Ұлтымыздан шыққан тұңғыш антрополог-ғалым Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» к...
Тарихқа сапар: Баба Түкті Шашты Әзиз
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2017 жылы жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерленінің географиясы» атты ғаламат жоба дүниеге келген болатын. ҚР Тұңғыш Президенті мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі», – дей келе, жоғарыдағы ұлттық жоба туралы айтқан-тын. Аталмыш жобаның басты мақсаты – Алтай мен Атырауды алып жатқан ұлан-ғайыр мекеніміздің киелі жерлері мен архитектуралық/ археологиялық ескерткіштер, тарихи һәм діни ғибадат орындарына назар аудару, мән беру, экологиялық-экономикалық дамыту.
Мұнымен қоса, ата топырағымыздың киелі жерлер географиясының құрылуы – осы бір мекенде кіндік қаны тамған әрбір азамат пен азаматшаның өзін-өзі моральді толықтыру мен рухани баю концептісін алға тартады. Бұл дегеніміз салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді, тарихи орындарымыыз бен тарихи тұлғаларымызды постмодернистік ұғымда модернизациялау арқылы өскелең ұрпаққа ұсыну. Өткен ғасырдағы әлемдік соғыстардан кейін адамзат баласына өмірдің құндылықтары мен қасиеттерін қайта бойына дамыту, өзін-өзі іздеу сынды философиялық сұрақтарға жауап ретінде дүниеге келген экзистенциализм бағытының әкесі саналатын Сёрен Кьеркегор, адам баласы өзін өмірде бар ретінде сезіну үшін бірнеше факторларды ұсынады. Олар, салт-дәстүрі, мәдениеті, ділі, тілі және т.б. Яғни, кез-келген уақыт пен кеңістік ішінде өмір сүретін саналы жаратылыстың барлығы С. Кьеркегордың ортаға қойған факторларынан тыс өзін бар деп сезіне алмайды деген қорытындыға келеміз. Осы бір философиялық тұжырымға сүйене отырып, Елбасымыздың қолдауымен дүниеге келген алты арнайы жобаның кез-келгені болсын әрбір қазақ үшін қаншалықты маңызды екенін бағамдай аламыз деген ойдамын. Соның ішінде жоғарыда бірнеше рет аты аталған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасы біздің мақаламыздың арқауы екенін де ескере кеткеніміз жөн.
Қазақстан Республикасы бойынша жүзден астам нысан ұлттық дәрежеде киелі мекендер қатарына кіреді. Ал бес жүзден астам нысан болса аймақтық және жергілікті маңызға ие киелі мекендер санатына енеді. Бұлардың барлығы қара шаңыраққа ие болып қалған қазақ халқының және тұтас бір түркі жұртының бірлігі мен бірегейлігінің айқын сипаты. Демек бұл жоба тек қазақ халқы үшін емес, Алтайдан бастап, Анадолыға дейінгі жерді алып жатқан түркі халықтарындағы барлық тарихшылары мен ғалымдары, өлкетанушылары мен әлеуметтанушыларының басын қосатын түбі бір түркі жұртының келешегі үшін маңызды жоба.
Міне, түбі бір түркі жұртына ортақ тұлға, біз білетін «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сынды эпостық жырлар мен қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін тарихи бейне Баба Түкті Шашты Әзиз әулие. Әулениенің кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның діни және ғибадат жерлері ретінде жалпыұлттық киелі орындар санатының жүз нысанының тізіміне енеді. Ендеше ендігі сөз Баба Түкті Шашты Азиз жайлы болмақ, құрметті оқырман!
Алдымен Баба Түкті Шашты Азиз халықтың шексіз қиялынан туған аңыз кейіпкері ме, я болмаса тарихи тұлға ма? Біз қанша жерден оның тарихи тұлға екеніне сенсек те, «құрғақ сөз ауыз жыртады» емес пе? Деректер мен мәліметтер не дейді? Осы бір сауалдар мен сұрақтардың төркініне сапарлатайық.
Сұрақтарымыздың жауабы ретінде «Қырымның қырық батыры» жырларынан құралған топтаманы мысалға алайық. Бұл эпос есте жо ескі замандардан бері халықтың бар ұрпақтарына рухани азық болып келген байлық. Эпостың өне бойында халықтың жүріп өткен жолын әспеттейтін тым бай тілдік құралдар мен деректер де мол. Әр жырда өз ғасыры мен кезеңінің әлеуметтік-тарихи жағдаятымен бірге ата-бабаларымыздың ерлік, елдік салты, рухани, мәдени тағдыры мен өткен өмірі көрініс тапқаны сөзсіз. Жалпы эпостарды халқымыздың дүниетанымы мен мәдениетінің энциклопедиясы деп айтуға болады.
