ДИПЛОМАТИЯ – ӨНЕР

Фотосурет автордан

САЯСАТ
16

Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Жанботаұлы ІЛИЯСОВТЫҢ дипломатия жолындағы белестері

Тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан қазақ дипломатиясы ел тарихындағы ең жауапты әрі тағдыршешті салалардың біріне айналды. Осы жолда Қазақстан дипломатиясы тәжірибе жинақтап қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің толық кәсіби мектебін қалыптастырды. Сол мектептен өткен жаңа буын дипломаттары ел мүддесін әлемнің түрлі саяси аренасында сауатты да салмақты түрде таныта білді. Осындай жаңа толқын өкілдерінің қатарында және алдыңғы сапында Мағжан Жанботаұлы Ілиясов тұр. Оның есімі бүгінде кәсіби дипломатияның, халықаралық сенім мен саяси салмақтың символына айналды. Себебі, ол қызмет атқарған әрбір лауазым Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды кезеңдермен тұспа-тұс келді.

Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық жолы тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси институттарымен қатар дамып, бірге үзеңгілес болып, жоғары өріліп келеді. Ол еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе қызметінен бастап, кейін БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар бағыты бойынша үшінші, екінші хатшы лауазымдарын атқарды. Одан кейінгі жылдары Президент Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінде, оның халықаралық қатынастар саласындағы құрылымдарында жұмыс істеп, Сыртқы саясат орталығын басқарды. Елбасының зор сенімінен шығып, Президенттің кеңесшісі қызметін атқарды.

Осы лауазымдардағы қызметтерді ойдағыдай атқаруы оның тек дипломатиялық протокол мен халықаралық келіссөздер мәдениетін ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық ойлау машығын да терең меңгергенін көрсетеді. Оның кәсіби жолы Нидерландтағы Елшілік, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Тұрақты Өкілі, БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі қызметтерімен жалғасып, одан кейін Ұлыбританиядағы Елшілік миссиясына ұласты. Бүгінде Мағжан Ілиясов – Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Бұл – тек дипломатиялық қызметтің шыңы ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен әлемдік алпауыт мемлекет арасындағы саяси диалогтың сенімді көпірі деген сөз. АҚШ бағыты Қазақстанның инвестициялық, технологиялық, қауіпсіздік және геосаяси мүдделері тоғысқан стратегиялық аймақ саналады. Осындай жауапты миссияның тізгінін ұстау – мемлекет басшылығының зор сенімі мен жоғары кәсіби беделдің айғағы.

М.Ілиясовтың өмірбаянына көз жүгірткенде, оның дипломатиялық қызметі бірнеше маңызды сипатымен ерекшеленеді. Біріншіден, бұл – жүйелілік пен сабақтастық. Екіншіден, бұл – көпжақты дипломатия мен екіжақты қатынастарды қатар алып жүрген тәжірибе. Үшіншіден, бұл – әлемдік деңгейдегі саяси институттармен жұмыс істеуге бейімделген кәсіби даярлық. Мағжан Жанботаұлының қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгеруі, Қазақстандағы арнаулы жоғары білімі, Гаагадағы дипломатиялық курстардан өтуі, Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде оқып, магистр дәрежесін алуы оның халықаралық деңгейдегі біліктілігін толықтыра түседі.

Ал, 2025 жылғы 20 қазаннан бастап Мағжан Ілиясов Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқаруда. Бұл – жай ғана жаңа тағайындау емес, Қазақстанның сыртқы саясатындағы аса маңызды бағыттардың бірінде ел сенімін арқалау. АҚШ секілді әлемдік ықпалы зор мемлекеттегі Төтенше және Өкілетті Елші лауазымындағы жауапты қызмет дипломаттан зор тәжірибені, саяси салмақты және халықаралық сенімді талап ететіні сөзсіз. Мағжан Жанботаұлы – осы талап үдерісінен шағатын және оған толықтай сай келетін қазіргі Қазақстан дипломатиясының дарабозына айналған тұлға.

