БАТЫР ТУСА – ЕЛ ЫРЫСЫ(Ж. Тәшеневтің қоғамдық – саяси қызметі туралы)Тәуелсіз еліміздің а...
Елдес Орда. Орталық Азия елдерінде әлеуметтік, саяси және экономикалық теңсіздік өршіп тұр
Ежелгі бір тарихи шығармада заң-жарлық аяққа тапталып, залым мен зұлым билікке келіп, елдің оқыған-тоқыған оқымыстылары күрке тігіп, тау сағалап кететін жағдаят бар еді. Сол шақта мемлекеттің ахуалын оңдап, елді дағдарыстан алып шығуға мықтап кіріскен тұлғаның бірі алыс-жуықтағы оқымыстыларды іздей бастайды. Тау ішінде әскери айлаға жеттік, әскери айла-тәсіл турасында неше түрлі кітап та жазған, күн жайлатып, жаңбыр да жауғыза алатын аса дарынды адамның барын ол пақыр естиді. Естіп ғана қоймай, оқымыстыны үш рет іздеп барады. Үлкен басын кішірейтіп, алдына үш рет келген хан тұқымына әлгі білімдар кісінің де пейілі түседі, үлкен еңбек сіңіреді…
Түркітану ғылымын, Орталық Азияның геосаяси жағдайын жіті зерттегендіктен, жетік білетін жас ғалым Елдес Орданың потенциялын дұрыс бағамдай алмай жүргеніміз кейде сол тарихи шығарманы еске түсіретіні бар. Жас ғалыммен сұхбаттасқан едік. Оқып көріңіз, мархабат.
«Түркі әлеміндегі ғылымның ордасына айналамыз»
– Елдес, өзің Қытай астанасы Бейжіңде оқыдың, Түркияда білім алдың. Аты аталып жүрген жас ғалымсың. Жалпы зерттеу объектің, аймақтарың не?
– Қытай кезінде түркітану мамандығына ден қойып, тереңдеп оқытты. Қытайдың шекара аттаған халықтарды жіті зерттеуінде саяси мән бар еді. Бейжіңде оқып жүргенде біз оқыған факультет 2004 жылға дейін Түркология деп аталыпты. Кейін анау-мынау сылтаумен жекелеген ұлттардың тіл-әдебиет факультетіне бөлінді. Дейтұрғанмен де түркітану саласының бұрыннан келе жатқан мазмұны сол күйінше сақталды. Менің түркітану мамандығын таңдауыма мектеп кезінде қалыптасқан мәдени орта тіке әсерін тигізген еді. 2004-2007 жылдары Шәуешек гимназиясында оқып жүргенімде қаланың тарихтан қалыптасқан мәдени һәм рухани ортасымен жақын таныстым. Бала күнімнен жиі қатынайтын Шәуешек қаласы ұлттық руханияттың ошағы-тұғын. Әсіресе шаһарға Қазақстанның мәдени ықпалы қатты жүрді. Біз оқып жүрген кездері Қазақстанның газет-журналдары мен кітаптары үзбей келіп тұратын. Біздің ауыл шекарада орналасқан елдімекен болғандықтан, қазақстандық телеарналарды көру мүмкіндігі болды. Бала күнімнен «Қазақстан», «Хабар», «Еларна» және «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» радиосын тыңдап өстім. Аталған телеарналар мен радиодағы ұлттық һәм рухани бағдарламалар санама түбірінен сілкініс әкелді. Былайша айтқанда Қытайда тұрып-ақ қазақстандық рухани құндылықтармен тіке сусындадым. Сіз сұраған зерттеу объектіміздің алғашқы ұшқыны осы кездері көріне бастады десем де болады. Әсіресе ұлт тарихы мен тіліне деген бағыт-бағдарым біртіндеп айқындала түсті. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» деген рас екен. Шәуешектің рухани ортасынан түлеп ұшқан біз университетке қадам басқан соң да ұлттың тасада қалған тарихы мен тіліне жаңа леппен кірістік. Түркітанудың танымдық деңгейінен академиялық ғылыми деңгейіне көтерген көрнекті ұстаздардан білім алдық. Атын айтар болсам, Гэн Шимин, Еркін Ауғалин және Дүйсенәлі Әбділәшім секілді түркітануда халықаралық деңгейде танымал болған кәнігі мамандар сабақ берді. Кейін Түркияда білімімді жалғастырған соң түркітану саласы бойынша Рыдуан Өзтүрік, Әбдуррахман Өзкан және Мұстафа Йылдыз сияқты білікті ғалымдардың дәрісін тыңдадым. Түркиядағы күндерімде түркітанудан бөлек, қазақ тілі мен тарихы, әсіресе Қытай қазақтарының тарихы туралы зерттеудің қажеттілігі мен өзектілігін сездім. Бас-аяғы бірер жылдың ішінде Қытайдағы қазақтардың тарихын зерттеуші және оның шетелдегі жанашырына айналып шыға келдім. Қазіргі таңда Қытай қазақтарының ХХ ғасыр басындағы таяу заман тарихымен қатар, жалпы Шынжаң өлкесінің геостратегиялық маңызына қатысты салалардың денімен айналысып, зерттеу жасап жатырмын. Бұл бағытта тіл мен тарихтан бөлек, әлеуметтану, халықаралық қатынастар жағына да басымдық беріп, аталған аймақтың сан қырына жеке анализ жасап жүрмін. Осыған байланысты бірқанша зерттеу еңбектерім жарық көрді. Ақпараттық танымдық сайттарға сараптамалар жазып жүрмін.
– «Түркологиядан небір мықты ұстаздар сабақ берді» деп отырсың. Қытайда біздің ежелгі тарихымызға қатысты әлі қолымыз жете қоймаған қандай тың деректерді атар едің?
– Қытайда тарих ғылымы кешенді зерттеледі. Мемлекет тарапынан жүйелі қолдау жасалғандықтан, зерттеу нәтижелері тың деректермен толықтырылып отырады. Бірақ Қытайда саяси идеологияның барлық салаға, соның ішінде гуманитарлық салаға араласып отыратынын ескергеніміз жөн. Өйткені тарих – мемлекеттік идеологияға тікелей әсерін тигізетін маңызды салаға жатады. Бейжіңде оқып жүрген кезімізде түркітану мен шағатайтануға қатысты тек рұқсат етілген құжаттық мәтіндерді ғана оқи алдық. Ал ұлттық төл тарихымызға тікелей қатысты түпнұсқа мәтіндермен танысуға мүмкіндігіміз шектеулі болды. Осының өзінен-ақ Қытайда мемлекеттік идеологияға байланысты шектеу мен цензура әлі де күшін жоймағанын байқаймыз. Дейтұрғанмен Қытайда тарих ғылымына қатысты объективті көзқарас пен зерттеу объектілері эволюциялық жолмен біртіндеп өзгеріп келе жатқанын атай кеткен жөн. Қытайлық кейбір тарихшылар идеологиялық ұрандардың дәурені жүріп тұрған кезде зерттеліп жазылған тарихи құндылықтарға күдікпен қарай бастады. Олар тыңнан ғылыми айналымға түскен деректер негізінде жаңа тарихи концепцияны ортаға қоюға тырысуда. Қытайда осындай ғалымдардың бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Өкінішке қарай, Қытайда кейінгі уақытта идеологиялық ұрандар қайта қаралып, орталық биліктен жергілікті атқарушы билікке дейін саяси науқандар белсенді жүргізілді. Осы науқан кезінде ондағы тарихи кешенді зерттеу жұмыстары орта жолдан тоқтады десек те болады. Тіптен бұған дейін ғылыми айналымға түскен тарихи еңбектердің идеологиялық мазмұны қайта қаралып жатыр. Бұны айтып отырған себебіміз, Қытайда 90-жылдары тарих ғылымы, әсіресе түркітануға тікелей қатысты көне құжаттар мен құнды деректерге кешенді зерттеу жасаған еді. ШҰАР (Шыңжаң) ғылым академиясы құрамындағы қазақ мамандары «24 тарих» деп аталатын Қытайдың көне жазба деректерін зерттеп, ондағы байырғы қазақ ру-тайпалары мен көшпенді халықтарға байланысты тұстарын ықшамдап аударып, үш томдық кешенді еңбек шығарған болатын. Бұл еңбектердің 1998 жылдан бастап қолға алынғанын ескерсек, тәуелсіздіктен кейін шетелдегі қазақ ғалымдарының егемендік қарсаңында қаншалық құнды шаруаларды тындырғанын байқайсыз. «24 тарихтан» тыс аталмыш тарихи хаттамаға кірмейтін екі бірдей кезең тағы бар. Олар – Манчжурлар (Цин) кезеңі және Минго кезеңі. Кейбір ғалымдар осы екі кезеңдегі жазбаларды да қарастыра отырып, «26 тарих» деп те атап жүр. Негізінде оның саны маңызды емес, маңыздысы – ондағы мазмұнның өзектілігі. Жоғарыда атап өткен үш томдық кешенді еңбек б.з.