ҚАҒБАДАЙ ҚАСИЕТТІ«Шамбала» ұғымымен көбіне-көп орыс суретшісі Н.Рерихтың шығармашылығы а...
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, мәдениет және спорт министрі: Отандастарымыздың жеңісіне қуана білейік!
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаны сенімді түрде қоғамдық сана жаңғыруының өзіндік іргесі деуге болады. Қазіргі қоғам серпінді дамып келе жатқан әлем жағдайында өз мәдениетіне, салт-дәстүріне, адамгершілік ұстанымына сүйене отырып, үнемі дамып, жаңғырып отыруы тиіс. Қазақстан кейінгі бірнеше жыл қатарынан спорт шыңына сенімді көтеріліп, әлемдік мәдени кеңістіктің өнер, балет, кино және эстрада саласына ерекше үн қосып келеді. Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова және басқа да дарынды тұлғалар жұлдыз болып жанды. Бүкіл әлем оларға тәнті. Ал біздің өз елімізде отандастарымыз үшін қуануымызға не кедергі болып отыр? Біз неге көлеңкеге тығылып, қорқасоқтап жүреміз. Тіпті жеңімпаздарды өз елінде шаттықпен, айқара ашылған құшақпен күтетін адамдарды кінәлаймыз? Олардың жеткен жеңісіне бірге қуануға хақымыз жоқ деп санайтындар кімдер? Өз арманына деген ұмтылыс, құштарлық рухын олар біздің Ұлы Даламыздан алды емес пе, бабалар рухын бойларына сіңіріп өсті емес пе?
СПОРТТА ГОЛОВКИН – НАҒЫЗ ПАТРИОТ!
Осындай жарқын тұлғалардың бірі, әрине, Геннадий Головкин! әлемдегі ең айтулы спорт алаңдарында Геннадий Головкиннің әрбір жарқын жеңісін әйгілеп Қазақстан әнұраны ойналып, туы көтеріледі. Ол рингке өзінің атақты қазақы шапанын киіп шыққанда, миллиардтаған телекөрермендер мен бүкіл әлем GGGді қошеметпен қарсы алып, біздің ұлттық киіміміздің әдемілігі мен нақышына таңырқай да, таңғала да қарайды. Оның, тіпті киім үлгісінде болсын, өз жеріне шын берілгендігіне, адалдығына мен де таңданамын, қызығамын және сол үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді. Жекпе-жектен кейін ол қайтадан шапанын киеді. Осы сәтте бүкіл әлем біздің ұлттық киімімізді көріп отырғаны үшін кеудеде мақтаныш сезімі кернейді! Қисық-қыңыр көзқарастар мен мысқыл сөздерге қарамастан, біздің шапанымыз бар әлемге Қазақстанды танытатын брендімізге айналды. Геннадий Головкин де, өзге патриот спортшыларымыз да әркез сайын осыны дәлелдеп келеді.
Әлем чемпионының Қазақстан Халқы ассамблеясындағы «Ұлтым туралы сұрағанда, менің әкем – орыс, анам – кәріс, ал мен қазақпын деймін! Барлық жеңісімді өз еліме, өз халқыма, өз президентіме арнаймын!» деген сөзі бәріміздің есімізде. Бұл жерде Генаның ата-анасының еңбегі зор, әрине. Оның анасы Елизавета Сергеевна Головкинаның айтуы бойынша, ол егіз ұлынан батыр тәрбиелеп шығаруға ұмтылған емес, ең бастысы, ұлдарының ар-ұят, адалдық, адамгершілік ұстанымдары болғанын басты назарда ұстаған.