Оның оқыған оқу орындары мен білім жолы да осыны айқын дәлелдейді. Мағжан Ілиясов жоғары білімді сол кезеңдегі ең беделді оқу орындарының бірі – халықаралық қатынастар мамандарын даярлайтын іргелі білім ордасы Қазақ мемлекеттік Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінде алды. Студенттік жылдардан бастап ол жаһандық саясаттың қыр-сырын меңгеруге, мемлекетаралық қатынастардың теориясы мен тәжірибесін игеруге ден қойды. 1996 жылы университетті тәмамдап, халықаралық қатынастар факультетінде аудармашы-референт мамандығын меңгерген халықаралық қатынастар саласының кәсіби маманы болып шықты. Бұл оқу орны мен мамандық таңдауының өзі сол кезеңдегі жаңа дипломатиялық буынның сұранысына сай еді. Халықаралық қатынастарды түсіну, шет тілдерін кәсіби деңгейде пайдалану, ресми коммуникация мәдениетін игеру – мұның бәрі кейінгі дипломатиялық қызметінің берік іргетасына айналды.

Білімін халықаралық деңгейде жетілдіру – оның кәсіби ұстанымына айналды. Мағжан Ілиясов 1994-1995 жылдары АҚШ-тың Монтана штаты университетінде студенттер алмасу бағдарламасы бойынша білім алды. Бұл тәжірибе оның халықаралық ортаға ерте араласуына, батыстық академиялық мәдениетті тікелей тануына және көптілді, ашық дүниетаным иесі ретінде қалыптасуына зор әсер еткен маңызды белес болды. Кейінгі дипломатиялық қызметінде оның америкалық ортада еркін жұмыс істеуі мен халықаралық аудиториямен сенімді байланыс орнатуының негізінде осындай ерте кәсіби-академиялық тәжірибе жатқанын байқауға болады. АҚШ-тағы осы білім алмасу бағдарламасына қатысуы жас маманның дүниетаным көкжиегін кеңейтті. Бұл кезең болашақ дипломатқа Батыс саяси мәдениетін, басқару жүйесін және халықаралық коммуникация нормаларын терең түсінуге мүмкіндік берді.

М.Ілиясовтың кәсіби шыңдалу дайындығы кейін де жүйелі түрде жалғасты. 1998 жылы Нидерландтағы Гаагадағы беделді дипломатиялық оқу орнында – Клингендаль халықаралық қатынастар институтында дипломаттарға арналған арнайы дайындық курстарынан өтуі оның кәсіби машығын шыңдай түсті. Еуропалық дипломатия мектебі келіссөз жүргізудің дәлдігімен, құқықтық нормаларды сақтаудағы қатаңдығымен ерекшеленеді. Бұл тәжірибе Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық қолтаңбасын қалыптастырған маңызды кезең болды.

Ал, 2013 жылы АҚШ-тағы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде екі жыл оқып, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды. Әлемдік басқару элитасын дайындайтын бұл оқу орны стратегиялық ойлау, жаһандық саясатты талдау және басқарушылық шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруімен танымал. Осындай талаптарға жауап беретін оуы орнында – Гарвард университетінің Мемлекеттік басқару мектебінде магистр дәрежесін алуы – оның кәсіби деңгейін жаңа белеске көтерді Осылайша, батыстық озық білім мен ұлттық мүддеге адалдық М.Ілиясов тұлғасының тұтастығын қалыптастырды .

Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық жолы Қазақстанның сыртқы саясат жүйесіндегі бастапқы, бірақ аса маңызды мектептен басталды. Ол 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде референт қызметіне кірісті. Бұл – жас мемлекеттің сыртқы саяси жүйесі енді ғана қалыптасып жатқан кезең еді. Халықаралық ұйымдармен байланыс орнату, экономикалық әріптестік тетіктерін дамыту, көпжақты келіссөздер жүргізу сынды күрделі міндеттер кәсіби әрі тың көзқарастағы мамандарды қажет етті. Мағжан алғашқы еңбек жолын халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар бағытындағы құрылымдарда бастады. Бұл – жас дипломат үшін жай ғана алғашқы лауазым емес, халықаралық саясаттың күрделі тетіктерін күнделікті қызмет арқылы тануға мүмкіндік берген тәжірибесі мол тағылымды кезең еді. Жас дипломат үшін бұл үлкен кәсіби дипломатиялық мектеп болды. Себебі, дәл осы сала мемлекетаралық қатынастардың көпқырлы механизмдерін меңгеруге жол ашады. Әлемдік ұйымдардың жұмыс тәртібі, көпжақты келіссөздердің форматы, халықаралық құқық нормалары – мұның барлығы күнделікті қызмет барысында тәжірибе арқылы игерілді. Сыртқы істер министрлігінің осы құрылымдары сол жылдары Қазақстанның жаһандық институттармен байланысын орнықтыруда шешуші рөл атқарды. Сондықтан, М.Ілиясовтың еңбек жолының дәл осы ортадан басталуы оның келешекте кәсіби қалыптасуына берік негіз қалады.

