Семей уезі, Шыңғыс болысыныңқазағы Ибрагим Құнанбаевтан1898 жылғы июньде, Семей уезі бастығының қаты...
Әнес Сарай: Батыс алашордашылары сепаратистік бағыт ұстанған жоқ
- Әнес аға, ХІХ ғасырда қазақ даласында ағартушылық жұмысымен айналысқан адамдар көп емес. Мысалы, Торғайда 1864 жылы ашылған Ыбырай атамыздың мектебі және Жетісуда «Мамания медіресесі» болыпты. Осы екеуінен де бұрын 1841 жылы Жәңгір хан Ордада мектеп ашқан екен. ХХ ғасырдың басындағы алмағайып заманда ұлтының мүддесін қорғап, атқа мінгендердің негізгі тобы Жәңгір мен Ыбырай мектебінің өкілдері екенін байқаймыз. Сіз осы Жәңгір мектебі туралы не білесіз?
- Орда қаласы 1827 жылы ірге тасы қаланды. 1841 жылдан бастап мектеп ашыла бастады. Мұнда төре тұқымы оқыды. Немесе соларға жақын адамдардың балалары оқыды. Мектеп бітіргеннен кейін Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусына түсті. Бұдан басқа Омбы кадет корпусы болды. Онда саяхатшылардың атын жамылған барлаушыларды оқытып, Қытайға қарсы дайындаған. Орынбор кадет корпусы Орта Азия, Парсы, Араб елдеріне қарсы адамдар дайындады. Кейін Тәшкент кадет корпусы ашылды. Ол таза арабтарға қарсы шпиондар дайындады.
Осы кадетте 17-18 адам оқып бітірді. Соның бірі – ғалым-ағартушы Мұхамед – Салық Бабажанов. Олар көп жұмыс атқарды. Жәңгірдің өзі Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусынан 10 адамға орын алып отырды. Соған өзінің мектебінде бітірген балаларды дайындықтан өткізіп жіберіп отырған. Өзінің баласы Зұлқарнайынды қасына Махамбет Өтемісұлын қосып, Орынборда оқытқан. Олар Маңғыстауды және Каспийдің түбін тұңғыш зерттеген Г.С.Карелин деген орыс саяхатшының үйінде жатып оқыған. Осы орыс пен Жәңгір тамыр болған. Жәңгірдің тапсырмасымен Бөкей Ордасының картасын да жасапты осы орыс. Карелиннің Атырауда да үйі болды. Оны өзім көрдім де.
Бұларды Орынбарға атақты Даль ертіп барыпты. Дальдің Жайықтың бойын жағалап очерк жазып жүрген кезінде Ордаға соғып бірге аттанған сыңайлы. Кадетте оқыған адамдардың қаражатын Жәңгір өзі көтерген. Осылай Ордада оқымыстылар пайда болды. Оның ішінде Бабажановты айтым. Сондай-ақ Жәңгір мектебін бітіргенндер арасынан Петербор университетінің шығыс тілдері, заң, математика факультеттерін бітірген Бақтыгерей Құлманов, Сәлімгерей Жантүрин, ағайынды Батырқайыр, Әбділкәрім Ниязовтар, Қазан, Саратов университеттерінің медицина факултеттерін бітірген Мәжит Шомбалов, Махмұт Шолтыров, Батырғали Жүсіпқалиевтардың атын атаса да жеткілікті.
Одан басқа әскери генералдар шықты. Соның бірі – Ғұбайдолла Жәңгіров патша заманында министр дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ. Байланыс департаментінің бастығы болды, әрі Ресейдің Думасына сайлауға түскен қазақ депутаттарына өз қолымен көмектесті. Ордада жарық көрген «Қазақстан» газетінің шығуына мұрындық болды. Редакторы Шәңгерей Бөкеев. Осы Ғұбайдолланың інісі де патша армиясының полковникі болған. Ағалы-інілі екеуінің зираты Қырымдағы Ялтаның «Қарлығаш ұясы» деген жерінде жатыр.
