Астана төрінде 26-28 қыркүйек аралығында Astana Media Week шарасы өтуде. Медиаапталықтың шымылдығын...
Рәмізді білмейтін мемлекеттік қызметкер көп
Мен 1989 жылы Литвада болдым. Сонда байқағаным олар Ту дұрыс ілінбесе, кірлесе бірден сол қаланың әкімін, мекеменің басшысын жұмыстан алып тастайды екен. Міне, мемлекетіне деген құрметі қандай?! Ал біздің Атырауда жел соқса болды Туды түсіре қояды. Құлап қалады деп қорқатын болу керек. Оны желден құлатпайтын амалды әлі тапқан жоқ. Жаңағы Литваның мектебінде оқушыны «сен Литваның атына кір келтірмейтін бол!» деп тәрбиелейді екен. Түркияда болдым, жалауы донер сатушының дүңгіршегінде ілулі тұр. Осындай мемлекеттік тәрбие бізде бар ма?
Өткенде теледидардан сауалнаманы көрдім. Көшедегі қарапайым азаматтардан бөлек, мемлекеттік шенеуніктердің өзі Рәміздерді білмейді, Әнұранды айта алмайды. Білмегеннен кейін сауалнама жүргізушілерден қашып жүр. Ал, солардан Елтаңбаны суреттеп бер, онда не бейнеленген деп сұраңызшы. Үш адамның екеуі жауап бере алмасы анық. Мемлекеттің саясатын жүргізіп отырған қызметкерлер Елтаңбаны білмесе, қалған жұрттан не сұрайсың?!
Егер мемлекеттік қызметкер Мемлекеттік рәмізді білмесе, Елтаңбаны танымаса ол қылмыс. Оны жазаға тарту керек. Ол бұл қызметке пара беріп, емтиханнан өтірік өтіп келді деген сөз. Өткен отыз жыл бойы біз мемлекеттік идеологияны ұмыттық. Ұлттық идеология тіптен жансақтауда жатыр деп айтуға болады. Осындай жағдайда отырып, көшедегі күнкөріспен жүрген халықтан рәмізді білесің бе деп қалай сұрайсың?!
Ана бір жылы спорттық жарысқа барғанда Қазақстанның Әнұранын шатастырып, ескісін қойды. Әлем алдында масқара болдық. Соған кім жауапты болды? Ешкім. Егер мемлекеттік идеология мықты болса халықтың алдында сондай немқұрайлыққа жол берген шенеунік жазасын алар еді. Рәміздерге, Елтаңбаға деген құрмет осындай нақты қадамнан басталады. Мемлекеттік идеология күшіне енбей мемлекеттік сана қалыптаспайды.
Сондықтан, рәміздерді және бір талқылап, көптің пікірін білген жөн. Сауалнамаға халық түгел қатысқан жоқ. Бәлкім, Астана мен Алматыдан басқа өңірлердің де азаматтарының айтары бар шығар? Елтаңба кімге ұнайды, кімнің көңілі нені қалайды? Ел ішінде ерекше бір жақсы ойлар болуы мүмкін ғой. Рәміздердің атрибуттарын, геральдикасын қайтадан сүзгіден өткізіп, қоғам талқысына шығарып көрген жөн.
Аққали АХМЕТ
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы