Димаш Құдайберген классикалық әндердің орындаушысы, танымал италиялық әнші Андреа Бочелимен кездесті...
«Ұлттық масқара»: Баян Алагөзова Оралдағы ерлер мен әйелдер бөлек отырған тойды сынға алды (ВИДЕО)
коллаж MadeniPortal.kz
Оралда ерлер мен әйелдер екі бөлек залда отырған той әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ерекше форматтағы жиынға продюсер Баян Алагөзова да пікір білдіріп, мұны қазақтың дәстүріне жат құбылыс деп бағалады, деп хабарлады MadeniPortal.kz
Желіде тараған видеодан той қонақтарының жынысына қарай екі залға бөлінгенін көруге болады. Ер адамдар бір залда, әйелдер екінші залда отырған. Тіпті қалыңдық пен күйеу жігіт те мерекелік кешті бөлек залдарда өткізген.
Қонақтарға қызмет көрсету кезінде де осы тәртіп сақталған. Әйелдер отырған залда тек қыз-келіншектер даяшы болса, ерлер отырған залда ер адамдар қызмет көрсеткен.
Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Бірі мұндай форматты той иелерінің жеке таңдауы деп қабылдаса, енді бірі оның қазақтың дәстүрлі той өткізу салтына сай келмейтінін жазған.
Продюсер Баян Алагөзова да жағдайға қатысты өткір пікір білдірді.
«Қазақтар өз дәстүрлерінен өз еркімен, жұрттың көзінше бас тартып, соны мақтан тұтып отыр. Ең аз дегенде әйелдердің құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынуы керек. Ал ең көбі — бұл ұлттық масқара», — деп жазды ол.
Сондай-ақ продюсер «арабтандырудың артында кім тұр, бізді кім құлға айналдырып жатыр?» деген сауал тастаған.
Оралдағы ерекше тойдың видеосы желіде тарап, қоғамда ұлттық дәстүр, діни ұстаным және жеке таңдау төңірегіндегі пікірталасқа ұласты.
