Серікбол Қондыбай. Жаңа жыл басы — жыл есебі

СӨЗДІҢ АТАСЫ
4299

ЖАҢА ЖЫЛ БАСЫ

Жаңа жыл басы — жыл есебі. Түркі дәуірінің бастапқы нүктесі

Қазаққа және оның негізін қалыптастырған көне жұрттарға қатысты күнтізбе есептері жөніндегі мағлұматтармен танысу барысында мені жиі мазалаған сауалдардың бірі -"неліктен жыл басы ақпан (февраль) айында атап өтілген?" деген сауал еді. Расында да, неліктен? Аталған ай - қыстың соңғы айы, сондықтан оны жыл басы деп есептеудің ешқандай жөні жоқ сияқты. Дегенмен, белгілі тарихи жазба құжаттың дерегі бізге осыны айғақ етіп ұстатып отыр, оны айналып та, байқамағансып та өте алмайсың.

"Күлтегін" жазуындағы уақыт көрсеткіштері. Тасқа жазылған түркі мұрасының бірі "Күлтегін" жазуында уақытқа қатысты бірді-екілі көрсеткіш сақталған. "Күлтегін қоң йылқа, йіті йегірмеке учды. Тоқузынч ай йіті отузқа йоқ ертүртіміз. Баркын, бедізің, бітіг таш (ын) бічін йылқа, йітінч ай йіті отузқа қой алқады(м)ыз" деген жолдар "Күлтегін қой жылы, он жетінші күні өлді. Тоғызыншы айдың жиырма жетісінде жерледік. Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын бешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде тегіс аяқтадық" деп аударылыпты.

Күнтізбелік мәліметтер мыналар:

Қоң йылқа, йіті йегірме - Қой жылы, он жетісі күні.

Токузынч ай, йіті отуз - Тоғызыншы ай, жиырма жетісі.

Бічін йыл, йітінч ай, йіті отуз - Мешін жылы, жетінші ай, жиырма жетісі.

Осы уақыт көрсеткіштерінің бүгінгі қолданылатын күнтізбе бойынша қандай болатынын білудің қажеттілігі бар, бірақ сауал туғызатын тұстары аз емес. Біріншіден, аталмыш тас жазуда "Күлтегін қой жылының он жетісі күні қаза болды" делінген, мұнда қай айдың он жетісі екендігі көрсетілмей қалған. Екіншіден, "йіті йегірме" сөзі "он жетісі" деп аударылған, келесі жолдардағы "йіті отуз" сөзінің "жиырма жеті" деп аударылғанына қарағанда, осы дата дұрыс сияқты. Бірақ неге екені белгісіз, көне түркі жазуларын зерттеуші Ғ. Айдаров өзінің зерттеуінде "Күлтегін 731 жылдың 27 ақпанында қайтыс болды" деп көрсетіпті, осындай нақтылау Ю.Зуевтің еңбегінде де бар81. Яғни "қой жылының он жетісі" деген дата "27 ақпан" деп берілген. "Он жеті" сөзі неліктен "жиырма жетіге" айналған? Осы зерттеушілердің көрсеткен датасы дұрыс болған жағдайда, жыл басы ақпан айының 10-ынан басталатын болып шығады (10 + 17 = 27 ақпан).

Серікбол Қондыбай

Ең бастысы - 8 ғасырдағы көктүріктердің жыл басы ақпан (февраль) айының 10-ншы күніне сәйкес келген, ал осы дата тұрақты болды ма, әлде Айдың ақпан айындағы тууына орай ауытқып жүрді ме, ол жатын анықтау қажет-ақ.

"10 ақпан - жылдың бірінші айының бірінші күні" деген анықтама бойынша кесте жасап алалық.

Көктүріктердің күнтізбесіндегі жыл басы - ақпан айы болсын-ақ делік. Сонда жаңа жыл ақпанның қай күніне сәйкес келеді? Бұл - мәселенің екінші жағы. Ал 8 ғасырдың көктүріктері жыл басын есептегенде көршілес, мәдени ықпал ету ауқымында жатқан қытайлық күнтізбенің датасын пайдаланған ба, әлде көктүріктердің осы мәселеде өзіндік төл есептеу дәстүрі болған ба?

Егер көктүріктер әр айды астрономиялық жаңа Айдың тууынан бастаған болса? Осындай үрдіс болған болса, оны анықтауға болады. Н.Н. Идельсон кестесіне (ай фазаларын анықтауға арналған "мәңгі" (ай) күнтізбесі) сүйене отырып, 731 жылдың ақпанындағы туған ай датасын анықтамақ болғанда, сол жылғы ақпан айындағы Айдың тууы - 21 февраль (ақпан) болды.

Міне, егер осы датаны "731 жылдың жаңа жылының басы" деп есептесек, Күлтегіннің өлетін уақыты ("он жетісі күні өлді") дегені – 10 наурыз (мартта) болғаны (21+17). Яғни Күлтегін 731 жылдың 10 наурызында қаза болған.

Мәтіндегі "тоғызыншы айдың 27-де жерленді" деген датаны да осындай жолмен есептер болсақ: 731 жылдың қазан айындағы жаңа Ай 24 қазанда туды, сонда Күлтегін (24+27) 21 қараша (ноябрь) күні жерленген болып шығады. Бірақ осы әдістемеге сүйенуді дәлелді ететін қосалқы дәйектеріміз жоқ, сондықтан да осындай көрсеткіштерді "болуы ықтимал" деп қоя тұрамыз.

Мәтіндегі Күлтегіннің ақпанда өліп, қазан айында жерленуінің өзі сауал туғызады. Сонда өлген адамның мүрдесін ақпаннан қазанға шейін сегіз-тоғыз ай бойына (270 күн) жерлемей қойған болып шыға ма? Мүмкін аудармашы қателескен шығар? М.Ысқақов осы дерекке қатысты мынадай қызықты қисын айтады. Ол бойынша "Күлтегін жазуындағы" "Күлтегін коң йылка, йіті йегірмеке учды" деген тіркесті "Күлтегін қой жылы, он жетінші күні өлді" деп емес, "Күлтегін қой жылының он жетіншісінде қайтыс болды" деп аударылуы керек екен. Яғни тас жазудағы сөз "айдың саны" емес "мүшелдің саны" болуы тиіс екен. Осылайша 17-ші қой жылы 731 жыл болса, бірінші тышқан жылы 520 жылға келеді екен. М.Ысқақов 520 жылы, яғни 552 жылғы Көк Түрік қағандығының құрыларынан 32 жыл бұрын көктүріктер өмірінде, жыл басын нақ осы тұстан бастауға ықпал еткен елеулі бір оқиға өткен болар деп топшылайды82. Осы қисындаманы жоққа шығаруға болмас, өйткені тас жазуына қатысты оның берген дәйектері жөнді сияқты. Бірақ ол "бірінші ай" мәселесіне тоқталмапты. Ал егер М.Ысқақовтың топшысы дұрыс болса, онда өлген күн көрсетілмей, тек жерлеген, ас берген даталар ғана көрсетілген болып шығады.

Енді осы қисындарды пайдаланып, қытай деректеріндегі түркілердің ғұрыптық даталарына назар аударып көрелік.

Батыс Түрік мемлекетінің (7 т.) жұртына қатысты дерек: "Әр бесінші айдың сегізінші күні тәңіріге құрбандық шалу үшін жиналады. Жыл сайын жоғарғы лауазымды ұлығын ата-баба аруағына құрбандық шалу үшін өздерінің үрім-бұтағы өсіп-өнген үңгірге жібереді"83.

Күлтегіндік кесте бойынша "бесінші ай" дегеніміз - маусым. Сонда "бесінші айдың сегізі" күні дегеніміз бүгіндегі 22 маусым (июнь) сияқты жазғы тоқырау күніне сәйкес келуі мүмкін. Бұл жағдайда "бесінші айдың бірінші күні" - маусымның 15-і болып шығады; ал жыл басы - "бірінші айдың бірінші күні" - ақпанның 15-і болып шығады.

Басында қойылған сауалға берілер жалғыз ғана қисынды жауап - "көне түркілердің қытай күнтізбесін пайдалануы". Қытайда Ай-Күн күнтізбесі қолданылғаны белгілі, олардағы көктемнің басы, жаңа жылының келу уақыты 21 қаңтар мен 20 ақпан аралығындағы күндердің біріне келе беретіндігі өздеріңізге белгілі болар деп ойлаймын. Ал көктүріктердің де бірінші айы ақпанға келіп тұр, сонда көктүріктердің жыл бастау есебі қытайлардікімен бірдей болған ба, әлде тек ай ұқсастығы болғанымен, екі дәстүрдегі күнтізбеде жылдың бірінші күндерінің сәйкестігі жоқ па? Ол жағын білмейміз, анықтау керек-ақ. Бірақ күнтізбе есебін тек "қытайлардан алған" дегенмен шектеп қою үшін де әлгі жалғыз сәйкестіктің болуы сөзсіз негіз бола алмайды. Өйткені жыл басының ақпанда келуін арғықазақтардың қытайларсыз-ақ білгендігіне мегзейтін басқа да мысалдар бар ғой.

Мәселен, "Қамбар тоғысын" қарастырып көрелікші. Осындай күнтізбелік есептің Нұргелді Уәліұлы ұсынған кестесі бойынша, Қамбар тоғысындағы жыл басы "Бірдің айынан" басталады, бұл ай, мәселен, 1991 жылы 14 ақпан - 15 наурыз аралығын қамтыған84. Көріп отырғандарыңыздай, жыл басын, бүгінгі қазақтар, ақпан айынан бастаған. Жыл есебінің Айдың "туғанынан" кейінгі Қамбармен тоғысқан күндер арқылы жүргізілгенін ескерсек, нақты "бірінші күннің" датасының ақпан айында ығысып жүргендігін аңғаруға болады. Осындай есептеудегі жыл басының ақпан айына келуі арғықазақтарда қытайларсыз-ақ жүзеге асырыла алатындығын көрсетеді. Ал мұның өзі басқа сауалдармен қатар басқа қисындарды да туғызады.

Әуелі, Қамбар жұлдызы (шоқжұлдызы?) деген ресми жұлдыз картасындағы қай жұлдыз? Ол жағында нақтылық жоқ. Егер де оны зодиактық жұлдыз (шоқжұлдыз?) деп есептейтін болсақ, онда оның "бату", "туу" даталарының прецессиялық ығысуларға сай әрбір 72 жылда 1 күнге өзгеріп отырғандығын топшылауға еркіміз бар. Міне, осы жағдайда, әлгі "неліктен ақпан айы жыл басы болуы тиіс?" деген сауалды "мүмкін, жыл басының ақпан айына келуі әлдебір зодиактық жұлдыздың (шоқжұлдыздың) прецессиялық ығысуына байланысты болған шығар" деген топшымен сабақтастыра отырып үлкен жорамал жасағымыз келіп отыр.

Арғықазақтардағы (дей-түркілердегі) жыл басы желтоқсан айындағы қысқы күн тоқырау сәтінен басталсын деп есептеп көрелікші. Яғни бір кездері жаңа жыл басы осы сәттен басталған да, бірақ осы жыл басы, бізге беймәлім себептермен жылжи отырып ақпан айынан бір-ақ шықсын делік. Мұндай ауысу тек бастапқы жыл басының әлдебір аспан шырағының (жұлдыз, шоқжұлдыз, планета) қозғалысындағы әлдебір маңызды межеге байланысты болуы жағдайында ғана мүмкін бола алады. Мәселен, бағзы бір замандарда, желтоқсандағы тоқырау күні әлдебір аспан шырағы көкжиектен төмен түсіп, "батып кетсін" делік. Осы сәтке, байырғы арғықазақтар айрықша маңыз беріп, өздерінің есептеу үрдісі мен ғұрыптық комплексінде нақтылап қояды. Бірақ аспан шырағының "бату" уақыты, прецессиялық ығысуларға байланысты өзгере бастайды да, уақыт өте, қысқы күн тоқырау сәті мен әлгі аспан шырағының "бату" сәттері бір-біріне сәйкес келмей, бір-бірінен алшақтай бастайды. Арғықазақтар қысқы күн тоқырау күнінің мәнін ұмытады да, керісінше, ғұрыптық комплексінде әлгі аспан шырағының "бату" уақытына байланысты қалыптасқан ғұрыптарды ұмытпай жалғастыра береді, нәтижесінде жыл басын есептеу үрдісі де сол аспан шырағының "бату" уақытының жылжуымен бірге жылжып, ауысып отырып, ақыры ақпан айына дейін жетеді. Сол тұстағы арғықазақтар жыл басын "әлгі аспан шырағының "бататын" ақпан айы" деп есептейді, өздерінің арғы бабаларының жыл басын бір кездері желтоқсан айында қалған күн тоқыраумен де сабақтастырғанын білмейтін болады.

Міне, біз, "жыл басының желтоқсаннан ақпанға ауысуының" барынша қисынды себебін көрсетіп отырмыз. Осы "ауысудың технологиясын, сатыларын" қысқаша көрсетсек, былайша қорытуға болады.

1.Бір кездегі арғықазақтар жаңа жыл басын есептеуді екі аспандық-уақыттық сәтпен байланыстырған: а) қысқы күн тоқырау - ең қысқа күн сәті, ә) әлдебір аспан шырағының көкжиектен төмен түсіп, көрінбей кету, яғни "батып кету" сәті.

2.Жыл басын есептеу үрдісі басталғанда осы екі сәттің даталық уақыттары бір-біріне сәйкес келген.

3.Әлдебір аспан шырағының "бату" уақыты өзгеріп, ығысып отырады, сондықтан әлдебір уақыт ішінде оның "бату" сәті мен қысқы күн тоқырау сәтінің арасы алшақтап кетеді, алыстай береді. Егер, жыл басына байланысты ғұрыптардағы шешуші рөлді әлгі аспан шырағы атқарған болса, онда оның "бату" уақытының жылжуына қарай "жыл басы" да жылжи бастайды.