Кейін атташе лауазымына көтеріліп, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіне қатысты департаменттерде қызмет атқаруы оның кәсіби деңгейін айтарлықтай өсірді. 1998-1999 жылдары ол Біріккен Ұлттар Ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасында үшінші, кейін екінші хатшы қызметтерін атқарды. Бұл кезең оның көпжақты дипломатияның нақты тетіктерін тереңірек игеруімен ерекшеленді. БҰҰ жүйесі мен халықаралық экономикалық ұйымдар аясындағы жұмыс дипломаттан тек ресми сауаттылықты ғана емес, әлемдік күн тәртібін түсінуді, мемлекет мүддесін халықаралық ұстанымдармен үйлестіре білуді, әртүрлі әріптеспен дәл әрі ұстамды тіл табысуды талап етеді. Мағжанның осы салада бірнеше сатыдан өтуі оның кәсіби өсуінің бірізді болғанын аңғартады. Жас дипломат үшін бұл халықаралық институттардың ішкі логикасын, келіссөз жүргізудің көпқырлы мәдениетін және дипломатиялық жұмыстың мазмұндық салмағын игерген маңызды кезең болды.

Сөйтіп, Мағжан Ілиясовтың дипломатиядағы алғашқы қадамдары қызметтік өмірбаянның жай бастау бөлігі емес, халықаралық құрылымдар мектебінен өткен кәсіби мәмілегердің қалыптасу кезеңі болды. Сыртқы істер министрлігіндегі алғашқы міндеттер, БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар бағыты бойынша жинақталған тәжірибе, келіссөз мәдениеті мен протоколдық дәлдікке ерте машықтану – мұның бәрі оның кейінгі дипломатиялық белестері мен биіктеріне даңғыл жол ашқан шешуші баспалдаққа айналды. Мағжан Жанботаұлы Ілиясовтың кейін Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат құрылымдарында Басшы, одан әрі Елші және Тұрақты Өкіл деңгейіне көтерілуі осы бастапқы дипломатиялық мектептің мол ықпалы мен салиқалы да сындарлы сапасын көрсетеді.

 Сыртқы істер министрлігіндегі тәжірибе Мағжан Ілиясовты кәсіби дипломат ретінде қалыптастырса, ал Президент Әкімшілігіндегі қызмет оны үлкен саясаттың ішкі механизмдерін меңгерген стратег мемлекеттік қызметкер деңгейіне көтерді. Бұл – халықаралық келіссөздердің тек ресми сахнасын емес, сол келісімдердің қалай әзірленетінін, қандай саяси есептер мен геосаяси өлшемдерге негізделетінін үйрететін айрықша мектеп. Осы биік белес Ақордада ол 1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының халықаралық сапарлар бөлімінде еңбек етті.

Мағжан Ілиясовтың Президент Әкімшілігіндегі жұмыс кезеңі кәсіби өмірбаянында айрықша орын алады. Бұл – дипломатиялық қызметтің енді тек ведомстволық деңгеймен шектелмей, мемлекет басшылығының тікелей сыртқы саяси жұмысымен ұштасқан тұсы. Кейін консультант, бас сарапшы, бас инспектор ретінде қызмет атқарып, ол сыртқы саясатқа қатысты ұйымдастырушылық және мазмұндық жұмыстардың дәл ортасында болды. Мұндай лауазымдар ресми атауымен ғана емес, жүктейтін жауапкершілігімен де маңызды еді. Өйткені, Президент Әкімшілігіндегі әрбір міндет жоғары деңгейдегі халықаралық байланыстардың нақты тетіктерімен, сапарлар мен кездесулердің мұқият әзірлігімен, мемлекеттік мүддені дәл танытатын протоколдық мәдениетпен тығыз байланысты болды. Халықаралық сапарларды ұйымдастыру, жоғары деңгейдегі кездесулердің форматын әзірлеу, мемлекет басшылары арасындағы келіссөздердің мазмұндық және рәсімдік үйлесімін қамтамасыз ету – айрықша жауапкершілікті талап ететін міндеттер. Себебі мұндай кездесулерде әрбір деталь ел беделіне әсер етеді. Ресми делегациялар құрамы, келіссөздердің тәртібі, дипломатиялық этикет нормалары – барлығы халықаралық қатынастар мәдениетінің айнасы саналады.

