Түрктердің, оның ішінде қазақтардың тектік болмысының басты идеясы қандай? Басқаша айтқанда, біз өз...
Ашкөздік және Қанағатшылдық
Мына дүрбелеңге толы фәни дүниеге келген адамға табиғат әртүрлі мінез, пейіл, тағдыр сыйлайды емес пе? Тіпті бір әке, бір шешеден өсіп-өніп, бір емшекті еміп, бір отбасында қатар бірдей тәрбиеленген аға-іні, әпкелі-сіңлілер арасында да ерекшіліктер бар. Әр адамның мінезі әр түрлі болып келеді. Бірі жомарт болса, бірі — сараң. Енді біреуі қанағатты болса, екіншісі қанағатсыз, парықсыз болады. Адам бойында көптеген жаман да, жақсы да қасиеттер табылады. Соның бірі — қанағат. Қолында барына қанағат ету жақсы әдеп. Қанағатшылдық — парасаттылықтың белгісі, адам бойындағы асыл қасиет. Тойымсыздық, қанағатсыздық жақсылыққа алып келмейді. Адамның сұрауында, қалауында шек болу керек.
Адам мінезі, пейілі, ой-санасы, түйсігі жайлы көп айтылады. Халық арасында да «құдай берген мінез ғой» деп жатады теріс, жағымсыз мінезде кісі жайлы сөз қозғалғанда. Мына кең әлемде қандай жандар жоқ? Біреуі қайырымды, екіншісі тойымсыз, ашкөз үшіншісі қанағатшыл, төртіншісі қолы ашық жомарт, бесіншісі жаны жайсаң, бауырмал, өзіне тартып тұрады… Сөйтіп жалғаса береді. Жаратқан ием солай ғып адамдарды бірінен бірін даралап, ерекшелеп жаратқан. Егер олай болмаса әлгі «инкубатордан шыққан» балапандай болып, сүрең өмір болып кетпейді ме?
Ел аузында мынадай бір аңыз әңгіме қалыпты. Ертеректе бір ашкөз, дүниеқоңыз, тойымсыз тышқан болыпты. Көзіне ілінгеннің бәрін керек пе, керек емес пе бір тынбай ініне таси береді екен. Бірде інінен сыртқа шығып, жан-жағына зерделей қараса, ін жанында қыздың өрілген бұрымындай әдемі қыл шылбыр жатқан көрінеді. «Ә, бұл да ертелі-кеш бір кәдеме жарар, ініме кіргізіп алайын» деген пиғылмен арқанның бір ұшын тістеп алып ініне қарай сүйрейді емес пе. Бір кезде арқан қимылдамай, керіліп тұрып қалады. «Не болды екен, тағы кім кедергі жасауда?» деп сыртқа шығады. Қараса арқан-жіптің екінші ұшы бір нән лөк түйенің бас ноқтасына байланыпты. Бұған таңғалып көздері жыплықтап не істерін білмей дағдарыс күйде тұрған әлгі тышқанға түйе: «Жіпті күшене тартып мені ініңнің алдына әкелдің. Ал енді әрі қарай не істемексің? Мені ішке енгізу үшін ініңді кеңейтесін бе, немесе мені кішірейтесің бе?» депті…
Ойланайықшы. Дүниеқоңыздық, ашкөздік кейде адамды осындай күлкілі жағдайға жеткізуі әбден мүмкін емес пе?
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толс¬тойдың «Адамға қанша жер керек?» деген шағын әңгімесінде оқушысын терең ойға қалдыратын мынадай мәнді сюжет бар.
…Ертеректе орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста бір орыс азаматы жергілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды емес пе. Сонда башқұрттың сұңғыла ақсақалы: «Мен анау көрініп тұрған төбе басына шығып қарап тұрам. Кешке дейін қанша жерді айналып өтесің, соның барлығы сенің жекеменшігіңе өтеді. Бірақ, есіңе ұста, бір шартымыз бар: күн ұясына батпай тұрып, біз отырған төбеге келіп жетуің керек. Жете алмасаң, өз обалың өзіңе, онда са¬ған жер жоқ», – депті.
Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол көбірек жерді қамтымақ болып, қара терге түсіп бірнеше өзендерді кешіп өтіп, көлдерді айналып, дала мен орман-тоғайларды артына қалдырады. Бір мезетте аспанға қараса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қалыпты. Оны байқап, жаны қысылған жігіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қалған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ, қайдан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе басына жиналған башқұрттар қиқулап, қалбақтай жүгіріп, жаны қысылғаннан қара суық терге малынып, өкпесі өшкен орысты келеке-мазақ етеді. Күн ұясына бата бергенде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шаршап-шалдығып, өлдім-талдым деп төбе етегіне жеткен бейбақ мұрттай ұшып түседі де сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрттар қанағатсыз ақымақты сол төбе етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді… Міне, қанағатсыздық масқара көрінісі. Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адамға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл-сұрақ қояды.
Кезінде әлемді жаулаған Александр Македонский (мұсылман әлемі оны Ескендір Зұлхарнай деп біледі) туралы халық арасында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме еске түседі.
О дүниеге аттанып бара жатқан ұлы император: «Мені табытқа салып жерлегенде табыттан екі қолым сыртқа шығып, алақандарым ашық жататын болсын. Халқым көрсін, әлемді билесем де, о дүниеге алып кеткен түгім жоқ» деген екен. Бұл барлық тойымсыздарға, қома¬ғай¬ларға, дүние-байлық қуғандарға, қазір¬гі жебірлерге, пысықайларға ай¬тыл¬ған ауыр қарғыс! «Мешкейдің өзі¬ тойса да, көзі тоймайды» немесе «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дейтін емес пе еді халық мұндайларға.
Ашкөзділікке тоқтау салатын адамның бойындағы бірден бір қуатты күш – қанағатшылдық.
Ел арасында «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөз бар. Орынды айтылған маржанға тең аталы сөз. Адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қатарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құрамыз деу бекершілік-ау деп ой қаузайсың…
Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйген екен. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой — бес асыл іс, білсеңіз» дейді Абай. Ал енді бірде «Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де, аз» деп толғанады хакім Абай. Ұлы Абайдан артып не айтасың?!
Қанағат — әдептіліктің басты белгісі және негізі. Ол адамның сана-сезімі мен іс-қимылындағы жақсы жағымды әдеп. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді, ортада абыройлы, сыйлы болады. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзін қанағат тұтады. Қанағат ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан қанағатшыл кісі жұмсақ, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Қанағатшыл болу деген не?
Қанағатшыл болу дегеніміз — қолда бардың қадірін білу. Өйткені, қанағатты пір тұтқан адам қолында бар дәулеттің, дүниенің қадірін біледі. Сондықтан ол бұларды оңды-солды, есепсіз пайдаланбайды. Ол мұқтаж адамдардың қалін ойлап, өз-өзіне жөн береді. Бірақ, жұрттың бәрі бірдей мұны осылай деп түсінбейді. Қанша мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар да кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам деп, толған сайын, толсам» деп ашкөзділікке салынып, құдайдың қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп, жалған сөйлеп екіжүзділікке барады. Егер адам өзінен кем-нашар жағдайдағы адамдардың жайын ойлап, өзінің де сондай күйге душар болып қалуының мүмкін екенін ескерсе, онда барына қанағат қылып, қайта жоқ-жітікке қайырым жасаса, «саулығың — байлығың» дегенді үнемі жадында ұстаса, қанағатшыл да, өмірі де мәндірек, қызықтырақ болары сөзсіз.
Мысалы: Сайф Сараидің «Түрікше гүлстан» кітабында осыдан 750 жылдай бұрын жазылған мынадай сөздер тап бүгін және қазіргі адамдарға ескерту ретінде айтылғандай. Онда былай делінген: «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті — дәулетті жия білген, жиғанын орынды пайдаланған, қажетті кезде басқаларға бере білген. Дәулетсіз — есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп, өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам» — деп жауап берген екен. Алғашқысы қандай сүйсінерлік болса, соңғысы қандай аянышты да жиіркенішті.
