Көкбөрі Мүбарак. Ішіңіздегі мұражайды тонатып алмаңыз

СӨЗДІҢ АТАСЫ
1569

(Тамыз түніне тамырын жайған толғамдар) 


*   *   *   

Қыз басындағы биіктікке, еркіндікке ешкімнің қолы жетпейді. 

*   *   *

Бір мұражай үшін бір елді бір ел жаулайды.  Себебі,  сол мұражайда осы шабуылға өткен елдің өткен өмірі жайлы ең құнды мазмұндар мен қазыналар тығылған болуы мүмкін.  Сіздің қаныңыз бен жаныңызда біздің бабамыз салып  кеткен рухани мұражай бар.  Ол бірде оянбаса да,  бірде оянады.  Біздің бүкіл тарихымызды бұрмалап, халықтың санын азайтып,  мәдениетімізді тас-талқан еткен күннің өзінде де кейбір адамның қанында ұлттың ұлы құпиялары сақталып қала бермек. Жеке адамның ұлтына деген сүйіспеншілігі мен шынайы еркіндігі оны оятады. Ендеше,  жан әлеміңіздегі ұлттың ұлы мұражайын ойрандап алмай,  жат әуен,  лас сөз,  мағынасыз қимыл,  кірлеген ойлауларға жүрек мұражайыңызды қимаңыз.  Оны қорғаңыз,  сақтаңыз. Бұл менің сізге ұсынысым әрі құрметім. 

*   *   *

Бір сұлу түсіңізді әлі іздеп жүрсіз бе? 

Түс те,  айтылған ақыл да,  көкейге салынған ойлар да,  ұшқыр қиял мен жалт еткен сағымға ие шабыт та сізге «ҮМІТ» сыйласам екем деп ғана жан әлеміңізден бой көрсетеді. Бірақ,  кілт – өзіңізде. Өмірден шаршап кетесіз, көп емес,  керек десеңіз бірер сағат бойы ғана. Сізді жалықтырмайтын нәрсе ойлап табу достарыңыздың да,  менің де қолымнан келер емес.  Тек техниктер ойнап тапқан телефон ғана сізді алдарқатуда. МЕНІҢ БАҚЫТЫМНЫҢ ТҮРІ КӨП. Ендеше,  сіз де менің талпынысымды дос көріп,  өзіңізге неге бақыттың көптеген түрін жасап алмайсыз? 

*   *   *

Нағыз прозада әңгіменің шын-өтірігі айырылмайды, таңғалысты күй кештіреді. 

*   *   *

Көк төбелер бұрқырап, көгілдір теңіздер қайнауда. Қолыңызда бір тал ақ құмыра. Каспийде тұрсыз... «Теңізге кетсе екен осы бетімен» дейсіз. Ішіне жұмарлап хат саласыз. Ол хатты ешкімнің тауып алып оқитынына сеніміңіз жоқ. Өйткені, бүгінгі дәуірде ішіне хат салынған құмыра кімге таңсық дейсіз. Құмыраңыз Иранға ағып барсада оны тауып,  құмарланып оқитын адам жоқ қой. Ақтаудан аққан құмыра Атырауға барса да, оны тауып алған Қазақтың Қазақ тіліне,  Қазақы көркем хатқа деген құштарлығы белгісіз? Бірақ,  сізге мынаны ескертейін. Хатыңызды біреудің тауып алып оқуы қажет емес, мейлі, жайынның ауызына сол құмыраңыз жұтылып кете берсін.  Ең бастысы, сіз осындай толқынысқа толы теңізде, кемеде ерекше хат жазып шығуға, өмірді шексіз сүйетініңізге,  ешкімге өкпелі емес екеніңізге сенімдісіз бе? Тәуелсіз мемлекеттің тұрғынысыз, бірақ тәуелсіз махаббатыңыз барма?  Тәуелсіз өміріңіз барма?  Хатта осыларды айта аласызба?  

*   *   *

Оюлы киімді көптеген таныс-жақындарымыз жақсы көреді. Мереке күндері ұлттық ою-өрнекке толы киімдерді сіз де киесіз,  мен де кием,  бастысы ол емес.  Сол кездегі сізден көрінген сәбилік көңіл, сол Қазақы жымиысыңыз бәрінен қымбат еді мен үшін.. Оюдан да қымбат. Біз бір-бірімізге Қазақы бейнемен жымиып жүрейік.  

*   *   *

Бауырмалдықпен жасалған әр екі адамның сұхбаты әр екеуін оттан құтқарады. 

*   *   *

Ой да бір-бірін іздеп табады. 

*   *   *

Адамның күшін еркіндік молайтады. 

