Ғ. Мүсіреповтың Ф. Оңғарсынова туралы айтқаны

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3055

ЕКІ АУЫЗ СӨЗ

Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, кұлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін.

Сол биіктерге көтеріле беру, сол тереңдікке бойлай беру, сол адамгершілік қасиеттерді толықтыра беру - ақын-жазушының бәріне ортақ арман. Мұның екінші аты, ең дұрыс аты — адам жанындағы, адам рухындағы тереңдік.

Тегінде биік көтерілу мен тереңге бойлау деген бірі жоғары, бірі төмен тартқандай көрінгенімен ақын-жазушылар үшін оның мағынасы екеу емес, біреу: екеуі де ой мен көркемдіктің өресі әрі биік, әрі терең болуын талап етеді. Идеялық және көркемдік тұтастығы дейтініміз сол биікте, сол тереңдікте ғана тоғысады. Мен Фариза қызымызды осыны іздену жолында көремін.

Қай халықтың әдебиетін, қай кездегі әдебиетін алып қарасаңыз да, өз ішінде байқалатын қарайластары болады. Өмір ортақ, тақырыптар ортақ, күнделікті таласы да, таразысы да ортақ, арманына қарай ұмтылысы да ортақ болған соң әр дәрежедегі қарайластықтар да табиғи жайға жатады. Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін.

Бұдан недәуір ертерек жылдарда, жас та болса қалам ұстасының беріктігіне өзі әбден сенген кезінде Фариза атақты "Өлеңін" жариялаған еді. Ақынымыздың бұл шығармасын мен өмірлік программасы екен деп түсініп едім. Ол өлеңінде тайсалмай берілген батыл сенім оқушылардың ойында қалған болу керек. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерінгенін көргенде, шын ақынның жарылып кетердей болған кезінде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы - поэзиясы болмақ-ты.

Көңілді, жайлы күнімді,

азапты қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін, 

қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! - деген-ді.

Біздің кейбір ақындарымыздың «жаңашылдығы» өлең түрінің айналасынан аса алмай жүр. Әлі күнге баяғы он бір буынды қара өлең жолын турамалап, үшке бөліп «жаңа» түр деп ұсынуға әлі күнге ұялмаймыз. Он үш жол деп гонорар алуға жәрдемі тиер-ау деген есеп - поэзияға ноль.

Қара өлеңнің өзінің заңды үлгісі мынау ғой:

Фағилатұн - фағилатұн - фағилат /4-4-3/.

Мұны цифрлардың орындарын ауыстырып тағы екі түрге айналдыруға болады.

Фағилатұн - фағилат - фағилатұн /4-3-4/

Фағилат - фағилатұн - фағилатұн/3-4-4/.

Ой салмағын, көркемдік салмағын қай сөзіңе аударғың келеді, соңына қарай осы үш түрден қалағаныңды аласың. Небары осы.

Ал біздің кейбір ақындарымыз осы он бір буынды былай да турамыштап жүр:

Қыста келдім,

Мен мұнда жазда келдім.

Көпте келдім,

Адамдар азда келдім. 

Сыртынан қарағанда төрт жол. Дұрысына келгенде:

Қыста келдім мен мұнда, жазда келдім.

Көпте келдім, адамдар азда келдім, - 

деген кәдуілгі он бір буынды қара өлеңнің екі жолы. 

Мұндай «жаңашылдықтың» бұдан да гөрі өрескелі бар:

«Еседі,

Аңқылдайды-ай,

Аңқылдайды.

Ішіңде айтылмас бір сыр қалсайшы...»

Бұл баяғы қара өлеңді екі жағынан тонап, төмендетіп тапқан «жаңалық». 1. «Еседі, аңқылдайды-ай, аңқылдайды» деген үш сөздің үш жол алып тұруға түк хақысы жоқ. Бұл қара өлеңнің бірінші жолы. 2. Бірінші жол аңқылдайды болса, екінші жол сыр қалсайшы деп бітуге түк логика жоқ. Мұнысы да бұл қара өлең үлгісі емес дегені. Атқа шалыс - өре салсаң (оң жақ алдыңғы аяғынан, сол жақ артқы аяғынан, не болмаса керісінше), ат қозғала бере құлап түсуі мүмкін. Мұндай шалыс - өре 6-7, 7-8 буынды жырда бұрыннан бар.

