Әнші Алтынай Жорабаева жақын адамдарына деген ренішін білдірді, деп хабарлады madeniportal.kz kyn.kz...
Джузефина қамауға алынды: Жалған ақпарат таратып, тыйым салынған затты қолданған
Фото: видеодан скриншот
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында блогер қыздың әкесінен зорлық-зомбылық көргені туралы мәлімдемесі мен қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттері бейнеленген видеолар анықталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz baq.kz сілтеме жасап.
Алматы полиция департаментінің хабарынша, бұл жарияланымдар бойынша полиция тексеру жүргізіп, контент авторын және оның ата-анасын анықтап, түсініктеме алған.
Тексеру нәтижесінде блогердің әкесі тарапынан зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат расталмаған.
Сонымен қатар бейнежазбаларды зерделеу барысында Алматы қаласы тұрғынының тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталды. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын пайдаланғанын растаған.
Бұдан бөлек, блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілері анықталып, жиналған материалдар сотқа жолданған.
Полицияның мәліметінше, бұған дейін де азаматшамен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілген.
Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.Сонымен қатар жалған ақпарат таратқаны және ресми ескертудің талаптарын бұзғаны үшін оған 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК)мөлшерінде айыппұл салынды.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл азаматша бұған дейін де арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция жалған ақпарат тарату, қоғамдық тәртіпті бұзу және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ азаматтардан келіп түскен құқық бұзушылық туралы барлық хабарламалар міндетті түрде тексеріліп, заң талаптарына сәйкес қаралатынын мәлімдеді.