Қадір түні қабыл болсын!

Фото интернеттен

РУХАНИЯТ
539

Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан Байтул Ғиззаға түсірген қасиетті түн. Биылғы Қадір түні сәуір айының 5-нен 6-на қараған түнге сәйкес келіп тұр. Мың айдан да қайырлы бұл түнді қалай өткізген дұрыс? Қадір түнінің мәні мен қасиеті қандай? Осы және өзге де сұрақтарға madeniportal.kz жауап іздеп көрді. 

Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы "қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн" дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген деп саналады. Бұл Рамазан айының аяғы, яғни он түнінің бірі болған. Ораза айында мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" де айтылған.

Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.

Қадір түнінің артықшылығы неде?

Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: 

"Қадір түні мың айдан да қайырлы".

Пайғамбарымыз:

"Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі", - дейді.

Әнас ибн Мәлік былай деп айтқан:

"Рамазан келгенде Алла Елшісі: "Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады".

Имам Мужаһид:

"Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы" – десе, Хафиз Ибн Ражаб: "Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!" - деген.

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді:

1. Бұл түнде Алланың ризалығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек; Құптан, тарауих, тәһәжжуд, тәубе, қажет, қаза намаздарын оқуға тырысу қажет.

2. Құран Кәрім оқу, тыңдау, оны түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс; 

3. Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт; 

4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуыға тиістіміз; 

5. Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс;

6. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есепке алып, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт; Осы күнге дейінгі барлық күнәларыңыз бен қателіктеріңізді есіңізге түсіріп, Алла Тағаланың кешіруін сұрап дұға жасаңыз. Себебі барлық күнәларды кешіруші Жалғыз Алла ғана. 

7. Алланы зікір етіп, пікір (терең жақсы ойлану) етіп, Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына үңіліп (жақсы терең ойланып), иманымызды күшейтуіміз қажет. Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады; 

8. Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға - адамды Ұлы Жаратушыға жақындататын дәнекер. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: 

«Аллаһумма иннәкә ғафу’ун тухиббуль ғафуә, фәғфу анни!».

Мағынасы: «Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісің әрі кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр! Айша анамыз Алланың Елшісінен: «Қадір түнінде не айтсам болады?», деп сұрағанда, Ол осы дұғаны айтуды кеңес еткен [Әл-Хаким, әл-мүстәдрак –779-баб/№1985-хадис].

Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін, Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын, елдің амандығын, көркеюін және күллі адамзатты апаттардан сақтауын тілеуіміз тиіс.

9. Шамаңыз келетін көлемде садақа беріңіз және садақаңыздың қабыл болуын сұрап Аллаға жалбарынып дұға етіңіз. Садақаңыз қабыл болса 83 жыл 4 ай үздіксіз садақа берген боласыз. 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...