Сыр бойының эпикалық дәстүрінің елес-нобайын, әуездерінің жұқанасын Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембеков ұстап қалған-ды. Онда да оның күйтабаққа, Қазақ радиосы қорына жаздырғаны – шағын толғау-термелер-тін... Өлкедегі жыр айтушылық өткен XX ғасырдың аяғынан бастап жанданды. Өйткені кейбір оқу орындарында жыршылар даярлайтын бөлімдер ашылып, кәсіби орындаушылыққа шәкірттер баулынған-ды. Солар репертуарларына Көшенейдің нақышын, сондай-ақ, халық арасында сақталып қалған кейбір жыр саздарын енгізіп, жетілдірді. Қазір олар халыққа насихатталып жүр.
80-жылдары ана ауылда, мына ауылда жырдың үзіктерін бірен-саран айтатындар Маңғыстау түбегінде де болған шығар, бірақ тап қазіргі кездегідей емес-ті. Ақиқатына келсек, тәуелсіздіктен кейін бұл өңіріндегі бүгінгі жыршылық дәстүрдің ажарын кіргізіп, қайта түлеткен түркімен жерінде ғұмыр кешкен Құнанорыс Рейім жыршының, қарақалпақстандық Ескелді Сүгір жыршының, оның тікелей шәкірті, оңтүстікте туып-өскен Бегей Жақсылық жыршының мақамдары-тұғын.
Ақтөбе өңірінде де совет дәуірі тұсында жыршылықты ұстап қалған санаулы кісілер болған. Соның бірі – Құдабай жыршы. Қолдағы деректерде «эпостық жырларды көп білетін» дейді. Оның репертуары қорындағы шығармалар атап көрсетілген. Өнерге жақын жанашыр беделді кісілер 80-жылдары ол орындаған бірнеше жырды, «Едіге», Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», т.б. жазып алып, Алматыға жіберген, бірақ кейін «Құдабай жырлаған эпостарды қорға қабылдай алмаймыз, саясатқа қайшы» деген хабар келген. Бұдан кейін де үміттеніп тағы әрекет етілген, нәтижесіз аяқталған... Құдабайдың орындауында үнтаспаға түсірілген жыр саздарының үзіктері табылды. Нақышты. Өзіндік тартымдылығы бар әуездер... Бұл – алдағы уақытта бөлек қаузалатын тақырып.
Жалпы кейбір ғалымдардың жыр айту дәстүрі тек батыс өлкеде ғана дамыған деуі – тым ұшқары пікір. Дәйексіз. Сонау замандағы Жанақ, Орынбайлар... кейінгі Жамбыл, Кенен, т.б. әр аймақтағы жыршылық мектептердің ірі өкілдері-тін... Олардың түрлі нақыштағы әуен-саздарының бүгінгі күнге жетпей қалуының, жетсе де бірер жүдеу нұсқаларда ғана табысталуының негізгі себебі – совет өкіметінің басып-жанышқан өктем саясатының аталған дәстүрдің сабақтастығын үзуінде жатыр. Көбісі шолақ ойлап, музыкалық фольклорымызға үлкен зиян келтірген 1947 жылғы қаулыны еске алмайды.
Жақсы, осы тұстан сөзіміздің түйініне көшейік. Жоғарыда баяндалған жайттарды қорыта келіп, мынаны аңдадық: бүгіндері шартты түрде аймақтық мектептерге жіктелінетін әншілік, жыршылық дәстүрлердің болмысын, тарихи тамырын танып-білу үшін атқарылатын зерделеу жұмыстары қазіргі облыстық, мемлекеттік шекаралар бөлінісі бойынша емес, бұрынғы рулық жүйе, көшіп-қонатын территориялық бағыты негізінде жүргізілуі керек деп ойлаймыз. Әрине, бірыңғай тек осы әдіспен қарастыру да кей жағдайда жаңсақ пайымға соқтыруы мүмкін. Сондықтан аралас-құралас болған, қоңсылас өзге де тайпалармен, көршілес басқа да жұрттармен тарихи-мәдени байланыста болған кезеңін ескеру аса қажет. Сонда ғана тиянақты шындық ашылады.
Қарақалпақ өңіріндегі жыр саздары – қазіргі Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз, Ұлы Борсық құмы, Мұғалжар тауы, Доңызтау, Сам құмы, Жем-Сағыз, Ойыл төңіректеріндегі, сонымен қатар Сыр бойындағы жыршылық дәстүрлермен тамырлас, советтік тепірештен аман қалып, қайта түлеп сабақтасқан ескіден жеткен ортақ сарындар. Мұны әлгінде келтірген айғақ-дәйектер толық бекітіп тұр.
Ақтөбе қаласы.