Ержан Алаштуған. Бұл есім әдеби ортаға тоқсаныншы жылдардың басында танылды. Көп мақталды. Айналасы...
Далалық Шамбала – Семей өңірінде ібіліс эксперимент жасаған
ҚАҒБАДАЙ ҚАСИЕТТІ
«Шамбала» ұғымымен көбіне-көп орыс суретшісі Н.Рерихтың шығармашылығы арқылы және 1920-3О жылдардағы неміс нацистерінің осы елді іздеуі, арнайы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастыруы жөніндегі хикаяларынан таныспыз. Қазақ оқырмандарының арасында «Шамбала» деп аталған тылсым дүние, мифтік ел жөнінде азын-аулақ түсінік берер болсақ...
Шамбала – бұл пәнидің қарапайым пендесінің көзімен көруге болмайтын, қай жерде орналасқандығы, қандай жолмен баруға болатыны белгісіз ғажайып ел (дүние, қала), тек рухани тазалықтың жоғары шегіне жеткен пенде ғана осы елге апарар жолды табуы мүмкін. Шамбала – рухани энергияның барынша шоғырланған нүктесі, кеңістігі.
Қызықты жері, анықтама сөздікте, осы елдің ықтимал географиялық орналасуын көрсеткенде Қазақ жерін мегзейді екен. Яғни «Шамбала елі әлдебір Сита деген өзеннің солтүстік жағында орналасқан» делінеді де, осы Сита өзенін Шығыс Түркістандағы Тарим өзеніне, не Амудария мен Сырдария өзендерінің біреуіне сәйкестендіреді. Осы үш сәйкестендіру арқылы да мифтік елдің орнын нақтылар болсақ, Шамбаланың қазақ жерінде орналасқандығы белгілі болып шығады. Әрине, осындай қисын тек көне мәтіндерді реалды географиямен сабақтастыру барысында жасаған, абсолют ақиқатқа емес, жай ғана ғылыми топшыға негізделген, сондықтан оған сенбеуге де, сенуге де болады.
Расында да, буддизмнің ваджраяна ағымының мәтіндерінде сақталып қалған осынау «Шамбала» деген ғажайып ел туралы түсінігінің өзі о баста буддистік болған емес. Өйткені осы ел туралы сипаттардың буддистік кәкір-шүкірлерін алып тастаса, оның ар жағында тым ежелгі, бастапқы дәстүрдің түсініктерінің жатқанын көрер едік. Буддизмдегі ваджраяна (калачакра – «уақыт дөңгелегі») ілімінің (ағымының) қалыптасуының өзі б.з. V-VІ ғасырларында өтті. Яғни ваджраяналық утопия – «уақыт тегергіші» (калачакра) атты мистикалық ілімнің отаны» деп есептелген Шамбала елі жөніндегі түсінік буддизмнің өзінің пайда болуына қарағанда анағұрлым кейінірек, Калачакра ілімінің Үндістанда таралауына байланысты пайда болған, ал мұндай таралу – аңыз бойынша тек б.з. X ғасырдың аяғында басталған, ал XI ғасырдың ортасынан ол тибеттік буддизмде аса манызды рөлге ие болған. Міне, Шамбала бейнесінің қалыптасуы да Х-ХІ ғасырлар ауқымы болып табылады, сондықтан «мифтік Шамбала координаттарының» Амудария, Сырдария немесе Тарим өзендерінің терістігіне қарай орналастырылуына, яғни бүгінгі қазақ жеріне «жерсіндірілуіне» орай Шамбаланың да, оның бірінші билеушісі Сучандраның бейнесі мен есімін бастапқы дей-түрктік (прототүрктік) этномәдени ортадан іздестіргеннің ыңғайы бар сияқты. Прототүрктік «ғажайып ел» түсінігінің буддистік утопияға айналуына б.з. алғашқы ғасырларында Қазақстан мен Шығыс Түркістаннан кетіп, бүгінгі ауған жерінде Кушан империясын орнатқан, буддизмді қолдап, оның өркен жаюына мүмкіндік берген көшпелілер ықпал етуі де мүмкін, осы топшыны зерттеу керек-ақ.
Міне, осындай топшылауды одан ары қарай дамытып, басқа да тарихи-географиялық, мифтік-лингвистикалық, т.б. материалдарды саралау нәтижелерімен ұштастыру барысында, біздің тұспалдауымыздың қорытындысы – «мифтік Шамбала бүгінгі Семей полигоны орналасқан аймақ пен оның төңірегіндегі территориялар ауқымында орналасқан» деген ой болды.
Шамбала демекші, буддистік мәтінде оның сипаттамасы бойынша, осы ел басын мұз басқан сегіз таудың ортасында орналасқан екен, бұл жердегі «қар басқан» (осы түсінікті кейінірек, тау басында мекендеген тибеттіктер енгізуі ықтимал) нақтылауын алып тастар болсақ, біз әлдебір сегіз таудың ортасындағы аңғарды көрер едік. Семей өңірінен де осындай сегіз тауды тауып алуға болады. Осы елдің ортасында елдің астанасы, ал астананың ортасында билеушінің сарайы – Қалапа орналасқан, мұндағы «Қалапа» сөзі біздің есімізге «Қалба» деген тау атауын еске түсіреді. Шамбаланың бірінші абыз-патшасының есімі – Сучандра екен, одан кейін алты абыз-патша билік құрған. Міне, бір жағынан, осы жеті абыз саны белгілі бір ассоциация туғызса (бұл жөнінде кейінірек айтармыз), екінші жағынан, бірінші абыз Сучандра (Кушан-дра) есімінің атақты Қозы Көрпештің «Қозы» есіміне, жалпытүріктік «Қазан» (Қозан) есіміне ұқсас болуы да ой салуы тиіс. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы мәртебесі төмендетілген Айбас та осы Шамбаланың абызынан қалған жұрнақ болса керек.
Ғажайып Шамбала және Семей полигоны... Осы екі ұғым сәйкестендіруге тұрарлық па? Сырт көзге, бір қарағанда, немесе алғаш естігенде осылай болуы мүмкін емес сияқты. Осындай топшы жасаудың өзі ессіздік сияқты көрінетіні де жасырын емес. «Салыстыратын жерді тапқан екенсің» деушілер де болар. Дегенмен, осы полигон орналасқан облыстың территориясына тарихи тұрғыдан да, басқа жағынан да үңілу осындай шендестіруімізді кездейсоқтық дегізбейді.
Кеңес өкіметі 1949-51 жылдары ядролық сынақ алаңы ретінде неліктен осы Семей аймағын тандап алды? Осындай таңдаудың себебін тек жарылыс жасауға тиімді геологиялық-тектоникалық ыңғайлылықпен, траснпорттық тұрғыдағы, т.б. тиімділікпен шектеп тастауға бола ма? Біздіңше, олай емес сияқты. Өйткені нақ осы Семей аймағында, бастапқы дәстүр – Гипербореяға, Шамбалаға апаратын жолдың есігі (қақпасы, тесігі) жатқан болатын. Нақ осы тұста бүкіл Даланы, яғни түркі тілді дүниені көзге көрінбей-ақ, қуаттандырып тұрған аса зор, рухани энергетикалық орталық орналасқан еді. Біз 1930 жылдардың аяғында, Кеңес үкіметі мен фашистік Германия арасындағы бірнеше жылдық «бауырласу» тұсында, нацистердің «Анненэрбе» немесе «Туле қоғамы» сияқты «ғылыми-зерттеу ұйымдарының» іздеушілерінің Семей өңірінде де болғандығы жөнінде ештеңе білмесек те, болмағандығын жоққа шығара алмаймыз. Мұндай ізденімпаздықтың, әрине, сол кездегі НКВД-ның назарынан тыс қалмағаны және де түсінікті.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі басталған ядролық қарулану бәйгесі барысында осы Семей жері сынақ алаңына айналды. Мұндағы басты себеп – кеңес-орыс өкіметінің қазаққа, жалпы түркке (солардың ұрпақтарының өздері сезінбесе де) рухани энергия беріп тұрған қайнардың көзін құрту еді. Оның ар жағында «ядролық дүмпулер барысында болатын тектоникалық өзгерістер әлі зерттелмеген үңгірлерді (құпия қуыстарды, нысандарды) қиратып, энергия көздерін бітеп тастайды» деген пиғыл жатқан болатын. Осының нәтижесінің қандай болғанын қазір көріп отырмыз. Өткен ғасырдың 50 жылдарынан басталған тоқырау, өзінің рухани азғындану деңгейі жағынан 1930 жылдардағы аштық пен репрессиялау нәтижелерінен асып кетті. Тілден айырылу, өз тегінен жерінген, өзі сияқтыларды қорсынып, кемшін көретін ұрпақ өсіп-жетілді. Осынын барлығы да ғасырлар бойы бүкіл Далаға нәр беріп тұрған энергетикалық қайнардың бітеліп қалуына байланысты еді.