- Атақты Мақаш Бекмұхамбедов те Жәңгір мектебінің сойынан емес пе?
- Оны сен қайдан білесің? Мақаш Бекмұхамбедов деген кісі қазақ фолклорын жинап, 1908 жылы Орынбордан «Жақсы үгіт» атты кітап етіп шығарған. Алғаш Доспамбет, Жиенбет жыраудың сөздерін ел аузынан жинап, құрастырған. 1910 жылы Астрахань қаласынан үлкен этнографиялық зерттеу кітабы жарық көрген. Рас айтасың, бұл да сол Жәңгір мектебінде оқыған. Гурьвтен бастап Астраханға дейінгі алқапты алып жатқан ұланғайыр өлке Каспий жағалауы 1-ші, 2-ші қисымының (окургтің) бастығы болған. Осы кісі қазақтың жерін кеңейту үшін әртүрлі әрекеттер жасаған. Елді Қиғаш өзенінен асырып, Астрахан жаққа қоныстандыруды ойлаған. Марқұм түнде мықты атан түйелерді таңдап алып, ертеде орнатылған құлпытастарды артып, Астраханның жанына апарып көмдіріп тастайды екен. Екі-үш жыл өткен соң дау шығаратын болыпты. Мына жер біздікі деп. Екі жақ дауласып, ақыры жерді қазып көрсе, пәленбай деген бидің құлпытасы шығады. Олардың ұрпағы мынау деп, тірі куәларды көрсетіп жүріп, қазақтың жерін Астраханның түбіне апарып бірақ тірепті. Сол кісінің кезінде қоныстанған халық қазір бес аудан болып Астрахань облысына қарап отыр.
- Осы кісі патша ағзамға көп хат жазыпты ғой. Не үшін екен?
- Мен айтайын, В.И.Лениннің атасы осы адамның партнойы болған. Бұл деректі 1920 жылдары Мариэтта Шагинян өзінің В.И.Ленин очеркінде жазып енгізген. Бірақ кітап шығатын болғанда дәл осы арасын алдырып тастаған. Осыны депутат-журналист Ғаділбек Шалахметов зерттеп жүр. Ертеректе Астраханның музейінен Мақаштың суретін мен көрдім. Тау халықтары сияқты киінеді екен. Өзінің руы – шеркеш. Ана шеркештерге еліктейтін болу керек, жасауыл шені бар, алтын балдақ асынған, енді сұмдық сурет.
Ақ патшаның алдын көрген адам. Ойпырым-ай, ұмытпасам 1896 жылы болар, Өтешқали Атаниязов деген адам бар, екеуі патша ағзамға саф алтыннан жасалған кигіз үйдің макетін сыйға тартып, сөйлескен, дейді. Содан айтыпты емес пе «Патшеке, қазаққа тісіңді батырмаңыз, шоқындырам деп жүріп шошытып аласыз» депті. Осы кісінің жазған-сызғандары Петербордағы ғылыми кітапханаларда, ғалым И.Березиннің жеке қорында бар дейтін. Сенің айтып отырғаның сол хаттар шығар...
- Бұл адам тау халықтарына тұңғыш әліппе жасап берді деген не сөз?
- Оны бұл кісі емес Жәңгірдің айналасындағылар жасады десек дұрыс шығар. Өйткені Жәңгір хан А.Қазымбекпен байланыста болған. А.Қазымбек тау халқынан шаққан үлкен оқымысты. Қазан университетінде сабақ берген. Профессор. Осы байланыстың арқасында Жәңгір арғы жақтан нелер құнды кітаптар алдырған. Ал, бөкейліктердің дағыстандықтарға араб графикасында әліппе жасап бергені жайлы дерек бар.
- Шафқат Бекмұхамбедовтің Мақашқа қатысы бар ма?