Міне, егер де біз, 14 ақпан - 15 наурыз аралығының бір сәтінде "батып" кететін Қамбар жұлдызын зодиактық жұлдыз (шоқжұлдыз?) деп қабылдайтын болсақ, онда осы жұлдыздың бір кездері ақпан айында емес, қысқы күн тоқырау күнінде батқандығын да тұспалдай аламыз.

Алдында келтірілген деректерде 552-734 жылдар аралығындағы көктүріктердің жыл басы ретінде ақпан айын есептегенін көрдік, тіпті бір тұсында "жыл басы - 15-ші ақпан" деп те есептеп қойдық. Енді, осы көрсеткішті шартты түрде тірек ете отырып, бастапқы, "қысқы күн тоқырау сәтіндегі жаңа жыл басының" қай кездері атап өтілгенін есептеп шығарғымыз келеді.

Қысқы күн тоқырау сәтін шартты түрде тұрақты деп есептеп, шартты түрде "22 желтоқсан" деп алсақ, онда 22 желтоқсан мен 15 ақпан арасындағы күндердің саны 55 болады. Прецессиялық ығысуларға сай зодиактық шоқжұлдыздардың "шығу", "бату" уақыттары әрбір 72 жыл сайын шамамен 1 күнге өзгеріп отырады. Сондықтан осы санды 55-ке көбейтеміз: 72 х 55 = 3960. Яғни жыл басының қысқы тоқырау күнімен сәйкес келген уақытынан бастап 552-734 жылдардағы жыл басына дейін 3960 жыл уақыт өткен болып шығады. Осы жыл көрсеткішін реалды хронологияға келтіру үшін 3960 жылдан тиісінше 552 мен 734 жылды шегеріп тастаймыз: а) 3960 - 552 = 3408, ә) 3960 - 734 = 3226. Яғни, арғықазақтар қысқы тоқырау сәті мен әлдебір зодиактық жұлдыздың (Қамбардың) "бату" сәттерінің сәйкес келуімен сабақтастырылған жаңа жыл басын есептеуді б.з.д. 3408-3226 ж.ж. аралығында атап өткен болып шығады. Тек бізге сол замандағы қысқы күн тоқырау сәті мен 552-734 жылдардағы Қамбар жұлдызының "бату" уақытының дәл көрсеткіштері белгісіз, сондықтан реалды жыл басын есептеу уақытының көрсетілген жыл мерзімінен ондаған, жүздеген жылға бұрынырақ болып шығатындығын алдын ала топшылай аламыз.

Жақсы, бізге б.з.д. 4 мыңжылдықтағы қысқы күн тоқырау сәтінің датасы белгісіз болып қала берсін, сондықтан әлгі шартты датаны (22 желтоқсан) пайдалана отырып, 552-734 жылдардағы Қамбар жұлдызының "бату" сәтін 15 ақпанда емес, 21 ақпанда болғандығын топшылап, алдыңғыдай есептеулерімізді қайта жалғастырып көрелікші. Күн айырмашылығы енді 55 емес, 61 күн болып шығады да, оны 72-ге көбейткенде біз 4392 санын аламыз, ал уақыт көрсеткіштері, тиісінше б.з.д. 3840-3658 ж.ж. уақыт есебі басталған болып шығады. Ал осы б.з.д. 3840-3658 жылдар бізге не бере алады. Міне, осы сәтте біздің ойымызға ежелгі шумерлік күнтізбенің басталған уақыты - б.з.д. 3760 жыл келеді. Біздің арғықазақтық "Қамбарлық жыл басы" қисынымыздың осы шумерлік заман бастау межесімен біртекті болуы мүмкін бе? Оны да қарастырып көрелік.

Шумер күнтізбесінің басталу уақыты. У. Салливан бұл мәселеге қатысты мынадай мәлімет келтіреді: "Все познания шумеров относительно движения Солнца и Земли были объединены в созданном ими первом в мире календаре - солнечно-лунном календаре, вступившем в силу в 3760 году до н.э. в городе Ниппуре"85. Бір қызығы - бүгінде "еврей күнтізбесі" деп аталып жүрген, Израиль мемлекетінде григориан күнтізбесімен қатар қолданылатын, уақыт межесін б.з.д. 3760 жылдан бастайтын күнтізбенің қайнары осы шумерлік күнтізбеде жатыр екен86. Біздердің, арғықазақтардың да, осы шумерлік күнтізбенің басталу уақытына "жиендік жасау" хұқымыздың еврейлердікінен кем емес екендігін ескере отырып, арғықазақтық "қамбарлық" жыл басын шумерлік жыл санау басымен сәйкестендіріп көруге болады.

Шумерлер неліктен б.з.д. 3760 жылды меже етіп алған? Тарихи-археологиялық қисындар шумерлердің өркениетінің басталу кезеңін б.з.д. 4 мыңжылдықтың аяғына, яғни шамамен б.з.д. 3200-3000 жылдармен ауқымдайды, ал бүгінде белгілі шумерлік өркениеттің гүлдену уақыты б.з.д. 3 мыңжылдық. Бұл - әлгі меже көрсеткішінен 500-1000 жыл кейінірек. Зерттеушілер, шумерлердің дағды-танымдарының бірден жоғарғы дәрежеге жеткендігін айтады. Бұған кімдер ықпал етті? Сонымен қатар, біз, дей-түркілердің б.з.д. 4 мыңжылдықтағы қоныстану ареалының бастапқы шумерлермен көршілес болғандығын тұспалдадық (түркі-шумер сөз сәйкестіктері негізінде). Осы жағдайда әлгі "б.з.д. 3760 жыл" деген меже де дей-шумерлер сияқты дей-түркілер үшін де аса маңызды сәт болуы әбден мүмкін.

Енді осы уақыт көрсеткішін ("б.з.д. 3760 жыл ") меже етіп, "қысқы тоқырау сәтіндегі жаңа жылды" есептеуді осы межеден бастап көрейікші. Яғни б.з.д. 3760 жылдың 22 желтоқсанында Қамбар "жұлдызы" көкжиектен төмен түсіп көрінбей кетсін делік. Сонда, Көк Түрік қағандығының құрылған 552 жылы мен Күлтегіннің опат болған 734 жылы осы "жұлдыз" қай күні "батуы" тиіс болар еді? Жылдар айырмашылығы тиісінше 4312 және 4494 жыл. Оларды 72-ге бөлсек тиісінше 60 және 62 шығады; осы сандарды 22 желтоқсаннан бастап есептесек, тиісінше 552 жылдың 21 ақпаны және 734 жылдың 23 ақпаны болып шығады. Яғни Қамбар "жұлдызы" аталған жылдары ақпан айының аталған күндері "батқан".

Ал осындай есепті 2003 жылмен есептеп көрсек ше? Бұл - б.з.д. 3760 жылдан бастағанда 5763 жыл. Оны 72-ге бөлсек - 80 саны шығады. 22 желтоқсанға осы 80 күнді қоссақ, 12 наурызды шығарар едік. Яғни Қамбар "жұлдызы" 2003 жылы 12 наурызда "батты". Бірақ біз бұл жерде: а) желтоқсандағы ең қысқа күннің (күн тоқыраудың) дәл датасын, ә) кейбір (кібісе) жылдарға қосылатын басы артық бір күнді есепке алып отырғанымыз жоқ. Сондықтан соңғы жылдарға Қамбар "жұлдызының" батуын 10-14 наурыз аралығымен тұспалдап көрсетуге болады. Ең бастысы - осы "бату" күні де Қамбар тоғысына негізделген "бірдің айы" (14 ақпан - 15 наурыз) ауқымынан шығып кетпейді.

Бұл көрсеткіштер біздің есімізге Маңғыстау және онымен іргелес облыстардағы қазақтардың атап жүрген жыл басы - "14 наурыз - амал күні немесе көрісу күніне" жақындап келеді. Мүмкін, нақ осындай қисын батыс қазақтарының неліктен жыл басын 14 наурызда атап өтетіндігін түсіндіретін шығар.

Біз осы көрсеткіштерді тексеру үшін Н. Идельсон кестесіне (ай фазаларын анықтауға арналған "мәңгі" (ай) күнтізбесі) сүйене отырып, қарастырылған жылдардағы ақпан айындағы Айдың тууы күнін анықтай аламыз.

1.552 жылдың ақпанындағы туған ай ақпанның 10 күні. Қамбар "жұлдызы" тоғыстан соң 11 күннен кейін "батқан" (21 ақпан).

2.734 жылдың ақпанындағы туған ай ақпанның 8-і күні. Қамбар "жұлдызы" тоғыстан кейін 15 күн өткен соң "батты" (23 ақпан).

3.2003 жылдың ақпанындағы туған ай ақпанның 18-і күні. Қамбар "жұлдызы" тоғыстан соң 22 күн өткенде барып "батып отыр" (12 наурыз).

Яғни бұл есептеулерде де біздің "жұлдызымыз" сол тоғыстық айдың ауқымынан шықпай отыр.

Жыл басының ауысуы

Рене Генонның және басқалардың еңбектерінде келтірілген қисындарды өзіміздің қазақтың (түркінің) фольклорлық материалдарындағы мифтік келтірімдерді реконструкциялау нәтижелеріне ұштастыру барысында, күнтізбелік есептеудің мынадай екі замандық өзгерісін көрсетуге болады.

1.Бірінші - ежелгі, полярлық (гиперборейлік) немесе қысқы тоқыраулық символика. Бұл кезеңде жыл басы - қысқы тоқырау сәті болса, жалпы уақыт есебінің негізгі көрсеткіштері қысқы және жазғы күн тоқыраулар болған.

2.Екіншісі – кейінгі, айгөлектік (зодиактық) немесе остік (осьтік) символика. Бұл кезеңде жыл басы - көктемгі күн теңелу сәті болған, жалпы уақыт есебінің негізгі көрсеткіштері көктемгі және күзгі күн теңелулер болған.

Полярлық жұлдыздар (шоқжұлдыздар) мен зодиактық жұлдыздардың (шоқжұлдыздардың) кейбірінің арасындағы кейіптік (мифтік бейнелік) сәйкестіктердің себебі жөнінде мынадай қисын келтіріпті: ежелгі замандағы әлдебір уақытта, Ілкі (полярлық) Төрдің бастапқы нұсқалары ұмытыла, естен шығарыла бастаған бір тұста, сол ілкі-дәстүрлік түсінік-бейнелер зодиактық шоқжұлдыздарға қатысты қолданыла бастаған. Мұндай "механикалық сәйкестендіру", әрине, кейінгі шатасуларға жол ашып берген. Р.Генон осындай ауыстырудың бірнеше мысалын келтіріпті.

Бірінші кезеңде:

–Басты бағдар солтүстік болған.

–Басты бағдарлық жұлдыз – "Темірқазық" (Темірқазық функциясын атқарған басқа кез келген жұлдыз).

–Негізгі жұлдыздар – Жетіқарақшы (Үлкен Ұрғашы Аю), басқа да полярлық жұлдыздар.

–Бүгінгі айгөлектік (зодиактық) шоқжұлдыздардың кейбір шоғыры және кейбір атаулары осы кездері жеке бағдарлық жұлдыздар шоғыры ретінде танымал болды.

Екінші кезеңде:

–Басты бағдар батыс көкжиектегі "Жол торабы" болған. Ілкі Төр заманында "солтүстік жақта" орналастырылған "арғы дүниелік" кеңістіктер (арал, тау, алма бағы, үй, т.б.) мифтер мен ертегілерде енді батыс жақта орналастырылатын болды. "Өлілер дүниесі" де батыс жақта орналасатын болып шықты; өлген адамның бетін, басын батыс жаққа қарататын болды.

–Басты бағдарлық жұлдыздар қызметін айгөлектік (зодиактық) шоқжұлдыздар атқара бастаған.

–"Аю" ұғымы Ілкі (полярлық) Төрде Жетіқарақшыға сай болса, енді ол Үркерлерге қатысты аталатын болды (в определенный период название саптарикша (рикша - "аю") было отнесено не только к Большой Медведице, но и к Плеядам, также состоящим из семи звезд; замена полярного зодиакальным соответствует переходу от символики солнцестояния к символике осевой. Так произошла перемена начала отсчета годового цикла вплоть до изменения преобладающих значений сторон света, связанных с его различными фазами. Здесь север заменен на запад, что соответствует атлантическому периоду; и это открыто подтверждается тем фактом, что для греков Плеяды были дочерями Атласа и, как таковые, также звались Атлантидами87).

–Таразы/Весы таңбасының Жетіқарақшыдан зодиакқа ауыстырылуы да осы тұста өткен.

–Бұл ауыстырулар... "соответствуют именно изменению точки начала года, которая вначале находилась на солнцестояние, а затем на равноденствие", яғни жыл басының қысқы күн тоқыраудан (21 желтоқсаннан) көктемгі күн теңесуге (22 наурызға) ауыстырылуы аталған "әлдебір уақытқа" байланысты88.

–Бұл мифологиядағы "алтын ғасырдың" аяқталып, келесі "ғасырға" ауысу тұсына сәйкес келеді.

–Р. Генон осы ауысуды қабан мен аюдың қарама-қарсылығы арқылы, яғни дүниәуи биліктің (светская власть) өкілдерінің рухани билік (духовная власть) өкілдерінің үстемдігіне қарсы шығуымен (жауынгерлер - кшатрийлер көтерілісі) де түсіндіріп, осындай қарама-қарсылықтың мысалын ("іздерін") индуистік, кельттік, гректік мифологиядан іздестіреді89.

Дәл осындай сәйкестіктерді арғықазақ (дей-түркі) дәстүрінен де іздестіруге толық мүмкіндік бар; қазақ фольклорының материалдары осындай сәйкестіктерді табуға "азық бола алады". Дегенмен, бұл мәселеде Р.Генонның ұсынған жалпы "ауысу схемасын" қолдай отырып, оны өз ізденістерімізде, яғни, арғықазақ мифологиясын реконструкциялау ісінде пайдаланғанымыздың өзінде де жекелеген мәселелердің қарастырылу сипатымен, ен алдымен осындай мәселелерге таңылатын "арийлік қитұрқылармен" келісе алмаймыз. Жып-жылмағай етіп ұсынылып отырған қисынның өзінің кереғарлық туғызар кедір-бұдырлары табылып қалады.