Фариза поэзияны осындай алмастыру мен «көркейтуге» туа қарсы болған ақын деуге болады. Ең алғашқы өлеңдерінде де қиқаң-шиқаң сирек кездеседі. Есейе келе ақын Фариза поэзиясы өзіндік бағытын да, түрін де тапқан.

Фаризаның поэзияға тілектес жанашырларына, алдыңғы ағаларына былай дегені бар:

Сендерсіз бұл жалғанда

жоғалардай ізгілік, бүкіл мейірім,

онда мен де көз түспес үтірдеймін.

Сендер айтқан жалғыз-ақ жақсы сөзден

жамау-жасқау көңілді бүтіндеймін.

Ал, сендерден сәл салқын қабақ көрсем,

іштей налып, өзімді түтіп жеймін.

Осы қысқа ғана үзіндіде мен үшін нағыз ақындықтың талай таңбалары бар: ізгілік, мейірім жоғалса, мен көзге ілікпес үтірдей ғана болар едім... Сендерден ұнатпай қалған қабақ көрсем, өзімді өзім түтіп жеймін дегендері жәй ғана сөз ретінде алсаң да, үлкен тапқырлық. Ақын біткеннің аузына түсе бермейтін теңеулер. Жанашыр ағаларына қандай өтімді, қандай жан-жүрегіңе тиетін ақындық!

Фариза өзі біліп түскен, қалап алған ауыр жолда, өмірлік ұзақ жолда сенімді екенін барлық еңбегінде көрсетіп келеді. Фариза - поэзиясының тақырыптарын, іші мен тысын тұтас ойлай алатын ақын. Осы жолы баспаға ұсынып отырған «Сұхбат» жинағында.

Келем тартып әлі алға 

достар - айдын, ел - кемем. 

Екеуінсіз ғаламда

түк емеспін мен деген. 

Мұнысы да бұрынғысына жалғас ой. Ақынның жан сөзі.

Фариза қоғамдық тақырыптарға да еркін бара алады:

«Коммунизм» деген өлеңінде былай депті:

Бүгін -

бір сөз әлемнің жүрегінде. 

Күш бергендей қажыған жігер, үнге. 

Бүгін

Үмітті ұмытқан дүниенің 

қадалады жанары Кремльге - Салтанатты сәт бүгін ұлы елімде! -

жеткізе айта алмаған дей алмасақ керек.

Мен Фариза ақында кемшілік болмапты, қателеспепті демекші емеспін. Белгілі қағида - ештеңе істемеген адам ғана қателеспесе керек. Бар кәсібің - бір ғана басың мен бір ғана жүрегіңді шегіннен босатпау болған соң, қателеспесіңе болмайтын да шығар. Кейде ұйқың шала, кейде көңілің нала кездерің де болады. Айналаң - ортаң ылғи бір қайғысыз-мұңсыз саржайлау емес қой. Кейде бір жаратқандарына қарап жаратылыстың өзінен де қате табуға болады.

Мен Фаризаның өз қателерін мойындауында да үлкен ақындық барын көремін.

Өкпелеңдер бұлалау қылығыма,

қондырмаңдар талпынған тұғырыма.

Мұның бәрі түк те емес, ал өзімнің

өкінішім жетеді ғұмырыма!

Кінәм жоқ деп ақиқат қарғанбасым,

сыздатып тұр жүректі ар - қорғасын.

Қателесу керек те шығар, мүмкін,

кешіре алар бір жандар бар болғасын.

Қатеге ұрынып қалғанына өкініші өмір бойына жететін адамның аты - шын ақын, үлкен ақын. Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны да таза, ары да таза, ерлерге лайық биіктерде ғана көремін, қашанда сол биігінде көргім келеді.


1982

author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...