1999-2007 жылдар аралығындағы осы жұмыс тәжірибесі М.Ілиясов үшін үлкен саясаттың ішкі логикасын тану мектебіне айналды. Президент деңгейіндегі халықаралық сапарлар мен кездесулерді ұйымдастыру – тек рәсімдік міндет емес, мемлекетаралық қарым-қатынастың мазмұнын алдын ала сезінуді, әрбір детальдің саяси мәнін түсінуді талап ететін күрделі іс. Мұндай ортада дипломат протоколдық дәлдікке ғана емес, уақытты, реттілікті, ресми қарым-қатынас мәнерін және келіссөз кеңістігінің психологиясын жетік меңгереді. Мағжан Жанботаұлының дәл осы кезеңде бойында қалыптасқан қасиеттері мен жинаған тәжірибесі оның кейінгі жоғары лауазымдарға көтерілуіне берік негіз болды.

2007 жылдың ақпанынан 2012 жылдың қыркүйегіне дейін ол Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының Басшысы лауазымында осынау жауапты да күрделі саланы басқарды. Орталықты басқару – тек әкімшілік лауазым емес, мемлекеттің халықаралық позициясын қалыптастыруға тікелей ықпал ететін жауапты миссия. Бұл қызмет оның кәсіби жолындағы айтулы белес болды. Сыртқы саясат орталығын басқару – күнделікті халықаралық ахуалды талдау, геосаяси өзгерістерді бағамдау, мемлекет басшысы деңгейінде қабылданатын шешімдерге сараптамалық қорытынды әзірлеу, еліміздің сыртқы саясатының негізгі басым бағыттарын жүйелеу. Бұл құрылым елдің сыртқы саяси стратегиясын әзірлейтін негізгі талдау алаңы еді.

2013 жылы Мағжан Жанботаұлының Президент кеңесшісі қызметін атқаруы, ал сол жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың мамырына дейін Президент кеңесшісі – Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болуы осы сенімнің жалғасқанын көрсетеді. Президент Әкімшілігіндегі бұл жылдар Мағжан Ілиясов үшін қызметтік өсудің кезекті сатысы ғана болған жоқ, бұл кезең өзіне артылған сенім мен үлкен жауапкершілік мектебі еді. Мемлекет басшысының сыртқы саяси бағытын әзірлеуге және үйлестіруге қатысу, халықаралық үдерістерді күнделікті сараптау, жоғары деңгейдегі дипломатиялық жұмыстың ішкі тәртібін меңгеру оның кәсіби болмысын жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан М.Ілиясовтың кейінгі елшілік және көпжақты дипломатиядағы табысты миссияларының бастауында дәл осы Президент Әкімшілігі кезеңінде жинақталған саяси салмақ пен стратегиялық тәжірибе жатыр деуге толық негіз бар.

Президент Әкімшілігіндегі қызмет еткен жылдар Мағжан Ілиясов үшін сенім мен жауапкершілік мектебіне айналды. Мемлекет басшылығы деңгейіндегі шешімдерге қатысу – кәсіби біліктілікпен қатар саяси салмақты, ұстамдылықты және ұлттық мүддеге адалдықты талап етеді. Бұл кезең оны халықаралық дәрежедегі келіссөздерге дайын, стратегиялық ойлайтын дипломат ретінде шыңдады.

