Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова Динар Сәтжанға сұхбат берді, деп хабарлады M...
"Құдай маған халықтың қиналғанын көрсетті": Қайрат Нұртастың концертінен кейін тағы шу шықты
Фото: әлеуметтік желіден
Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінен кейін тағы бір дау шықты. Көрермендер стадионға кіре алмай, қысылып қалғанын айтып шағымданып жатқанда, сахнада өнер көрсеткен музыкант Ақсұңқар Жүнісбаевтың жазбасы елдің ашуын туғызды. Ол жұрттың басындағы жағдайды былтыр өзіне жарияланған бойкотпен байланыстырып, көпшіліктің сынына қалды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
10 қазанда Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті өтті. Алайда көпшілік асыға күткен кештің басталуы дүрбелеңге ұласты. Стадионға кіреберісте адам қарасы көбейіп, көрермендер бір-бірін қысып, әбігерге түскен.
Осы жағдайдан кейін концертте гитарада ойнаған музыкант Ақсұңқар Жүнісбаев Threads парақшасында жазба жариялады. Ол сахнада еркін өнер көрсетіп жүргенін айтып, сырттағы көпшіліктің қиналғанын өз басынан өткен жағдаймен байланыстырған.
"Ең рахат жұмыс менікі ма деп қалдым ше... Қысылмааай, сахнадаа емін-еркін гитараммееен... Адамдарға жаным ашып кетті. Бір жағы карма рөл ойнап кетті... “Бойкот” деген Халыққа өкпелеп қалып ем былтыр.. Но оны өзім ұмытып кеттім. Құдай бүгін маған халықтың қиналғанын көрсетті… Бірақ мен халықты жақсы көремін қатты. Алланың бір есімі Халық дейді ғой", – деп жазды музыкант.

Алайда өнер иесі мұнымен тоқтамай, көпшіліктің наразылығын күшейте түскен сөздер айтқан.
"Аллаһым мені ешкімге өкпелетпеші! Маған емес өздеріне қиын болады просто... Эгом сондай менің.. қайтейін енді. Бәріңді жақсы көремін", – деп жазған ол.
Жұрт концертке кіре алмай қиналып жатқанда, музыканттың бұл жағдайды "кармаға" балауы желі қолданушыларына жақпады. Әсіресе оның "Маған емес, өздеріне қиын болады" деген сөзі қызу талқыға түсті.
Көпшілік музыканттың жазбасын орынсыз әрі тәкаппарлыққа толы деп бағалады. Кейбірі оны халықтың басындағы қиындыққа түсіністік танытудың орнына, жағдайды жеке өкпе-ренішімен байланыстырды деп сынға алды.
Желі қолданушыларының бірі өнер иесіне қайтадан бойкот жариялауға шақырды.
"Бойкоттың көкесін енді көрсетеді ғой халқың саған! Жұрттың мыжылып, жаншылғанына "карма, бүгін маған халықтың қалай қиналғанын көрсетті, кезінде өкпелеп қалған едім" деп сапырып тұр ма? Ойыңды қалай жеткізсең де, халқыңның түсінігі жетіп тұр нені меңзегеніңді", – деп жазды қолданушы.
Енді бірі музыкантқа көрерменнің өзі үшін емес, Қайрат Нұртастың өнерін тамашалауға келгенін еске салған.
"Сен сахнада болдың ба өзі? Тіпті байқамаппыз. Бәрі Қайрат Нұртас үшін барды. Өзі арена жинағандай бөсіп отыр ғой. Қайраттың көлеңкесінен көрінбегеніне жаным ашып кетті", – деп жазды желідегі оқырман.
"Кеше Қайраттың концертіндегі гитарист Ақсұңқардың жазбасын көре сала таңғалдым. Ұйқыдан тұрсам, біраз адам көріп, шулап жатыр екен. Адамдардың қысылып, жарақаттанғанын көре тұра, оның жазбасы адамгершілікке жат болып көрінді. Оның үстіне "карма" деп қояды", – деп пікір білдірді қолданушылардың бірі.
"Мен өкпелесем, Құдай жазаларыңды береді" деп тұрсың ба? Өзіңді кім деп кеттің, Ақсұңқар? Танымал болу бір басқа, адам болып қалу бір басқа! Эгоңды тәрбиеле, бауырым!" – деп жазды ол.
Желіде сын көбейген соң Ақсұңқар Жүнісбаев көпшіліктен кешірім сұрады. Ол сөзін дұрыс жеткізе алмағанын мойындап, ешкімді ренжіткісі келмегенін жеткізді.
"Кешіріңіздерші. Меніңкі айып болды. Шынымен сіздерді қатты жақсы көремін. Негізі өмірде араласып көрсеңіздер қарапайэээм адаммын ғой. Сәл сөз құрай алмайтыным бар, мойындаймын! Ойымды дұрыс жеткізе алмай всегдааа осылай таяқ жеп жүрем ше..." – деп ақталды музыкант.