Ал жалпы "ауысу" схемасы жөнінде айтар болсақ, осындай қисынның растығына әлгі "Бастапқы Бейненің" полярлық, "солтүстіктік" сипатының іс жүзінде "батыстық сипатқа" айналып, бейненің "Батыстағы Шешейге" айналып кетуінен жақсы көруге болады.

Енді осы генондық қисынды әлгі б.з.д. 3760 жылдан басталатын шумерлік жыл (бүгінде "еврейлік" делініп жүрген) есебімен сабақтастырып көрелік. Алдымен мына суретке қаралық90.

Бұл суретте осыдан 6000 жылдай уақыт бұрынғы, яғни б.з.д. 4000 жылғы көктемгі күн теңелу сәтіндегі аспан экваторы мен эклиптиканың жай-жапсары көрсетілген. Бүгінгі Темірқазықтың орнында аспан полюсі ретінде Айдаһар шоқжұлдызының "альфа" жұлдызына таяу жердегі бос кеңістікті көріп отырмыз. Ал Үркерлердің көкжиектен көріну уақыты қазіргідей шілде айында емес, наурыздағы күн теңелуден кейінгі күндерге келетін болған. Әрине, бұл жерде өте дәл астрономиялық есептеулердің болғаны жақсы болар еді, әзірге осыны қанағат етуге тура келеді. Міне, көктемгі күн теңелу сәтінде Үркер, Торпақ, Орион шоқжұлдыздары актуалды болып шыққан. Ал нақты, б.з.д. 3760 жылы, аталған датадан (б.з.д. 4000 жылдан) небары 240 жыл өткендегі көктемгі теңелу сәтіндегі шоқжұлдыздардың орны қандай болған? Дәл жауап жоқ, тек 240 жылда зодиактық шоқжұлдыздың небары 3 күнге ығысатындығын ғана айта аламыз. Үш күн ештеңені шеше алмас. Дегенмен, нақ осы, б.з.д. 3760 жылы шумерлер полярлық (гиперборейлік) күнтізбені ресми түрде зодиактық күнтізбеге алмастырған сыңайлы. Яғни аспанның полюсі болған Айдаһар осы дәуірде ресми түрде "өлтірілген" болып шығады (Гильгамеш пен Энкидудың Хумбабаны өлтіруі осы оқиғаны мегзеуі мүмкін).

"Жыл басының ауысуы" мәселесіне біз әлі де тоқталатын боламыз. Өйткені реконструкциялау барысында туындайтын кейбір қайшылықтар тек осындай "ауысу" ықтималдығы жағдайында ғана шешіледі.

Қамбар жұлдызы

Мүмкін, біз, шумерлік жыл басын бастау уақытын түркілік, яғни қазақтық бастау межесіне айналдырғымыз келгендіктен, шындықты "шашынан тартып", қисынды қолдан қиыстырып отырған шығармыз? Жалғыз ғана, оның өзінде де, нақты көрсеткіштері әзірге белгісіз болып отырған сәйкестікті, расында да тұспалымызды сөзсіз ақиқат етуші дәйек дей алмаймыз. Оны түсініп отырмыз да. Дегенмен, әзірге, дәл осындай болмашы дәйекке иек артып отырғанымызға қарамастан, одан бас тартқымыз келмейді. Басқа да сәйкестендіру жолдарын табармыз деген үміт жоғалар емес. Міне, сондықтан да осы бағыттағы әлгі Қамбармен байланыстырылған қисындарымызды одан әрі жалғастырғымыз келеді.

Расында да қазақта "Қамбар" деп аталған аспан шырағы бар, тек оның жеке жұлдыз ба, әлде жұлдыз шоғыры ма екендігі, "ресми" аспандық картада қай астрономиялық нысанға сәйкес келу жағы нақтыланбаған. Тек белгілісі - осы "жұлдыздың" қыс айларында туып, көктем айларында бататындығы.

Қалыптасқан "академиялық" жұлдыз картасындағы қай жұлдыз (шоқжұлдыз) "Қамбарға" сәйкес келеді?

1.Қамбар – Лақ/Ешкімүйіз бе? К.Жүністегі "Қамбар" деген атаумен Жедді (Ешкімүйіз/Ылак, 22 желтоқсан - 19 қаңтар) шоқжұлдызын атапты91.

2.Қамбар - Арыстан/Лев пе? Кейде "Қамбар" деп Әсет (Лев) шоқжұлдызын да айтады.

3.Қамбар - Ақырап па? "Ақпандағы ақырап - Қамбар тоғысы" деген тұрақты тіркестің бар екендігіне қарап, Қамбарды осы Ақырап шоқжұлдызымен (Сарышаян/Скорпион, 24 қазан - 21 қараша) сәйкестендіріп көруге де болады.

Көріп отырғандарыңыздай осы "жұлдыздың" нақтылануында ала-құлалық бар.

Нұргелді Уәліұлы 1991 жылғы күнтізбедегі Қамбар жұлдызының туғаннан кейінгі алғашқы тоғысы (тоғыздың айы) 7 қазан (октябрь) деп көрсетеді. Сонда, осы мәліметке жүгінер болсақ, бұл жұлдыздың тууы қазанның (октябрьдің) 7-не дейін, яғни не қазанның (октябрьдің) басында, не қыркүйектің (сентябрьдің) аяғында болғаны ма? Бұл жағдайда Қамбардың "тууы" Мизан шоқжұлдызына сәйкес келеді және айы жағынан Мизан (Таразы/Весы, 24 қыркүйек - 23 қазан), не болмаса Ақырап айларына сәйкес келеді 92. Бұл жерде Н.Уәліұлы келтірген "Ақпандағы ақырап - Қамбар тоғысы" деген сөзінің қисыны келетін болып шығады.

Ал енді, алдыңғы мақаламыздағы әңгіме болған шумерлік жыл басын бастау (б.з.д. 3760 ж.) тұсындағы "бүгінде" көкжиектен көрінбей кету уақыты 12 наурызға келетін, шумер күнтізбесі басталған шақта 21 (22) желтоқсанға тұспа-тұс болатын "Белгісіз зодиактық шоқжұлдыздың" көріну уақытын анықтап көрелік.

Әлгі "Белгісіз жұлдыз" өзіміздің Қамбар жұлдызы болып шығатын болсын деп есептеп көрелікші. Бүгінде қыркүйек айының аяғында не қазан айының басында "туатын" Қамбар, б.з.д. 3760 ж.ж. шамасында шілденің 10-20 күндері аралығында "тууы тиіс". Бұл "жұлдыздың" бүгінде қыркүйектің 24-інде басталып жүрген Весы/Мизан шоқжұлдызына сәйкес келуі әбден мүмкін, өйткені егер де осы Мизанның "туу сәтін" шартты түрде "24 қыркүйек" деп алар болсақ, б.з.д. 3760 жылдары ол 6 шілде шамасында "туған болып шығады" (ал толық үш прецессиялық секторға ығысуын қамтамасыз ететін 90 күндік ығысу тұрғысынан, яғни шамамен б.з.д. 4397 ж.ж.есебінен қарағанда Мизан шоқжұлдызы 25-26 маусымда немесе жазғы күн тоқырау сәтінде тууы мүмкін). Яғни б.з.д. 4500-3500 ж.ж. аралығында Мизан жұлдызының "жазғы күн тоқырау" сәтінде туып, "тесіктен шығып", "қысқы күн тоқырау" сәтінде "тесікке кіріп тұруының" қисыны келеді. Сондықтан да, осындай екі бірдей маңызды сәтке тұспа-тұс болып келетін Мизанның Қамбар болып шығуымен келісуге болар еді.

Ескерту. Біздің қолымызда күн теңелу, күн тоғысу даталары жөніндегі дәл мәліметтердің болмауы "Таразы мен Қамбар - бір шоқжұлдыз" деген анықтама сөзсіз ақиқат деп жариялауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан алдағы әңгімелерімізде біз Мизан/Таразы мен Қамбарды және басқа да ертегілік (Жезтырнақ, Тарақай, Қат сияқты) "шоқжұлдыз атауларын" сәйкестендіргенде осынымыздың өзінің шартты екендігін естен шығармағанымыз жөн. Нақты есептеулік мәліметтер табылып жатса, осы мәселені шешуге мүмкіндік бар. Сонымен бір мезгілде, "Мизан/Таразы - Қамбар" шендестіруінде ескеруге тұрарлық басқа да мезеттер бар. Мәселен, бүгінгі жұлдыз картасында "Арыстан", "Бикеш", "Таразы" делініп жүрген шоқжұлдыздардың: а) конфигурациясы бүгінгіден мүлде басқаша болуы мүмкін (яғни бүгінгі бір шоқжұлдыздың құрамындағы жұлдыздардың кейбіреуі көршілес шоқжұлдызға қарауы ықтимал), ә) көршілес шоқжұлдыздар бір шоқжұлдыз болып есептелуі де мүмкін (яғни, бүгінде екі бөлек қарастырылып жүрген Арыстан мен Бикеш немесе Бикеш пен Таразы о баста бір шоқжұлдыз деп есептелуі мүмкін). Қалай болғанда да бұл жерде жауаптан гөрі сауал көп.

Біз Мизан, яғни "Таразы" (Весы) атауының неліктен осылайша қойылғанын білеміз бе? Жоқ. Бірақ оның әлдебір өлшеуіш (екі жақты теңестіру арқылы) құрал атауымен байланысты болуын кездейсоқтық дей алмаймыз, бұл жердегі таразы - уақытты тепе-тең екіге бөліп көрсетумен байланысты болып тұрған шығар деп топшылай аламыз.

Қамбар жұлдызы туралы тұрақты тіркестер

Жалпы, Қамбарға қатысты тұрақты сөз тіркестері бар:

"Қамбар жұлдызы мен Айдың "атысуы" кезінде сапарға шықпа".

"Қамбар мен Айдың тоғысында жолаушы жолға шықса, Қамбар жұлдызы: "Білмегенге білдіремін, біле тұра жол жүрсе - бүлдіремін", - депті".

"Қамбар Аймен тоғысарда "бақырады".

"Қамбарды маңдайыңа салма, артыңа сал".

Осы қатарға әлгі сөзін, сондай-ақ "Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау" тіркесін де қосуға болады.

Қамбар тоғысы

Нұргелді Уәліұлының дерегіне қарағанда, Қамбар жұлдызы - күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар Аймен көк жүзінде 5 рет кездеседі. Яғни бес рет тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан (октябрь) айында өтеді. Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы (октябрь) деп атаған. Одан кейін Ай өзінің жеті жаңасында тоғысады. Бұл жетінің айы (қараша-ноябрь). Айдың бес жаңасындағы тоғысуын бестің айы (желтоқсан - декабрь), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар - январь), бір жаңасында тоғысуын бірдің айы (ақпан - февраль) деп атайды. Әр тоғыстың арасы, шамамен, 28-29 күн болады.

Қазақтағы Қамбар тоғысының күнтізбесін былайша көрсетуге болады (Н.Уәліұлының дерегі бойынша):

Қамбардың тоғысына тән бірдің айы, үштің айы тәрізді атаулар Қазақстанның шығыс өлкелерінде күні бүгінге дейін айтылады. Бес айдан басқасы жай сөзбен "аласапыран", "отжақпас", "құралай", "жұт шашқан", т.б. байырғы атаулар болуы мүмкін (Бұл жөнінде әзірше дерегіміз жеткіліксіз депті).

Ал қырғыздар Қамбар тоғысының айларын жақсы сақтаған, оларда осы айлардың аты мынадай:

Токуздың айы - октябрь (шатастыру туғызбас үшін орысша ай атауларын қалдырып отырмыз - С.Қ.)

Жетінің айы - ноябрь

Бештин айы - декабрь

Үчтун айы - январь

Бирдин айы - февраль

Жалған куран - март

Чын куран - апрель

Бугу - май

Кулжа - июнь

Теке - июль

Баш оона - август

Аяк оона – сентябрь

Міне, осындай тоғысты "Қамбар тоғысы" деп атайды. Қырғыздың ай аттары қазақтың ұмыт болған айларына сәйкес келе ме? - ол жағы белгісіз, тек қазақтікі де осы нобайда болғанына сенімділік білдіруге болады.

Ал осы Қамбар жұлдызы қай жұлдыз? Және оның мифтік бейнесі қандай, нендей түсініктерге негізделген? Көрсетілген Қамбар тоғысының күнтізбелік кестесіне қарағанда осы жұлдыз қыркүйектің екінші жартысында не қазан айының басында туып, ақпан-наурыз не наурыз-көкек айларының белесінде батып кетуі тиіс. Туатын уақытына қарап, оны Орион шоқжұлдызына балауға болар еді, бірақ Орион Қамбарға қарағанда түнгі аспанда ұзағырақ көрініп тұрып, тек мамыр айында ғана көрінбей кетеді. Мүмкін, келтірілген тоғыс есебі қате шығар? Ол жағын білмейміз, өйткені арнайы эмпирикалық бақылау жүргізіп көргеніміз жоқ. Сондықтан осындай Қамбар-Орион сәйкестігінің мәселесін ашық күйінде қалдыра тұрамыз. Одан да Қамбар есіміне қатысты мифтік қисындарға көшелік.

Қамбар есімінің көне мифтік бейненің есімін ауыстыруының тарихы. Су мен жылқының бір бейнемен тең дәрежеде байланыстырылуы бір мифтік тұлғаға барып тіреледі. Ол - теңіз (су емес, нақ теңіз) жылқылары туралы түсінік. Міне, осындай үш сипатты ұштастырған Қамбар (Гамбар) образының қазақ-түрікпендік сипатының қалыптасу ареалы біреу болмақ, ол - Маңғыстаудың Хасарлы теңіздік жағалауы.