*   *   *

Намазға бай болсаң,  басқа барлық нәрсеге бай боласың.  Әттең,  намазға бай болу қолдан келе бермейді.  

*   *   *

Есімім – Көкбөрі Мүбарак.  Жартысы – исламдық,  жартысы – далалық. Бір есімім сүйреп мешітке әкеледі.  Бір есімім сүйреп көкжалдардың ортасына тастап жібереді.  Иман мен бойымдағы бабаның ыстық қаны – менің қос қанатым,  қос қуатым. 

*   *   *

Бір қорғалған жерді Алла сан қорғайды.  Бір қорғалған жүрегің мың рет тосқауылға ұшырап,  мың рет қорғалады. Бекем өмір сүр! 

*   *   *

Оттан да ыстық рухтар бар. Адамның топырақ текті денесі көтере алса Құдайым бізден рух пен шабытын аямаған. Қызыл-жасыл теңіздердей төгіліп келген шабытымды түсінер жұрт,  қабылдай алар есті болса, мархабат! 

*   *   *

Көш көрген Қазақ – Шын Қазақ.

Қос көрген Қазақ – Нұр Қазақ.

Өскелі үйде жатып ап, бөксесін қыздың ойлайтын,

Ол антұрған – Құл Қазақ! 

*   *   *

Біздегі ең ескі қорғандарды оятатын, ең ескі тарихты оятатын да сол тастар мен күміс-алтын естеліктерден бұрын, ақын мен ғалымның ұлтжанды жүрегі. 

*   *   *

Ескі храмдарда, шынайы адамзаттық орталарда болдым.  Бүкіл адамзаттық сезім жүрегімде тұрды.  Үндістанның қайнаған жаңбыры,  Якутияның сүйікті аязы,  тұрқы мінсіз Алтай,  Бетпақ-Даланың шөлі,  ананшымның жатырындай болған Арал теңізі...  Өмір күн сайын өзінің махаббатын ашады. Жүрегіміз махаббатқа толып кетті.  Осы дала мен адамдарды,  базарларды,  тіршілікті махаббатпен жаратқан Құдайға айтар дұғаңызда тымқұрыса, сөзіңізге азырақ махаббат қосып «шүкіршілік!» деңізші.  Біз бірлікте «шүкірлік!»  деп айтайық. 

*   *   *

Ең ескі храмдар қашан да Құдайды іздеп тұрады. Үндістанның тым ежелгі храмдарына көз суарған сайын, Үндістаннан маған жүрегіме бір туыстық шыға береді. Үндістанға шөлдеймін де тұрамын. Адамдарында нем бар?! Ол жердегі тарихи іздер сағындырады. Басқа әлем. 

*   *   *

Құтбтың жүрегі әлемді үнсіз тыңдап тұрады.  Құтб – барша адамзат баласының пайғамбарлықтан кейінгі ең жоғары мәтебесі,  әулиелердің,  әлемді реттеушілер мен қамын жеушілердің шыңы. Құтбтың жүрегі әлемді үнсіз тыңдап тұрады. Ол уақыттың барлық кезеңінде бар. Адамзат үшін тақуалықпен,  таза оқу,  адал еңбекпен осы Құтбтық өреге жетуге,  әлемді басқарып гүлдендіруге орай берілген. Бәрімізге құтбтың жүрегі бірер минутқа берілсе,  масаң тартқан ит сөйлемдер мен ит тірлік, әдепсіз итшілескен қатынастардың бізде миллионы болғанын байқап өзіміздің әлсіз бейнемізді жаңарған жүрегімізге бірер минут бойы жерлеп отыратын едік. Құтбтың жүрегі әлемді үнсіз тыңдауда... 

*   *   *

Тек сенің көзіңе арналған. Көп көріністер екінші адамның көзіне емес, саған арналған. Сенің ғана көруің, естуің, сезінуің үшін көп нәрсе бір өзіңе арналып жекелей білдірілді.

*   *   *

Қараңғы сөздер...

Адамдардың лай кеудесінен қайнап шыққан қараңғы сөздерде шек болмайдыды... Мысқылға толы, аяусыз осқылайтын жарығыңмен жымиып қара. Сол қараңғы сөздер өз лайына бата бастайды.

*   *   *

Риздығыңның картасы

Риздығыңның кәдімгі жер бедері мен елді мекенннің карталары сияқты картасы болады. Риздығыңды оқи білетін адамдар болады. Биыл басқа елгк барсам дейсің. Риздық картасын оқи білетіндер: 

- Ол елден сол уақытқа саған дәм(риздық) жазылмапты. Ол елге шыға алмайсың. Мына уақытқа дейін сенің риздығың осы жерден белгіленіпті,-дей алар еді. Құдай талай адамды шарапатты етіп жаратқан. Әсіресе, адамдардың риздық картасын оқи білетіндер - таңдаулылылар, таза жүруге әрдайым талпынатындар. 

