Еркеғали Бейсенов. К*тқалта

Фотосурет ашық дереккөзден

САТИРА
448

Мен ақша ұстай алмаймын. Ұстасам бітті, аяқ астынан "дос" көбейе кетеді. Тауыққа жем шашқандай, қолдағының бәрін соларға қарызға беріп, кафеге отырғызуға тура келеді. Бір қаладағылар түгіл, баяғыда аты-жөні ұмытылған біреулер, басқа қаладағылар хабарласатын болған. Тіпті, байланыс ұстамайтын шалғай ауылдағы ескі телефондар істеп кете ме, бірдеңе. Тек көрдегілер ғана тіріліп келген жоқ...

Сондықтан жалақыны "кеттің ғой, келем демеші" деп мөріне бір қарап алып, тұтасымен әйеліме бере саламын да, келесі күні әріптесімнен бір штук темекі сұрап шегіп отырамын. Ондайда ешкім мазаламайды. Рахат. 

Бірде "жыланның аяғын көрген" бір қу кафеде отырып ақыл айтты. "Ереке, если что к*тқалта деген болады. Айлық алғанда көбін әйеліңе бересің де, келесі айлыққа дейін "демалып тұруға" жететінін жымқырып қаласың. Вот, соны к*тқалта дейді!" – деп ММА жігіттерінше сұқ саусағын жоғары шошайтып қойды.

Келесі жалақыда соның айтқанын бір істеп көрейінші деп шештім. К*тқалта дегенді тікелей түсінгенім бе, әлде одан басқа жасыратын жер таппадым ба, жалақыдан жымқырғанымды шалбардың артқы қалтасына сүңгіте салдым. Сондағым – тұтас 10 мың теңге. Оның өзін өтіріктің "анда кетті, мында кетті", бұхит-сұхит деген қырық нұсқасын құрастырып, ішінен біреуіне әрең тоқтап, диссертация қорғағаннан бетер алып қалдым.

Бірақ маған бәрібір арамдық жақпайды екен. Сол күні кафеге баратын жан таппадым. Анда-санда ұрттаңқырап тұратын таздың шашындай ғана селдіреген жақын достардың бірінің іші өтіп, екіншісінің шиқаны жарылып, үшіншісінің тағы бірдеңесі бірдеңе болып... қысқасы, автобуспен ербиіп үйге қайттым. Келсем, әйелім кір жуайын деп жүр екен. "Бүгін жуып тастайтын киімдерің бар ма?" – деді. Еркек біткенде айына бір жасалып тұратын анадай бір түр болады ғой... жалақы алған, жұмыстан шаршап келген, важный... сондай түрмен "Кәнешні, бар!" – деп кірмашинаның аңқиып тұрған аузына шалбарды атып кеп жібердім. Екі иінінен демалып, дірілдеп-қалшылдап, киім біткенді көбігіне шашала шайнаңдап ол қалды. Кірмашинаны айтам...

Екі жастағы қызым өзі ғана түсінетін тілде шүлдірлеп, бірдеңені әкеп көрсетті. Селқос алып, қарап қалсам... о, тоба, к*тқалтадағы ақша! Әжімі тереңдеп, бояуы байы ұрған қатынның тушынан бетер ағып, мыжырайып-тыжырайып қалыпты. Шалбарды жаюға апара жатқанда сусып түскен ғой, сволыш. "Ол не?" деді күндізгі жалақыға алған сушимен тәшкен шәй ішіп, өз кәйпімен отырған әйелім. "Ой, керек емес визитка ғой", – деп қоқыс шелегіне апарып фук еткіздім де әрі қарай қызды еркелетіп кеттім. "Қазір бұлар шәй-пәйін ішіп болып, өз бөлмелеріне кеткенде ала қоярмын" деп отырмын іштей.

Сонымен не керек, баланы ойнаттық, сотка шұқыладық, көршінің күйіп кеткен шамын ауыстырып келдік... Қайран, 10 мың теңге есіме пакетті үлкен қоқыс контейнеріне алыстан құлаштай лақтырғанда бір-ақ түсті. Ал, кеп қопар! Өткен-кеткен жұрт тізесі шығып кеткен трико мен резеңке тәпішке киіп алған сықпытқа мүсіркей қарайды. Қанша дегенмен, шығармашылық адамымын ғой, бір жағынан қоқыс қопарып, екінші жағынан әр жанардан "Жап-жас жігіт, мусор теріп кететіндей, не басына күн туды екен?" деген және сонымен мағыналас жазуларды оқып үлгеріп қалып жатырмын... Таптым ақыры!

Әлгі бәріне бір күнде "нәубет" келе қалған өңшең аурушаң достарды сырттай бір-бір сыбап, үйдің ауласында қалбырдағы сырамнан енді ұрттай бергенде, ту сыртымнан вырт-вырт еткен рация дыбысы шықты. Көмейдегіні бір қылқ еткізіп, ептеп артыма бұрылдым...

"Журналиспін!" деп шәңкілдеп тұрып көрсеткен қызыл құжатыма, түріме, сырама, үсті-басыма көзін Сергектен бетер ойнақшыта қарап шыққан полицей: "Жарайды, бара беріңіз! Үйде отырып ішсеңізші енді", – деп жымиды. Мен де "Ей, үйде ішсем, к*тқалта уақытында ашылмағанмен, к*т ашылайын деп тұр ғой!" дегенді манағы қоқыс жақтағы жұрт сияқты алайған көзімнен оқыттым. Оқи алмады бірақ. Тупой екен.

author

Еркеғали Бейсенов

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасыға қатысты іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Маңғыстау облысы Қызылсай ауылында ер адам өз әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді, деп...