«Рухани жаңғыру» бағдарламасы: басым бағыттар мен жеткен жетістік

РУХАНИЯТ
1817

Осыдан төрт жыл бұрын, 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Алты бағытты қамтитын жоба аясында төрт жыл ішінде бірқатар дүние жүзеге асып, қазірдің өзінде бұл бағдарлама күнделікті дағды тізіміне енді. Бұл бағдарлама бірқатар әмбебап мақсатқа негізделген, олар – бәсекеге қабілеттілік, ресурс сапасын арттыру, мемлекетті, азаматтық қоғамды және жергілікті қоғамдастықты дамыту. Дәл осы бағыттар тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін даму векторы мен идеологиялық платформа болып отыр. Себебі мұның бәрі абстрактілі дүниеден бөлек әр адам үшін маңызды саналады. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 18 арнайы жобаны қамтиды. Оның бәрі прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған. Сол себепті Елбасы қабылдаған бұл жоба тек мемлекеттік орган, оның ішінде министрлік, әкімдік қызметкерлеріне міндеттелген түрде орындалуынан бөлек ел азаматтары арасында сұраныс пен қолдауға ие. Бұл жобаның жүзеге асуына да елдің дамуына бей-жай қарамайтын азаматтар белсенді түрде атсалысып келеді. 

Жоба аясында 2019 жылы мектеп бағдарламасына «Өлкетану» хрестоматиясы кірді. Оның ішінде Қазақстанның өлкесі туралы құнды ақпарат жинақталған. Орта мектептің 5, 6, 7 сынып оқушыларының оқу жоспарына қосылған бұл курстың мақсаты – отанды бала күннен сүюге, оның тарихын білуге баулу. Еліміздің 17 өңірі негізінде хрестоматия жазылып, жергілікті оқушылар үшін өз туған жерінің тарихымен таныстыруға мүмкіндік туды. Кітап арқылы оқушының туған жерінде қандай ұлы тұлғалар туып-өткенін, ол жердің табиғаты қандай флора мен фаунаға толы екенін, қандай биологиялық әртүрлілік бар екенін, туған жерінің ерекшелігі неде екенін танып-білуге болады. Сондай-ақ қандай да бір әдеби шығармалардың сол жерде жазылғанын білуге жол ашады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыруға қатысты жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін бұл бағытта нақты шешім қабылданбағанымен, қандай қаріптің біздің төл әріптерімізді айқындай алмайтыны, қай нұсқаның біздің тілімізге қиындық тудыратыны бойынша нақты нәтижелер бар. Қазір қоғамның, сала бойынша мамандардың тың пікірі ескеріліп, бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл – қазір қоғам үшін өзекті мәселенің бірі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа кітап» қазақ тіліне баламаланды. Әлемдік деңгейдегі қаламгерлер мен ғалымдардың еңбегі бұрын тек орыс тілінде қолжетімді болса, қазір қазақ тілінде де бар. Соның арқасында білім алушыларға арнап философия, психология, әдебиеттен бөлек экономика, заң, құқық бойынша да кітаптар аударылды. Оның барлығына ашық қолжетімділік берілген. Сондай-ақ ол еңбектің барлығы Қазақстанның ашық университеті сайтына жүктелген. Сонымен қатар оқуға көп уақыты жоқ адамдар үшін сол кітаптардың қысқаша нұсқасы видео-нұсқа түрінде жүктелді. Қазақстанның білікті оқытушыларының лекциялары да осы сайтта тұр. Қазақстанның ашық университеті – еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен оқытушыларының онлайн-курстарына шектеусіз тегін қол жеткізуді ұсынатын білім беру платформасы. Бұл іске қазірдің өзінде 120-дан астам жоғары оқу орны мен 100-ден астам колледж қосылған. Ал платформаның өзіне 110 мыңға жуық адам тіркелген. 

Келесі бір айтулы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған жоба. Қазақстанның киелі жерлері біздің тарихымыздың тереңде екенін, осы жерде қаншама хан-батырдың өткенінен хабар береді. «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген арнайы жобасы да бар. Осы жобалар аясында Қазақстанның киелі жерлері қайтадан өң алып, жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Ол жерлерге жол салынып, инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 4 жылдық жұмыс нәтижесінде 200-ден астам киелі жер республикалық киелі жерлер тізіміне енді. 575 нысан жергілікті киелі жерлер тізіміне кірді.

Айта кететіні, қоғамның санасы мен тарихты жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары бір-бірімен тығыз байланысқан. Мысалы, мектеп бағдарламасына қосылған «Өлкетану» оқулығы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұлттық бірегейлікті сақтауға құрылған жоба туған жердің тарихы мен құпиясын ашуға, оны насихаттауға бағытталған. Ал Қазақстан бойынша «Өлкетануға» қатысты он мыңнан астам қосымша үйірмелер ашылған. Соның арқасында оқушылар өз жеріндегі киелі жерлерге барып таныса алады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы басталған кезде республиканың киелі жерлеріне деген қызығушылық тек жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, шетелдік қонақтар мен телеарналардың қызығушылығын тудырды. Төрт жыл өтсе де бұл қызығушылық, бұл жоба мәнін жоғалтпады. 

Биылдың өзіне Қазақстанның ұлттық парктерінде биологиялық әртүрлілік бойынша деректі фильмдер түсіріледі.

«Рухани жаңғыру» аясында «100 жаңа есім» жобасы да қазақстандықтар арасында үлкен танымалдылыққа ие. Биылдың өзінде осы жобаға қатысуға 3 мыңға жуық өтінім түскен. Биыл тағы да жүзеге асатын жобаның ерекшелігі – бұл жолы қазылар арасында өткен жылдың жеңімпаздары қазылық етеді. 

«Рухани жаңғыр» – қазақстандықтардың өзін дамытуына мүмкіндік жасауға арналған жоба. Ал жаңаруға деген ішкі ұмтылыс – елдің дамуының кілті.

Заман Төлеуов,

"Мәдениет порталы"

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...