д. II-III ғасырдан Юань тарихына (XII-XIII ғғ.) дейінгі кезеңді қамтыған. Ал осындай кешенді ғылыми жұмыстар тәуелсіз Қазақстанда неге өз жалғасын таппасқа?! Әсіресе Цин үкіметі кезеңі мен Минго кезеңінде хатталған қазақтарға қатысты деректер бүгін де өзектілігінен айырылған жоқ. Бұл ретте ШҰАР ғылым академиясы құрамындағы қазақ ғалымдарының ұжымдық кешенді жұмысы өз бағасын алуы керек деп ойлаймын. Ұжымдық жұмыстың шығарған еңбектері тәуелсіз Қазақстанда толық насихатталса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен бірге Қытайда жарық көріп, ғылыми айналымға түскен зерттеу еңбектер де назардан тыс қалмауға тиіс. Қытайлық ғалымдардың Орталық Азия елдеріне ден қоюы тегін емес. Кейінгі кездері Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеті өз деңгейінде қарқынды зерттелді. Тек осы аймақты зерттеумен айналысатын институттардың саны да артып келеді. Қытайда Манчжурлар билік құрған Цин империясы кезеңі туралы зерттеу жұмыстары жыл сайын тың деректермен толыға түсуде. Цин империясының жіті қолға алынуында саяси астардың бар екені күдік тудырмайды. Есесіне, кейінгі бес жылдан бері таза манчжур тілінде жазылған деректі хаттамаларды қытай тіліне аудару ісі белсенді қолға алынды. Манчжурша жазылған хаттаманың арасында Қазақ хандығы кезеңіне қатысты тың деректердің бар екені айдай анық. Соны қадағалап неге отандық тарих ғылымына айналымға түсірмеске?! Олай дейтініміз, Цин империясының таза манчжурша хаттаған деректері талас-тартысты біраз мәселелердің бетін ашып беретін еді. Қазірге дейін саф манчжурша хаттамалар 200 томнан асып, қытайшаға тікелей аударылып отыр. Мұншама көп еңбек әлемдегі біраз ғылыми
институттардың назарын Қытайға аударуда. Сіз сұрап отырған тың деректер дегеніміз – осы.
Біздің отандық мамандардың ішінде көне манчжур тіліне жетік Бақыт Еженхан, Дүйсенәлі Әбділәшім қатарлы тіке контекстпен жұмыс істейтін білікті ғалымдар бар. Аты аталған азаматтар өлі манчжур тілін түпнұсқадан оқи алатын әлемдік санаулы ғалымдар санатына жатады. Саусақпен санарлық кәнігі мамандардың Қазақстанда болуы біз үшін үлкен потенциал емес пе?! Сонымен қатар Тайвань мемлекеттік архив материялдарында сақталған Минго жазбаларын алу және пайдалану аса қиын емес. Тайвань-Қытай қатынастарына байланысты Тайвань өкіметі архивтік деректердің қолжетімді болуын қолдап, біраз реформа жасады. Былайша айтқанда, архив бұрынғыдай емес, қазір ашық. Минго кезеңінде хатталған деректерде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстар; Жетісу қазақ-қырғыздарының Қытайға аууы және Алаш автономиясы кезеңіне қатысты деректер көптеп кездеседі. Минго кезеңінде Шынжаң өлкесі Қытайдың Орталық Азия саясатында маңызды геостратегиялық орны болғанын ескерсек, тарихи хаттамалардың құны одан да жоғары екенін сеземіз. Манчжур және Минго кезеңінде хатталған тарихи деректерді қазірден қолға алсақ, отандық тарих ғылымына революция жасағанмен бірдей жұмыс атқарған болар едік. Біз айтып өткен деректер кезең-кезеңі бойынша анық категорияларға бөлініп, жүйелі зерттелсе, Орталық Азия, тіптен Түркі әлеміндегі ғылымның ордасына айналып кетуімізде шәк жоқ. Қытайша-манчжурша деректердің қолжетімділігі және оны аудару, ғылыми контекстін жазу ісі Орталық Азия елдері арасында қазірше Қазақстанда ғана оқ бойы озық тұр. Осы мүмкіндікті мемлекет ақсатып алмағаны дұрыс деп есептеймін. Түркітанудың қазақстандық үлгісін қалыптастыра алсақ, тұтас түркі әлеміне тікелей мәдени ықпал жасай алған болар едік.
