«Мәңгілік ел» ұлттық жоспарының отансүйгіштікке толы қағидаларын ескере отырып, елбасы Н...
Темірбек Жүргенов ел тарихында қандай із қалдырды?
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде халықтың ардақты ұлы, мемлекет қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына орай «Т. Жүргенов және қазақ руханияты» атты дөңгелек үстел және журналист Майя Бекбаеваның «Т.Жүргеновтің өмірі мен қызметі» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.
Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ғосманқызы Ибраева кіріспе сөзбен ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияда Жүргеновтанушы - ғалым Бауыржан Иманғалиев «Нарком Т.Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» атты баяндамасында: «Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның жазушылық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді» деп, қажырлы қайраткердің қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, оның қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып қоймауын баса айтты.
Ал С.Сейфуллин музейінің директоры, т.ғ.д. профессор Марат Әбсәмет пен ардагер-ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Иманғалиев Т.Жүргеневтің жары, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Әлімханқызы Ермекованың өнегелі өмірімен таныстырып, естеліктерімен бөлісті.
Т.Жүргенов атындағы Қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат аштықтан тұралаған мемлекеттің рухын оятуда Т.Жүргеновтің еңбегі зор екендігін айтып, «1936 жылы Мәскеуде өткен мәдениет декадасында қазақ ұлтының рухы биік, өнері мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін дәлелдей білуі Жүргеновтің қайсар қайраткерлігі мен орасан зор іскерлігі, айырықша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек», - деді ол баяндамасында.
Конференция журналист Майя Бекбаеваның басшылығымен түсірілген «Т.Жүргеновтың өмірі мен қызметі» туралы деректі фильмнің көрсетілімімен жалғасты.
Даңқты күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Жанғали Жүзбай болса, Т. Жүргеневтің қазақ музыкасына сіңірген еңбегі жөніне тоқталып, Қазақстанда алғашқы музыка театрын ұйымдастыруға қосқан үлкен үлесін атап өтті.
Шара соңында жүргеновтанушы ғалымдар мен еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері пікір алмасып, конференцияны қорытындылады.