(For you...)Құлдыраудан өрлеуге көшкен елдің өркенін өлшейтін арнайы әдіс-тәсілдер бар екен. Қандай...
Әлия Бөпежанова: «Береке-бірлікке сына түспесін» – #КүшімізБірлікте
Жасампаз қоғам – Президент ұсынатын жасампаз реформалар мен нақты іс-шаралардың ойдағыдай жүзеге асуына өз тарпынан үлес қосады деген ойдамын. Осы игілікті іске мәдениет пен өнер қайраткерлері де барынша ат салысары анық. Мұндай пікірді сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова деп хабарлайды "Мәдениет порталы". Пікірдің толық нұсқасы төмендегідей:
Барыс жылы еліміз үшін үлкен сынақпен басталды. Ел билігіне өз талаптарын білдіру үшін бейбіт шеруге шыққандардың іс-әрекетін өз мүдделеріне пайдаланған топтар қоғам тыныштығын бұзып, жеке адамдардың өміріне қауіп төндіріп, жалпы мемлекет заңдары мен тәртіпке бағынбау әрекеттері асқынып, мемлекеттік маңызды нысандарға шабуыл жасауға ұмтылды. Мұндай аса күрделі жағдайда Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел қимылдап, шұғыл шаралар қолдануға пәрмен беруі – осы бір қиын шақты еңсерудің алғышарты болды, ал, елде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жариялауы – көп жайттың бетін ашты. Президенттің Конституцияның кепілі ретіндегі бұл қимыл-қарекеттері – халықтың көңілін орнықтырып, жағдайдың реттелетініне сенім тудырды.
Бұл дүрбелең қаншама қиындық әкелді. Ең өкініштісі – қоғамдық тәртіпті қорғау жолында бірталай азамат мерт болды, қаншама бала жетім, әйел жесір қалды. Елді қорғау жолында шейіт кеткен азаматтардың иманы саламат болсын. Отбасыларына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Көптеген азамат жарақаттанды, денсаулығынан айырылды. Қаншама кәсіпкер үлкен экономикалық зардап шекті. Ел экономикасына үлкен шығын келді... Мұндай дүрбелең қайталанбауы үшін объективті-субъективті себептерін жоғарғы билік те, қоғам да терең саралайтыны анық. Сонымен қатар белгілі бір қорытындылар шығаратыны да...
* * *
Тәуелсіздігіміздің отыз жылында еліміз үлкен жаңғыру жолынан өтті, ішкі-сыртқы саясатта, экономикалық-әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын таңды таңға ұрып айтуға болады. Осымен қатар әлі шешімін таппай отырған қордалы мәселелер баршылық. Мұның басты себептерінің бірі – қоғамды жайлаған сыбайлас жемқорлық: үлкенді-кішілі билік буындарында жеке мүддені мемлекеттік мүддеден жоғары қою жағдайларының аз еместігі, кей экономикалық секторларда биліктің бірталай өкілдері мен олигархиялық топтардың мүдделестігі нәтижесінде қалыптасып отырған елеулі экономикалық қиындықтар. Және сорақысы --мұны «нарық заңдылықтары» деп желеулету. Басқа да әділетсіздіктер... Мұның өзі қалың көпшіліктің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қиындық, нәтижесінде наразылық тудыратыны жасырын емес. Бұл тұста атап айтар тағы бір жайт – сыбайлас жемқорлық қағидалары тіпті қарапайым жұртшылықтың басым бөлігі үшін нормаға айналып отыр. Бұл қоғамның өте үлкен проблемасы. Демек, қоғамымызға сапалы өзгерістер қажет. Және бұл біздің әрқайсымызға тікелей байланысты. Мемлекет -- әрбір жеке адамнан басталады.
Мемлекет басшысы өткен жылы қаңтарда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз» десе, биылғы 5-қаңтардағы Халыққа үндеуінде «Қастерлі Отанымыз Қазақстан - әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын» деп атап көрсетті. Қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын жаңадан сайланатын Үкімет жүзеге асыруы тиіс болады. Ал, жаңа Үкімет құрамы, ең алдымен, репутациялары кіршіксіз, сондай-ақ білікті, мемлекетшіл және уақыт талабына жауап беретін жаңашыл азаматтардан ғана жасақталуы тиіс.
Жасампаз қоғам – Президент ұсынатын жасампаз реформалар мен нақты іс-шаралардың ойдағыдай жүзеге асуына өз тарпынан үлес қосады деген ойдамын. Осы игілікті іске мәдениет пен өнер қайраткерлері де барынша ат салысары анық.
«Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ол – қастерлі Тәуелсіздік. Ендеше еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз» деді Мемлекет басшысы жоғарыда аталған мақаласында. Бұл салиқалы сөздер бүкіл қазақстандықтарға ортақ. Береке-бірлігімізге ешқашан сына түспесін.
Әлия Бөпежанова,
сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері