Танымал тележүргізуші Асхат Садырбайдың бұрынғы әйелі күйеуі баланы тартып алу үшін, бүгінге дейін т...
Күйеуі жүргізушінің құлағынан шерткен: Динара Сәтжан дауға жауап берді
Фото: видеодан скриншот
Қазақстандық тележүргізуші Динара Сәтжан отандық фильмнің премьерасында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол күйеуі, кәсіпкер Жұмабек Жанықұлдың жүргізушінің құлағынан шерткен әрекетін әзіл деп бағалап, бұл жағдайды дауға айналдырудың қажеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Динара Сәтжанның сөзінше, Жұмабек Жанықұл өнер адамдарымен бұрыннан араласады және олармен жиі қалжыңдасады. Сондықтан ол әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаны Серік Ибрагимовтің «Заманбек 2» фильміне жасалған сәтті жарнама деп есептейді.
“Меніңше, Жұмабек Серік Ибрагимовтің “Заманбек 2” фильміне керемет жарнама жасап берді. Нұрбаның құлағынан саусағымен шертіп қалғанының өзі жеткілікті болды. Нұрба да жарады! Шығып, мұның жай ғана қалжың екенін түсіндірді”, – деді ол.
Тележүргізуші Нұрба мен Серік Ибрагимовті көп жылдан бері танитынын жеткізді. Оның айтуынша, олар бір шоу-бизнес ортасында жүргендіктен, өзара қарым-қатынастары мен әзілдерін жақсы түсінеді. Бұған дейін аталған өнер адамдары Динараның бағдарламасына да қонақ болған.
Ол күйеуінің өнер адамдарына деген қарым-қатынасына тоқталып, Жұмабек Жанықұлдың оларға әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
“Жігіттер Жұмабекке үлкен құрметпен қарайды. Оны білетіндердің бәрі оның адамдарға қаншалықты көмектесетінін жақсы біледі. Жұмабек үнемі осылай қалжыңдайды. Ол бұл жігіттерге өз бауырындай қарайды. Сондықтан жоқ жерден дау іздеудің қажеті жоқ. Мұны “Заманбек” фильміне жасалған жарнама деп қабылдаған дұрыс”, – деді тележүргізуші.
Еске салайық, бұған дейін «Заманбек 2» фильмінің жабық көрсетілімінде болған оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Кешке қатысқан қонақтарды таныстыру кезінде жүргізуші Динараны «Динара Сәтжан» деп атаған.
Осы кезде Жұмабек Жанықұл жүргізушіні жанына шақырып, құлағынан шертіп, жұбайының есімін «Динара Жанықұл» деп айту керектігін ескерткен. Кейін жүргізуші есімді түзетіп, жиналғандарға мұндай қателік жібермеу туралы әзілдеген.
Аталған бейнежазба желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Кейбірі кәсіпкердің әрекетін орынсыз әрі дөрекі деп бағалап, сынға алған.
Ал Динара Сәтжан бұл жағдайға қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ ол кинотеатрларға және фильмдердің жабық көрсетілімдеріне жиі бара бермейтінін айтты. Дегенмен «Заманбек 2» фильмінің актерлері бұрын өз бағдарламасына қатысқандықтан, олардың жаңа туындысын көруге қызығушылық танытқан. Тележүргізуші фильмді тамашалағанына өкінбейтінін де атап өтті.