- Ойбай-ау, туған баласы емес пе. Егер мүмкіндігің болып қарасаң, Шафқат 1917 жылы болған 1-ші және 2-ші Жалпы қазақ съезінің екеуіне де қатысқан адам. Қазақстанның тұңғыш прокуроры болып тұрғанда ұсталып атылып кеткен. Жәңгір мектебінің тағы бір ардақтысы Уалидхан Танашев деген болған. Бұл Алашорданың басқа ұйымдармен, әсіресе Ресейдегі әртүрлі қозғалыстармен байланыс жасауына зор септігін тигізген.
Алаш атынан Мәскеуге, Уфаға барып келісім жасаған. Бөкей ордасындағы Алашорданың бастығы болған.
- Бұл кісі бертінде 1968 жылы қайтыс болыпты. Кейбір деректерде ұлты татар дегендей екі ұшты мәлімет айтылыпты?
- Бұл Бөкей ордасында туған адам. Онда татар жоқ. Ноғай немесе қарағаш болуы мүмкін.
- 1917 жылы Орынборда өткен екінші Жалпы қазақ съезінде Алаш автономиясын жариялаймыз ба, жоқ па, деген тұста пікір екіге бөлінген екен. Халел және Жанша Досмұхамедовтер дереу жариялау керек деген бағыт ұстаныпты. Себебін айта аласыз ба?
- Алашорда төңірегінде түрлі дау бар. Кейбір зерттеушілер Батыс Алашордашылар сепаратистік бағыт ұстанды, дейді. Мен осыған түбегейлі қарсымын. Және дәлелдеп бере аламын.
Екінші Жалпы қазақ съезінде Әлихан Бөкейханов Алаш автономиясын жариялауды тоқтата тұрайық, себебі, әскер-милиция құрып алайық, бұл съезге қазақ жерінде тұратын 23 пайыз орыстан адам қатыспады, олар не айтады екен, соны нақтылайық, дейді. Жанша оған қосылмаған. Жанша қағазға жазып сөйлемейтін, ауыз екі сөйлегенде мүдірмейтін аса шешен адам болған. С.Сейфуллин жазған, «Алашорда да екі ғаламат бар: бірі – Жанша сөзге шешен, екіншісі – Міржақып жазуға шешен»- деген.
Ақыры осы 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен екінші съезде Алаш автономиясы жарияланған. Дауысқа салғанда өкілдер Жаншаны жақтаған. Алаш туралы сөз болғанда жалпылама айтуға құштармыз. Жалтақпыз. Жалпақшешейміз. Алаштың іс-әрекеттерін нақты сараптап, шындықты айтпаймыз. Шындығында әртүрлі жағдайлар болған. Мысалы, Ахмет пен Міржақып басшылықтың құрамына енбей қалды.
Алаштың орталығы Семей болсын деген қаулы шықты. Осы қаулы Батыс Алашорданың құрылуына алып келді.
- Батыс Алашорданың негізін қалаған кімдер?
- 1918 жылы қаңтар айында Алашорда Семейге көшті. Батыстан Семейге бару үшін дүниенің жартысы Сібірді айналып барады. Байланыс үзілетін болды. Біреулер айтады Батыстың алашшылары Семейге бармады деп. Қалай барады, заман күйіп тұр, ауызына қарап отырған ел-жұртын далаға тастай ма? Елін тастап кімге көсем болады?
Сол себепті осы жылдың қыс айында Қаратөбе съезі ашылды. Қаратөбе –қазіргі Қаратөбе ауданының орталығы. Баяндаманы Халел Досмұхамедов жасайды. «Әскер құрмасақ қалай ел боламыз, әскер құрайық» деп шешім қабылдайды. Әр түтін 100 сом ақша қоссын дейді. Халық екіге жарылып, оның үстіне балшабектер де іркі салып, дау өршіген тұста, Жанша ақырып ортаға шығады. Жәкең сонда ғана Мәскеуде өткен Ресей мұсылмандарының съезіне қатысып келген беті екен, бүй депті: «Осындай да осындай, иісі мұсылманның басын қосқан съезге барып келдім. Жиын бітіп, далаға шықсам ойпырым-ай, ақ боранмен бірге алапат атыс басталып кетіпті. Алды артымнан оқ борап жүргізбеді. Көшеде келе жатып қаладағы атақты музейге біреулер басып кірді дегенді ести сала солай жүгірдім. Келсем музей іші қырғын атыс, осында Осман халифаның қаны тамған Құран болушы еді, соны жаңбырдай жауған оқтың арасынан аман алып шығып, мұсылман комитетіне әкеп тапсырдым» – депті.
