Президенттік жастар кадрлық резерві: жоба нәтижесі мен енгізілетін өзгерістер

САЯСАТ
7777

Ел болашағы қашан да жастарға тікелей байланысты. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жастар ел халқының жалпы санының 20,2%-ін құрайды. Жастар – ел дамуының, болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңінің қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды әрі қолынан іс келетін жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру идеясын айтты. Сайлауалды бағдарламасында президенттік жастар кадрлық резервін құру идеясын ұсынды. Соған сәйкес, 2019 жылы қыркүйекте білікті жастарды іріктеу басталды. Әр саланың майталманы, әртүрлі кәсіп пен істің басы-қасында жүрген жастар бір жерге тоғысты. Олардың арасында тек мемлекеттік қызметкер ғана емес, азаматтық қоғам мен жекеменшік сектор өкілдері, квазимемлекеттік сектор өкілдері де бар. «Мәдениет порталы» президенттік жастар кадрлық резерві жайлы ақпарат пен жобаға биыл енгізілетін өзгеріс жайлы ақпарат ұсынды. Мархаббат!

Жастар резерві деген не?

Жобаның мақсаты – барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшы лауазымдарға орналасуға бірегей мүмкіндік ашу. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған кезде президенттік жастар кадрлық резерві тізімінде бар азаматтардың кандидатуралары қаралады. 

Бұл ретте президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау ол адамның міндетті түрде лауазымды қызметке тағайындалуын көздемейді. Тек жоғарыда айтқанымыздай, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдардың орны босаған сәтте ғана президенттік жастар кадрлық резерві тізімінде бар азаматтардың кандидатуралары ұсынылады. Ал тізімде бар кезде резервтегілер Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби немесе жеке дамуы үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады. 

Кандидаттарға қойылған талаптар

2019 жылы өткен іріктеуге 35 жастан аспаған Қазақстан азаматы қатысты. Азаматтың жоғары білімі, бірнеше ұсыным хаты мен кем дегенде бес жыл белгілі бір жұмыс істеген болуы шарт. Сонымен қатар іріктеліп алынған резервтегілердің жылдам әрі жедел шешім қабылдай алуы, әртүрлі жағдайда жұмыс істей білу қабілеті, кез келген ситуацияға икемделе алуы, жоғары қызметті атқаруға деген әлеуеті мен икемі болуы маңызды саналады. 

Дей тұрғанмен бұл тізімге енгендерге белгілі бір мемлекеттік қызмет пен лауазымға тағайындалатынына кепілдік берілмеген. Тәртіпке сай, бұл тізімдегі азаматтарды Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссия белгілі бір қызмет не лауазымға ұсынады. 

Бір жақсысы азаматтар бұл тізімге қосылуы үшін қай қалада, қай елде тұратыны бойынша шектеу жоқ. Яғни, Алтай мен Атырауды алып жатқан самиян даламыздың түкпір-түкпірінен таланты және білімді, модернистік қоғамда жан-жақты дамыған жастар қатыса алады деген сөз. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстан ішіндегі де, одан тысқары елде тұрып жатқан Қазақстан азаматы өзін ұсына алады.

Тағы бір маңызды талап – үміткерлер тізіміндегі адамның бұрын темір торға тоғытылмағандығы, яғни сотты болмауы, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қатысының жоқ болуы және сот шешімімен белгілі бір уақытқа мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылған болмауы қажет. Сондай-ақ, қандай да бір қылмыс тобының құрамында қылмыс жасамауы секілді факторлар ескерілген.

Конкурс қалай өтті?

Алғашқы кезеңде үміткерлер тиісті талап бойынша құжаттарын тапсырады, екінші кезеңде болса тестілеуден өтеді. Тест арқылы үміткердің мәтін мен күрделі сандармен жұмыс істей білу қабілеті тексеріледі. Сонымен қатар олардың теориялық тұрғыдан дайындығы, сараптамалық ойлау білу деңгейі мен сыни ойлау қабілеті анықталады. 

Резерв қатарына қосылған адамды белгілі бір адамдар тобын басқара білу қабілеті болуы қажет. Соған байланысты үшінші кезеңде үміткерлердің көшбасшы ретіндегі қарым-қабілеті сынға түседі. Ол үшін резерв қатарына қосылғысы келетіндер қолына қалам алып эссе жазады, әртүрлі әлеуметтік маңызы бар жобаны таныстырады.

