Парламент Сенаты жанындағы кеңестің мүшелері Ұлытау облысындағы ескерткіштерді қорғау бойынша өткізі...
Жаңа әліпби: тиімді кеңес, пайдалы семинар
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып «Латын графикасына көшіруді ұйымдастыру бойынша мекемеішілік шаралары» атты қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компаниялар, Министрлікке ведомстволық бағынысты мекеме қызметкерлері арасында семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ақпараттық агенттігі.
«Латын графикасына көшіруді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар туралы семинар-кеңес халық арасында түсіндіру жұмыстары шеңберінде өтті. Семинарда біз жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу мәселелерін қозғадық, сондай-ақ оны республикада тиімді енгізу тетіктерін талқыладық, – деп атап өтті «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның бас директоры Әлібек Асқар.
Семинар-кеңеске Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, орталық атқарушы органдар, ұлттық компаниялар, ведомстволық бағынысты мекемелерден 80-нен астам қызметкерлер қатысты.
Іс-шара барысында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер бойынша Тіл саясаты комитетінің өкілі Гүлфариза Мұқан ақпараттық баяндама жасады.
Жаңа қазақ әліпбиінің мазмұны, құрылымы, оқыту әдістемесі, орфографиялық ережелері туралы «Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның атқарушы директоры Ербол Тілешов сөз сөйледі.
Семинар барысында филология ғылымдарының кандидаттары Анар Фазылжанова, Айнұр Сейтбекова, инженер-бағдарламашы Сұлтанбек Қабылов қазақстандық қоғамдағы ұлттық сана-сезімді жаңғырту, түрлі мекемелердің филологтары мен тіл мамандарына арналған оқу курстарының мазмұны және жаңа әліпбиді оқытуда ІТ-жобаларды пайдалану туралы мәселелерді қозғады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті бүкіл республика бойынша қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.