Жүз сомды береміз-бермейміз деп дауласып отырғандар әлгі сөзден кейін орындарынан жылап атып тұрып: «Айналайын Жанша, нағыз көсем сен екенсің-ау, міне жүз сом, өзің басқар!» – деп, Жаншаның айқанына көнген.
- Бұлар Семейдегі Шығыс Алашордамен байланыста болды ғой?
- Сөйтіп жатқанда Орынборды балшабектер басып алып, Совет үкіметін орнатып қояды. Осыған байланысты Әлихан «жан-жағымызда балшабектер күшейіп келеді, бізді айналдыра үкіметтерін орнатып жатыр, сендер анау Ленин, Сталин дегендерге барып, не болып жатыр біліңдерші» - деп Жанша мен Халелге сәлем айтқан.
Жанша мен Халел жұп жазбай, 1918 жылы наурыз айында Ленинге, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталинге барған. Тура барып, автономия талап еткен. Олар айтқан, «берейік, бірақ таптық автономия болсын» - дейді. «Билік басында балшабектер отырсын. Екі бастан келісіп алайық, ұлтшылдар аулақ жүрсін»- деген.
Бұлар осымен әуреленіп жатқанда Уфада Уақытша үкімет орнайды. Оның басқару органы «Учредительное собрание» деген еді. Олар айтады «ойбай қазақтар, сендерді біз жарылқаймыз мүше болыңдар. Қазақтарға 81 депутаттық орын бөліп қойдық,»- дейді. «Түбінде автономия береміз»- деп тағы дәмелендіреді.
- Қазақ зиялылары қай топқа қосыларын білмей дағдарған-ау шамасы?
- Тұра тұрыңыз. Алаш көсемдерінің бір-екі кемшілігі болды. Біріншісі, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісті қолдаған жоқ. Өздері бай адамдар еді. Екіншіден либериал-бружуазиялық бағыт ұстанды. Егер осы адамдар көтерілісті қолдағанда жағдай басқаша болуы ықтимал еді. Торғайда Аманкелді, Жетісу жақта Бекболат, Батыста Өтепқали Думбуянов дейтін Исатайдың туған немересі 5000 қол жинап көтерілді емес пе. Осыны ешкім айтпайды. Қозғалысты басу үшін Астраханнан пароходпен әскер шығып, соғыс болған. Ұлт азаттық көтерілісті жақтап Т.Бокин, Т. Рысқұлов, С.Меңдешевтер шықты.
Тағы бір қателігі – жаппай Уақытша үкіметті қолдауы. Барлық облыстарда осыған байланысты съездер өтті. Уақытша үкіметке бүйрегі бұратын Қазақ комитеттері құрылды. Бастықтар тағайындалды. Уақытша үкімет Ә.Бөкейхановты Торғай облыстың комиссары етіп қойды. М. Тынышбаевты Жетісуға комиссар етті. М. Шоқай Түркістанда комиссар болды. Аты айтып тұрғандай, болашақ баяны жоқ Уақытша үкіметке сеніп жүріп уақыттан ұтылып қалды.
Алғаш ұлт азаттық көтеріліске жалғап, автономия жариялап жібергенде Кеңес билігі күшейгенге дейінгі екі жылда мүмкін қалыптасып үлгеріп кетер ме еді. Ресей не істерін білмей қырық пышақ бөлініп қалтырап тұрған кезі. Ресей күшті болса, Мәскеудің төрінде Бүкіл мұсылман съезін болдырмас еді.