«Үлкен Семей өңірі» (кеңірек көрсеткенде, Алтайдан Бектау Атаға, Балқантауға, Қарқаралыға, Шұбартаудан Баянауылға, Тарбағатайдан Ерментауға дейінгі үлкен аймақ) – Гипербореядан шыққандардың солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа (яғни бүгінгі Якутия жатқан Шумер жаққа) жүрген жолының бойындағы ең басты аралық, уақыттық-кеңістіктік бекет, екі қақпалы тұрақ болатын. Кейін, б.з.д. 5-2 мыңжылдықтарда дей-түрктер (прототүрктер) Шумер жағынан бұрынғы маршрут арқылы кері қайтқанда да осы бекет өзінің маңызын жоя қоймаған еді. Қайта жаңа, «екінші гипербореялық» шамбалалық сипатқа ие болды. Б.з.д. 2-1 мыңжылдықтардың тоғысында өмір сүрген, тарихи әдебиетте «Бегазы-Дәндібай мәдениеті» деп аталып жүрген соңғы қола заманының мәдениетінің абыздары осы Шамбаланың, яғни «Гиперборея табалдырығының» рухани ақпаратын қарабайырланған күйде болса да сақтай алған еді. Осы (және көршілес далалық) мәдениеттің рулық-тайпалық бірлестіктері (тілдік-мәдени-шаруашылық болмысы жағынан оларды біртұтас прототүрктік суперэтнос деп есептеуге болады) ортасынан «жеті тәңіртекті рухқа» бас иген жеті абыздық қаста (әлгі Шамбаланың жеті абыз патшасының санына сәйкес) жіктеліп шықты. Б.з.д. IX—VIII ғасырларында, қола заманының шала көшпелі қауымдарының таза, классикалық көшпелілікке ауысуы басталған шақта, яғни бүкіл Ұлы Далада үлкен қозғалыс басталған шақта, әлгі жеті абыздық әулет бірте-бірте абыздық руға айналған еді. Геродоттың жазбаларында хатталып қалған, сонау қиырдағы Грекияның «Проконнес қаласынан шыққан Аристей деген пақырдың барып қайтқан» деген «жеті тілде сөйлейтін, тақыр бас, жалпақ бетті, әділетті халық» — Аргиппейлердің елі нақ осы «Үлкен Семей» өңірінде орналасқан еді. Аргиппейлер дегеннің өзі – әлгі жеті пірге сиынған, жеті рулы арғы абыздар еді. Олардың беделі кейінгі, көшпеліліктің қарқын алған шағында да сақталған еді. Яғни олар батысқа кеткен скифтер үшін де, исседондар мен юечжилер үшін де беделді абыздық кландар болып қала берген.
Miне, арада тағы бірнеше ғасыр өтті. Ұлы Даладағы көшпелілердің үнемі орын ауыстырып тұруы аргиппейлердің (арғы абыздардың) беделінің де, олардың ұрпақтарының көне рухани ақпаратты сақтау қабілетін де азайта берді, дегенмен, толықтай жоя алған жоқ. Б.з. 1 ғасырының аяғында, қытай әскерінің тегеурініне төтеп бере алмаған солтүстік сиуңну (хунну) шаньюйі бастаған жұрт Тарбағатайдан асып түсіп «Үлкен Семей» өңіріне жетті. Сиуңнулардың (хуннулардың) бір бөлігі батысқа, Еділ-Жайыққа қарай кетсе, бір бөлігі Семей өңірінде қалды. Арада бірнеше ондаған жыл салып, қытай құжаттарында осы өңірде орналасқан «Юебань елі» деген атау пайда болды. Бұл – 2-5 ғасырларда өмір сүрген, сиуңнулардың (хуннулардың) ұрпағы мен жергілікті жұрттың араласуы нәтижесінде қалыптасқан көне түркі тілінде сөйлейтін халқы бар Ұрым (Ұрман – Үрмен – Үрпен – Өрпен – Юебань) мемлекеті еді. Ежелгі жеті абыздың (жеті пірдің) рухани мұрасын пайдаланғандардың соңы да осы ұрымдықтар (ормандықтар) еді. Нақ осы тұста бүгінгі түрк тілдерінің түп нұсқасы қалыптасты. Яғни бүгінгі түрк тілдерінің бастапқы ұстыны осы тұста, осы уақытта пайда болды. Бүгінгі қазақ және басқа да бірнеше ондаған халықтардың тіліне негіз болған қимақ және қыпшақ тілдері, бастапқы этностары осы «Үлкен Семей шеңбері» ауқымында пайда болды. Бүгінгі өзбек және ұйғыр тілдерінің негізін қалаған қарлақ (қарлұқ) жұртының бастау алған жері де осында, нақ осы аймақтан шыққан баяндыр, эймур, имен, қай сияқты жұрттар бүгінгі түрік, түрікпен, әзірбайжан халықтарына негіз болған оғыздардың «Қорқыт Ата кітабындағы» эпостық батырлардың (салор Қазан, Бекіл, Бисат, т.