Енді жалпы теоним терминіне тоқталып өтсек, теонимдер әулие, құдай атаулары. Бұлар жалпы идеонимдердің ішіндегі өте аз зерттелгені. Ал енді «әулие» туралы кеңірек түсінік қалыптастыру үшін, ғалымдардың тұжырымдарына назар салайық. «Әулие» араб тіліндегі «уали» сөзінің көпше түрі болып есептеледі. Ал «Әулиенің» Құрандағы мағынасы «Алланың қорғауындағы адам» немесе «Алланың досы». Демек әулиелер Жаратушы жайлы ілімді толық меңгерген, діни құлшылықтың мәнін жетік білген кісілер. Әулиелер тек өз әрекетімен Жаратушыға жақындап қана қоймай, жалпы Құранда баяндалған «әділетті қоғам» құру үшін талмай, шаршамай еңбек ете білгендер. Өйткені, әулиелер тек қара басының мүддесі үшін өмір сүретіндер емес, күллі ғұмырын Алла жолына арнағандар. Міне, осы себепті әулиелер өздерін құдіреті шексіз Аллаһтың «Жердегі өкілі» деп санауға құқылы. «Әділетті қоғам құру» идеясының дүниеге келуі дініміздегі қаншама тариқаттардың пайда болуына себеп болғаны белгілі. Біз тілге тиек етіп отырған Баба Түкті Шашты Әзиздің де әулие екеніне күмән келтіруге болмайды.
«Қырымның қырық батыры» эпосына оралсақ, бұл эпоста кездесетін негізгі, айтулы әулиенің бірі – Баба Түкті Шашты Әзиз. Маңғыстау түбегінде, Үштаған атты ауылдың шығысынан 25-30 километр жерде, ал Ақтау қаласының шығысына қарай 145-150 километр жерле Жамансазды дейтін алқапты әулиенің бейіті бар. Бейітті үлкен кесене деуге келмейді, себебі тек тастың тесігіне шаншылған әулиеағашпен тастардан үйілген обаны ғана көре аламыз. Ал Түркістан облысындағы баба Түкті Шашты Әзиз бейітінің маңында Қарханидтер дәуірінде көптеген зияраттар қойылған болса, осындай салт келесі ғасырларда да жалғасын тапты, демек бұл төңіректі «өлі қала» деп атауға болады.
Маңғыстаулық жырлаулар осы уақытқа сақтап жеткізген «Қырымның қырық батыры» жырларының топтамасында кездесетін «Парпария», «Орақ – Мамай» тарихи эпостарында Баба Түкті Шашты Әзизді «айдаһар жылан» кейпінде ұснылады:
Кәміл пірі жар болып
Баба түкті пірлері
Айдаһар болып көрінді ...
Айдаһар сонда ысқырды
Ен қалмақты тықсырды
Айдаһарды көргенде
Парпария батырдың
Көңілі судай тасыды . . .
Осы жырдан үзіндідегі «айдаһар» образында Баба Түкті Шашты Әзиз нақты тотемді кейіптегі бейне, әулие батырдың әкесі немесе оның әкесінің рухы – аруағы болып келіп тұр.
«Орақ – Мамай» тарихи эпосында да Баба Түкті Шашты Әзиз әулие «Айдаһар ие» образында кездеседі:
Сол бір шаңның астында
Айдаһар – жылан жан көрді
Өгізхандай бұл қалмақ
Жыланды көзі көреді
Келді де жылан Орақтың
Беліне айдаһар – жылан оралды . . .
Жырдағы Баба Түкті Шашты Әзиздің образы осыйлай ашылады. Ал енді Баба Түкті Шашты Әзиз жөніндегі аңыз-әңгімелердің де көптеп кездесетінін айтып өткенді жөн санаймыз. Әулиенәі шын болмысын тану үшін осы аңыздар мен ертегілерге аздап тоқталып өтсек, оның әулиелігін аңғара аламыз.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы Серікбол Қондыбайдың «Маңғыстау мен Үстірттің әулиелі орындары» атты еңбегінде «Үштаған аймағы Маңғыстау облысының географиялық тұрғыдан орта тұсын алып жатыр, ал нақтыласақ, Үштаған дегеніміз – Маңғыстау түбегінің Үстіртке ұласар ойлы, құмақты тұсы осы Үштаған. Шетпеден оңтүстік-шығыс бағытта созылып жатқан тас жол 70 шақырымнан соң Үштаған ауылына алып келеді. Оның күнгейінде үлкен Бостан құмы басталып, ол да оңтүстік-шығыс бағытқа созылып жатыр. Үштаған өңіріндегі Жабағылы Саз ауылынан шығысқа қарай 3-4 метр жүргенде, тұмсығы батысқа қарап тұрған құм жалдың бойындағы киелі орын ол «Шашты Әзіз» деп аталады, ал одан 1,5 км жердегі жалаттың үстінде «Баба Түкті» әулиенің мекені бар» деген мәліметтерге куә боламыз. Ғалымның осы бір кітабында Баба Түкті Шашты Әзиздің басқа бір мазараты Қаратаудың солт-шығысында, бүгінгі Түркістан облысында бар деген де дәректер келтіреді.