Жалпы алғанда бір эссе арқылы үміткердің сауаттылығы, білім деңгейі, сыни ойлау қабілеті, ойының қисынды болуы, оны жеткізуі, ұсынған идеясын дәлелдей алу қабілеті анықталады.

Сарапшы-бағалаушылар қатысушылардың жеке деректерін, атап айтқанда олардың аты-жөнін көре алмайды. Олардың бәрі құпия түрде сақталады, яғни шифрланады. Нәтижесінде олар тек сандар мен әріптер жиынтығын көреді. Әр кезеңде сарапшыларға адамдардың деректері еш өзгертілместен бірегей болып жеткізіледі. Демек, сарапқа салушы қауымға кімнің ойын, эссесін оқып отырғаны көрінбейді.

Төртінші кезеңде үміткерлермен әңгімелесу болады. Алайда бұл кезеңге үміткер болуға өтініш айтқан азаматтың бәрі бірдей қатыса алмайды. Тек алдыңғы үш кезеңде жоғары балл жинаған азаматтар жіберіледі.

Әрі қарай ережеге сәйкес, комиссия мүшелері ашық дауыс береді. Сол арқылы мыңнан оза шауып іріктелген үміткерлердің тізімі ұлттық комиссияға жолданады.

Ең шешуші кезең – Ұлттық комиссияда кандидаттың деректері қаралады. Бұл кезеңге де алдыңғы кезеңде көзге түскендер жіберіледі. Ал комиссия азаматты президенттік жастар резервіне қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

Президенттік жастар кадр резервіне енген кандидаттар мемлекеттік қызметтің әкімшілік және саяси лауазымдарына, квазимемлекеттік сектордың басшылық позицияларына тағайындалған кезде кандидатурасы қаралатын болады.

Қатарға қосылған кандидаттың президенттік жастар кадр резервінде 5 жыл болады.

Кейінгі жылдары технологияның дамуына байланысты көп жұмысты қашықтан атқаруға мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндікті президенттік кадрлық резерв құрамына қосылғысы келетіндер де пайдаланды. Бастапқы кезеңнің дені онлайн форматта өтті. Соған байланысты құжаттарды қабылдау мен оларды іріктеу автоматты түрде жүзеге асты. Бұдан басқа, президенттік резервті қалыптастырудың міндеті – модерн қоғамда өз-өзін дамыта білген, жан-жақты креативті және талантты жастарды іріктеу. Осыған байланысты іріктеу кезінде кандидаттардың заңнаманы білуі тексерілмейді.

Кандидаттар қандай қызмет атқаруы мүмкін

Президенттік жастар кадрлық резервінің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бәйгеде оза шауып тізімге енген кандидаттар 

министрлер және олардың орынбасарлары; 

облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің орынбасарлары; 

орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары; 

квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағалары және мүшелері қызметін атқара алады.

300 азамат тізімге енді

Осылайша, бес кезеңнен сүрінбей өткен 300 қазақстандық 2019 жылы президенттік жастар кадр резервіне алынды. Аталмыш жобаға барлығы 13 мың адам өтініш беріп, солардың ішінен 330-ы ғана ақтық мәреге жетті.

Резервтегілер тізіміне жеке сектордың 102 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 98 өкілі және 96 мемлекеттік қызметші кірді.

Үміткерлердің 57%-і шет мемлекеттерде білім алған, 43%-і қазақстандық жоғары оқу орындарының түлегі.

Мұнымен қоса, тағы айта кететін бір дүние, іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31 жасты құрады. Тізімге кіргендердің экономиканың түрлі саласында айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар екені де анықталды. Олардың көпшілігі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген.

Содан кейін іріктелген 300 адам әртүрлі салалар бойынша сараланды. Алты айға созылған іріктеу кезеңінен өткендердің бір бөлігі белгілі бір қызметке тағайындалды.

Қызметке тағайындалған үміткерлер

Тізімге енгендер арасында белгілі бір қызметке тағайындалғандар бар. Солардың бірі – Бауыржан Балғабаев. Ол президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуден кейін 2021 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Жаңа қызметте ол жер мәселелеріне, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді.

Бауыржан Балғабаев әкімнің орынбасары лауазымын оған президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі ретінде ұсынғанын айтқан. Оның сөзінше, президенттік кадрлық резервке іріктеуден кейін даму үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады. Ең алдымен мемлекетке пайдалы болу мүмкіндігі туады. 