б. сияқты) көпшілігі о баста оғыз емес, ұрымдық мифтік-эпостық бейнелер болған еді. Қазақтың өзіне келсек, оның құрамына кірген рулардың да осы Ұрыммен сабақтастығы бар, біз наймандардың, дулаттардың, байұлдардың, т.б. нақ осы Ұрымнан шыққандығын анықтадық. Ең ақырғысы – қазақтар мен басқа түрк тілді халықтардағы «Жерұйық», «Асан қайғы», «Орманбет», «Он сан Ұрым» немесе «Отыз таңбалы Ұрым», «Балқантау», «Абат», «Майқы» сияқты, қазақтың фольклорлық мұрасының рухани пирамидасының ұшар басын құрайтын ұғымдардың бастау да осы «Үлкен Семей» өңірінде өмір сүрген Ұрымда (Юебаньде) жатыр. Бағзы ақпараттық бастау, рухани қайнар, осылайша, мұрасының ғасырдан-ғасырға қарабайырлана түскеніне, бірінің орнына бірі келген ұрпақтардың осындай бастау жөнінде ұмытқанның үстіне ұмыта түскеніне қарамастан, көзге де, сөзге де, ойға да елеусіз болып, өзінің рухани жағынан ала-сара түсіп, ергежейліге айнала берген ұрпақтарына демеу болып жата берген еді. Қазаққа ес болған Абайдың осы өңірден шығуы да кездейсоқ емес болатын. Осы қайнарды бітеу арқылы аймақтың жұртын халық емес, жай ғана айтқанға көнетін, сілтегенге еретін тобырға айналдыруды көздеген ібіліс осынау бір қасиетті нүкте немесе қасиетті сызықтар (энергиялық сәулелер) тоғысының үстіне 40 жыл бойына сынақ жасады. Мұндай сұрқиялық өз нәтижесін берді де, бірақ толық аяқтаған жоқ. Қазақтың рухани жандануға деген, өзінің Ұрымын – Шамбаласын қайтадан тауып, рухани бұлақтың көзін ашуға деген үміті әлі де болса жоғала қойған жоқ.
Арғы абыздар шаштарын тақырлатып алып тастайтын еді, сондықтан оларды «Жеті таз», «Жеті қасқа» деп те атайтын (бүгінгі түрк халықтарының құрамындағы «таз» этнонимі, фольклордағы «тазша», «Айбас» сияқты бейнелер осылардан қалған, буддистік машайықтардың тақыр бас болуының ар жағында осы аргиппейлік ықпал жатқан жоқ па екен?). Міне, сол абыздардың қамқорлық еткен ұрпағының арасынан шыққан бір «таз бастың» Семей өңіріне, жалпы қазақ жеріне бөгде елдердің радиоактивті қоқыстарын төгу, көму арқылы табыс таппақ ойы бар. Тұнығымыздың лайланғанын бұрын бөгдеден көретін болсақ, енді өз ішімізден шыққан «ілгерілеп кеткен абыздар» ойран салмақшы. Туған жерімізді осыншама қорлап, азапқа салатындай ол не жазып еді? Неліктен біз осыншама қатыгез болып кеттік? Обал деген, «су сияқты жердің де сұрауы болады» дейтініміз қайда? Енді ғана еңсесін көтеріп, тынысын ала бастаған «Үлкен Семей өңірін» тағы бірнеше мың жылға жабық, адам жоламайтын аймаққа айналдырығымыз келе ме? Біз осы өлкенің болмысын әлі күнге дейін танып болғанымыз жоқ, радиациядан қорқып зерттеп көргеніміз де жоқ. Әйтпесе, басқасын қойғанда, Дегелең, Шұбартау, Шыңғыстау, Қу-Балқантау, Абралы, Қалба, Ерментау, т.б. сол сияқты атаулардың өздері-ақ мол ақпаратты бойында жасырып тұр емес пе? Ізденсек, мүмкін, бітеліп қалған рухани энергияның көзін ашармыз, тіпті, ғажайып Шамбаланың есігін табармыз. Үміт жоғала қойған жоқ. Шамбала – «Үлкен Семей» сәйкестендіру қисындары бір газеттік мақаламен және бірнеше ұқсастықпен шектеліп қалмайды. Оны табуға уақыт керек. Тек бір күнгісін ғана ойлап, игі ниетпен-ақ өз жеріне, халқына қиянат жасаудан тайынбайтын қолында билігі барлардан сақтасын деп тілейік.
«Алтын Орда» газеті, № 15 (169).
2003 жыл, 18-14-сәуір
Серікбол Қондыбай. XV том. Мақалалар