Мұнан бөлек, тарихнамалық деректерде Баба Түкті Шашты Әзиз VIII ғасырда өмір сүрген, азан шақырып қойған есімі Баба Түклас, ал әкесінің есімі Керемет Әзіз делінсе, екінші бір деректе, ол Ахмет Яассауидің ата-бабаларының бірі, үшінші бір аңызда ол Еділ-Жайыққа дейін келген кісі, одан Құтлыбек, Құтлыбектен Едіге дүниеге келген.
Келесі бір әпсанаға арқа сүйесек, бабамыз боз бала шағында Жылыбұлаққа шомылып жүрген пері қыздарын көрген екен. Олардың киімдерін жасырып қойып, ішіндегі біреуін әйелдікке алғысы келгенде, пері қыздары Баба Түкті Шашты Әзизге үш шарт қойған деседі. Олар, аяқ киімін шешкен кезде қарамау, тырнағы мен шашына қарамау,қолтығына қарамау. Пері қызға үйленген Баба Түкті Шашты Әзизге, сөзінен тайғанына өкпелеген пері қызы: «Қазір ішімде алты айлық балаң бар. Балаңды алып Құмкент дейтін жерге тастап кетемін, іздеп өзің тауып ал» деп аспанға ұшып кеткен екен деседі. Әулиеміз пері қыз айтқан жерге келіп, сәбиді іздеп тауып алады. Оған «Едіге» дейтін есім береді. «Едіге батыр» жырында Баба Түкті Шашты Әзизді осыйлайша оның әкесі ретінде кейіптейді.
Мұнан бөлек, халық арасында кеңінен таралған «Қыз Жібек» дастанында Төлеген Жайыққа сапар шегенде анасы ұлын осы Баба Түкті Шашты Әзізге тапсырған деген де деректер кездеседі. Ал Шоқан Уәлиханов жазбаларында Шашты Әзиз Баба Құмар есімді әулиенің баласы делінеді.
Қорытындылай келе, Баба Түкті Шашты Әзиздің есімі жалғыз қазақ жерінде емес, Орта Азияда танымал тұлға. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Қажымұқан атамыз өзі де күресерде Баба Түкті Шашты Әзиздің атын айтып айбаттанатын көрінеді. Тіпті М. Әуезовтың өзі «Абай жолы» романын жазарда Баба Түкті Шашты Әзиздің басына барып тәу еткен деседі. Осындай бір жұмбаққа толы, аты аңызға айналған тұлғамыздың кесенесі қазіргі Созақ ауданы Құмкент ауылында орналасқан.
Әулиеміздің зиратының басына салынған бұл кесене күйдірілген қыштан қаланған. Кесене бір камералы, порталды-күмбезді құрылыс. Еңселі күмбезбен көмкерілген кесе төрт қырлы жұмыр мойындықтарға орнатылған. Әшекейі жоқ, беті тегіс, ортасында кіреберісі бар, тайыз, сүйірқуыс жасалынып, қос босағасына шағын бедерлі мұнарасы орналастырылған. Іштегі құрылысы шаршы үйдің өзегі болып табылатын бойынша сүйір аркалармен қаланған, ал күмбезі осы доға кейпіндегі жабынға негізделеді. Ал кесененің ортасында қыштан қаланған әулиенің құлпытасы орналасқан.
Алтай мен Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр топырақтың түкпір-түкпірінен зиярат етіп келушілердің қарасы қалың. Бірі әулиенің басына ем іздеп келсе, енді бірі жоғарыда айтқан Қажымұқан бабамыз секілді үлкен намысты додаларға аттанарда дұға етуге келеді. Перзент сүйе алмай жүрген қыз-келіншектер де баба рухына тәу етіп, құдайдан бала сұрауға барады. Кесененің қасында тұп-тұнық бұлақ ағып жатады, тіпті шағын көлшік те бар. Зиярат етіп келушілер бұлақтың су ішіп, көлшікке жуынып, дертіне ем сұрайды екен.
Қорытындылай келе, киелі топырақтан өніп-өскен соң әулие-әнбиелері көп пе, әлде әулие-әнбиелерінің кіндік қаны тамған топырақ киелі бола ма, бір білеріміз бүгінгі еліміздің қай географиялық аймағында болсын тұнған тарих пен киенің тұмса табиғатын көреміз. Ал осындай ұлттық құндылықтарымыз бен құнды жәдігерлерімізді қорғау және дамыту, оларды насихаттау жұмыстарын жүргізуде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасының алар орны ерекше. Жоба аясында алға қойған мақсат-міндеттердің жүйелі орындалуы үшін еліміздің кез-келген азаматы мен азаматшасы ықылас танытып, келешек үшін қызмет еткені жөн. Себебі өткенін мықты екенін білетін халық қана болашаққа сеніммен қарай алады. Киелі топырағымызды тек еліміздің ішінде ғана емес, шет елдерде де насихаттап, бүгінгі заман талабына сай туризм саласын да дамытуға осындай жобалармен танытуға болады деп сенеміз. Сөз соңын Елбасының мына бір сөзімен аяқтасақ: «Патриотизм - кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады».
Жомарт Жылкелдіұлы