- Сәкен Сейфуллин ұлт-азаттық көтерілісті қолдады ма?
- Бір қызығы, Сәкен жүрген жерде ешбір көтеріліс болған жоқ. Мүмкін көтеріліс болған жағдайда қойып та кетер ме еді. Ақын адам ғой. Ал көтерілісшілерді қолдап өлеңдер жазған.
- Алашорданың ықпалы қазақ даласын толық қамти алды ма?
- Қазақстанда Алашорданың ықпалы басым төрт аймақ болды. Табаны – Торғай, мұнда Ахмат пен Міржақып болды. Екіншісі – Семей, мұнда Ә.Бөкейханов, Ә. Ермеков, Х. Ғаббасов, Р.Мәрсеков сынды мықтылар болды. Үшіншісі – Батыс аймақтағы Жымпиты. Бұлар Ойылда әскери мектеп ашты. 300 адамдай оқып шықты. Қызылқоғада милиция мектебін ашты.
- Бұларға кімдер сабақ берген?
- Сабақты орыс-казак офицерлері жүргізген. Мәселен Ераклинцев дейтін Батыс Алашорда әскерінің штаб бастығы болды. Орал казактарында қазақ тілін білетіндер көп болған. Осылардың ішінен ыңғайлысын шақырған. Семейдің Алашорда әскерінің бастығы штабс-капитан Хамит Тоқтамысов болды. Алашорданың тағы бір әскери адамы – Мұхамедияр Тунғанчин деген екен. Ол бұрын Торғай генерал-губернаторының тілмәші болыпты. Артынан осы кісіні Алашорданың өзі қуғынға салып, жиналыстан қуып шығып, келіспей қалған. Кейін Тунғанчин Кеңес үкіметі тұсында Ордада қызыл әскердің полкін жасақтады. Қазақ өлкесінің әскери комиссары және РСФСР Ұлт істері жөніндегі Халкомның қазақ бөлімін басқарған.
- Халел мен Жаншаны көп адамдар ағайынды деп ойлайды?
- Ағайынды емес. Халелдің руы – Беріш. Атақты «Исатай - Махамбет» дастанын шығарған Ығылман Шөрековтің аталас ағайыны. Халелдің мамандығы дәрігер, әскери медицина академиясын бітірген қазақтан шыққан тұңғыш доцент. Жанша Досмұхамедов Тананың ішінде Қарақұнан дейтін тобына жатады. Жоғары білімді заңгер. 1917 жылы Мәскеуде көпес Асадулаевтың үйінде өткен Бүкілресейлік мұсылмандардың І съезіне қатысқан. Осы съезде «Шура-и ислам» партиясының төрағасының орынбасары болып сайланған. Ал Алашқа қатысты жағын өздерің біліп отырсыңдар...
- Жанша 1930 жылы өлген дейді, бірақ нақты қаза болғаны жайлы дерек жоқ. Осы кісілердің М.Шоқай сияқты шетел асып кетуге мүмкіндігі болмады ма?
- Адам тағдырынан қашып қайда барады. Мысалы, Мұстафаның әйелі Мариямның естелігі бар, сонда «бір адамдар моторлы қайықпен мені ашық теңізге алып шығып, Бакуге кетіп бара жатқан пароходқа мінгізіп жіберді» дейді. Көмектескен адамның аты айтылмайды. Бұл Оспан Көбеев дейтін полковник. Порт – Александровскнің коменданты. Ол мына көкеңнің көкесі. Патша заманында Ашхабадта Оңтүстік әскер тобы бастығының орынбасары болған. Заман өзгергенде Уақытша үкімет жағына шығып, осы жұмысты біраз атқарған. Тіпті Грузияда патша дизизиясын басқарған. Тблисиде таныстары болған. М.Шоқайды Баку арқылы Тблисиге жіберген де осы кісі. Әйпегенде М.Шоқай далаға бара ма, Көбеевтің таныстарын сағалап барған. Артынан Шоқайдың тапсыруымен әйелін де шығарып салған.
