Ұлттық намысы күшті, қаны бар азаматтардың кеңес басшылығына ұнамағаны бүгін елдің көбіне мәлім және...
Көженің атын да көршіден көшіреміз бе?
Тіл мен дәстүрден кейін ұлттық ерекшелікті көрнекілендіретін нәрсенің бірі – тағам мәдениеті. Қазақтың қазы-қартасы, ет пен қымызы, өзбектің палауы, грузиндердің хачапуриі, италиялықтардың спагеттиі деп айрықша атайтынымыз содан.
Әлем бір тұлғаланып, адамзаттың мәдениет ауыс-түйісі күшейген қазіргі таңда қай елде, қай қалада жүрсең де, қалаған тағамыңды жеуге мүмкіндік бар. Әсіресе, көп елдің мәдениетін тоғыстырған көпұлтты мемлекет Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтанда тамақтың түр-түрі табылады. Шағын кафелерден бастап ірі ресторандарға дейін сан түрлі тамақтың тізімін самсатып тізіп тастаған. Қалтаң көтерсе, қалағаныңды жеп, тәбетің тартқанды ішуге мүмкіндік бар. Дейтұрғанмен, Қазақстанның көп өңірінде сол тамақтардың тізімі ылғи орысша немесе қай елдің азаматы ашқан асхана болса, сол елдің атауы бойынша жазылатыны қынжылтады. Қазақша атауы жоқ болса бір сәрі, қазақшасын қайырып қойып, палауды – плов, ботқаны – каша, күрішті – рис, ірімшікті – сыр, тоқашты – лепёшка, сорпа мен сұйық тағамды суп деп соға беру қазір үрдіске айналған.
Жақында досым екеуміз бір асханаға түскі асқа кірдік. Қожайын, аспазынан бастап даяшыларына дейін қазақ. «Не ішесіз, не жейсіз?» деп бәйек болған даяшылар қолымызға орысша ас мәзірін ұстатты. Қазақшасын сұрап едік, жоқ болып шықты. Сонымен тым құрыса «Нан сұрап жейтін орысшамыз жоқ» досым екеуміз фотосына қарап тамаққа тапсырыс бердік. Аздан кейін «Сіздердің мәнпәрларыңыз дайын» деп екі кесе асты алдымызға қойды. Мәнпәр деген, атына қарап басқа бір тағам шығар десем, қазақтың кәдімгі жұлма көжесі. Осыдан кейін асханаға кірсем, ас мәзіріне назар аударатын болдым. Сондағы бір байқағаным, көп дәмханада мәнпәр деген атау орнығып болған. Бірақ «Бұл қай ұлттың тілінен келген атау?» деп сұрасаң, ешкім білмейді. Мәнпәр – қытай тілінен келген. Алдымен көже-қатығын қуырып, одан соң оның үстіне су құйып, оған жалпақтап созылған қамырды үзіп салатын тамақты қытайлар таңфан, мәнпәр деп атаса, қазақ оны жұлма көже деп атаған.
Қазақ тағамдарының ішінде көженің түрі көп. Айталық, кеспе көже, жұлма көже, қара көже, салма көже, қолдама (бармақ) көже, тары көже, сүт көже, бидай көже, қонақ көже сияқты он шақты түрі бар. Ендеше өз тілімізде атауы бар тағамды өзіміз мүлде түсінбейтін тілмен «тергеп» неміз бар?!
Белгілі бір зат атауының бір ұлт тілінде болмауы, оның сол ұлттың тұрмысымен қатысы жоқтығының, яғни өндіріс-тұрмысында қолданылмағанының дәлелі десек, ең қарапайым тамақ түрі саналатын көженің атын да көршіден көшірсек, басқалар да «қазақта ет пен сүттен басқа тамақ жоқ» деген ұғым қалыптастырмай ма? Тек мәнпәр ғана емес, қытайдың дапанжи, гойру лағман деген сияқты атаулары алдымен «қытайский кафелерге» келіп, одан кейін бүкіл қазақ тіліне қарай дендеп кіріп бара жатқаны байқалады. Бұл тағам аттары бізге таңсық көрінгенімен, баспа-бас аударсаң, дапанжи – жуан табақтағы тауық еті, гойру лағман – етпен қуырылған лағман деген сөз. Мұны қазақша төретабақ тауық еті, қуырдақ лағман деп алсақ, ұғымға да, тілге де жеңіл шығар еді ғой. Бірақ оған назар аударып, «мынаның қазақшасы қалай?» деп ешкім сұрап жатпаған соң, біреу өресі жетпей солай жазса, енді біреулер әдейі солай жазуы әбден мүмкін. Бұл былай қарағанда жай іс сияқтанғанымен, түбін қуғанда, қазақ тілін қорғап, қолдайтын, атау-терминдерін қадағалап отыратын құзырлы орындардың жоқтығын, болса да қазақ тіліне құлықсыздығын түсіндіреді. Мәселен, көрші ел Қытайда атау-терминдерді арнаға түсіріп, қадағалап отыратын Тіл-жазу комитеті бар. Бұл мекеме атаулардың бірізділігіне, дұрыс жазылуына назар аударуымен қатар, ел ішінде қолданылатын өнімдерге (соның ішінде ас мәзірі де бар) қытай тіліндегі сілтемесін, сөзсіз, жазуды талап етеді. Айтқанды атқармаса, ақшалай айып салып, заңды түрде бір шара қолданады. Ал біздегі Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма осылай істеп отыр ма? Көше бойындағы дүкендердің атынан бастап асханадағы ас мәзіріне дейін әркім өз қалағанынша жазып алатынына қарап, осы елде тіл қызметімен айналысатын мекеме жоқ шығар деген ойға келесің. «Қазақ тілін дамытайық, бәріміз қазақша сөйлейік» деп даурыққанымызбен, атаулардың көбі, керек десеңіз, ішетін тамағыңа дейін орысша немесе қытайша айтылып, оны қазақша әріптермен таңбалап жүрсек, тіл қалай түлейді? Ұлт қалай дамиды?
Айтпақшы, терминдер топтамасында ас мәзірін «таблдот, мәзір түрі» деп тұрақтандырыпты. Бұл арада мамандардың «ас мәзірі» деген атаудан неге қашқанын, орыс тіліне француз тілінен ауысқан таблдотты неге тықпалап отырғанын түсінбедік. Демек, тамаққа қатысты терминдердің де тектейтін тұсы көп.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