Балаларының бойына осы қасиеттерді сіңіре білгеніне мақтанады: «Менің ұлдарым да, мен де жан-тәнімізбен Қазақстанды және туған жеріміз – Қарағандыны жақсы көреміз». Орайы келіп жатса, Геннадий туған жеріне баруға уақыт табатынына, бұқаралық спортты дамытуға өз қаражатын салып жүргеніне куәміз. Майқұдықта өз қаржысына барлық адам ақысыз пайдалана алатын дене шынықтырусауықтыру кешенін ашып беруі – оның адал патриоттық сезімінің тағы бір дәлелі. Қазақстандық боксшы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туристік кешен құрылысын да бастады. Туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісінің белгісі, міне, осындай болар. Еліміздегі бокс өнері тек Головкин есімімен ғана байланысты емес. әлемде ай сайын отандастарымыздың қатысуымен қаншама титулдық жекпе-жектер өтіп жатыр. Қанат ИСЛАМ, Бейбіт ШҮМЕНОВ, Батыр ЖҮКЕМБАЕВ және тағы басқа керемет боксшыларымыз бар. Жақында кәсіби бокс әлеміне біздің тағы бір отандасымыз, Олимпиада чемпионы – Данияр ЕЛЕУСІНОВ шықты. Осындай жаңалықтар бізді, әрине, қуантады. Мұндай спортшылар аз емес және олар отандық бокс мектебінің атағын әлемге паш етіп келеді. Димаш Құдайбергеннің орасан зор жетістігін бүкіл әлем біледі. Сондай-ақ өзіміздің қазақстандық Самал Есләмованың Канн фестиваліндегі Бас жүлдеге ие болуы бүкіл дүниежүзілік БАҚ пен әлеуметтік желілерді желпіндірді. Алайда Самал ресейлік режиссердің арқасында киножұлдыз бола қалды, ал Димаш болса, тіпті қытайлықтар «тапқан олжа», Геннадий американдықтар болмаса атақ-даңққа жете алмас еді деген пікірлерге куәміз. Олимпиадалық жарыстар, әлемдік чемпионаттар, халықаралық сайыстар мен фестивальдер секілді ауқымды шаралар жастар өздерінің бұғып жатқан дарынын ашу үшін ұйымдастырылады. Геннадий Головкин олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, бір емес бірнеше дүркін әлем чемпионы екенін атап өтейік. Біздердің сана сезімімізге әбден сіңіп қалған «құлдық», басқалардың бәрі керемет, бізге ондай болу қайда деген түсінігімізден әлі күнге дейін арыла келмей жатқан сияқтымыз. Ондай ойды түбірімен доғаратын уақыт келді. Дворцевый Сергейдің өзі мен қазақстандық режиссермін, Димаш мен Қазақстанда оқығанмын да, оқимын да десе, Головкиннің қайдан екендігін біле тұра, жоқ бізден ондай «күштілердің» шығуы мүмкін емес деп керісінше жазатын қерітартпаларды қайтесің. Сондықтан, осы мәселеге егжей-тегжей тоқтала кетсек.
ӨНЕРДЕ ДИМАШТАН БАСТАЙЫҚ
Ол Ақтөбе облысында дүниеге келген. "Әншінің ата-анасы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Қанат пен Светлана Айтпаевтар. Ол 6 жасында «Айналайын» республикалық сайысының лауреаты атанды, ал 10 жасында түрлі шараларға қатысып жүргізуші ретінде Өзін танытты. Димаш 2014 жылы Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжді «Академиялық ән айту» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрада өнері» факультетіне түседі.
Халықаралық фестивалінің І премия лауреаты, ал небәрі екі жылдан кейін «Жас канат» (2012 .) республикалық жас әншілер байқауының бас жүлде иегері, «Восточный базар» (2012 .) эстрадалық ән орындаушылардың халықаралық телебайқауының І премия иегері, «Мейкин Азия» (2013 .) жас әншілердің І халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды. Димаш осы аталған сайыстарға қатысқан сайын бір сатыға жоғарылай түсіп, бірте-бірте халықаралық сахнаға қадам басты. Біз оны әрдайым мемлекеттік және үкіметтік концерттер бағдарламасына қосып отырдық. Ал 2015 жылдың өзінде-ақ ол Витебске қаласында «Славянский базар-2015» эстрадалық ән орындаушылардың XXIV Халықаралық байқауының Бас жүлдесін жеңіп алып, өзін дарынды әнші ретінде таныта түсті. Сол жылы Димаш Ыстамбул қаласында өткен «ABU TV song» Халықаралық Азия-Тынық мұхит телефестивалінде алғаш рет Қазақстанның атынан өнер көрсетті. Әрине, әншінің мұндай жетістіктерін үкіметте байқады. Ол 2016 жылы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері атанды, сондай-ақ оған мәдениет саласы бойынша Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасы Бірінші Президентінің шәкіртақысы тағайындалды және де Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан елінің бірлігін нығайтуға үлес қосқаны үшін» Құрмет грамотасымен марапатталып, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты атанды.