2016 жылы мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елші қызметіне тағайындалды. Бұл – оның көпжылдық дипломатиялық тәжірибесінің халықаралық деңгейде мойындалғанының көрінісі еді. Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық қызметіндегі Еуропа кезеңі Қазақстанның халықаралық беделін нығайту жолындағы маңызды белестердің бірі болды. Сонымен қатар, М.Ілиясов Гаагада орналасқан Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Бұл Ұйым – жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау саласындағы ең беделді халықаралық құрылымдардың бірі. Аталған Ұйымда Қазақстанның ұстанымы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды. Еліміздің ядролық қарудан өз еркімен бас тарту тәжірибесі халықаралық қауымдастық үшін сенім үлгісіне айналғаны белгілі. Осы бағыттағы бастамаларды ілгерілету Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық қызметінің маңызды бөлігі болды.

Сонымен қатар, оның Гаагадағы Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Тұрақты Өкіл ретіндегі қызметі Қазақстанның халықаралық бастамаларын кең ауқымда танытуға мүмкіндік берді және көпжақты дипломатияның күрделі тетіктерін меңгергенін аңғартады. Сөйтіп, Нидерландтағы қызметі кезеңі Мағжан Ілиясов үшін көпжақты дипломатия мектебінің жаңа сатысы болды. Әлемнің түрлі елдері мен халықаралық институттары тоғысқан ортада жұмыс істеу – келіссөз мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Халықаралық ұйымдармен жүйелі байланыс орнату, ортақ шешімдер әзірлеу, консенсус мәдениетін қалыптастыру – көпжақты дипломатияның басты қағидалары. Ілиясов осы ортада Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын табысты ілгерілете білді.

2020 жылы 30 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі болып тағайындалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы – әлемдік дипломатияның ең биік мінберлерінің бірі. БҰҰ алаңы – жаһандық қауіпсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік пен даму мәселелері шешілетін әмбебап платформа. БҰҰ-дағы Тұрақты Өкіл қызметі Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық жолындағы ең жауапты, үлкен сенім артқан, әрі мазмұны терең кезеңдердің бірі болды. Бұл лауазым халықаралық қатынастардың күнделікті ырғағынан әлдеқайда кең ауқымды міндеттерді талап етеді.

Мағжан Ілиясовтың қызметі кезеңінде Қазақстан бастамалары кең қолдау тапты. Бұл – елдің халықаралық беделінің нығаюын және дипломатиялық қызметтің жоғары кәсібилігін көрсететін маңызды көрсеткіш болды. Осылайша, 2020 жылғы 30 қыркүйектен 2022 жылғы 6 қазанға дейін Мағжан Ілиясов Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі ретінде ел мүддесін әлемдік дипломатияның ең биік мінберінде танытып, осынау аса жауапты дипломатиялық миссияны зор абыроймен атқарды.

Мағжан Ілиясовтың еңбек жолындағы келесі ұзақмерзімді іссапары Еуропаға бұрылып, Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елші болу кезеңі оның дипломатиялық қызметіндегі ерекше маңызды бағыттардың бірі болды. Ол 2022 жылғы 6 қазаннан 2025 жылғы 20 қазанға дейін Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Бұл кезең Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты қарым-қатынастың мазмұндық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілген уақытымен тұспа-тұс келді. Осы жылдары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты тереңдетуге айрықша мән берілді. Лондонда өткен үкіметаралық комиссия отырысында тараптар стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өткен. Әңгіме тек саяси диалог туралы ғана емес, сонымен бірге аса маңызды пайдалы қазбалар, жасыл энергетика, климат, көлік және логистика, фармацевтика, денсаулық сақтау, білім беру және қаржылық әріптестік сияқты бағыттар жөнінде болды. Бұл М.Ілиясовтың Төтенше және Өкілетті Елші ретіндегі миссиясы кең ауқымды стратегиялық күн тәртібімен сабақтас болғанын көрсетеді.

Мағжан Ілиясовтың Ұлыбританиядағы миссиясы Лондондағы екіжақты қатынастармен ғана шектелген жоқ. 2023 жылғы 18 сәуірден 2025 жылғы 20 қазанға дейін ол Ирландия мен Исландиядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарды. Бұл оның дипломатиялық жауапкершілік ауқымының әлдеқайда кең болғанын көрсетеді. Яғни, М.Ілиясов Ұлыбритания бағытын ғана емес, Солтүстік және Батыс Еуропадағы бірнеше мемлекетпен қатар жұмыс жүргізіп, Қазақстанның саяси және экономикалық мүдделерін бір мезгілде бірнеше елде танытқан Төтенше және Өкілетті Елші ретінде көрінді.

Осындай маңызды істерді тиянақты атқарып жүрген Төтенше және Өкілетті Елші Мағжан Жанботаұлы Ілиясовқа 2025 жылғы 20 қазанда жаңа ұсыныс келіп түсті. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен М.Ж.Ілиясов Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Енді Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық жолындағы жаңа, әрі айрықша жауапты кезең басталып, ол 2025 жылғы 20 қазаннан бері Вашингтонда Төтенше және Өкілетті Елші қызметін абыроймен атқаруда. Америка Құрама Штаттары бағыты Қазақстан дипломатиясында әрдайым стратегиялық маңызға ие болды. Өйткені, АҚШ-пен қарым-қатынас тек екіжақты байланыс шеңберімен шектелмейді: ол қауіпсіздік, энергетика, инвестиция, жаһандық саясат және өңірлік тұрақтылық мәселелерімен тікелей сабақтас. Сондықтан, Вашингтондағы Елші миссиясы – мемлекет атынан ең салмақты саяси және экономикалық күн тәртібін алып жүру деген сөз. Мағжан Ілиясовтың көпжылдық тәжірибесі, Президент Әкімшілігіндегі стратегиялық қызметі, БҰҰ мен Еуропадағы көпжақты дипломатия мектебі осы жауапкершілікке алып келген заңды кәсіби белес ретінде көрінеді.

Оның бұл дипломатиялық миссиядағы ресми өкілеттігі Ақ үйдегі маңызды дипломатиялық рәсіммен бекітілді. 2025 жылғы 16 желтоқсанда Вашингтондағы Ақ үйде салтанатты жағдайда Төтенше және Өкілетті Елші Мағжан Ілиясов АҚШ Президенті Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсырды. Осы сәттен бастап ол Қазақстанның АҚШ-тағы ресми өкілі ретінде толық өкілеттікпен қызметіне кірісті. Бұл рәсім сырттай қарағанда дипломатиялық протокол талабы сияқты көрінгенімен, мазмұны әлдеқайда терең. Өйткені мұндай акт Қазақстан – АҚШ күн тәртібінің жаңа кезеңін ресми түрде іске қосады. Америка бағытының стратегиялық мәні саяси диалогтың жоғары деңгейдегі мазмұнынан да аңғарылады. Екі елдің баспасөз беттерінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға ресми сапарында АҚШ Президенті Дональд Трамппен «Овальді» кабинеттегі кездесуі туралы мәлімет берілді. Сол келіссөздер барысында Қазақстан делегациясының құрамында Төтенше және Өкілетті Елші Мағжан Ілиясов та болғаны көрсетілген. Бұл жайт оның қызметі тек Елшілік шеңберіндегі протоколдық міндеттермен шектелмейтінін, керісінше Ақ үй деңгейіндегі саяси байланыстардың нақты қатысушысына айналғанын аңғартады. Осындай кеңістікте Төтенше және Өкілетті Елшінің рөлі екі ел арасындағы өзара сенімді тереңдету, келіссөздердің сабақтастығын сақтау және әрбір уағдаластықтың дипломатиялық жалғасын қамтамасыз ету болып табылады.

Осылайша, Мағжан Ілиясовтың қызметіндегі АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елші болу кезеңі Қазақстан дипломатиясының жаңа мазмұнға ие болған белесі ретінде көрінеді. Сенім грамоталарын тапсыру сәті оның өкілеттігін ресми бекітсе, Ақ үй деңгейіндегі келіссөздерге қатысуы саяси диалогтың тереңдігін аңғартады. Ал қауіпсіздік, ядролық күн тәртібімен сабақтас стратегиялық сенім, инвестициялық әріптестік, критикалық минералдар, “С5+1” форматы және Латын Америкасына қарай ашылған жаңа дипломатиялық арна – мұның бәрі бұл миссияны Қазақстанның сыртқы саясатындағы аса маңызды кезеңге айналдырады. Вашингтондағы қызметінде Мағжан Ілиясов тек Төтенше және Өкілетті Елші емес, Қазақстанның жаһандық амбицияларын жаңа кеңістікке алып шыққан тәжірибелі дипломат ретінде танылуда.

Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық болмысындағы назар аударарлық игі дәстүр мен ұлттық құндылыққа бет бұрған қырларының бірі – ресми рәсімдерде ұлттық киімге жүгінуі. АҚШ Президенті Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсыру кезінде ол заманауи сипатта тігілген қазақы ұлттық киіммен барды. Бұл таңдау жай эстетикалық шешім емес, дипломатиялық мағынасы терең ишара ретінде көрінеді. Өйткені, дипломатиялық протокол мен этикет ресми салтанаттарда белгіленген дресс-кодты немесе ұлттық киімді қолдануға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Мағжан Ілиясовтың ұлттық киімді таңдауы – Қазақстанның мәдени болмысын халықаралық мінберде лайықты әрі сенімді түрде танытудың керемет көрінісі.

Мағжан Ілиясовтың осындай орасан еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланған. Оның ұзақжылғы дипломатиялық еңбегі лайықты аталып, ол Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұған қоса, бірнеше мерейтойлық медальдармен наградталған. Оның елге сіңірген айрықша еңбегі Ел Президентінің Алғыс хатымен қоса «Барыс» төсбелгісімен де аталып өткен. Бұл марапаттар оның дипломатиялық қызметінің тек лауазымдық өсуімен ғана емес, ел алдындағы нақты еңбегімен де айқындалғанын білдіреді. Сондықтан, М.Ілиясовтың кәсіби жолын мемлекет сенімін абыроймен ақтаған дипломаттың жолы деп бағалауға толық негіз бар.

Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық жолына көз жүгірткенде, оның бүкіл қызметі бір ғана қағидаға – ел мүддесіне адал қызмет ету ұстанымына құрылғанын анық аңғаруға болады. Ол еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінің бастапқы буынынан бастап, халықаралық ұйымдармен жұмыс, Президент Әкімшілігіндегі сыртқы саясатты үйлестіру, Нидерландтағы елшілік, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Тұрақты Өкілдік, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілдік, Ұлыбританиядағы және кейін Америка Құрама Штаттарындағы Елшілік қызметтерге дейінгі ұзақ жолдан өтті. Бұл – жай ғана лауазымдар тізбегі емес, сенім жүгін біртіндеп көтеріп, әр кезең сайын жаңа жауапкершілікке лайық екенін дәлелдеген кәсіби ғұмырбаян.

Мағжан Ілиясовтың тұлғалық және кәсіби болмысында тәжірибе мен парасат табиғи түрде тоғысқан. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгеруі, Қазақстандағы арнаулы жоғары білімі, АҚШ-тағы алмасу бағдарламасы, Нидерландтағы дипломатиялық курстар және Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінде алған білімі оның дүниетанымының кеңдігін көрсетеді.

Сондықтан Мағжан Ілиясовтың дипломатиялық жолы – тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің нақты көрінісі. Оның өмірбаяны жас дипломаттарға үлгі-өнеге бола отырып, кәсіби өсу кездейсоқ келмейтінін, үлкен дипломатияға апарар жол адал еңбектен, табандылықтан, білімнен, тәртіптен және отансүйгіштік пен мемлекет сенімін ақтай білуден құралатынын аңғартады. Осы тұрғыдан алғанда, Мағжан Ілиясов – тек дипломатияның дарабозы ғана емес, елдік мүддені әлемдік деңгейде қорғаудың биік үлгісін көрсеткен тұлға. Келешекте де оның ел игілігі жолында көпеген келелі істерді атқарып, талай биіктерді бағындыратынына сенімдіміз.

Гүлсім Еңсепова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің І сыныпты кеңесші-дипломаты, ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері, Филология ғылымдарының кандидаты.

PESTEL

Түркияда жолаушылар автобусы қатысқан ірі жол апаты болды. Измир – Анталья бағытымен келе жатқ...

Шоу-бизнес

Танымал актриса Жанель Серғазинаның «Momsкий әңгіме» бағдарламасында танымал әншінің екі...