Қамбардың уақ руына түп-ата болып шығуы мен уақ руының бастапқы тарихының Маңғыстаудан бастау алуы, міне, осы тұста да сәтімен қабыса кетіп тұр.

Жылқы иесі мен жылқышылар пірі түрікпендік Дүлдүлатаның моласы - Хасарлы теңіз жағасында, Маңғыстау облысынан тысқары болғанымен таяу жерде, Бекдаш қаласы маңында орналасқан. Дүлдүл - Әзірет Әлінің тұлпарының атауы, ал теңіз жағалауындағы мола бұрыннан бар, яғни осы мола иесі ислам діні таралмастан бұрын (14 ғасырға дейін) оның жылқы иесі функциясын сақтағанымен, басқаша аталғандығын шамалауға болады. Ал егер осы жылқышының моласы Қамбарға қатысты болып жүрсе ше? Бірақ Қамбар есімінің де дала киелі ономастиконына Дүлдүлмен қатар, бір уақытта кіргізілгендігін ескере отырып, образдық сабақтастықтың болу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз, тек есім басқаша болған.

Маңғыстаудағы, теңіздің Кендірлі шығанағының жағасындағы Темір-баба әулие хақында оның да су иесі екендігі және үстінен су тамшылап жүретіндігі айтылады. Тер (су, қан) тамшылап тұратын сипат - тарихи-мифологиялық дәстүрде тек теңіз жылқыларына (аспан жылқыларына) берілген. Олай болса Темір бабаның да мифтік табиғатын теңіз жылқыларымен байланыстырудың реті келіп тұр.

Мифтік Қамбардың болмысы

Қамбар - жылқышылардың пірі, жылқы малының иесі. Зерттеушілер оның есімін мұсылман діни бейнесі, пайғамбарымыздың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегісі болған Ганбармен байланыстырады. Оған айтар дауымыз жоқ, сондықтан осы образдың мифологиялық функциясы мен рулық шежіреге кірігу себептерін ғана қарастырамыз. Қамбарбаба немесе Қамбарата бейнесі қазақтан басқа түркі-мұсылман халықтарының фольклорында бар, бірақ ол туралы түсінік түрікпендерде мол сақталған (түрікпендік версияның болуы образды бірден Хасарлы теңізі жағалауына, яғни Маңғыстауға жақындатады).

Түрікпендік Гамбарбаба - қазақтың Қорқыты сияқты сазгерлер мен әншілердің, ақындардың пірі болып саналады. Ол "дутар" делінетін саз аспабын ойлап тапқан деседі.

Қамбардың тағы бір мифтік функциясы - оның су стихиясымен байланыстылығы. "Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау" - осының нышаны.

Міне, Қамбарға берілген үш мифологиялық функция:

а)сумен байланысты;

б)жылқымен байланысты;

в)музыкамен байланысты.

Мифологияда музыка табиғаты сумен, су айдынымен байланыстырылады. Оны біз Қорқыттан, түрікпендік Ашық-Айдыннан, алаңдық Сырданнан, орыстық Садкодан, финнкарелдік Вяйнемяйненнен көреміз. Олардың барлығы да сумен байланысты және музыка аспаптарын ойлап табушылар, музыканттар.

Қамбардың аспанда тұруы бізге саха-якут мифінде аспанда тұратын, кейде адам, кейде ақбоз түсті ат күйінде көрінетін, жылқышылықтың қамқоршылары Жесегей-айы мен Киели-Баалы-тойонды еске түсіреді. Қамбар жұлдызы мен фольклорлық Қамбар бейнесінің біртектілігін ескеріп, біз Қамбардың "Аспан айғыры" кейпіне ие екендігін тұспалдаған болсақ, осындай түсініктің түркі халықтары фольклорында бар екендігін бізден бұрынғылар да жазып кетіпті: "В мифологиях тюркоязычных народов есть образ покровителя коней Камбар-ата, имеющего иногда облик небесного жеребца. А богинии и шаманки принимают облик кобылиц"93.

Қамбардың жылқы тұрпатты болуы біздің есімізге сарықұлақ ақ боз ат кейпіне ене алатын "авесталық" Тиштрйаны (Сириустың не Орионның тұлғалануын) еске түсіреді. Бірақ әлгі "бату уақытына" байланысты сәйкессіздік қана осындай сәйкестендіру жасауға кедергі келтіреді.

Қамбар бейнесінің қыс күн тоқырауымен сәйкес келетін "тесікпен" ұштасатындығын көрсететін, оқиғасының өрбітілуі жағынан бір-бірімен үндес шығып жататын екі аңызды сараптап көрелік.

Бірінші аңыз. "Бір шапқыншылыққа түрікпендер адайдың тоғыз жасар екі еркек баласын қолға түсіреді. Біреуін от пен суға салады, екіншісіне қой бақтырады. Қозы бақтырған адайдың ұлы дәулескер күйші екен. Күй тартқанда күйдің әуеніне беріліп, қозы жайына қалатын көрінеді. Бірнеше рет қозыдан айырылып та қалыпты. Күй тартуға қанша тыйым салғанымен, балаға қойғыза алмапты.

Бала домбыраны аңсағанда сарнап кететін көрінеді. Мұны білген түрікпендер баланың өнеріне тәнті болып, өлтіруге қимай, Темір бабаға сөз салады.

Темір баба қан төкпей, баланы Үстірттегі Қаратүлейге, елдің шетіне апарып бостандық беруге бұйырады"94.

Мұндағы "Қаратүлей" дегені - Үстірттегі (Маңғыстау облысы) реалды топоним, бірақ аңыздың іс жүзінде тарихи негізге емес, мифтік негізге сүйеніп жасалғандығын ескере отырып, осы топонимнің астарында реалды топонимге сырттай ұқсастығы бар, бүгінде ұмыт болған мифтік атаудың жатқандығын топшылауға болады. Яғни "Қаратүлей" дегеніміз - "құрдым, тесік".

Екінші аңыз. "Халық шежіресінде жылқының пірі Қамбарата деген сөз бар. Уақытында бір сахаба Қамбар есімді балаға тұлпарын бақтырады екен. Қамбар қолына домбырасын алып, тұлпарды жайылысқа алып кетеді. Жердің оты аса мол жыл екен. Бірақ тұлпар қоң жинап, көбеңсудің орнына әбден титығына жете арықтайды. Бұл қалай болғаны?

Сахаба аңдап қараса ат тұсаулы. Қамбар домбыра шертіп отыр. Ал тұлпар домбыра сазына аса бір іңкәрлікпен ұйып, жайылуды білмейді екен. Мұны көрген сахаба "Тәйт, бейқасиет" деп сес бергенде Қамбар домбырасын иығына асып алыпты да қаша жөнеліпті. Ал сахаба болса, соңынан қуып берген ғой. Қара жер қақ айырылып, соған Қамбар түсіп, құрдымға кеткен де, домбырасы қалып қойған. Міне, осы оқиғаның соңы жылқының пірі Қамбаратаға ұласып жүре берген.

Қамбаратаға, бәйгеге қосылған жүйрікке көз түссе, сонда апарып түнететін болған. Домбыра тартуға ниеті құлаған адамдар да Қамбаратаға түнейтін әдет бар"95.

Қарап отырсаңыз, екі аңыздың (екеуі де Маңғыстаулық қазақтар фольклорынан алынған) оқиғалық желісі, яғни сюжеті ұқсас, тек өзгеше етіп тұрған егжетейлер (детальдер) ғана бар. Бірінші аңызда бала қой батады, екіншісінде - жылқы батады. Біріншісінде қой бақтырушы - әлдебір түрікпен (немесе Темірбаба), екіншісінде - әлдебір сахаба. Біріншісінде күйші баланы "Қаратүлей" деген жерге апарып тастаса, екіншісінде - оны жер жұтып кетеді. Ал музыкамен малды (біріншісінде - қойды, екіншісінде - жылқыны) елітіп, жайылуға мүмкіндік бермейтін оқиғасы ұқсас. Сондықтан да екі аңызда да әңгіме іс жүзінде бір мифтік кейіпкер (Қамбарбаба) жөнінде болып тұрғандығына толықтай көз жеткізу қиын болмайды.

Міне, біз бір жағынан, музыкаға, су стихиясына (Қамбар да, Темірбаба да сумен байланысты мифтік бейнелер), екінші жағынан музыкамен малды өз ырқына бағындыру қабілетіне байланысты көне мифтік келтірімді көріп отырмыз. Бұл, өз кезегінде, Қамбарбаба жөніндегі мифтің жаңа қырларын анықтауға жол ашады.

Біріншіден, баяндалған оқиғалардағы Қамбарбабаның типологиялық тұрғыдан Нұртөлеге ұқсас екендігі анық көрінеді. Екеуінің әрекеті іс жүзінде бірдей: Нұртөле жыландарды музыка арқылы өз ырқына көндірсе, Қамбар - жылқыны (қойды) осындай жолмен бағындырады. Бұл жерде жыланды да, жылқыны да бастапқы мифтік бейненің кейінгі қарабайырлануының екі нұсқалық мысалы деп есептеуге болады. Нұртөле теңіз астына кетсе, Қамбар жер астына (бірінші аңызда аталған "Қаратүлей" топониміндегі "қара" сөзінен де төменгі дүниемен байланысты келтірімнің нышанын көруге болады) кетеді.

Қамбарбаба да, Нұртөле де - "о дүниедегі мал бағушы" (ертегілік "дария жағасында сиыр баққан Тазшаны" еске түсір), яғни олар - "өлілер дүниесіндегі өлілердің рухтарын" -"өлген адамдардың (ата-бабалардың) жандарын" бағады; бұл жердегі жыландар немесе жылқылар (қойлар) - өлген жандардың - рухтардың кейіптену варианттары болып табылады.

Ал жер бетілік жағдайында Қамбар (Нұртөле) жер бетіне келген рухтарды "кері қайтарушы" болып көрінеді.

Екіншіден, кітаптың тақырыбына сай, біз, осы Қамбар бейнесінде аспан-жұлдызнамалық, күнтізбелік сипатының болу мүмкіндігін қарастырмай кете алмаймыз. Қамбардың "жер жарығына түсіп кетуі" (Қаратүлейге апарып тасталуы), яғни "тесікке кіруі" - алдыңғы әңгімелерімізде айтылып өткеніндей, қысқы күн тоқырауы сәтіне сәйкес келеді. Қамбардың тесікке түсіп кетуіне дейінгі болған оқиғаларды да, оның түсуге, қашуға мәжбүр еткен кейіпкерді де осы желтоқсан айындағы тоқырау сәтіне дейінгі айлармен, сол осы айларға сәйкес келетін аспан шырақтарының кейбіреулеріне сәйкестендіріп көруге болады.

Ал "Қамбар батыр" жыры бізге нендей мифтік сарынды мәлімет берер еді? Оның оқиғасы тым шыншыл; "уақ руынан шыққан Қамбар батырдың тұсында, "алты күншілік жерде" Әзімбай деген хан, оның 12 жасар Назым деген қызы өмір сүрген екен. Назым Қамбардың атын естіп, сырттай ғашық болады. Бір күні Қамбардың аң аулап, ауылына қайтар жолдың бойындағы өзен өткелінің қасында Назым өзінің қырық құрбысымен бірге сейілге шығып, шатыр тігіп отырады. Өтіп бара жатқан Қамбарды үйге шақырады. Қамбар батыр қайырылмай өтіп кетеді"96. Бұл - жырдың ертегіленген нұсқасы, бірақ жырдың өз оқиғасы да ертегілік нұсқаға қарағанда егжетейлік (детальдік) тұрғыдан көбірек болғанымен (екінші рет тоқтамай кеткенде Назымның өрмек құрдырып отыруы, т.б.), іс жүзінде сонымен бірдей болып қала береді. Бірақ тым реалды оқиғаның астарында аспани мифтің жатқанын аңғаруға болады. Жыр оқиғасындағы:

Өзен - Құс жолы.

Қырық қыз - Үркерлер.

Назым сұлу - Шолпан.

Қамбар - әлдебір жұлдыз (?).

Мәселен, Назымның:

Бүгінше біздің мейман бол,

Әрқашан өтіп жүресің

Ауылдың үсті ұлы жол

Қатарлап салып төсекті

Таң атқанша ұстап қол97, -

дегенінен біз Ұлы жолды (Құс жолы), Ұлы жол бойындағы ауылды (Үркерлер) көруіміз өз алдына, "төсек салып, таң атқанша жату" сияқты сюжеттен ("мерген мен жезтырнақ", "өтірік егіздер" туралы озалдардағы) "төсек салғыш пері қызы" - Кешкі Шолпанның, таң атырып көрінетін Таң Шолпанның болмысын көргендей боламыз. Тұрмыстық жыр ежелгі мифті адам танымастай етіп басқа арнаға бұрып жіберген.

Жалпы, Қамбар батырға қатысты жыр оқиғасының астарында оны гректік (дұрысы, гиперборейлік) Аполлон бейнесіне жақындатар, ұқсастырар тұстар бар:

–Назымның алты ағасының болуы, ауылының Қамбардың ауылынан алты күншілік жерде болуы - алты айды келбеттейді; бұл Қамбар жұлдызының маусым-шілдеден желтоқсанға (бүгінде қыркүйектен - наурызға) дейінгі 5-6 айлық көріну уақытын көрсететін сияқты.

–Қамбардың аңға шығып кетуі - күздің түсуі, қыс мезгілі болса, оның аңнан қайтып оралып, алдынан Назым-Шолпанның күтіп отыруы - көктемнің, Жаңа жылдың басының келу уақытына, басқалай айтқанда, - Аполлонның күзге салым Гипербореяға кетіп, көктем/жаз шыға қайтып оралуына сәйкес келеді.

Басқа да сәйкестіктер бар, оны әңгімелеу - басқа тарихтың сыбағасы. Қамбар мен Мизан/Таразыны сәйкестендірудің де қисыны бар екендігін көріп отырмыз, ал енді осы екеуіне сәйкес келер басқа да кейіпкерлерді іздеп көруге болады.