Ендігі кезекте оның бұрын-соңды айтылмаған жарқын музыкалық мансап жолының басты кезеңі мен кейбір фактілеріне тоқтала кетейік. 2017 жылы мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Hunan TV атты рейтингі жоғары телеарнасында көрсетілетін ҚХР-дың I am a singer әйгілі жобасына қатысты. Бұған дейін мен құжаттардың жариялануына қарсы едім, бірақ та кейбір «білгіштердің» «қараңғылығы» осындай қадамға баруға мәжбүрлейді. Қытайда өткен осы сайыстағы Димаштың жеңісіне бәріміз куәміз. Ол өзінің таңғажайып даусымен күллі әнсүйер қауымды тамсандырды. Қысқа мерзімнің ішінде Weibo кеңістігіне даңқы шықты, оның видеосының көрсетілімі – 2 миллиардтан астам әншінің қытайлық жанкүйерлері оның салған әндерінің мағынасын түсіну үшін белсенді түрде қазақ тілін меңгеруде. 2018 жылғы 1 маусымда Димаш Құдайбергенге «Қазақстан Республикасы туризмінің елшісі» сертификаты берілді. Оның беделді сахналарда берген жеке концерттерінде зал лық толы болады, бұл – қуантарлық та, мақтан тұтарлық та жайт. Дегенмен Димаш 2017 жылғы 27 маусымда «Астана Арена» стадионында берген алғашқы жеке концертінде 30 мыңдық аудитория жинағандығын технологтардың есіне сала кетуге тура келіп тұр. Аудиториясы үлкен отандық әншіге концерт ұйымдастыру үшін нар тәуекелге бару керек. Мен Димаштың талантына сөзсіз сенемін. Біз онымен бірге бұрыннан жұмыс жасап келеміз. Иә, біз бес мың адамға арналған концерттер ұйымдастырып жүрдік. Бірақ Димаштың концерті отандық шоу-бизнестегі 30 мың адамға ұйымдастырылған алғашқы концерт еді. Ол әлем қол соғып, қошеметтеген Әміре Қашаубаев, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтардың ізін жалғап, өнердегі дара жолын салып келеді. Димаштың әлемдік ән өнерінің жарық жұлдызы болары сөзсіз!
Самал туралы мынаны айтуға болады. Самал – Кеңестік және посткеңестік кеңістіктегі үздік әйел рөлін сомдағаны үшін Канн кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған алғашқы актриса. Бұны біз кеудемізді керіп тұрып, әлемге жар салып, мақтаныш сезіммен айтуымыз керек. Канн фестивалінің басқа да жеңімпаздарын оймен шолып, көз жүгіртіп көрейікші. Итальяндықтарға Софи Лорен, американдықтарға Барбара Бэрри, Мерил Стрип, Джулианна Мур, ағылшындықтарға Ванесса Редгрейв, Кети Берк, испандықтарға Пенелопа Крус, немістерге Диана Крюгер француздардың арқасында танымал болды деп айтсақ, ОЛАР НЕ ДЕР ЕДІ? Өнер әлемі – адам іс-әрекетін, яғни болашағына бағдар жасаудың көркем тәсілі. Өнер әлемі – ертеңге бастар жол. Сол себепті атақты актерлер тегіне қарамастан, шетелдегі танымал кинокартиналарға түсуге ұмтылады. Самал Есләмованың өзі кино өнеріндегі негізі Қазақстанда қаланғанын, «ҚАЗАҚСТАН – МЕНІҢ ОТАНЫМ» деп баса айтып жүр. Ол шетелде жұмыс істеуге дайын, бірақ азаматтығын ешнәрсеге айырбастамайды.