- 1920 жылдардан кейін Алаш көсемдері де әр түрлі бағыт ұстанған-ау шамасы?
- Әліби Жангелдин атаң 1918 жылы Астраханнан шығып, Порт – Александровскіге екі пароходпен әскер және қару-жарақ әкеліп түсірген. Оны Ленин мен Сталин берген. Ойдан-қырдан құралған әскерлер Маңғыстаудың жерін көріп, қу далаға қаңғыртқалы әкелген екен деп, бүлік шығарып, келген кемелерімен қайтып кетеді. Жағада жалғыз қалған Жангелдин порттың команданты Оспан Көбеевке келеді. Жөнін айтады. Осылай да осылай, мына қару-жарақты Торғайға жеткізуім керек деген.
Оспан оны адай Тобаниязға таныстырған. Әліби Тобаниязды балшабектің қатарына ілестіріп алған. Тобанияздың арқасында қалың түйе жиып, оған қару-жарақ артып Шалқар – Мұғалжар – Ырғыз арқылы Торғайға тартқан. Жолда Шалқарда Ахмет Байтұрсыновпен құпия кездескен.
Әліби айтқан, «Алашорда алысқа бармайды, біздің жаққа шық» деген. Ахаңды Әліби Мәскеуге ертіп апарып, Сталин басқарып отырған Ұлттар жөніндегі халық комиссариатындағы Қазақстанның өкілі етіп қойдырған.
1919 жылы Колчак күшейіп, Еділге дейінгі иелікті алып қойды. Анненковты жіберіп, Алашорданың талқанын шығарды. Кім автономия талап етеді, солардың барлығы жау деген. Сәкеннің «Анненковтың азап вагонында» деп жазғанын білесің. Торғайда құрылған 4-ші Алаш полкі далада қалып қойды. Бастығы – Міржақып. Айналасының барлығын Анненков алып қойды. Жағдай қиын. Соғыса ма, не істеу керек...
Ел қиналып тұрғанда Мәскеуден алып-ұшып Ахаң жеткен. Міржақыппен сөйлесіп, 4-ші Алаш полкын, 4-ші Қызыл әскер полкі деп өзгертіп, Аманкелдінің сарбаздарына әкеліп қосып кеткен.
- Күні бүгінге дейін белгісіз бүлік осы тұста шықпады ма?
- Қазір айтамын. Аманкелдінің әскері – Әлібидің Ленин мен Сталиннен алған қару-жарағымен жасанған сақадай сай әскер. Оның үстіне Алаш әскері өздері келіп қосылды. Таран деген Қостанай жақта қызыл партизандарды ұйымдастырған балшабек болған. Колчакқа қарсы көтерілген. Мәскеу жақтан қару-жарақ алып отырған. Колчак шегінген кезде, манағы 4-ші Алаш полкы бүлік шығарып, Аманкелді мен Таранды өлтіріп жіберген.
Бұл өте қиын дүние. Артынан Әбдіғапар ханның тағдыры, Кейкінің жалғыз қалуы...
- Алаш қайраткерлері осы тұста Уақытша үкімет жағына қарай ойысқан жоқ па еді?
- Уақытша үкіметтің кеңсесі Уфада, «Учредительное собрание» дегені Самарада болды. Оны орыстар «Комуч» дейді. Бұлар барлық халыққа теңдік береміз деп жалаулатты. Осыған қатысты да болуы керек, бір жағынан Алаш үкіметіне ақша іздеп, Семейден Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков, Түркістаннан М.Шоқай, Батыстан У.Танашев бесеуі 1918 жылы шілде айында Самарада бас қосты. Бұлар «Комичпен» келіссөз жүргізді. Шындығын да осыны ұйымдастырған Батыс Алаштың қайраткерлері. «Бастықтарыңды шақыр» деген соң Әлихан мен Мұстафаны әкеп отырған жоқ па.