– «Минго кезеңі» 1911 жылдан басталады емес пе? Бізде Алаш зиялылары атқа қонып, газет-журналдар шыға бастаған уақыт қой, былайша айтқанда. Ұлт-азаттық көтеріліс болды. Жаңағы сен айтып отырған деректер қалай жазылған? Қаншалық ауқымды?
– Иә, Минго кезеңі деп 1911 жылдан кейінгі уақытты айтады. Цин үкіметі тақтан түскен соң Қытайда жаңа республика құрылды. Республиканың алғашқы жарғысында шекара аймақтарға орналасқан моңғол, тибет және түркі халықтарына байланысты ұстанған саясаты басқаша болды. Республика жарияланған уақытта Қытай қазақтары жеке губернияларға қарасты әскери әмірліктерге қарайтын еді. Атап айтсақ, Алтай-Қобда, Тарбағатай, Іле әскери губерниясы және Шынжаң өлкесі. Іле губерниясы 1914 жылы, Тарбағатай 1916 жылы, ал Алтай өлкесі 1919 жылы Шыңжаң аймағына қаратылды. Былайша айтқанда, Алаш қозғалысы дами келе 1917-18 жылдары жеке автономиялы парламенттік республикаға айналған уақытта Қытайдағы губерния қазақтарының әкімшілік көрінісі түбегейлі өзгерістерге ұшырап, барлық губернияларды Үрімжі арқылы басқаратын жаңа құрылым пайда болды. Бұған қарап, саяси билікке келген Қытай респубиликасы шекара аймақтағы жер қайысқан қалың қазақтармен тіке санасқанын байқайсыз. Алаш кезеңіне байланысты Минго кезеңіндегі архивтік деректерді қысқаша мынадай үш бөлікке жіктеуге болады. Бірінші, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің орталық билікке жолдаған рапорттары; екіншісі, Тұрғылықты әскери губернияның ішкі мәліметтері; Үшіншісі, жеке саяси тұлғалардың естеліктері мен жеделхат нұсқаулықтары. Осыған байланысты Құлжа, Шәуешек және Қобда архивтерінде және Тайвандағы мем-архивте Шынжаң губернаторларының рапорттары жақсы сақталған. Ресей-Жапон соғысынан кейін Токионың назары Шынжаң өлкесіне қатты ауғанын білесіздер. Шәуешек және Құлжа губернаторлары Жапония агенттерінің бұл аймаққа жиі келгені туралы ақпаратты орталық билікке жолдағанын назарға алсақ, Алаштың саяси қайраткері Р.Мәрсековтың Владивостокта орналасқан Жапония консулына хаттама тапсыруынан кейін негізгі іс-қимылдың Шәуешекте жалғасын тапқанын анықтауға болады. Осыған байланысты Қытай архивінде деректер кездеседі. Сондай-ақ өлке губернаторы Ян Цзэнсиньнің де жеке естеліктерінде оқтын-оқтын айтылып, бұл мәселе бойынша жеке тоқталған. Қытай республикасының аталмыш мәселе бойынша баса назар аударуында саяси есеп-қисаптың болғаны рас. Өйткені патшалық Ресей кезінде қазақтар жиі орналасқан Алтай, Шәуешек сияқты губерниялар орыс билігінің қармағына өтіп кетуге аз-ақ қалып тұрды. Тіптен ертіс өзенінен кеме қатынап, Буыршын сияқты аудандарға неше жүздеген орыс шаруалары қоныстандырыла бастады. Петербургтің қатты леппен келген әскери қадамына қытай билігі тосқауыл қоюға қауқарсыз еді. 1917 жылғы екі бірдей революция Қытай республикасы үшін көктен тілегенді жерден тапқандай әсер берді. Патшалық Ресейдің Шынжаң саясатына наразы болған қытайлар ондағы ұлт-азаттық төңкерістерді жіті бақылады. Біз айтып отырған Алаш және Түркістан қозғалыстарына тиесілі архивтік деректер осы кезеңде хатталды. Сөз арасында айта кетерлік тағы бір өзекті тақырып бар. Ол – Алаш қозғалысын қолдаған және көмек атаған Қытай қазақтары туралы Қытайдың архивтік деректері. Мысалы, Алаш әскері мен қызыл коммунистер қырғын соғыс бастағанда Алаш әскерінің кейбір азаматтары шекараның арғы бетіне өтіп отырған. Оларды сол бетте