ДАРЫНДАРЫМЫЗДЫҢ АРЫНЫ
Жалпы алғанда, елімізде спорт та, мәдениет те қарқынды дамып келеді деп санаймын. Біз Елбасының сарабдал саясатының арқасында керемет жетістіктерге жеттік және біздің қарыштап дамып келе жатқанымыз бұлтартпас айғақ. Өзін қолынан ештеңе келмейтін адам санайтын, әлемдік аренадағы спортшылармыз бен әртістеріміздің жетістіктеріне «бағы шауып кетті» болмаса біреудің көмегі тиді деп қарайтын, өзін үнемі «екінші орынға» қоятын адамдардың психологиясынан арылуымыз қажет. «Ел іші – өнер кеніші» дейді емес пе! Шынымен де, елімізде талантты адамдар мен тума дарын иелері өте көп. Таланттарымыз отандық спорт және өнер мектептерінде тәлім алып, құнарлы топырақтан шығуда. Мысал керек пе, келтірейін! Біз керемет балерина әрі хореограф Алтынай Асылмұратовамен ерекше мақтана аламыз. Ол Алматыда театр әртістерінің отбасында дүниеге келген. Ата-анасы мен ата-әжесінің өмірі театрмен байланысты болды. Әкесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Абдуахим Асылмұратов, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі, кейіннен Алматы хореографиялық училищесінің көркемдік жетекшісі, атасы Алматы мемлекеттік консерваториясының бас балетмейстері болған. Алтынайдың балалық шағы Абай атындағы театр сахнасының сыртында өтті. Ол онда жүріп, асқақ өнердің рухын бойына сіңіріп, балетке жан-тәнімен берілді. Дәл осы өнер ордасы шығармашылық қуат беріп, кеңес одағындағы ең үздік оқу орындардың бірі – Ленинград хореографиялық училищесіне түсуіне көмектесті деп ойлаймын. Осылайша балет оның «жол сілтер жұлдызына» айналды. Оның әлемнің үздік сахналарындағы тәжірибесі мол. Ол көп жылдар бойы С.М.Киров атындағы Ленинград опера және балет театрының солисі Ұлыбритания корольдік балетінің және Марсель ұлттық балетінің прима-балеринасы, А.Я.Ваганова атындағы орыс балеті академиясының көркемдік жетекшісі болып қызмет еткен.
Қазіргі таңда Алтынай Асылмұратова елге оралып, Астанада қызмет етіп жүр және оған өз жұмысы ұнайды. Қазір ол – Қазақ хореография академиясының ректоры әрі «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі. Ол зор қуанышпен еліне қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Халық оның сахналаған «Манон», «Бахчисарайский фонтан», «Корсар» және т.б. қойылымдарын сүйсініп тамашалайды. Мен де оның отанына қызмет ететінін, әртістердің жаңа буынына тәлім беріп жүргенін, сөзсіз, мақтанышпен айтамын. Осы ретте жас әртістер туралы айтқанда, «Астана Опера» балет театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжанды ауызға алмай болмас. Ол қандай байқауға қатысса да, гран-при жеңіп алады.Бұл, тіптен, заңдылыққа айналды. 2016 жылы Бақтияр Адамжанның әлемдік балетте өзін қалай таныстырғаны естеріңізде ме? Ол Сеулде өткен XIII халықаралық би байқауында жеңіске жетті, онда әлемнің ең күшті балет әртістері жүлделі орындар үшін таласқан еді. Ол байқаудың әділқазылар алқасын өзінің асқан шебер техникасымен және шебер орындауымен таң қалдырды. Бұдан басқа, Бақтияр АҚШ-та, Ресейде, Түркияда және т.