Бұлар Алаш әскеріне 2 млн сом ақша, 3000 әскерге киім-кешек, қару-жарақ берді. Осының бәрін Ә.Ермеков артып-тартып, Семейге алып кетті. Батыс Алашордаға арнайы 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль берді.
20 қыркүйекте Уфада Уақытша үкіметтің жанынан Алашорда үкіметінің кеңесі ашылды. Оған 172 адам жиналды. Ә.Бөкейханов, А. Бірімжанов, М.Тынышпаев, М.Шоқай, У.Танашев бәрі болды. Осында Батыс Алашорданың сепаратистік бағыттағы ұйым емес, Алаштың бір тармағы екені мойындалды. Қаулы қабылданды. Онда «Батыс Алашорда Семейдегі орталыққа бағынады, бірақ төтенше жағдайда өз бетінше әрекет жасауға құқылы» делінді.
- Осы алған қару-жарақтарын бірдемеге жарата алды ма?
- Кеңестер қатты бел алды. Орынборды жастанып жатқан Колчакты қуып шықты. Омбыға дейін барды. Омбыда орыстар Сібір автономиясын құрамыз деп, бастығына Потанинды сайлап қойған жоқ па. Бұлар Алаш автономиясына дұрыс қарады. Бірақ мойындаған жоқ.
Балшабектерге қарсы тұрар ендігі күш Деникин мен Жайықта тұрған Толстов отряды болып қалды. Толстов отрядын ешкім ала алмады. Содан Челябскідегі Чапаевті әкеп салмай ма. Чапаев ары-бері шапқылап жүріп Ілбішінде өзі өлді. Бұлар ештеңе емес. Кеңес үкіметі Түркістанды азат етеміз деп 4-ші Түркістан майданын ашты ғой. Оған барлық қару-жарақты үйіп беріп, басына Фрунзені мінгізіп қойды. Алапат күш дүниені басып-жанып Оңтүстікке қарай жылжыды.
Обалы не керек осы кезде Батыс Алашорда қызыл әскермен кәдімгідей соғысты. Оған Толстов көмектесті. Оларға «Темір, Ойыл, Електен қызылдың әскерін өткізбеңдер», деді. Бірінші соғыс Жымпитының терістігінде Аққаты өзенінің жағасында болды. Бұл 1919 жыл. Толстовтың отрядында түйеге зеңбірек орнатып алған Алаштың әскерлері жүрді.
Ордада қызылдардың 1-ші және 2-ші қазақ полкі деген құрылды. Бейсен Жәнекешев деген қазақ бастығы болды. Қызылдарда да қазақ, ақтардың ішінде де қазақ бірімен бірі соғыспайсың ба келіп...
- Ахаң осы кезде қызылдар жағында болды ма?
- 1919 жылы 10 шілдеде Лениннің қол қойюмен Орынборда Казкрайком пайда болды. «Кеңестік Қазақстан» деп түсінші. Бастығына С.Пестковский деген орыс тағайындалып, орынбасары Ахмет Байтұрсынов болды. Мүшелері – С. Меңдешев, М. Тынышбаев, М. Тунғанчин т.б. Осы кезде Ахаң Фрунзенің ұсынысы бойынша компартияға кірді. Бұл кісінің ең бір үлкен еңбегі Батыс Алашордаға араша тұрды.
- Не себептен?
- Фрунзе басқарған 4-ші Түркістан майданы жеңіске жететіні белгілі болды. Олар жеңген соң қарсыласқан Алаш әскерін оңдырмай жазалайды ғой енді. Фрунзе жазалағысы келіп қатты шүйліккен Ахаң жанын салып жатып Фрунзені көндірген. Бәкібаев деген адамды жіберіп, Алашты да сабырға шақырған. Фрунземен барып Халел Досмұхамедов сөйлескен. Елек қаласында жасырын кездескен. Содан кейін 1919 жылы 10 желтоқсанда Орынборда Батыс Алаштың қайраткерлері мен Фрунзе келісімге келген. Алаш әскерінің атын өзгертіп, «Қызыл коммунарлар отряды» деп атаған. Содан кейін Казревком тек Батыс ғана емес бүкіл Алашордаға кешірім жариялады. Осының бәрі Ахаңның еңбегі. Елін жазалаудан аман алып қалды.
