Мемлекет басшысы Назарбаевтан кейін президент болу қаншалықты қиын деген сауалға жауап берді, деп ха...
АШУҒА - ҚАРУ (Өліара мінез)
Отанымыз ортақ үйіміз болғандықтан, бір шаңырақтың астындағы адамдар ортамызда әділдік, теңдік болса екен, жұрт қатарлы мен де өзіме лайық орнымды тапсам екен деп армандайды да, талпынады да. Депутат Бекболат Тілеухан сияқты бизнес ұстап, хан сарайындай үйде тұрып, «аузымнан ақ май ағып жүр» деп мақтанғанда, ондайларды көрген, естіген, біреудің тауық қорасын жалдап, күнін зорға көріп жүрген міскінге айналған жан иесі не ойлайды? Әрине, не ойласа да жаман ойлайды. Ал бұл - оппозицияның егін егетін алқабы, мал өсірер өрісі. Феодализм дейсіз бе, капитализм дейсіз бе, социализм мен коммунизм қосақталған «изм» дейсіз бе, қоғамдағы қайшылықтың ең басты негізі бай мен кедей арасы екендігі дау туғызбайтын аксиома.
Еліміздің тәуелсіздік жағдайындағы отыз жылға созылған бір кезеңі аяқталғанда, дабыр-дұбыр, мақтан-ұраннан сәл ес жиған жұрт алдымен не көрді? Қоғам бетіне қалың қаймақ тұрғанын көрді. Депутат Бекболат Тілеухан мырзаның «аузымыздан ақ май аққан» заман орнаттық деуі, сол сүт бетіндегі қаймақтай топтың атынан айтылған сөз болатын. Қара халық ол сөзді тап солай түсінді. Қоғам болғасын, өзімізді демократиялық елміз деген соң, іште билікке қарсы немесе оны сынаушы оппозиция болуы, сыртқы күштердің олардың қолтығынан дем бүркіп, сөзбен де, қаржымен де көмектесуі – әлемдік үрдіс.
Іштегі, сырттағы оппозиция қалғымайды. Бір ел, бір халық, бір тағдырлы ұлт бола тұра, кедейлік жоқшылыққа ұрынып,«аузынан ақмай аққан» байлардың ызасы өткен қара халықтың ашуы жан қапшығына толған сәтін тап басады. Сүйтіп олар бірінші мамыр мерекесінің ұранын жақсы пайдалана білді. Халық көшеге шықты. Біріккен тобыр –тасқын. Дер уақытында тосқауыл қойып, тоқтата алмасаң, сел сияқты жолындағысын толқынымен жапырып, қиратып кетуі мүмкін.
Митингіге рұқстасыз шығу-тәртіп бұзу. Оларды тәртіпке шақыру, тоқтату ел тыныштығы күзетіндегі полицияның міндеті екені даусыз. Алайда ылғи да шоқпар ала жүгіру керек пе. Біздің полицияның шыққан шекпені белгілі ғой. Шеруге шыққан ашулы адамдарға бірден шоқпар қаруын ала жүгіретіндерін көргенде, еріксізден еріксіз басыңа осындай жаман ой келеді екен.
Сонымен бірге, Ақтөбедегі ашулы шеруге полиция тиіспепті, тәртіп бұзылмауын бақылап, сыртынан қарап қана жүріпті. Әсіліқ қазақ тәртіпті халық. Ренішін айқайлап айтса да, Франциядағы көк жилеттілердей қолымен ештеңені қиратпайды. Бізде сондай болыпты дегенді өз басым естіген де, көрген жоқпын. Мемлекет, әрине, рұқсат алмай тәртіп бұзып көшеге шыққан ашулы топтан күшті. Күшіне қоса, баяғы бәлшебектерден қалған әдетпен кете бермей, ақылдырақ та болса ғой деп армандайсың.
Отан –ортақ үйіміз. Отбасында кесе-аяқ сылдырамай тұрмайды. Сондайда бірден шоқпар қолданбай- ақ сабыр сақтап, ашу тарқар сәтті күтсе, қандай ғанибет болар еді. Содан кейін адамдар реніш білдіру мәдениетіне, полиция олардың тәртіп шеңберінен шықпауын қамтамасыз ету мәдениетіне үйреніп, халық пен билік арасында мәміле мәдениеті орнар ма еді деп қиялдайсың.
Әсілі қай заманда, қай елде болмасын себебіне қарай адам қуанады да, ренжиді де, тіпті ашуға да басады, жаратылысы сондай. Сондайда сабыр мен ақыл тосқауыл етілсе, ашуға –қаруды қарсы қоюдың түкке де керегі болмас еді-ау деп өзімше пайымдағыным ғой.
Өтен Ахмет