б. елдерде өткен бірнеше айтулы халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Айтпақшы, ол – ХІІІ халықаралық балет әртістері мен хореографтары арасындағы байқауда алтын медальді жеңіп алған алғашқы биші. Бүгін ол Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореография мектебінің жас түлегі, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев стипендиясының иегері және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Танымал жас әртістеріміз туралы айтқанда, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, бүкіл әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаевтың есімін атамауға болмайды. Сондай-ақ бүгінгі күні ол –Ресейдің Үлкен театрына шақырылған дирижер, Ирландиядағы радио және телевизия ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі. Ол музыка өнерінде зор беделге ие. Загреб қаласында Ловро фон Матачича атындағы халықаралық дирижерлер байқауында жеңіске жетіп, халықаралық деңгейде танымал болды. Оның дарыны мен зор әлеуеті Дания мен Италиядағы халықаралық жарыстарда жоғары бағаланды. Ол Берлин симфониялық оркестрінің, Мадрид Fondacion Excelentia оркестрінің, Токио Метрополитен оркестрінің, Малайзияның филармониялық оркестрінің және т.б. мойындалған, үздік дирижерлерінің бірі. Оның Осло, Хельсинки, Гамбург, Берлин, Милан, Мельбурн филармониялық оркестрлерімен және АҚШ, Корея, Жапония, Ұлыбритания оркестрлерімен музыкалық маусымдарда өнер көрсетуі көрермен қауымның және әлемдік музыка сыншылары тарапынан жоғары бағаланып келеді. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, ол театрдағы жұмысын да қатар алып жүреді. Өткен жылы айтулы мәдени оқиға – көрнекті австриялық композитор Густав Малердің «Симфония тысячи участников» деп аталатын 8-симфониясының орындалуы естеріңізде болар. Жобаның музыкалық жетекшісі және дирижері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев еді... Ғажайып қойылым болды! Бұл біздің халқымыздың талантты екендігін тағы да айғақтай түсті. әртістеріміз айтулы әлемдік сахналарға шығады және мұның бәрі рухани жаңғырудың негізі – ҰЛТТЫҢ МӘДЕНИ КОДЫ деп санайтын Президентіміздің басты бағыты деп білемін. Шынымды айтсам, біз шетелге қандай концерттік, театрлық қойылымдармен немесе көрме сапарларымен шықсақ та, шетелдік әріптестеріміз біздің әртістерімізге, қазақтың өнер туындыларына және қойылымдарымызға тәнті болады және бұны ұжымның әр жетекшісі растай алады. Сондай-ақ шетелдіктер «Алтын адамды», бірегей артефактілерімізді тамашалау үшін мұражайларда үлкен кезекке тұратын болды. Данышпан Демокриттің мынадай бір жақсы айтылған сөзі бар «Мен еш нәрседен үміттенбейтін және ештеңеден қорықпайтын адамды азат адам деп санамаймын». Біз де біреудің сезімі мен пікірінен шын мәнінде азат бола алмай, алға қарай қадам басудан, өз жетістігімізге шын қуануға мүмкіндік беруден қорқамыз. Бір қорқыныштысы құлдық сананың дегенімен басқаларды да жүргізіп, бойымыздағы бұл дертті бүкіл қоғамға жұқтырғымыз келеді. Бұны дер кезінде тоқтатып, әлемдегі дамыған алдыңғы қатарлы елдің ішінен өзімізді көргіміз келсе, болашағымыз үшін жауапкершілік алып, азат ойлы елге айналуымыз қажет. Бойымызда құлдың емес, жеңімпаздың психологиясын қалыптастыруымыз керек. Мен ғылым, білім, экономика, денсаулық сақтау салаларында да осындай үздік жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Өйткені, біз қасиетті топырақтан тамыр тартқан ғажап елде тұрамыз!
jasqazaq.kz