СЕНАТОР КӨРІСУ КҮНІН РЕСМИ ТҮРДЕ МЕРЕКЕ ДЕП БЕЛГІЛЕУДІ ҰСЫНДЫ

САЛТ-ДӘСТҮР
1528

Қазақ елінің батыс өңірінде сан ғасырлардан санамызға сіңісті болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінде кеңінен аталып, болашақта да үзілмейтін атаулы күннің бірі – әр жылдың 14-ші наурыз күні тойланатын Көрісу мерекесі. Көктемнің алғашқы жылулығымен қатар келетін осы күн халықтың ақ тілегін айтып, жасы кішілердің жасы үлкендерге арнайы барып, құшақтасып, көрісіп, әрбір отбасының амандығын, елдің тыныштығын, істерінің берекелі болуын тілейді. Әрбір шаңырақ таңнын атуымен дастарханын жайып, қонақ күтеді, қариялар мен әжелер батасын береді. Қытымыр қыстан аман-есен шыққан халық жердің бусанып, малдың төлдеп, жеміс-теректердің бүршік жарғанын көріп, алдағы күндерін жақсылыққа жорып, болашақтың қамын бірлесе ақылға салады. Көнекөз қариялар осы күні көтерем болып жатқан малдың бауырын жерден көтеретінін айтады. Заманында Көрісу еліміздің барлық аймағында болған, халқымызға кеңінен таралған. Бірақ, әртүрлі себептермен бұл дәстүр ұмытыла басталады», - деді Еңсегенов Сенат отырысында премьер-министрге жолдаған сауалында.Сенатордың айтуынша, қазіргі мезгілде мереке Қазақстанның басқа да облыстарына таралып, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Бұған әсіресе батыс өңірлеріндегі ірі шетелдік бірлескен кәсіпорындар, шетел азаматтарымен бірге елдегі барлық этнос өкілдері белсене қатысуда.

«Бүгін Көрісу жекелеген аймақтың немесе тек қазақ халқының мейрамы емес. Оның аумағы мен ауқымы өсіп, елдің қоғамдық өміріндегі рөлі артып келеді. Шын мәнінде ол азаматтарымыздың дәстүрлі түрде аталып өтетін мерекесіне айналды. Алыс, жақын шет мемлекеттерде жүрген қандастарымыз да осы атаулы күнді мерекелеп, шетелдіктерге таныстыруда. Адамды бауырмалдыққа, кісілікке, кішілікке, жасампаздыққа, жақсылыққа тәрбиелейтін, тамыры тереңге кеткен, халқымызға берері мол, рухани қуаты ерекше, дәстүрлі түрде аталып жүрген Көрісу күнін ресми түрде айналымға енгізу жөнінде пікірілер айтылуда. «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңға сәйкес, елімізде ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелер аталып өтеді. Осы заңның 4-ші бабына сәйкес, кәсіби және өзге де мерекелік күндер тізбесін ҚР Үкіметі белгілейді. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, халқымыздың салт-дәстүрін қолдау және оны дәріптеу мақсатында 14 наурызды Көрісу күні мерекесі деп белгілеу жөнінде ұсыныс енгіземін және тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді өтінемін», - деді Еңсегенов.

Депутаттық сауалдан кейін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «тағы бір мерекеге ие болатын болдық қой» деді.

Baq.kz


Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...