Басқаның болмаса да, өз риздығымыздың картасын оқи білейік, құдайдың тың қуат сыйлауымен. Жолымызды сол білімге бейімдеп, уақытымызды үнемдеп, әр қадамымызды байыппен, бақытпен басалық!

*   *   *

Адамдар өз қауымынан басқа қауымға сіңіскеніне ұзақ болса да ескі кезеңдегі тайпасының іс-дағдысын қайталайды. Қырық тайпа сіңіссе де... Оспан Түріктердің жасағы Қаратеңіз бойында соғыс салып жүрген уақытта бір түрік жасағы үнемі қалың киініп алады екен, ғажабы сол, жаз таяған сайын қалың, қыс кезі сайын жұқалтаң киініп алады екен. Сөйтсе ол өзі тегі жағынан баяғы уақытта Сібірден барған тұрғынның ұрпағы екен. Өңі Түріктен айырмасыз, бірнеше ұрпақ бойы Анадолыда өскен адам...

*   *   *

Баяғыдағы бір балаң ой

Тағдырға налымай, тағдырды қалай мазақ етуге болады?

Өмірдің өзі өлең, оның да ақыны болады деседі. Ұйқастыра алғаны ғана өмірді өзіне бағындырыпты деседі. 

Меніңше, байлық, өнерге деген ұлы козқарас пен ыстық жүрек, адамдарға қайырым жасаудан танбайтын мәрттік, кең пейілділік пен жаһангездык мінез-құлық, міне бұлар өмірдің шынтақ айналмайтын тар мінезді келеңсіздіктерін мазақ етуге, сүйікті етіп жасап алуға көмектеседі деп ойлаймын. 

*   *   *

Романтизм есте сақтауды 75 пайыз арттырады.

*   *   *

Балаңыздың бақытқа жетуі үшін ол өз саласының аңыз адамына айналса жеткілікті. Ол үшін баланы кез-келген бір өнерді бала жүрегімен мәпелеп кеудесіне басып, қаршадайынан сол салада ізденіске түсуіне, шөгелдікпен көп еңбектенуіне мүмкіндік беріп, жасынан баланы рухани аса күрделі ізденіске, еңбекке салып етсе болды, нағыз маман шығады. Кейін ол басқа салаға ауысып жатсада осындай керемет ізденістің кілтін тауып алғандықтан бірнеше саланы дүркіретіп қолында ұстай алады. Ал, сіздің көп қарвжатпен, артық мейіріммен оны қиналтпай өмір сүргізуіңіз бен керемет жерлерден оқытуыңыз ештеңені шешпейді. Баланы ұлы ізденістің адамы ету ғана - бақыттың кілті. 

*   *   *

Ниет ағымы. Ниетің түскен нәрсе сені айналдырып өзіне алып келеді. Сол үшін ниетің түскен дүниені бірден бастап кету, ниетің түскен орынға бір бұрылып барып қайту маңызды. Ниетің түскен орынға жоламай айналып өтіп кетсең немесе кейінге қалдырсаң, осы ниетің түскен дүние сенің уақытыңнан өз кезегін әлдеқашан алып қояды да, бір күні басқа шаруаңның жолын кеседі. 

*   *   *

Ойға күдік енгізу - өмірді шайқалту. Егер, сіз құдай бұйырған талаптарды орындауға жалқаулық, кейістік танытсаңыз сөзсіз түрде әр орындалмаған тазалық міндеті үшін түсіңіз арқылы кіші-кірім жазалар жіберілгендігі көрсетіледі. Бұл қым-қиғаш түстердің мақсаты сіздің күнделікті сыпайы көңіл-күйіңіз бен қамсыз ойыңызға күдік енгізуді мақсат етеді. Адамдардың көбі түсіндегі осындай кіші-кірім жұмбақтарды шеше алмай қалады да, өңінде болып жатқан әп-әдемі істер мен қарым-қатынасқа күдік орнатып, өзінің берекесін шайқап алады. Бұл жай ғана көңілге салынатын күдіктерді ғана қамтымайды, шынайы өмірде жүрегіңізге секем алдыратын ыңғайсыз ұсақ оқиғаларды да орналастырып қояды. Адамдардың бәрі осы ұсақ қайғыларға тап болмауы үшін түсіне зерек ой жүгіртуі және оның келесі жағымсыз қатарларын көрмеуі үшін құдайдың адал міндеттерін жалықпай, ұқыптылықпен орындап жүруі керек. 


2020 ж 22 тамыз, Алматы түні 

Мәдениет порталы


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...