Арай Қанапияқызы: Абай философиясын талдау үшін сегіз тілді жетік білу керек

СӨЗДІҢ АТАСЫ
8188
Арай Қанапияқызы Жүндібаева, (PhD) философия докторы, қауымдастырылған профессор, әдебиет зерттеушісі, аудармашы-текстолог ғалым
Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Халықаралық факультеті деканы орынбасары

- Арай Қанапияқызы, «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірсеңіз. Айтылған тұжырымдар, тұшымды ойлар жайлы көзқарасыңыз...

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасыр" атты мақаласы  елімізге Абай әлемін танудың, Абай шығармашылығын насихаттаудың тың, дара жолын көрсетіп берді. Абай шығармашылығының тереңдігін, жан-жақтылығын, рухани сәуле екендігін Президентіміз мақаласында "Ұлттық болмыстың үлгісі", "Мемлекет ісінің мүдделесі", "Жаңа қоғамның жанашыры", "Әлемдік мәдениеттің тұлғасы", "Торқалы тойдың тағылымы" атты бөлімдерде әр қырынан ашып, Абай мұрасының маңыздылығын атап көрсеткен. ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың ғасыры атанып, халық жаппай технократтық болмысқа бой алдыра бастаған уақытында жазылған Президентіміздің бұл мақаласы қазақ жерінде тігілген руханияттың байрағы деп білемін. 
Әлем жаппай инновацияға құлаштай қадам басуда. Ал Абай мұрасы еліміздің өскелең ұрпағын ғылымдағы жетістіктерге шақыратын, әрі төл мәдениетімізді жаһанданудың қазақылығымызға жат салқын жақтарынан сақтайтын терең мұра. 
"Абай және ХХІ ғасыр"мақаласының бірегей ойларының бірі - көп тілді болу. Кез келген азаматқа шет тілдерін меңгеру - жетістік. Ал сол шет тілдерін Абай мұрасын біле отырып, меңгерсе, бұл - сол адамның рухани кемелдігінің көрінісі. Президентіміздің мақаласындағы: "Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді..."деген сөзі санасы бар ойлы адамға, өмір асуларында оң-солын енді танып келе жатқан әрбір жасқа әрі бағдар, әрі аға буынның өмірлік азық бола алатын ақылы. "Мемлекет ісінің мүдделесі" бөлімінде еліміздің әрбір тұрғынының байыппен өмір қадам басса, берекеден кенде болмайтыны, "Жаңа қоғамның жанашырында" Абайдың толық адам бейнесінің әр қыры, бизнесті дамытуды, "Әлемдік мәдениеттің тұлғасы" бөлімінде хакім Абайдың бейнесін тарқата отырып, әлмисақтан келе жатқан адамзат баласының даму тарихында ерекше ізін қалдырған "кәміл мұсылман" ұғымына да жол көрсеткен. "Торқалы тойдың тағылымы" дей келе, Президентіміз сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтың тізе қосып, еңбек етуінен жарық көрген "Абай" журналына көңіл бөлініп, Абайдан бастап, алаш арыстарының ізі қалған Семей топырағындағы "Абай" музейіне назар аударуы - руханият байрағының биіктей түскендегі. Осындай көптеген игі шараларға Президентіміз өзі бас болып, кемелділік пен ақыл-ойдың таза даңғылына жол бастаса,  абай әлемін зерттеушілер үшін немесе Семей жұртшылығының ғана емес, исі қазақтың ортақ қуанышы. 

- Абай шығармаларының құндылығы неде?
 
- Абай шығармаларының құндылығына бойлап, осы сауалдың жауабын іздеу - қиынның қиыны. Бұл үшін адамда биік өре, жоғары мәдениет, терең білім, өнерді тануға, білуге деген асқан құлшыныс, биік парасат, жан-жақтылық, ең бастысы, ізгі ниет пен адал жүрек болуы керек. Абай шығармаларының құндылығы  - тереңдігінде.
Абай құндылықтар інжуін теруді бала жастан бастаған. Абай қазақтың ауыз әдебиетінен терең сусындаған. Әжесінен, анасынан, сол кездегі дарынды ақын-жыршылардан ауыз әдебиетінің шығармаларын тыңдап қана қоймай, жатқа да білген. М.Әуезовтің "Абай жолы" романында бұл туралы нанымды, танымды сюжет те бар: бала Абайдың ақын Барласпен кездесуі. Барлас ақын - белгілі жыршы Дулат Бабатайұлы. Дулат Бабатайұлының "Шаштараз" поэмасында әйгілі қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын туралы жырланады. Кейіннен Абай "Ескендір" поэмасын жазды. Бұл - әдеби сабақтастық. Абайдың М.Ю.Лермонтовтан аударған:
Күнді уақыт итеріп,
Көк жиектен асырса.
Көлеңке басын көтеріп,
Алысты көзден жасырса...
Көкке бақтым "алла" деп,
Тамаша етіп құдыретін.
Рахматы оның онда көп,
Бізге түк жоқ тиетін, деп келетін аудармасында көкке бағып, әрі "Алланың рахматы" деп қазақы танымды шебер ұштастырып көрсеткен. Түпнұсқада ой басқаша берілген. Абайдың шеберлігі - бала жастан алған білімін жетілдіруінде. 
Абай отыз сегізінші қара сөзінде: "... Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды Басында зорлықпенен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша" дейді. Көріп отырғанымыздай, өн бойы ғылымды насихаттайды. Білімсіз істің - бәрі қараң. Ал он тоғызыншы қара сөзін алып қарасақ, тұнып тұрған психология. Қазір біз әр психологтың қабылдауына жазыламыз, семинарына қатысамыз. Кітап дүкендерінде психологияға арналған кітаптардан көп басылымдар жоқ. Бұл нені білдіреді? Қоғам  - рухани нәр алуға зәру. Қоғамды адам құрайтыны белгілі. Адамдар мейірімділікке, көңіл бөлуге мұқтаж. Бұл - рухани ақсау. Жан-дүниесі рухани күйреген адамның қайтадан адам болуы өте қиын. Абай "топ басы", "намысқор" деп бөле отырып, мінезді сынайды. Мінезді сынау арқылы қоғам психологиясының қатпарларын көрсетеді. 
Абай қара сөздеріндегі "қазақ" деген сөздің орнына кез келген ұлтты жазып, оқысақ, барша адамзат баласына ортақ, дініне, діліне, тіліне қарамай-ақ кез келген адам баласының мінез-құлқына тән мәселелер мен жетістіктерді көреміз. Демек, "адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" өз айтпақшы, Шыңғыстаудың бір бөктерінде жатып, күллі саналы жаратылысқа деген ортақ мәселені көре білген көрегендігімен - терең. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз мақаласында Абай қара сөздерін аналогиялық талдай келе, жанрлық ерекшелігіне көңіл аударуы тегін емес. Шағын ғана "Отыз бірінші қара сөзін" оқу да, жаттап алу да қиын емес. Ал ғылыми тұрғыдан талдау жасасақ, кешенді талдау жасауымызға қаншама еңбекті оқуға тура келеді. Себебі "Отыз бірінші қара сөзінде" айтылған ой Аристотельде де бар, Сократта да бар, тағы басқа әлем ойшылдарында бар. Абай Батысты да, Шығысты да терең білген деген сөзімізге тағы бір дәлел: Семейдегі Ахмет Риза медресесінде дін оқуын оқып, артынан "Приходская школаға" түсіп, орысша оқуы - оның Шығыстың да, Батыстың да мәдениетімен ерте жастан танысқандығы.  Абай шығармашылығы тереңдігі туралы сөз айту үшін  Хафиз, Науаи бастаған шығыс шайырлары шығармаларының түпнұсқасымен, ежелгі және орта ғасырдағы философтар еңбектерімен, А.Герцен, А.Пушкин, Н.Некрасов, Л.Толстой, И.Крылов. Ф.Достоевский, И.Тургенов, Гете, Байрон т.б. тұлғалардың еңбектерінің түпнұсқасымен танысып барып сөз айту дұрыс болар. Ал осындай бірегей туындылармен толық танысып шығуға адамның тұтас ғұмыры жете ме? Абайды әр қырынан алып қарайтынымыз да, сондықтан. Әлемдік құбылыс деп дәріптеуміздің бір парасы осы деп ойлаймын.
 
- Бүгінде ұлы ойшыл жайлы деректер толық ашылып, зерттеулер тиянақталды деп айта аламыз ба?

Олай деп ойламаймын. Пушкин десе, орыс халқы, Шота Руставели десек, грузиндер, Гете десек, неміс халқы еске түсетіндей, Абай десек, "қазақ халқы" деп әлем танитындай дәрежеде жетуіміз үшін біз абайтануға зор үлес қосуымыз керек. Абай шығармаларының толық текстологиясы, Абай шығармаларының толық сөздігі, Абайдың кітапханасы, Абайдың аудармалары, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Абайды дәріптеуді насихаттау - бұл уақыт жаңарған сайын жаңғыра беретін игілікті мақсат. Абайдың философиясын әлем философиясымен салыстыра отырып, талдап көрсете алсақ, әлем Абай есімін асқақтата түседі. ХХІ ғасырда технология дамыған уақытта біз өткен ғасырдың ақыл-ой маржанына қол жайып отырмыз. Бұл - Абай мұрасының өміршеңдігі. Өткенсіз болашағымыз бұлдыр. Себебі, Абай әрдайым өз халқымен бірге жасай береді. Ал Абай философиясын талдау үшін ең біріншіден, адамға кем дегенде сегіз тілде жетік сөйлей алуы, философиялық-діни білімі терең әрі жан-жақты болуы, биік парасаты, мейірімді жүрегі болуы, қазақы көзқарасы бойына сүйегіне сіңген, "қара сөзді қалқып ішетін", кемеліне келген адам болуы шарт деп ойлаймын.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Айна Төлеутаева


Арай Қанапияқызы - бірнеше жоғары оқу орындарына және орта мектепке арналған оқулық-монографиялардың, жаңа буын мазмұнына арналған мектеп оқулықтарының авторы. 
 "Абай қара сөздерін оқыту", "Шәкәрімтану тарихы" оқу-әдістемелік және электронды құралдарының авторы. Ғылыми мақалалары Халықаралық жоғары рейтингілі Скопус базасы журналдарында жарық көрген.


author

Абай

КОМПОЗИТОР

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...