Жер тесігінен түсіп шығу және күнтізбе:

ертегілік мәтін

Шартты түрде "үш алып пен ертежейлі" деп атауға болатын ертегілердің белгілі бір сюжеттік схемаға негізделіп, тұрақты кейіпкерлік орындармен шектелгендігін аңғаруға болады.

Бірінші - үш алыптың кішісі хақында. Ертегінің (астарланған мифтің) бастапқы бөлігіндегі кейіпкерлер жөнінде айтар болсақ, біз "ағайынды" делінетін үш жігітті көрер едік.

–Ағайынды үш жігіт: Сартай, Төртай, ең кішісі - Қаратай ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Бір байдың көк биесі болады. Көк бие күн сайын, "айға қарап желіндеп, күнге қарап құлындайды" екен. Бай мен бәйбіше сол биенің туған құлындарын жеп қояды. Бір күні көк бие бала туады, бай мен бәйбіше баланы үйге әкеліп, атын "Құлатай" деп қояды. Құлатай тез өседі, есейгесін аңшылықпен айналысады. Күндердің күндері Құлатай екі адамға (әуелі біреуіне, сосын - екіншісіне) кез болады. Олар Құлатайды іздеп келе жатқандарын, оған аға болуға даяр екендіктерін айтады. Осылайша Қаратай және екеу-үш ағайынды болып шығады ("Құлатай батыр" (Е. 2-146)).

–Әлихан деген кісінің қызы, егістікте жүрген әкесіне тамақ апармақ болып, үй мен әкесі жұмыс жасап жүрген жерге дейінгі аралықты жалғап жатқан "жоңқа төгілген" (бұл - Құс жолы-С.Қ.) жолмен келе жатып аюдың апанына жолығады. Аю оны ұстап алып әйел етеді. Қыз екіқабат болып, бала туады (аю апанында жоқ кезде босанады, әйтпесе аю баланы жеп қоюы мүмкін еді). Шеше болған қыз баланы (есімі "Аюалпаң") алып еліне оралады. Аюалпаң екі дәумен (алдын ала күресіп жеңген соң) достасып, осылайша - Аюалпаң, Таудыталпаң, Судысалпаң деген үштік пайда болады ("Аюалпаң" (Е. 4-126)).

–Тобықбай деген баласыз кісінің әйелі нан илеп, қамырдан баланың бейнесін жасайды. Қамыр бейнеге жан бітіп, адамға айналады. Атын "Нанбатыр" деп қояды98. Есейген соң Нанбатыр "Ұрқанды" деген таудағы Темірбатыр, Субатыр деген екі мергенді іздеп барып, достасады, үш дос болады ("Нанбатыр" (4-154)).

Екінші - аңшылық, ергежейлімен кездесу. Үш жігіт аңшылықпен айналысады (аңшылық миф).

–Аңшылықпен айналысу. Әр күнде ағайынды екеуі аң аулауға шығады, ал үшіншісі үйде қалып, қалған екеуіне ас даярлайды екен. Бір күні Сартай үйде ет пісіріп отырса, сырттан зор дауыс естіледі. Сыртқа шықса, "сақалы қырық тұтам, бойы бір тұтам, түсі суық" бір адам тұр. Ол Сартайға әзірейілдей болып көрінеді. Шал оған "мені аттан түсіріп ал", -дейді, қорыққан жігіт шалды аттан түсіріп, үйге кіргізеді. Шал қазандағы етті түгел жеп кетеді. Оқиға келесі күні де қайталанады. Ортаншы жігіт Төртай да әлгіндей оқиғаға тап болып, оқиға толықтай қайталанады ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Бір күндері үшеуі аңшылықта жүріп, тігулі тұрған үйге тап болады. Ішінде адам жоқ екен. Атып алған киіктерін осы үйге әкеліп, осы үйде тұрып, тамақ қылып жататын болыпты. Аңға екеуі кетеді де, біреуі үйде ас дайындап қалады. Оқиға қайталанады. "Бойы бір қарыс, сақалы қырық тұтам" шал үйге келіп, жігіттен ет сұрайды, бергенін місе тұтпай, оны астына басып отырып, қазандағы етті түгел жеп кетеді ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Үшеуі жол жүріп келе жатып бір өзенге келеді. "Өзенде" үстін темірмен жапқан ағаш үй тұр екен. Үйде адам жоқ. Қорада 100 өгіз байлаулы тұр, алдарында жем-шөбі бар. Алыптар осы үйде қалып, аң аулап күнелтеді. Екеуі аңға кеткенде, біреуі ас дайындап үйде қалады. Өгіздердің біреуін сойып, үш қазанға сондай үш өгізді сойып тамақ пісіреді. Басқа варианттағы оқиға қайталанады. "Сақалы бес қарыс, бойы бір тұтам шал" (ертегіде "жермыстан" делінген) ("Аюалпаң" (4-126)).

–Үшеуі "Шұрқанды" деген тауда аң аулайды. Қаратайдан іргесі жетпіс қабат, есігі жеті қабат үй салып алады. Екеуі аңға кеткенде, үшіншісі үйде қалып, ас даярлайды. Оқиға қайталанады. "Бойы бір қарыс, сақалы жеті кез аппақ қудай шал" ("Нанбатыр" (4-154)).

Үшінші - ергежейліні сақалынан бәйтерекке байлау.

–Үшінші кезекке кенже жігіт Қаратай үйде қалады. Ac пісіріп, өлеңін айтып отырса, сырттан дауыс естіледі. Баяғы шал жігітке "мені аттан түсіріп ал", - дейді, жігіт болса "өзің түс", - деп жауап береді. Үйге кірген шал ет сұрайды. Қаратай қазаннан бір адамға жетерлік ет алып береді. Шал таты сұрайды, Қаратай бермейді. Қаратайдың бұл айтқанын елемей, қазанды шалдың өзі билеп-төстемек болғанда, жігіт ашуланып, шалдың сақалынан ұстап алады да, үлкен бәйтерекке байлап қояды ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Үшінші күні ас пісіруге қалған Құлатай... әлгі шалды үлкен бәйтерекке сақалынан байлап қояды ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Үшінші күні үйде Аюалпаңның өзі қалады. Аюалпаң бойы бір тұтамды сақалынан алып, белағашқа салбыратып байлап қояды ("Аюалпаң" (4-126)).

–Үшінші ретке Нанбатыр үйде қалады. Ол бойы бір қарыс шалды сақалынан ұстап, жуан бәйтерекке байлап қояды ("Нанбатыр" (4-154)).

Төртінші.

–Жігіттер ұйықтап жатқан кезде шал сақалын үзіп қашып кетеді. Ертеңіне шалдың жоқ екендігін көрген, байланған жерде тек сақалының қалғанын көрген Қаратай оның ізіне түседі. Ізіне түсіп келе жатса, шалдың ізі "жердің астына қарай бір қуысқа" келіп жоғалған екен. Қаратай жер астына түседі.

–Түнде әлгі шал сақалын үзіп қашып кетеді. Жігіттер оның соңына түсіп келе жатса, із бір қара тасқа келгенде аяқталады екен. Құлатай батыр қара тасты аударып қараса, астында терең құдық бар екен. Құлатай арқанмен құдық ішіне түседі ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Бойы бір тұтам қашып кетеді. Үш алып қан тамған ізбен оның артынан қуады. Суы жоқ бір құдыққа келеді. Аюалпаң беліне қырық құлаш арқан байлап, бір шетін екі алыпқа ұстатып құдық ішіне түседі ("Аюалпаң" (4-126)).

–Шал бәйтеректі бүкіл тамырымен жұлып алып, сүйрей-мүйрей қашып кетіпті. Үш батыр артынан қуады. "Үш ай, үш күн дегенде" жердің жарығына келіпті. Жердің жарығына Нанбатыр беліне арқан байлап түседі ("Нанбатыр" (4-154)).

Бұл варианттық үзінділер қатарына "Аюдәу" ертегісінің оқиғасын да қоса аламыз:

–Аюдәу мен оған серік болған дәу екеуі жалмауызды іздеп кетеді. Айдалада жалмауыз құла түзде қырық құлақты бір қазанда май қайнатып, адамдарды көгендеп осы майға пісіреді екен. Аюдәу жалмауызды қазанға салып, пісіп-пісіп алады. Жеті жалмауыздың алтауын өлтіріп, жетіншісінің басы домалап шұңқырға түсіп кетеді. Адамдарды босатқан соң, тесікке арқан байлап түседі ("Аюдәу" (4-89)).

Бесінші - жерасты дүниесі, оның нысандары мен кейіпкерлері.

–Жер астына түссе, астында бір ақ үй тұр. Ішінде - үш сұлу қыз бар екен. Олар жігітті көрген соң түрегеліп тәжім етеді. Аман-саулық сұрасқаннан кейін әлгі шал жөнінде сұрайды. Қыздар сол шалдың қатерлі екендігін, көршілес үйде екендігін айтады ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Жер астына түссе, үш ақ үй тігулі тұр. Құлатай ортадағы үйге келіп кірсе, ішінде үш қыз отыр, қастарында олармен ойнап отырған "бойы бір тұтам" шал бар ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Жер асты. Бір үй. Үйге кірсе, ішінде алты қыз отыр екен. Жігіт жөн сұрасады ("Аюалпаң" (4-126)).

–Жер асты бір күмбез екен. Күмбездің іші толған "бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыстар" екен. Нанбатыр оларды түгелдей жайратады. Күмбез ішін аралап жүріп, темір есікті ашса, іші толы көгендеулі адамдар екен. Екінші есікті ашса, ай мен күндей толықсыған қыз, қасында бәйтеректі сүйреп қашқан шал ("Нанбатыр" (4-154)).

–Жер астында да жер бар, онда да ел-жұрт бар, бірақ жер бетіндегідей аса жарық, күні өткір емес. Дарбазалы қорғанға тaп болады. Іші толы көгендеулі халық. Бір жерде - өңкей кәрілер, бір жерде - өңкей орта жастағылар, үшінші бір жерде - жастар. Басқа бір үйге барса - өңкей сұлу қыздар байлаулы екен ("Аюдәу" (4-89)).

Алтыншы - "Бойы бір қарыстың" өлімі.

–Шал мен Қаратай ұзақ алысады, шаршайды. Қыздардан су сұрайды. Қыздар берген суды ішкен Қаратай өзінің күшінің артқанын сезеді. Қыздар жігітке күшін ұлғайтатын қасиеті бар суды, шалға күшін кетіретін суды берген екен. Қаратай шалды өлтіреді ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Құлатай әлгі тұтам шалды өлтіріп, басын кеседі ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Жермыстанның жаны кеудесінен бөлек, үш пештің бірінде кеудесі, екіншісінде - аяқ-қолы, үшіншісінде - жаны (қоңыр қаз, үйрек кейпінде) бар. Аюалпаң оны өлтіреді ("Аюалпаң" (4-126)).

–Нанбатыр оны өлтіреді ("Нанбатыр" (4-154)).

–Үшінші үйдің ішінде екі есік бар. Сол есіктердің көк есігін ашса-тағы бір қос есік, оны ашса-тағы бір есік. Одан кейін үлкен көк сандық, оның ішінде көк кептер бар. Кептердің жүнін біртіндеп жұлған сайын бас та домалап жақындай береді. Таяп қалғанда басты жұлып алса, жеті басты жалмауыз өледі ("Аюдәу" (4-89)).

Жетінші - қыздар туралы.

–Қыздар өз хикаясын баян етеді: "Үш қыз-туысқандар, жер үстіндегі Сарманқұл деген байдың қыздары. Сарманқұлдың сәулетті сарайы мен бағы (бақшасы) бар. Қыздар әр күн бақшаға барып, сайран етеді. Бақ ішінде әртүрлі құстар сайрап, гүлдер хош иіс беретін, бұлақтар сылдырап ағып, жыл бойында неше түрлі жеміс, екпесе де өсіп тұрушы еді. Бір күні, қыздар, бақтың қызығымен уақыттың қалай өткенін аңғармай, кеш түсіп кеткенін білмей қалған екен. Кенеттен күн түнеріп, дауыл тұрады. Күн күркіреп, найзағай ойнап, жер солқылдайды. Бір нәрсе (әлгі шал) білінбей келіп қыздарды төменге тартып әкетеді. Қыздар жер астындағы ақ үйден бір-ақ шығады" ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Қыздардың жөні: "Бойы бір тұтам" шал бір ханның бал асы екен де, үш қыз - оның қарындастары екен. Ол үш қарындасымен "бір көлдің" жағасында (басында) елден бөлек үш ақ үй тігіп жатады, қыздарды алмақ болып келген күйеулерді өлтіріп тұрған екен ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Қыз Сабаз деген бір қарт кісінің перзенті екен. Көп жыл бойы бір қарыстың қолында тұтқын болыпты ("Нанбатыр" (4-154)).

Сегізінші - арқанды қиып жіберу.

–Қаратай арқан ұшына қыздардың біреуін байлап, "тарт" деген белгі береді. Ағалары қызды тартып шығарады. Осылайша үш қызды тартып шығарады. Кезек Қаратайдың өзіне келгенде, ағалары Қаратайды жер астында қалдырып кетеді ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Қыздарды құдықтан арқан арқылы шығарғаннан кейін, ағалары арқанды кесіп, Құлатайды құдық ішінде қалдырып кетеді ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Қыздарды құдықтан шығарған екі алып, Аюалпанды құдық түбінде қалдырып кетеді ("Аюалпаң" (4-126)).

–Темірбатыр мен Субатыр Нанбатырдың арқанын кесіп, шыңырау түбіне тастап кетеді ("Нанбатыр" (4-154)).

–Оқиға қайталанады. Дәу жіпті кесіп, өрмелеп келе жатқан Аюдәуді шыңырау түбінде қалдырып кетеді ("Аюдәу" (4-89)).

Тоғызыншы - жер бетіне шығу.

–Жер астында, қамауда қалған Қаратай "бір үлкен тесікті" көреді. Тесікке кірсе, бір ақ сақалды шал отыр, оның алдында "сөнбейтін от" жанып тұр. Ақ сақал бар зейінімен кітапты оқып отыр. Қаратайды көрген ол күлімдеп: "Қош келіпсің, сүйікті ұлым Қаратай", - дейді. Таныстығы жоқ қарттың өз атын атағанына таңғалған жігіт себебін сұрайды, шал мынадай жауап қатады: "Менің көп күткен қонағым сен едің. Мен бұл шыңырауда қырық жыл тұрып, уақытымды мына кітапты оқуға арнадым. Бізді тағдыр қосты, сен - маған ұл, мен саған ата боламын. Сенің маңдайың жарық, бағың жарқырап тұр. Ағаларың аз уақытқа қорлық еткен, ғашығыңнан аз уақытқа айырылыпсың." Осы сөздерді айтып, жігітті тыныштандырған шал да, жігіт те ұйықтауға жатады. Жігіт ұйықтаған кезде, шал бір оқуын оқып, аққу болады да, ұйықтап жатқан Қаратайды арқасына отырғызып, көзді ашып-жұмғанша жарық дүниеге шығарады. Қаратай үш күн, үш түн ұйықтап, төртінші күні тұра берген кезде, шал ғайып болады ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Құдық түбіне қайта құлаған Құлатай "бір үлкен көлдің жағасына түседі". Терек. Терек басында үш балапан. Оларды бір айдаһар нақты бір уақыт болғанда, нақты бір кезекпен жейді екен. Жігіт айдаһарды өлтіреді. "Ауа райын қырық құбылтып" (сөз тіркесін осылайша қолданған біз - С.Қ.) Қарақұс-ана келеді. Жігітті жұтпақ болады. Жолға су мен азық даярлатады. Жер бетіне алып шығады (жалпы, нақ осы "ерен - айдаһар - алып қарақұс" оқиғасы жөнінде басқа әңгімелеріміздің бірінде арнайы тоқталғандықтан, бұл жерде тәптіштеп жатпадық - С.Қ.) ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Құдық түбінде қалған Аюалпаң бір күн, бір түн жылайды. Ертесіне құдық аузына келген бір қыз мынадай ақыл айтады: "Артыңдағы үйдің ішінде, оның оң жақ бұрышында жермыстанның жер астына түсіп жүрген жолы бар. Сол жолмен иығыңмен сырғанай берсең, жер астына түсесің. Көзіңді жұмдағы, сырғанай бер". Аюалпаң құмырсқаның жолындай ізбен жорғалай береді. Бір жерге топ ете түседі. Қараса көп ауыл (үй). Бір үйде -бір әйел ұршық иіріп отыр, екінші әйел түкірігіне нан илеп отыр. Жігіт осының мәнісін сұрайды. Сөйтсе, құдығынан бір айдаһар шығып, халыққа су бермей отыр екен. Күніне бір қошқар, бір қыз, бір еркектен жеп тұрады екен. Аюалпаң айдаһарды өлтіреді. Жерасты патшасы оған қырық кез саты жасаттырмақ болады. "Ерен - айдаһар - алып қарақұс" оқиғасы (ертегіде - үш балапан, Самұрық, айдаһардың орнында - басқа бір құс, ерен оны шоқпармен ұрып өлтіреді). Самұрық Аюалпанды жер бетіне шығарады ("Аюалпаң" (4-126)).

–Орта жолдан құлаған Нанбатыр бір күн, бір түн дегенде есін жинайды. Өзі босатқан адамдардың ішінде бір қарт оташы бар екен, сол кісі Нанбатырдың сынған сүйектерін таңып, "үш ай дегенде" қаз-қалпына келтіріп, сақайтады. Басқыш жасап, "бір ай он күн" дегенде жер бетіне шығады ("Нанбатыр" (4-154)).

–Аюдәу жер астымен жүре береді. Келе жатса бір кісі қос (соқа-С.Қ.) айдап жүр екен. Аюдәу онымен амандасады, кісі болса, "мына жерде екі айдаһар бар, адамның даусын естісе, келіп жұтып жібереді", - дейді. Аюдәу әлгі кісінің орнына қалып, соқа айдайды, дауысын естіп келген екі жыланды (айдаһарды) екі өгіздің орнына жегеді. Зорыққан айдаһарды суарып, іштерін жарып өлтіреді. Айдаһарлардан құтылған жер асты елі үш күн ұдайы той жасайды. "Күлдітөбе" деген төбе басындағы үлкен шынар ағаш, "ерен - айдаһар - алып қарақұс (ертегіде - Семір құс)" оқиғасы. Құс еренді жер бетіне шығарады ("Аюдәу" (4-89)).

Бұл сюжеттерде де инициациялық әрекеттер (жас өрен жаңа еркекке айналады, Рух-қамқоршыдан құт, қасиет алады, т.б.) мен аспани-күнтізбелік оқиғалар бар. Қызды жеп тұратын айдаһардың (Айдаһар, Персей, Андромеда, Кефей) шоқжұлдыздар екендігін басқа әңгімемізде айтып өткен болсақ, басты кейіпкерлер мен нысандарды да осы сарында түсіндірудің қисыны бар.

Оныншы - елге оралу.

–Ауылына келген Қаратай ағаларын жазаламақ болады, олар кешірім сұрайды. Қаратай үш қыздың біреуін алып, қалған екеуін өз сүйгендеріне қосады ("Қаратай" (Е. 2-177)).

–Құлатай ағаларына кешірім береді ("Құлатай батыр" (2-146)).

–Аюалпаң екі алыптың сазайын тартқызғанымен, оларды өлтірмейді, алты қыздың бесеуін соларға береді ("Аюалпаң" (4-126)).

–Нанбатыр екі "досын" өлтіреді ("Нанбатыр" (4-154)).

–Жер бетіне шыққан Аюдәу адамы жоқ қалаға тап болады. Құран оқып отырған қызбен кездеседі. Қыз айдаһар екен, оны өлтіреді. Еліне барып, баяғы жолдасын тоғыз түйеге артылған шеңгелдің ортасына байлап, бүкіл халықтың алдында от қойып өртеп жібереді ("Аюдәу" (4-89)).

Соңғы вариант, сірә, ертегілік ауысулардың нәтижесі болуы мүмкін.

Енді сол ортақ желілі ертегілік варианттарды қысқаша түрде баяндап көріп, олардың оқиғалары мен кейіпкерлерінің аспан нысандары мен күнтізбелік уақыт мезеттеріне сәйкестігін табуға болады. Қарастырылатын ертегілер ішінде "Қаратай", "Құлатай батыр", "Аюалпаң", "Нанбатыр" ертегілерінің оқиғасы салыстырмалы түрде алғанда бір желілі болып келеді. Бұдан басқа, "жердің тесігіне кіру және шығу" оқиғасы "Аюдәу", "Жоғалған хан қызы" (Е. 3-102), "Ер Төстік" сияқты т.б. ертегілерде кездеседі, тек бұларда "тесікке түскенге дейінгі" оқиғалар мүлде басқаша болып шыққан. Міне, осы ертегілік хикаяның астарында ежелгі сынақ (инициация) тізбектері мен күнтекті қаһарманның жылдық (жұлдыздық-күнтізбелік) сапары хақындағы ежелгі миф жатыр. Әрине, ертегінің жеке кейіпкерлері мен жекелеген сюжет-блоктары, мифтік таным тұрғысынан алғанда, әлдеқайда күрделі әрі көп қабатты, олардың барлығын бірдей түстеп, таныстырып жатуға тақырып ауқымы жетпейді, оның үстіне, өзіміз де осы мифтік қабаттарды өреміз жетіп танып болдық деп айта алмаймыз. Әзірге, осы екеуінен, яғни инициация мен аспани-күнтізбелік болмысы өзара сабақтасқан мифтік қисынды түсіндіре алсақ та жеткілікті. Сонымен ("Үш алып пен ергежейлі" ертегісінің төрт нұсқалық мазмұны "қосымша тарауда" берілген, ал мына жерде біз тек қысқаша, ортақ мазмұнын ғана баян етеміз).

Бірінші - үш алып туралы. Үш алып жігіт болады. Бір вариантта алыптардың кішісі күн сайын, "айға қарап желіндеп, күнге қарап құлындайтын" көк биеден туса, екіншісінде -аюға қатын болған қыздан туады. Осындай өмірге келушіліктің әрбір мысалы туралы жеке-жеке қарастыруға болады, өйткені бұл жердегі көк биенің уақыт көрсеткіші, ал аюдың - әлдебір шоқжұлдыздың тұлғалануы екендігін байқау қиын болмас, тотемизм мәселесі де бар. Күн сайын туатын биенің құлындарын жеп тұратын бай мен бәйбіше де -уақыт "жебір", іс жүзінде сондай құлынның бірі болған қаһарман да - тәуліктік және айлық уақыттың көрсеткіші. "Қаратай", "Құлатай", "Төртай", "Сартай" сияқты есімдердің бір үлгіде жасалуының өзі жеке әңгіме қозғауға тұрарлық. Бұл жерде біз, ең алдымен, Қаратай және Құлатай есімдерінің көне түркілік Қара және Ала атты Жол тәңіриелерінің есімдеріне сәйкес келетіндігін, оның ішінде Қаратай есімінің сөздік жағынан да, мифтік бейне жағынан да ортаазиялық Сиявушқа (Сйаваршан "Қара ат") сәйкес келетіндігін айтып отырмыз.

Алыптар саны үшеу, бұл да - кездейсоқтық емес. Оларды жұлдыздық сәйкестендіру деңгейінде ғана қарастырар болсақ, үш алып мергеннің Орион-"Аңшы" (немесе Орион және Сириус) шоқжұлдызының кейіптенуі болар деп тұспалдауға болады. Бүгінде Сириустың туар шағы тамыз, Орионның туар шағы қыркүйек айларының белгілі бір даталарына сәйкес келеді. Олай болса ертегінің күнтізбелік оқиғасы да (әзірше) тамыз-қыркүйек айларынан басталады"99. "Әзірше" деуіміздің себебі - осыдан екі мың, бес мың, сегіз мың жыл бұрын аталған шоқжұлдыздардың "туу уақытының" даталары мүлде басқаша болған, ал біз болсақ, ертегілік мәтінді тым ежелгі замандардың күнтізбелік оқиғасы деп отырмыз. Сондықтан бұл жерде әлі де болса астрономиялық-уақыттық тұрғыдағы нақтылаулар қажет.

Екінші, үшінші - үш алыптың аңшылықпен айналысуы. Ергежейлімен кездесу. Үш алып айдалада, яғни "түнгі жұлдызды аспанда" аңшылықпен айналысады. Сол айдалада, "өзен" (Құс жолы) жағасындағы "әлдебіреудің" бос үйіне тап болып (вариант: үстін темірмен жапқан үй, қорасында 100 өгізі бар), сонда тұратын болады немесе өздері үй салып алады. Яғни бұл жердегі "үйдің" болуы мәтіндегі кездейсоқтық емес, оның да өз мәні болуы тиіс; ал әзірге оны әлдебір культтік киетам (святилище) деп есептеуге де болады.

Екеуі аңға кеткенде біреуі "үйде" қалып, екеуінің алдынан ас даярлап, осылайша кезектесіп тұрады екен. Бір күні алыптардың үлкені үйде ас дайындауға қалады. Қазан көтеріп, ет асады. Ас дайын бола берген мезгілде сырттан біреудің даусы естіледі. Қараса, аттың үстінде бір ергежейлі шал ("бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс") тұр екен, ол алыпқа "мені аттан түсіріп ал", - дейді, шалдың суық түсінен қорыққан жігіт оны атынан түсіріп, үйге кіргізеді. Шал қазандағы етті түгел жеп кетеді. Осы оқиға келесі күні де, ортаншы алып үйде қалғанда да қайталанады. Тек үшінші күні, алыптардың кішісі үйде қалғанда ғана ол ергежейліні (дәгәлді, тапалды) жеңіп, оны сақалынан бәйтерекке байлап, іліп қояды.

Төрт варианттан да көретініміз - жасөспірім сынақтан (инициациядан) өту үшін айдалаға жалғыз тасталады. Ол аң аулауды, тамақ пісіруді, т.б. еркектік өнерді меңгеруі тиіс. Мұндағы оның пісірген етін жеп кететін де - ең алдымен "Аңның иесі", тәңірие.

Ал аспани-мифтік деңгейде қарастырсақ, Өзен - Құс жолы, лашық (үй) - түнгі аспанның өзі, оның ішіндегі қазан, қорадағы өгіздер - жұлдыздар (және планеталар, басқа да аспан шырақтары мен денелері) болып табылады.

Аспани деңгейдегі "етін тартып жейтін" ергежейлі шал кім? Ол - Тас-тарақай (бұл кейіпкер жөнінде келесі әңгімемізде дербес қарастырылады), сондай-ақ ол шоқжұлдыздардың не планеталардың біреуі екендігіне ғана сенімдіміз. Бұл жерде, егер, сойылатын аңды (өгізді, киікті) Айдың "айлық циклі" деп есептер болсақ, бойы бір тұтам (қарыс), сақалы қырық тұтам (қарыс) шалдың ең алдымен "қысқа да ұзақ" Уақыт екендігін аңғарған болар едік (мүмкін, Сатурн планетасының арғықазақтық тұлғалануы шығар). Үй, яғни түнгі аспан - осы шалдікі (Уақыттікі).

Мергендердің ет асуы, бойы бір тұтамның (Тас-тарақайдың) сол етті жеуі - күз айларының бір күндері өткізілетін "Ата-бабаларды еске алу күні", сол күні берілетін ас-садақа, құрбандық. Бұл жерде қытай құжаттарында сақталған ертедегі көшпелілердің күз айында беретін ғұрыптық-рәсімдік шараларының осы "үш мерген асқан етті бойы бір тұтамның тартып жеген" күндеріне сәйкес келетіндігін де еске салуға болады.

Ереннің "бойы бір қарысты" ұстап алып, сақалынан бәйтерекке байлап қоюын, ең алдымен әлгі "ергежейлінің" шоқжұлдыздық кейпінің Құс жолы маңынан көрініп тұруы деп есептеген жөн сияқты.

Төртінші - ергежейлінін тесікке түсіп кетуі.

Бәйтерекке байланған ергежейлі босанып шығып (сақалын үзіп не бәйтеректі тамырымен қоса қопарып алып), қашып кетеді де, бір тесікке (қуысқа, қара тастың астындағы құдыққа, суы жоқ құдыққа, жердің жарығына) түсіп кетеді.

Жердің тесігі, құдық, шыңырау, жер жарығы - аспани-күнтізбелік мифтің деңгейінде, бұл -Күннің ең қысқа болатын, "үңгірге кіретін сәті" - қысқы тоқырау, желтоқсанның 21-і. Сондай-ақ осы тесіктің инипиациялық емтихан кезіндегі сынақтан өтуші жас жігіт қамап қойылатын арнайы ор болуы да мүмкін (кейінгі, мұсылмандық суфизмдегі шәкірттің қараңғы бөлмеге қырық күнге қамалатындығы сияқты) деп те қарастыруға болатын сияқты.

Бесінші - жерасты дүниесі, оның кейіпкерлері. Алыптардың кішісі тесік арқылы жер астына түседі. Ол жақта ақ (бір не үш) үй тұр екен. Үйде қыз (бір, үш, алты) отырады. Сондай-ақ бір вариантта келесі үйде (дарбазалы қорғанда) көгендеулі халыққа тап болады: бір жерде - өңкей кәрілер, бір жерде - өңкей орта жастағылар, үшінші бір жерде - жастар. Яғни бұл жерде уақыт мәселесі айқын көрініп тұр.

Кәдуілгі мифте, бұл "ақ үйлі" кеңістік - о дүние, өлілер дүниесі, "ата-баба елі" немесе "Ататектің Рух-Қамқоршысының жері". Аспани мифте ақ үй - "батыс жақ", қыздар -Үркерлер, негізгі қыз кейіпкер - Шолпан болып шығады. "Жер астына түскен" Күн (алып) жарты жылға (қыс уақыттарында) "басқа дүниеде сапар шегеді", яғни оның жолында кездескен нысандар мен кейіпкерлер расында да шоқжұлдыздар мен планеталардың тұлғаланулары болуы, ал инициациялық тізбекте бұл жекелеген сынақ шарттары (сатылары, кезеңдері) болуы мүмкін.

Алтыншы - алыптың ергежейліні өлтіруі. Алыптың ергежейліні жеңуіне қыз (қыздар) көмектеседі: оған әлдебір қасиетті эликсир беру арқылы күшін молайтады немесе ергежейлінің жанының құста (сандық ішіндегі екі көк кептерде) екендігін айтады. "Кептер мәселесі" де - арнайы қарастыруға тұрарлық мәселе, өйткені осы құс туралы басқа әңгімелерімізде де қарастыруға тура келеді. Ереннің қолынан өлетін, оның етін тартып жейтін, адамдарды көгендеп қойып жейтін "шал" - ежелгі тәңіриенің қарабайыр бейнесі ("Өлтірілген тәңірие" мақаласын қараңыз).

Жетінші - қыздар туралы. Ақ үйде тұратын қыздар: кәдуілгі мифте - "өлілер дүниесінің әміршісінің қыздары", аспандық-күнтізбелік мифте - Үркерлер. Сол қыздардың ішіндегі оқиғаға қатыстырылатын қыз - Шолпан. Жалпы, осылардан біз басқа мифтік дәстүрлерден таныс болған "әйелдермен байланыстырылған о дүниелік ұжмақ" ("остров блаженных" делінетін) бейнесін көріп отырмыз. Өңшең әйелдер, жеміс бағы - осының барлығы да ежелгі грек мифіндегі Гесперидалар бағын, кельт мифіндегі Аннонды - "алмалы аралды" еске түсірмей ме? Мұндағы Геспердің - кешкі Шолпан, гесперидалардың - оның қыздары екендігін ескерсек, "біздің қыздардың" Да, ең алдымен (Шолпанмен байланысты) Үркер-қыздар екендігін айтар едік (Үркерлер көктемде батыс көкжиектен батады; Батыс - "о дүние жағы"). Мәтінде олар ергежейлінің қарындастары немесе ергежейлі еріксіз алып кеткен әлдебір кісінің қыздары болып суреттеледі. Жалпы мәтіндегі "Сармантай", "Сабаз" деген қыз әкесінің есімдері де мифтік-этимологиялық тұрғыдан қарастыруға тұрарлық.

Сегізінші - арқанды кесіп жіберу. Алып ергежейліні өлтіріп, қыздарды алып, жер бетіне шықпақ болғанда, "ағалары" тесікке түсірілген арқанды кесіп, кіші алыпты жер астына қалдырып кетеді. Осы оқиғаның мағынасы басқа оқиғаларға қарағанда мүлде түсініксіз болып қалған, тек жалпы күнтізбелік қисынға қарай осы сәтті көктемгі күн мен түн теңелу сәтімен байланыстырып көруге болады.

Тоғызыншы - жер бетіне шығу. Алыптың жер бетіне шығуы негізінен бәйтерек басындағы құстың (алып қара құстың) арқасына отырып, жер бетіне шығуы түрінде суреттеледі. Бұл - жазғы күн тоқырау сәті (21-22 маусым).

Ең бастысы, біз осы ертегілік оқиғадан Күннің жылдық қозғалысын көріп отырмыз. Тек бұл жерде ертегілік мәтін: а) осыдан - 5-6 мың жыл бұрынғы жазғы тоқырау күнінен бастап қысқы тоқырау күніне дейінгі және қысқы тоқырау күнінен бастап келесі жазғы тоқырауға дейінгі күнтізбені; ә) кейінгі заманғы прецессиялық өзгерістер нәтижесінде пайда болған егжей-тегжейлік толықтыруларды жымдастырып көрсетіп отыр.

егізгі қисын осындай, бірақ біз сәйкестендіруді барынша нақтылай алдық деп айта алмаймыз. Ал соңғы бес-алты мың жыл ішінде көрсетілген даталар екі жарым - үш айдай уақытқа ығысып кеткен, сондықтан ертегі оқиғасының кейбір тұстары бастапқы емес, кейінгі өзгерістердің нәтижесін көрсетуі мүмкін (біздің нақтылай алмауымыздың басты себебі де осында жатыр).

Осындай күнтізбелік циклді нақтылауға кедергі келтіріп отырған ең басты нәрсе - біздің жұлдыздар мен планеталардың түнгі аспандағы қозғалысы (көріну-көрінбеу уақыты, көріну орны, т.б.) жөніндегі мәліметтеріміздің жетімсіздігі болып отыр. Рас, осындай мәліметтері кестеленген анықтамалықтар орыс, ағылшын, т.б. тілдерде бұрыннан бар, осындай мәліметті планетарийлерден практикалық жолмен алуға да болады, сондай-ақ арнайы астрономиялық компьютерлік бағдарламалар да бар. Тек оған біз сияқты ауыл қазағының қолы жетпей отыр. Сондықтан да ертегілік оқиғаның астарынан осындай аспани-күнтізбелік қисындарды тап басып отырғанымыздың өзінде де, оларды күнтізбенің нақты айының нақты күнімен әспеттеу қолымыздан келмейді.

Ертегі ежелгі аспан жағдайын тіркеп қалдырған. Бізге бүгінгі Күннің төрт позасы (жазғы және қысқы тоқыраулар, көктемгі және күзгі теңесулер) белгілі болғанымен, прецессия барысында көріну-көрінбеу даталары ығысып кеткен Үркер, Сириус, Орион сияқты шоқжұлдыздардың нақты уақыттық көрсеткіштері белгісіз болып отыр (оны орташа астроном да анықтай алар еді-ау). Біз келтірген ертегілік оқиға да аталған жұлдыздардың көріну-көрінбеу уақыттарының Күннің тоқырау, теңелу уақыттарымен әлдебір сипатта сәйкесу барысындағы күнтізбелік жағдайды суреттейді.

Сарапталған ертегінің мифтік сыры тек осылармен шектелмейді. Оның жекелеген бейнелері мен сюжет-блоктарын басқа әңгімелерімізде қысқаша болса да қарастырып өттік. "Көзіміз түспеген" сырлары бұлардан да көп болуы тиіс.

Тас-тарақай — тархан

Үш алып туралы, ар жағында ортақ сюжеттік қаңқа жатқан ертегілердегі "ергежейлі" ("бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс кішкентай шал", "бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам кішкентай шал", т.б.) бейнесін тану да - аса маңызды іс, өйткені біз осы тапалды (дәгәлді, ергежейліні) алдыңғы әңгімелерімізде қарастырылған Қамбар және Мизан/Таразы "жұлдыздарымен", олардың тұлғалануларымен сәйкестендіргіміз келеді. Мұның да өзіндік себептері бар.

Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шалдың кескіні қандай? Бойы мен сақалының өзара мөлшерлік қатынасына қарар болсақ, оны былайша кескіндеуге де болады: Яғни ортадағы тоғысу нүктесі –

"шалдың бойы", одан тараған сегіз (алты) сәуле - "шалдың сақалы"; шалдың бойы өзгермейді, ал сақалы ұзара да, қысқара да алады. Бұл кескін оны ғаламдық ағаш ("тар" > "тарақ") кескініне жақындатады (оның үстіне, алыптардың біреуінің осы шалды сақалынан бәйтерекке байлап қоятыны да бар), міне, сондықтан да, осы бейненің есімін әуелі "тар" - "тарақ" негізді ұғымдармен байланыстыра отырып іздестіргенді оңтайлы көреміз.

Ең алдымен ойымызға келетіні - "тарқан" (тархан, дархан, теркен) сөзі. Түсіндірме сөздіктегі "дархан" (тархан) - "ешқандай алым-салық төлемейтін, басы бос, еркін деген мағынадағы титул, дәреже" дегенді білдіреді100.

Сөз тарихына үңілу. Тарқан (тархан) - түркі ортасындағы ең ежелгі белгілі әскери алпағылардың (мансаптардың) бірі, осы атау 6 ғ. құжатында кездеседі, мәселен, 590 жылы көктүрік қағаны Дизабулдың сарайына византиялық Юстин патшадан елші болып келген Земарх еліне қайтуға рұқсат алғанда, түрік қағаны, өз елшісі ретінде, оның қасына "тархан" шеніндегі Тагма деген көктүрік офицерін ертіп жібереді (Memander, Excerpt de le Legationibus)101. "Тархан" сөзі әскери алпағы ретінде орхон-енисей жазбаларында, "егемен хақыға ие ірі ақсүйектер мен билеушілердің титулының аты" ретінде Махмұт Қашғари сөздігінде де кездеседі102.

Көктүріктер заманында мынадай тархандық атақтар болған: Апа-тарқан - Бас қолбасшы атағы, сондай-ақ ірі ақсүйектің атағы; Бойла баға тарқан - Тоңүкөктің өз атағы, бұл екі атау да Тоңүкөкке арналған жазуда кездеседі. Баға тарқан - атақ-дәреже; Суджа ескерткішінде кездеседі, мұнда "Құтлұқ баға тарқан" деген кісі есімі бар.

Этимологиясы белгісіз осы бір терминге мифтік тұрғыдан соқтықпай-ақ қоюға болар еді, бірақ Шыңғыс хан заманына қатысты деректерде біздің зерттеу тақырыбымыздың бірі болып отырған мифтік тоғыздық (тоғыз мәрте әрекет жасау) осы терминмен де байланыстырылған екен.

Темучинді (Шыңғыс ханды) хан болмай тұрған кезінде Бургуджи және Бургул деген серіктері өлімнен құтқарып қалады. Кейінірек, қиын-қыстау кезеңдегі көрсеткен адалдығы үшін хан оларға "тархан" деген атақ береді. Тархан атағына ие болған адам, сол кездегі түсінік бойынша, осы атақты алғаннан кейінгі ғұмырында жауапқа тартылмай сегіз рет қылмыс жасай алады екен (тоғызыншысын жасаған кезде ғана жауапқа тартылады)103. Бір сөзбен айтқанда, тархан тоғыз күнәсіне индульгенция алады. Міне, осы тоғыздық әрекеттің тек тархан атағымен байланысты болуы бізді ойландырады: осы "тархан" дегеніміз о баста кім болған?

Шыңғыс хан заманының тарханы:

–салықтың барлық түрінен босатылады;

–жорық кезінде тапқан олжасын түгелдей өзіне қалдыра алады;

–хан алдына кез келген уақытта бара алады;

–сегіз рет қылмыс жасай алады, тек тоғызыншы қылмысынан соң жауапқа тартылады.

Сонымен, тарқан (тархан, дархан) - ең жоғары әскери шен және ақсүйектік-феодалдық титул. Тархан атағына ие болған адам көптеген салық жеңілдігіне ие болатын еді, сондай-ақ "тархан" деп сол кісілерге берілген жер мен мүлікті де атайтын болған. Осы атауды ортағасырлық орыстар қабылдады. Орыс мемлекетінде 13-16 ғасырлардағы салық жеңілдігін беретін грамоталарды "тархандық грамоталар" деп атаған104. Бұл жерде "тархандар" деп салықтан босатылған феодалдар, князь бен кейбір әлеуметтік топтарды атаған. Оңтүстік Кавказ, Орта Азия, Қазан, Астрахань, Қырым хандықтарында тархандардың жері мен мүліктері осындай мемлекеттік салықтан босатылатын болған. Ортағасырлық Ресейде көпшілік-хақылық актілер (публично-правовые акты) "тархандық-сотталмайтын грамоталар" (тарханно-несудимые грамоты) деп аталған, мұндай құжаттар 18 ғасырға дейін, оның ішінде осындай грамоталардың қаржылық бөлігі 1506 жылға дейін, соттық бөлігі - 1554 жылға дейін (діни феодалдар үшін -1649 жылға дейін) сақталды.

Тархандықтың тоғыз символикасымен байланыстырылуы расында да ой салады; бұл сөздің мағынасы, этимологиясы қандай болған және о баста осындай атаққа қандай адам ие болған? Моңғол тілінде "дархан" деп темірші-ұстаны айтады. Яғни осы сөздің ұсталықпен және бақсылықпен байланысы бар деп тұспалдауға негіз бар.

Ю.Зуев 8 ғасырдағы қытай құжатындағы түркі атақ-мансаптары туралы мәтініндегі "гэ-ли да-гуань" (<k'a-lji d'atkuan) терминін көне түркілік "qary tarkwan" деген атағы деп көрсете отырып, атақтың *tarqwan түріндегі нұсқасын Бұғыты тас жазуындағы соғды тіліндегі tarkhwan сөзімен және көне түркілік tarqan сөзімен сәйкестендіреді, сондай-ақ осы "тархан" сөзінің этимологиясы жөнінде азын-аулақ ақпар бере кетеді: оның мәлімдеуіне қарағанда "тарқан" сөзі түркі тілінің топырағында этимологияланбайды екен, аталмыш терминнің әлеуметтік функциялық жай-жапсары да анық емес көрінеді. Осетинтанушы В. Абаев болса, осы сөзді скифтерден (< *tark-ana- ) шығара отырып, былай деп жазады: "Из скифского (аланского) идут тюркское tarxan почетное звание (первоначальное судья?), монгольское darxan, венгерское tarchan "olim judex..."105. Бірақ осы екі кісінің де жасаған қорытындыларын соңғы үкім деп қабылдай алмаймыз; бір жағынан, Абаевтың еш дерегі сақталмаған скифтердің өлі тілінен сөз тегін іздеуі күмән туғызса, екінші жағынан, сөздің әлеуметтік мағынасын да аша алмауы этимологиялық қисынның әлсіз екендігін көрсетеді. Жақсы, "тарқан" сөзінің этимологиясын бүгінгі түркі тілдерінің негізінде оңай анықтау мүмкін болмай-ақ қойсын, оның есесіне, скиф тілі сияқты "өлі тіл" қатарына жататын, бірақ бүгінгі түркі тілдерінің базасында реконструкциялана алатын дей-түркі тілі бар емес пе?

Анығы - "тарқан" сөзінің түбірлік компонентінің "тарк" болатындығы; мұның өзі бізге тілімізден осы "тарқ" сөзіне ұқсас ұғымдарды іздестіруге жол ашады.

Саха-якут тілінде "тарақай" деген сөз бар, алтайлық түркілерде оған"тастарақай" деген ұғым сәйкес келеді. Тас тарақай немесе тарақай - қазақтағы "таздың" (таз бастың, тазша баланың) сәйкес атауы (аналогы); қаһарман төменгі дүниеге түскенде тас-тарақайға (тарақайға, тазшаға) айналады. Қазақ антропонимикасындағы "Тастығара" (Тастықара), сондай-ақ "Тасқара" (Тазғара) есімдерінің бастапқы нұсқасы да "Тас-тарақай" болған сияқты. Сөз соңындағы "-ай" компоненті жеке ұғымды бере алуы да, бастапқы "-ан" сөзінің өзгерген нұсқасы болуы да мүмкін, сондықтан "тарақай" сөзінің бастапқы айтылуы "тарақан" түрінде де болған деп топшылауымызға болады.

Бізді "тарқан" сөзінің тоғыз санымен байланысты болуы ойландырады.

Тарақ - ағашпен (ғаламдық ағашпен) байланысты сөз (тарау, тармақ, тарам, дарау, дарақ, дара), сондай-ақ осы сөздің "сегіз-шоғыммен" ("сегіз + бір") де байланысты екендігі көрініп тұр, өйткені "тар" сөзі - тоғысу нүктесінің бір атауы, "танг/таң" праформасының бір өзгеру түрі болып табылады, ал "тарақ" сөзі - сірә, сол тоғысу нүктесінен "таралған", "тарамдалған" сәуле-сызықтардың жалпы атауы. Олай болса, "тарақ-ан" сөзі "ғаламдық ағашпен байланысты мифтік бейне" дегенді білдіруі әбден мүмкін.

"Тарақай" мен "Тас" (Таз) - екі бөлек, екі түрлі мифтік кейіпкердің атауы; осы атаулардың қосылып бір атауға айналғанына қарағанда тас пен тарақайдың мифтік сипаттарының ішінде оларды кейінірек бір тұлға деп есептеп кетуге мүмкіндік берген ортақ сипаттар да болған сыңайлы. Бізге таздың, тазшаның жай-жапсары белгілі, ал тарақайдың (тарақанның) ағашпен ықтимал байланыстылығы және тарқанның тоғызбен реалды байланыстылығы аясында, тарақай-тарқанды скандинав мифологиясындағы Хеймдалмен салыстырып көруге болатын сияқты.

Скандинав мифологиясындағы Хеймдалл бейнесі ғаламдық ағашпен байланыстырылады. Хеймдалл адамдарды жасайды (адамзаттың түп атасы) немесе адамдардың үш әлеуметтік тобының түп атасы болып сипатталып жүр. Ең бастысы - ол тоғыз қыздың (апаның) туған бір баласы (тоғыз апай бір баланы туған?); яғни бұл мифте де бізге ой салып отырған тоғыз саны бар. Хеймдалға "адамзатты жарату" (яғни, адамзатқа түп ата болу) функциясының берілгендігін ескерсек, бұл жерде оның тоғыз адамды (тоғыз адамзат ұрпағын, тоғыз тайпаны) жаратқандығын топшылауға болады. Сірә, скандинавтықтар бір пендеден туған тоғыз қыз туралы мифті керісінше (тоғыз қыздан туған бір пенде) деп өзгертіп жіберген болар. Олай дейтін себебіміз, осындай шежірелік (антропогониялық) модель түркілер арасында бар. Мәселен, қазақта ағашқа қатысты мифологиялық түсініктердің ішінде мынадай сарқын сақталған: "ағаш тоғыз бала туып, тоғызы тоғыз рулы ел болған екен"106. Ал хакас мифінде Қайрақанның "жерден өсіп шыққан тоғыз бұтақты ағашты жасағандығы, әр бұтақтың астында тоғыз адамды жасағаны, осы тоғыз адамнан бүгінде өмір сүріп жатқан тоғыз тайпа халық өрбігендігі" айтылады107. Скандинавтық Хеймдалл да осындай, ағашпен байланысты тоғыз ұрпақты (тоғыз қызды) жаратушы болуы әбден мүмкін; зерттеушілердің кейбіреуінің осы Хеймдалл бейнесінің бастауын сібірлік-түркілік ортадан іздеуі108аясында біздің тұспалымыз тым негізсіз бола алмайды.

Ағашпен байланысты Хеймдалды қазақ ертегісіндегі ағашқа ілінетін, бойы бір қарыс, сақалы қырыққарыспен де шендестіріп көруге болады, ал бұл, өз кезегінде осы "бойы бір қарысты" тарақай бейнесімен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Өйткені "бойы бір қарыс, сақалы қырыққарыс" деген қарабайыр анықтаманың астарында: а) бір нүктеде тоғысқан сегіз сызық/сәуле, тоғысу нүктесі - "бір қарыс бой", тоғысу нүктесінен жан-жаққа созылған сегіз сызық - "қырыққарыс сақал"; ә) ғаламдық ағаш (тарақ) сипаты жатыр; "бойы бір қарыстың" әлгіндей таңбалануы да, оның сақалынан ағашқа байлануы да осыған мегзейді.

"Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс" тапал шалдың басты ертегілік әрекеті - үш алыптың (жігіттің) екеуінің пісіріп жатқан етін тартып жеп кетуі, онысымен қоймай, жәбірленушіге өзін аттан түсіріп алып, есік ашып, үйге кіргізуге міндеттеуі. Бұл жерде оны Хеймдалмен алыстау да болса салыстыруға мүмкіндік бар, бірақ оған тоқталып жатпай-ақ, тарихи "тарқанмен" салыстырар болсақ, үш алыптың (екеуінің) оны атынан түсіріп, үйге кіргізуі, төрге отырғызып, өздері жемек болып жатқан асын ұсынуы (еріксіз түрде болғанына қарамастан) оқиғасынан, біз тарқанға берілген артықшылықтың (привилегияның) қарабайырланған түрін көргендей боламыз. Тапалдың ет тартып жеуі ежелгі ата-бабаға ас-садақа беру ғұрпымен байланысты109. Яғни тапал шал - бұл жерде ата-баба сипатына ие болып тұр. Егер, ертегілік үш алыптың орнына тоғыз алып болса, онда әлгі тапал шалдың ет тартып жеу оқиғасы екі рет емес, тоғыз рет қайталанған болар еді (үш саны - бастапқы емес, кейінгі ертегілік нақтылау болуы ықтимал).

"Бойы бір қарыс..." тапал шал да төменгі дүниемен (оның тесікке түсіп кетуі) байланысты, бұл оны тазбен (Тазшамен) қатар қояды. Нәтижесінде, біз ертегілік "бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шалдың" мифтік есімінің "тарақай", оның "тазбен" тұтасқан бейнесінің есімінің "тас-тарақай" болғандығын тұспалдай аламыз. Бұл жерде бастапқыдағы тарақай бейнесі (шашты, тармақты) таздың бейнесіне қарама-қарсы болуы мүмкін; тарақай "тесіктен өткенде" өзінің шашынан айырылып Тазшаға айналады. Күнтізбелік деңгейде Тарақай - жазғы тоқырау мен қысқы тоқырау аралығындағы алты ("жылы, жарық") айдың келбеттенуі болса, Тазша - қысқы тоқыраудан келесі жазғы тоқырауға дейінгі алты ("суық, қараңғы") айдың келбеттенуі болуы мүмкін; бүкіл жылдық айналым деңгейінде осы екі бейне Тас-тарақай деген біртұтас бейне болып тұрады.

Егер Тарақай - әлгі тапал/ергежейлі болса, онда тапалдың алыптан қашып тесікке түсіп кетуін: а) Тарақайға қатысты деп, ә) қысқы күн тоқырауға қатысты деп есептеуге мүмкіндік бар. Яғни Тарақай ("бойы бір қарыс") желтоқсан айында "жер астына түсіп кетеді" де, Тазға айналады. Ал бұл, біз реконструкциялап отырған Мизан/Таразы мен Қамбар оқиғаларын қайталап тұр (олар да біз қарастырған заманда желтоқсан айындағы күн тоқырау сәтінде "бататын болған"). Осы жағдайда, біз "Тарақай" сөзі мен "парсылық" делінетін "Таразы" сөзінің сырттай болса да ұқсастығына назар аударуымыз керек.

Тағы да екі ұқсастық жөнінде. Біріншіден, "Тарақай" есімі скиф мифологиясындағы ілкі адам - Тарғитайдың есіміне де сырттай болса да ұқсас болып келеді. Бұл жағдай да ескерусіз қалмауы тиіс. Екіншіден, осы сөз хеттік мифологиядағы "Тарку" немесе "Тарху" есімді тәңіриенің есіміне де ұқсас болып келеді; осы бейне жөнінде біздің қолымызда толыққанды мәлімет жоқ, бар болғаны - Тарку/Тархудың қысқы күн тоқыраумен немесе көктеммен байланысы бар екендігі (зимнесолнцестоянческий или весенний бог Тарку, Tapxy...)110- Осы әңгімелерді қалай қорытындылауға болады?

Тарақай - дей-түркілік дәуірдегі мифтік келтірімдердегі ғаламдық ағаштың тұлғалануы, ол тоғыз рулы ұрпақтың (тоғыз қыздың, тоғыз қыздан тараған ұрпақтың) түп атасы; оның бейнесін ғаламдық ағашқа табынған дей-түркілік қауым құрмет тұтқан, бұл тұрғыда ол, үндіирандық Варуна мен скандинавтық Хеймдалл сияқты (В.Гренбектін қисындамасына сәйкес), культтік мерекенің киелілігін қадағалаушы; оның ұрпағы - культтік қауым, ал "тоғыз апа" - тоғыз ғұрыптық әрекет болуы мүмкін. Культтік мереке, ас беру кезінде Тарақайға немесе оның культін өткізуші шалға/абызға "не істеймін десе еркі бар" хұқы берілген деп тұспалдаймыз.

Ал "тарқан" ұғымы қалай шықты? Бұл жерде, расында да, 6-8 ғ.ғ.. Көктүрік мемлекеттігін қалыптастыруда белгілі бір деңгейде рөл атқарған манихейлік (сондай-ақ митраистік) реформаның ықпалы болуы мүмкін; манихейлік сенім ежелгі түркілік (дей-түркілік) "тарақайдың" (мифтік бейненің не абыз атауының) сипатына өзгеріс енгізіп, оны соғды-ирандық тілдің болмысына сай "тарқан" (tarkhwan) деп алып, мүлде жаңа, әлеуметтік мәртебелік мағына берген. Осылайша, 6 ғасырдан бастап "тарқан" деген титул пайда болып, оны қағаннан мәртебесі төмен билеуші әулеттен шыққан кісі немесе жеке тайпаны басқарған ақсүйек иемденетін болған. Көне түсінік мүлде өзгерген, бірақ көне, тарақай туралы келтірімнен тоғыз (сегіз) түрлі жеңілдікке, артықшылыққа ие болу шарты тарқандарға да тиесілі болып қала берген. Ең бастысы - тоғыз ту, тоғыз даңғыра, басқа да қаптаған тоғыздықтар аясында тоғыз артықшылыққа ие болған тарқанды сөздік тегі жағынан скифтерге немесе аландарға меншіктеп қоюдың жөнсіздігі; скифтер мен аландарда осындай келтірімдер, осыған ұқсас сөздер де болған шығар, бірақ мұның барлығы осындай сөз бен түсініктерді түркілердің скифтерден/аландардан алғандығын көрсете алмайды, керісінше, скифтер мен аландарға, осындай түсініктер, егер оларда болған болса, дей-түркілерден келуі әбден мүмкін.


author

Серікбол Қондыбай

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...