күтіп алып, орналастырып, ат-көлігін сайлап, болысқан тұрғылықты меценат қазақтар болды. Міне, солар туралы архивтік дерек қытайда сақтаулы. Сосын Алаш қозғалысы мен рухани идеясы кейін жалғасын Қытайда тапқанын ерекше ескеруіміз керек. Қытайда өрбіген кейінгі ұлт-азаттық төңкерістерде Алаш идеясының қаншалық рухани һәм мәдени ықпал жасағаны туралы архивтік деректер де Қытайда сақтаулы тұр. 1937 жылдан бастап Қытайда қазақ зиялыларына қарата саяси қуғын-сүргін басталды. Қытай орталық барлау агенті мен Совет НКВД-сы арасында өзара ынтымақтастық болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Яғни саяси тұтқындарды ауыстырып, шекарадан әкетіп отырды. Қазақ тұлғаларына байланысты тергеу құжаттары Қазақстанда ашылды, бірақ қытайда әлі ашылған жоқ. Демек, Алаш кезеңі мен одан кейінгі қазақ қоғамына байланысты архивтік құнды деректер Қытайда сақтаулы жатыр деген сөз.
– Алаш зиялыларына «Жапон тыңшысы, анау-мынау» деген айыптардың негізі сонда жатыр дейсің ғой…
– Әлбетте, бұл айыптаулар текке шыққан жоқ. Жапонияның сол кездегі сыртқы саясатын зерттеп қарасаңыз, кейбір тарихи шындықтың беті ашылар еді. Әсіресе Жапонияның 30-жылдардағы Шынжаң және Орталық Азияға қатысты саясаты – мүлде зерттелмеген тың тақырып. Манчжурияда уақытша республика құрылғанға дейін жапондар біздің аймақпен жасырын байланыс орнатқан. Нақтылап айтсақ, 1928 жылдан бастап Алтай, Шәуешек, Құлжа мен Құмылға астыртын делегация жіберген. Құпия жіберілген делегация аймақты барлап қайтқан соң ІІ Әбдулхамит сұлтанның Еуропада жүрген туған немересі Мехмет Әбдулкерім шаһзаданы арнайы Токиоға алдырған. Мақсат айқын-тұғын, яғни Шынжаңды стратегиялық база ете отырып, аймақта жаңа республика құру. Осы кезеңдерде Әбдулкерім шаһзаданың адамдары қазақ зиялыларымен астыртын байланыстар орнатты. Зуқа батыр мен Әліп үкірдайдың басының шабылуы дәл осы оқиғаларға тура келуі текке емес. Жапондар Шынжаң губернаторын биліктен құлату үшін аймақтағы балама күштермен диалог жасап отырған. Бірақ аймақты жіті бақылап отырған тағы бір күш бар еді, ол – Совет Одағы-тұғын. 1934 жылғы саяси төңкерісті Совет тікелей қолдады және Сталин адамдары билікке келді. 1935 жылы НКВД-ның аймақтағы барлау қызметі жанданды. 1937 жылдан бастап саяси репрессия басталды. 1939 жылға келгенде «үш ұлт құрылтайы» деген сылтаумен қазақ-қырғыз-моңғол зиялылары тұтқындалды. 1937-39-41 жылдары үш ірі тазалау жүргізілген, арнайы қылмыстық дело бойынша 100 мыңнан астам адам абақтыға жабылған. Үлкенді-кішілі қалалардағы абақтылар дерлік «саяси қылмыскерлерге» толып кеткендіктен, кейбір жерлерде мал қамайтын қоралар түрме есебінде қолданылған. Ең өкінішті жері, осы жылдардағы тергеу құжаттары әлі күнге дейін ашылған жоқ. Егер осы құжаттар ашылса, мына үш тарихи оқиғаның сыры ашылған болар еді. Олар:
Бірінші, Алаш қозғалысының Шығыс Түркістандағы саяси, мәдени һәм рухани қыры мен сыры;
Екіншісі, Қытай қазақтарының ұлттық саяси һәм рухани бейнесі;
Үшіншісі, аймақтағы қазақтармен саяси, рухани қатынас орнатқан Жапония мен Түркияның қыры мен сыры;
«Ұйқыдағы» діни күштер мен радикализмді дер кезінде аңғарып отыруымыз керек
– Ислам радикалдары туралы да зерттеулер жасадың. Украина-Ресей соғысы, әлемдегі шиеленіскен геосаяси жағдайлар жаңағы мәселені (ислам радикалдарына қатысты) екінші орынға сырғандай көрінеді. Осы мәселеге байланысты не айтар едің?
– Шынжаң өлкесінің өткен тарихымен бірге бүгінгі геосаясаттағы стратегиялық маңызын зерделеген кезде аймаққа жақын өңірлердегі діни-саяси радикалды топтар туралы да қарастыра зерттеген едік. Рас айтасыз, әлемдік геосаясат күннен-күнге шиеленісуде. Сонымен бірге кейбір діни күштер мен экстремист топтардың белсенділігі артып келеді. Діни және саяси қақтығыстар біздің шекарамыздың іргесінде болып жатқанын ескеруіміз тиіс. Қазір негізгі ақпарат Ресей-Украина дағдарысы туралы айтып жатыр. Бірақ іргемізге жақындап тұрған «ұйқыдағы» діни күштер мен радикализмді дер кезінде аңғарып отыруымыз керек. Өз басым «ислам радикалдары» дегеннен көрі «діни радикалды топтар» деп атауды дұрыс көремін. Әлемдік сипат алатын діни есімдерді қолдануға болмайды, бұл Батыстың саяси термині. Сосын радикалды топ барлық наным-сенімдерде әртүрлі форматта кездесіп жатады. Жалпылама «діни радикалды топтар» десек, сипатын толық ашқан боламыз. Қарап отырсаңыз, дәл қазір Қазақстанның гео-экономикалық сыртқы дәліздерінің бәрінде саяси һәм діни түсініспеушіліктер болып жатыр. Біз үшін стратегиялық маңызы бар Кавказ бен Каспий теңізі өңірінде Әзербайжан-Армян қақтығысы жиі қайталанса, іргеміздегі Өзбек-Қырғыз-Тәжік арасында су, шекара және этникалық кикілжіңдер толастамай тұр. Ал әлемдік және аймақтық держава әріптес Қытай мен Ресейдегі жағдай онсыз да түсінікті. Жақын аймақтардағы жағдай бәрібір де біздің елді өз ықпалына тарта түседі. Біздің әлсіз тұстарымызды олар жақсы біледі. Бір қарағанға бұл «ішкі саясатты реттеп алу үшін сыртқы фактормен көбірек қорқыту» болып көрінуі мүмкін. Бірақ тәліптердің билікке келуі немесе ДАЕШ сияқты діни радикалды ұйымдардың Орта Шығыс елдерінен бізге жақын аймаққа қарай ығысуы, тағысын тағы күрделі оқиғалар аталмыш мәселенің қаншалықты шындыққа жақындап келе жатқанын дәлелдейді.
Бірде осы тақырып бойынша 2020 жылдың ақпанында YouTube арнасына сұхбат беріп, біздің аймаққа тікелей әсер етуші сыртқы діни радикалдар мен саяси қақтығыстар туралы болжау жасаған едік. Қазір соның дені шындыққа айнала бастады. Әрине, ел мен жұрт тыныш болсын дейміз. Дейтұрғанмен аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін байқастап, етек жеңімізді жинастыра білгеніміз жөн. Қысқасы, діни радикалды топтар түсінікті тілмен айтқанда «ұйқыдағы арыстан» сияқты. Ол сәті түскенде ояна салады. Тәліптердің билікке келуі – Орталық Азия елдеріндегі діни радикалды топтарға «біз де билікті өз құзіретімізге тәліптер сияқты қарата аламыз» дейтін сигнал қалдырды. Бұл – бір. Екіншісі, Ауғанстандағы халық билік партиясына наразы, ондағы саяси билік пен халық арасында түсініспеушілік терең сипат алды. Сонымен қатар ұзақ жылдан бергі елді жемқорлық жайлаған, бұның бәрінен әбден қажыған халық «бұлардан тәліптер артық еді» деген ойға жеткен.
Егер Орталық Азиядағы елдердің жемқорлық дерті осы күйінде қала берсе, халықтың билікке сенімі мен көзқарасы түбірінен өзгереді. Бұл тұрақтылыққа өте қауіпті. Сонымен бірге аймақтағы әлеуметтік теңсіздік діни топтардың идеологиялық қаруына тез айналады. Ал оның соңы хаосқа әкеледі. Егер байқасаңыз, Ауғанстан бар, жаңағы аты аталған аймақтардағы діни радикалды топтардың пайда болуы әлеуметтік теңсіздіктен туындағанын түсінесіз. Өкінішке қарай, Орталық Азия елдерінде әлеуметтік, саяси және экономикалық теңсіздік өршіп тұр. Ішкі әлеуметтік теңсіздік пен сыртқы экономикалық түйткілдердің миша былыққан жерінен діни радикалды топтар өздігінен қаулап өсіп шығатынын ескеруіміз керек. Діни радикалды қауіптер тек сырттан келе бермейді. Түйіндей келгенде, мынаны айтуға болады: жүйелі саяси, әлеуметтік һәм экономикалық реформалар керек. Қарапайым халықтың заттық және рухани әлеуетін көтеруге шындап кірісу керек. Діни радикалды топтармен күресу дінмен күресуге айналмауы керек. Ол адамдардың надандығымен күресуге айналуға тиіс. Біздің аймақта XIX ғасырға дейін рухани кеңістік біртұтас болды. Меніңше, тарихқа үңілу керек шығар. Өз кезінде Бұхара мен Самарқандағы рухани мектептер аймақтағы діни тұтастықты өз жауапкершілігіне ала білді. Дәл бүгін біз бабаларымыздың осы рухани тұтастық тарихын қайта қарауымыз керек деп ойлаймын. Атап айтқанда, Қазақ-Қырғыз-Өзбек арасында рухани ынтымақтастық пен диалог көп болғаны абзал болар еді. Осы арқылы «Түркі Мұсылманшылығы Концепциясын» ортақ ұсына аламыз. Бұндай концепция бізді арабтану мен парсыланудан және басқа да түркі менталитетіне мүлде жат түрлі діни радикалды идеологиядан сақтайды. Діни радикал топтардың біздің аймақта күш алуының себебі де осы. Жүйелі Түркілік ислам концепциясының болмауынан жаһандық ықпалдастыққа жұтылудың алдында тұрмыз.
– Өзің Түркияда оқып ғана қоймай, жұмыс та істегеніңнен хабардармыз. Саған түрколог ретінде қызықты ма олар, қалай болды өзі?
– Түркиядағы оқуым аяқталған соң Қазақстан азаматы ретінде сонда жұмысқа тартылдым. Мамандығым түркітану болғанымен, стратегиялық зерттеу орталығында Орталық Азия бағыты бойынша зерттеу жұмыстарын жасадым. Түркітану мамандығының бір ерекшелігі – тарих, тіл және әдебиетпен бірге әлеуметтану һәм халықаралық қатынастар саласына да бір жақын жүреді. Стратегиялық зерттеу орталығында жұмыс жасап жүргенімде Шынжаң және Орталық Азия аймағын көп қырынан тани бастадым, былайша айтқанда, өзім айналысып жүрген салам бойынша ысыла түстім.
– Әлеуметтік желіге анда-санда құнды тарихи құжаттар, деректер жариялап отырасың. Құпия болмаса, жеке мұрағатыңда сондай дүниелер көп пе?
– Көп те емес, бірақ аз да емес (күлді). Менің ойымша, белгілі бір саланың кәнігі маманы болу үшін нақты бір деректерге сілтеме жасауды ғадетке айналдыру керек. Бұны әуелі ғылымның өзі талап етеді. Деректану – жеке бір ғажап ғылым.
– Қанша тіл білесің?
– Өз кезінде қазақ мектебін тауыстым. Ана тілімде ойланып, түс көремін. Қазір қытай, түрік, ағылшын тілдерін білемін.
– Толғамды әңгімеңе рақмет, Елдес.
Сұхбаттасқан
Ырысбек ДӘБЕЙ
«Қазақ әдебиеті» газетінде әуелі «ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК ДІНИ ТОПТАРДЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАРУЫНА ТЕЗ АЙНАЛАДЫ» деген атпен жарияланған.