Қазіргі әдебиетіміздің белгілі тұлғасы Несіпбек Дәутайұлының «Жалғызілік» деген әңгімесінің басты кейіпкері — барлығын ұмытып, өмірін тек дүние жинауға, қорасындағы малының санын өсіруге арнаған жан. Бала-шағасы да оған теріс қарап, жалғыздыққа бойы үйреніп, қоғамнан шеттеп қалған. Баю үшін бүкіл саналы өмірін елдің шетінде, желдің өтінде, жырақта жалғыздықпен өткізіп, бір малын екеу, екі малын үшеу қылам деп күнді түнге ұрып, қысы-жазы малдың соңында жүрген пенде. Алдындағы мыңғырған малдың еш рахатын көрмей, әйтеуір, бұлыңғыр, түсініксіз тіршіліктің құлына айналып, дүниеқоңыздықтың қызығына белшесінен батып кеткен мүсәпір. Тіпті, әбден өсіп, киіз болып кеткен шашынан басы бөртіп, тыр-тыр қасығаннан жара болып кеткенше алдыруға уақыты да, мүмкіндігі де жоқтықтан мүсәпір халге жетеді. Ашыған айранды басына жағып, өтпейтін ұстарамен ен далада кезіккен жолаушы адамға шашын алдырған суреттелген сәттерін оқып отырып, оның бас кейіпкерін шынымен аяйсың, мүсіркейсің, жаның ашиды. Әлгінің жанын қинап тірнектеп жинаған малы, еш рахатын көрмеген байлығы кімге керек? Не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр? Қалың ойға қаласың…
Расын айтқан жөн, қазір еліміздің қай қаласына бармаңыз бір-бірімен жарыса екі, үш қабатты сәулетті көз жауын алатын әдемі котедждер бой түзеп салынып жатыр. Көшеге симай жүрген шетелдік қымбат көліктерден көз сүрінеді. Әртүрлі тойлар тойханаларда аптаның әр күнінде дүркіреп өтіп жатыр. Шетелдің белгілі курорттарына барып демалушылар саны да көбейіп келеді. Не жеймін, не ішемін деп жүргендер жоқтың қасы. Бұл дегеніңіз халықтың тұрмысы жақсарып жатыр деген сөз. Бірақ, кездескен пенделердің жүздеріне қарасаң, қабақтарынан қар жауып, жүйкелері тозып, жалпақ тілмен айтқанда «сіркесі су көтермей», жүректері шаншып, қан қысымы көтеріліп, «ах-ух» деп жүреді. Алла тағала оларға байлық, денсаулық, басқа да игіліктер берді. Бірақ соның бәріне қарамастан, оларға қол жеткендері «аз» болып көрінетін сияқты. Қайдам, әйтеуір, біздің ойымызша, адамдар арасында, әсіресе байшыкештер ортасында, бәскелестік өршіп тұрған секілді. Қарапайым кісі бай болсам дейді, бай құдай болсам дейтін дәрежеге жеткендей болуымыз өкінішті. Олардың әлемге, дүниеге, айналасына деген көзқарасы масқара, өзгеше. Өзіндегі барына қанғаттанбайтын пенде өзгелердің қол жеткенін көргенде қызғаныштан жарыла жаздайды. Онда бар нәрсе неге менде жоқ деген ой оның күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бұзады.Қанағатсыз адамның санасы бір ғана «ала берсем» деген оймен уланған. Оның 100 мың доллар ақшасы болса, соны миллионға айналдырғысы келеді. Ал миллионға жеткесін миллиардты ойлап түн ұйқысы бұзылады. Қанағатсыз адамды қашан өкпесі өшіп, өлгенше тоқтай алмай тоқтаусыз, бей-берекетсіз аласұрып дала кезген құтырған қасқырмен салыстыруға болады.
Бірде көп жылдардан бері халық емшілігімен айналысып жүрген алматылық азаматтың айтқан мына әңгімесі жиі есіме түседі. «Маған бір күні қымбат көлік мінген, жаңа модамен киінген бейтаныс орта жастағы жігіт ағасы келіп, ауруынан жазуымды өтінді. Ол көп жылдан үлкен бизнеспен айналысады екен. Айналымында 50 миллион доллар қаржысы бар көрінеді. Ауруы сол, соңғы жылы әлгі 50 миллионын одан әрі өсіре алмай әлек болып жүр екен. Соған күйінген оның жүйкесі мен жүрегіне салмақ түсіп, ұйқысы бұзылып, депрессияға шалдығып, мазасыздыққа кезіккен. Емшінің айтуынша: «Ау, мырза, 50 миллион долар деген де көп ақша емес пе, оны өсіріп керегі не?» десе, «Маған ақша емес, оны өсіру арқылы алатын рахат сезімі керек, менің өміріме мән беретін де сол» депті.