- Кеңес билігін мойындаған Батыс Алашорда қайраткерлеріне балшабектер қызмет ұсынды ма?
- Бәрі біткеннен кейін Казревкомның шешімі болған. Оны С. Меңдешев істеген, дейді. Бірақ менің ойым айтады, бұл жалғыз Меңдешевтің қолынан келмейді. Тағы басқа адамдар болуы керек. Алаштарды кешіргенімен сенімсіз адамдар деп қарады. Қазақстан төңірегінде басшылық қызметтерге бұларды қоюға болмайды делінген. Жанша ішкі Ресей жағына кеткен, сонда өлген. Өмірінің соңынан хабарым аз. Халел Тәшкентке келіп ағартушылық жұмыспен айналысқан. Ж.Аймауытов қазақ зиялыларының басын қосып, оқулықтар жаздырған.
- Ахаң қайда қалды?
- Ахаң Казревкомның орынбасары болып тұрғанда партиядан шығып қалған. Оның себебін бір неше рет жиналыстарға бармай қалдым деген сылтаулармен түсіндіреді. Бірақ Ахаң да бәрін тастап оқулық жазумен айналысады. Осы күнгі «Тіл білімі» еңбегін сол тұста жазған. Қазақтың тіл ғылымының негізін жасады. Төте жазуды қолданып, әліппе жасап берді. Дүниеде араб жазуын оқи алмаушы едім, Ахаңның осы төте әліпбиін танығаннан кейін екі жұма деген де арабша оқи бастадым. Көрдіңіз бе, адамның миына сіңімділігі соншалық. Тура қазақтың миына сәйкестендіріп жасаған.
- Қазақ зиялылары не себептен Тәшкентге шоғырланды?
- Жағдай белгілі, барлық жерде Кеңес билігі орнады. Алашордашыларды түртпектеу басталды. Содан Тәшкентке келіп бұлар соғысқа қол жинаған жоқ, сауаты төмен халқының санасын ояту үшін білім қажет екенін түсінді. Оқулықтар жазды. Тек Алашордашылар ғана емес, Жәңгірдің тұқымдарының көбі сонда келіп паналады. Мұнда шоғырлануының себебі, Қоқан автономиясын құруды ойластырған шығар. Қоқан автономиясы деген аты болмаса билік тізгіні қазақтардың қолында болған.
- Алаш автономиясы мен Қоқан автономиясын біріктіру жөнінде қазақ зиялылары арасында кеңес болған тұста Бөкейханов: «Ат пен есекті бір арбаға жеге алмайтынымыз сияқты, орта ғасырлық мешеулікте қалған қоқандықтармен қалай бірге мемлекет құрмақпыз?» деген жоқ па?
- Бұл идеяның негізі М.Шоқайдан шыққан. Ол кісі «бүкіл Түркістанды біріктірмей біз күресе алмаймыз» деген. Өмір бойы осыны армандап өтті, осы үшін жұмыс жасады. Шындығында екінші Жалпы қазақ съезінде келіспеушіліктер болған. Әлихан мен Жанша сөзге келіп, орталықтың Семейге көшуінде мән бар. Осы тұста М.Шоқай мәмілегерлік жасаған. Жетісу мен Сырдария облыстары Тәшкентке бағынған. Бұл болмайды екен, бір орталыққа бағынайық деген. Барып, Сырдария облысының съезін ашам деген. Ашып, Қазақстанға қаратқан. Іле-шала М.Тынышбаев та Жетісуды Қазақстанға қаратып алған. Бұл енді осылардың соңғы істеп кеткен жақсылығы. Әркім өзінше билеймін деп жеке-жеке басқарған болса, бүгінгі бір тұтас Қазақстан болар, я болмас...
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