Тізімге енгеннен кейін мемлекеттік қызметке орналасқан адамның бірі – Азамат Жолманов. Сәтті іріктеуден кейін 2020 жылдың қаңтарында Азамат Жолманов Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігіне шақырылған. Әңгімелесу қорытындысы бойынша резервшінің дағдылары мен іріктеу нәтижелерін ескере отырып, оны стратегиялық әзірлемелер және халықаралық бағдарламалар департаментінің директоры лауазымына тағайындаған.

Тізімде болған Ержан Тоқтағұлов 2020 жылы Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы болып тағайындалды. 

Мұндай мысалды көп келтіре беруге болады. Себебі тізімге енген азаматтың басым бөлігі ел игілігі жолында қызметке тағайындалды. Жоба аясында тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылы іріктелген 300 үміткердің ішінде 36 әйел болды. Ал биыл өтетін конкурс кезінде бұл көрсеткіштің көбейіп-көбеймеуі келешекте белгілі болады.

Келесі іріктеу қашан өтеді?

Президенттік кадр резервіне екінші іріктеу 2021 жылдың басында өтетіні белгілі болды. 2020 жылдың аяғында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдаған болатын.

А. Жайылғанова президентке 2021 жылдың басында президенттік кадр резервіне 2.0 іріктеу өткізуге дайындық туралы баяндады, оның құрамына 50 адам кіреді. Сондай-ақ, үміткерлерге қойылатын талаптың күшейтілетінін айтты. Осылайша, 2021 жылғы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қағидалары қатаңдатылды. Атап айтқанда, үміткерлердің жасы мен жұмыс өтілін арттырды, тапсырмаларды жаңартты және қазақ тілін білуді міндеттеді. Сонымен қатар кандидаттарды тексеруге ҰҚК, ІІМ және салық қызметкерлері де қосылатын болды.

А. Жайылғанованың мәліметінше, жаңа пулға 50 адам таңдалады. Байқауға талаптарға сай келетін барлық қазақстандықтар қатыса алады:

Жасы 40 жастан аспаған;

жалпы жұмыс өтілі 10 жылдан кем емес;

басшылық лауазымдардағы кемінде екі жыл тәжірибесі бар;

мемлекеттік тілді білетін адам.

"А" корпусының мемлекеттік қызметшілері, министрлер мен комитет төрағалары, сондай-ақ 2019 жылғы іріктеу резервшілері конкурсқа қатыса алмайды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, 2019 жылы өткен конкурс квазимемлекеттік қызмет үшін жинақталған болса, бұл жолы мемлекеттік қызметке орналастыру үшін жасақталады.

"Біздің басты мақсатымыз – жеке емес, қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын адамдар арасынан резерв қалыптастыру. Президенттің кадрлық резервіне кіретін адам өте білікті болуы керек, басшылықтың да, халықтың да сеніміне ие болуы керек. Біз оның адами құндылықтарының дұрыс болғанын қалаймыз", - деген еді сұқбатында Қазақстан мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Сонымен қатар Анар Жайылғанова жаңа іріктеудің атауы өзгеруі мүмкін екенін хабарлады.

"Президенттік кадрлық резерв" деп атаймыз. "Жастар" сөзі алынып тасталуы мүмкін, өйткені біріккен ұлттар ұйымы стандарттары бойынша 44 жасқа дейінгі адамдар жас болып саналады", - деді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қазақстандағы беделді адамдардың туыстарын іріктеуге қатысуға қатысты да ойын айтты. 

"Егер адамдар таңдау критерийлеріне сәйкес келсе, онда біз оларды "біреудің ұлы немесе біреудің қызы" деп бөле алмаймыз. Конституция бойынша біз барлығына бірдей қараймыз. Бұл ауылдан, қаладан келген балаларға және басқаларға да қатысты", - деп атап өтті ол.

Қорыта айтқанда, еліміздің ертеңі мен мемлекеттің болашағы жастардың қолында екені даусыз. Ал бұл жобаның басты мүмкіндігі – ел ертеңін сеніп тапсырар жастардың мемлекеттік қызмет жолында мансабын құруына жол ашу. Президент мемлекеттік қызметті жаңғырту, жақсарту, таланттарды тарту қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Мемлекет басшысының сол бастамасы Президенттік кадрлық резерв арқылы жүзеге аспақ.

Заман Төлеуов,

"Мәдениет порталы"

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...