Ақшамды өсіре алмадым деп күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған бейшараның жүрегімен қоса келе-келе бүйрегі жұмыс істемей қалыпты. Қанағатсыздықтың адамға «беретін сыйы» осы.
Міне, ашкөзділік, қанағатсыздық неге әкеледі?
Ашкөзділік кісінің назарын бұлынғырлап, рухани дүниені көріп-білуге кедергі жасайды, барлық есіл-дертін тамаққа, дүниеге аударып, жақындарынан, дос-жарандарынан аулақтатады, осылайша келе-келе адамшылықтан айырады. Мысалға орыстың көрнекті ақыны А.С. Пушкиннің алтын балық туралы ертегісі есіңізде ме. Ертегінің екі кейіпкері — кемпір мен шалдың бойында екі түрлі қасиет болған. Бірінің пейілінде — қанағатшылдық ұяласа, екіншісінің пейілінде керісінше ашкөздік қалыптасқан. «Не тілейсің, барлық тілегіңді орындаймын» деген алтын балықтан ештеңе сұрамай, кеңпейілдікпен босатып жіберген балықшы шал Жаратқанның бергенін қанағат тұтып, бейбіт тірлік кешеді.
Бойын ашкөздік билеген кемпірі керісінше алтын балықтан астаудан бастап үй, дворяндық дәреже, княздық дәреже мен байлық сұрап, содан кейін барша әлемнің әміршісі болуды аңсайды. Ақыл-естен айрылған кемпір осылайша қанағатсыздықтың құрбаны болып, бәрінен жұрдай айрылады.
Александр Пушкиннің ертегісі қиялдан туған, өмірден аулақ оқиға емес. Ой елегінен өткізер болсақ, айналамызда аталмыш ертегінің кейіпкері — ашкөз кемпір сияқты қанағатты білмейтін пенделер аз емес. Тіпті, қазіргі шенеуніктердің арасында ашкөздікке, тойымсыздыққа, дүниеқоңыздыққа бой ұрғызып, коррупцияға бүкіл басымен еніп кеткендер табылады. Олар ерте ме, кеш пе өздерінің жиренішті істерімен «торға» түсіп, абақтыларға тоғытылуда. Соның өзінде айылдарын жияр емес-ау шіркіндер. Біреуі пара алу үстінде ұсталып, екіншісі мемлекеттік мол қаржыны жымқырып істі болуда. Тіпті, бірі түрмеге жабылып жатса, екіншілері миллиондаған теңге қаржы төлеп бостандыққа шығып жатыр. Бұл нені көрсетеді? Рухани кедейшіліктен адамдардың психологиясы өзгеріп, аш қасқырдай арандары ашылып, қоғам алдында ар-намыстары жұрдай болып баратқаны несі? Өзі тойса да көзі тоймайтындардардың әдепсіз пейілін кім түсіндіреді?
Әрбір қанағатшыл адам кешке ұйқыға кетер алдында: «Тағы бір күнім өтті, ол маған жақсылық пен игілік әкелді. Ең бастысы, денім сау, қол-аяғым бүтін, жұмысым бар, тамағым тоқ, ел қатарлы тірлік кешіп жатырмын. Осының бәрі Жаратқанның берген игіліктері, сол үшін Оған алғысымды айтамын. Мен айналамдағы барша адамдарға жақсылық, денсаулық, игілік тілеймін», деп барына шүкіршілік еткен жөн. Сонда бойыңызға бірте-бірте қанағатшылдық сезімі орныға бастайды.
«Қанағаты бар адамға бақыт бұйырған» депті ежелгі ойшыл Аристотель. Қанағатшылдық — Жаратқан Иемнің бізге берген ең үлкен сыйы. Мұндай сезімге ие адам мына фәни дүниенің бергенін қанағат тұтып, барына тәубе деп өмір кешіп, екі дүниенің де игілігіне кенеліп, уайым-қайғысыз, бақытты тірлік кешпек.
Қанағатсыздық адамды уайым-қайғының тұңғиығына құлататынын есте ұстайық. Барға — қанағат, жоққа – сабыр етейік, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург,
медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі