Абайдың «Қара сөздеріндегі» хикметке толы 38-сөзі талай ғалымды толғандыр...
СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ. ЖЕТІ АБАҚ МАТРИЦАСЫ. ЖЕТІ. ЖЕТЕ. ЖЕТПЕК
Абақ таңбаның күрделі нұсқасы ретінде кіндіктес (концентрлі) шеңберді алуға болады. Мұндай таңбаларда екіден көп (екі, үш, алты, жеті, тоғыз, т.б.) шеңберден болады. Осындай таңбалардың мәні туралы Р. Генон былайша қысқаша түсінік береді: "Иногда точка бывает окружена несколькими концентрическими кругами, очевидно, изображающими различные состояния или степени проявленности. Они располагаются в соответствии с их иерархическим положением, определяемым большей или меньшей удаленностью от изначального Принципа"15. Яғни, кіндік нүктені дөңгелене орап жатқан шеңберлердің саны:
— Нұрдың шашылуының ("жария болудың", "көресіннің") әр түрлі дәрежесін көрсетеді.
— Мұндай нұршашу (нұрқиястық) дәрежесі кіндіктен алыстаған сайын азая береді.
Осындай таңбалардағы шеңберлерге, олардың санына, іс жүзінде біріне-бірі қайшы келмейтін, бірін-бірі жоққа шығармайтын әртүрлі мағына беруге болады.
Кіндік нүкте | Шеңбер (шеңберлер) |
Нұр | Нұршашу, Нұрдың сәулелері |
Протокосмос (тумақ) | Ғалам көресіндері |
Тіршілік бастауы | Тіршілік көресіндері ("жариялары") |
Уақыт бастауы | Уақыт көресіндері ("жариялары") |
Кеңістік бастауы | Кеңістік көресіндері ("жариялары") |
Көз-қайнар | Бұлақтар, өзендер, дариялар (төрт өзен, жеті өзен, тоғыз өзен) |
Жан бастауы Нысан (дене, аспан, жер асты, үй, қамал) | Жан түрлері (жеті жан, тоғыз жан, үш жан). Оның қабаттары (киімдері), тоғыз (жеті) қабат сауыт, тоғыз (жеті) қабат аспан, тоғыз (жеті) қабат жер асты, тоғыз (жеті) қабат үй, тоғыз (жеті) қабат қамал, т.б. |
Мұрат | Мұратқа жетер жолдағы белестер (кедергілер) |
Шың басы не тұңғиық түбі | Оған жеткізер сатылар (баспалдақтар, деңгейлер) саны |
Ана құрсағы | Оның ұрпақтарының саны |
Уақыт бастауы Уақыт көресіндері ("жариялары") Кеңістік бастауы Кеңістік көресіндері ("жариялары") Көз-қайнар Бұлақтар, өзендер, дариялар (төрт өзен, жеті өзен, тоғыз өзен) Жан бастауы Нысан (дене, аспан, жер асты, үй, қамал) Жан түрлері (жеті жан, тоғыз жан, үш жан). Оның қабаттары (киімдері), тоғыз (жеті) қабат сауыт, тоғыз (жеті) қабат аспан, тоғыз (жеті) қабат жер асты, тоғыз (жеті) қабат үй, тоғыз (жеті) қабат қамал, т.б. Мұрат Мұратқа жетер жолдағы белестер (кедергілер) Шың басы не тұңғиық түбі Оған жеткізер сатылар (баспалдақтар, деңгейлер) саны Ана құрсағы Оның ұрпақтарының саны болатындығын айтқан болатынмын. Енді осы праформаның "е" дыбысы арқылы берілген нұсқасын абақ (шоғым) таңба арқылы "оқыр" болсам:
Шеңбер (шеңберлер) немесе сәуле сызығының (сәулелердің) атауы — "нгенг/ңең".
Шеңбер кіндігіндегі нүкте атауы — "нгенгт/ңеңт".
Бұл (дей-түрктік, гиперборейлік) атаулар өз кезегінде мынадай өзгерістерге ұшыраған:
Шеңбер | "нгенг" > "йенг" > "жең" | Қазақ тіліндегі "жең" (көйлектің жеңі), онымен типологиялық деңгейде мағыналас "жаға" ("нганг" > "йанг" > "йағ" > "жаға") сөздері осындай жол мен қалыптасқан, олардың геометриялық пішіні — шеңбер. "Жаға", "жағалау" (теңіз жағасы, жағалауы, "кемері", "ернегі") сөздері де осы қатарға жатады. |
Нүкте | "нгенгт" > "йенгт'' >"йент" >"йет" > "жет" | Қазақ тіліндегі "жет" (жеті) етістігі. |
Осындай жолмен пайда болған, бүгінгі тілімізде етістік қызметін атқарып жүрген "жет" сөзінің байырғы (дей-түрктік) мағынасын қалпына келтіруге мүмісіндік бар.
Жет — мұрат
"Жет" сөзі уақыт сүрлеуімен де, кеңістік сүрлеуімен де қозғалу барысындағы мұрат еткен, мақсат қылған межені білдіреді. "Жол мұраты — жету" демекші, кез келген әрекеттің, қозғалыстың, өзгерістің соңғы межесі — "Жет", яғни, қозғалыс та, әрекет те, өзгеріс те сол "Жет"-ке жеткенге шейін өрбиді де, сол "Жет"-ке жеткесін тоқтайды. Мәселен:
Бой жету, бойжеткен — осындай анықтама сөзді айту үшін де пенде, қыз бала белгілі бір жас (уақыт) межесіне "жетуі" тиіс; бұл — қыз баланың балалық организмінің түбегейлі өзгеріске ұшырап, әйелдік белгілердің қалыптаса бастау уақыты.
Ер жету, ер жеткен — жас баланың ересек еркекке айналуы; бұл да бала организміндегі түбегейлі өзгерістердің болу уақыты.
Басқа мысалдардан "арманына жету", "мұратына жету", "мақсатына жету", "діттеген жеріне жету", "ойлағанына жету" сөздерінің астарына үңілер болсақ та, әлдебір межені, соңғы шекті, нүктені көруге болады; сол межеге, шекке, нүктеге "жеткенде" ғана арманымыз да, мұратымыз да, мақсатымыз да, ойымыз да "орындалады". Осы мысалдардан, сондай-ақ, ең алдымен алдыңғы екі мысал — "бой жету" мен "ер жетуден" көретініміз — адамның бойындағы түбегейлі өзгерістердің болу уақыты (қыз баланың бойжеткенге, ер баланың еркекке айналу кезі) болатындығы. Реалды қоғамда осындай өтпелі меже кезі инициациялық әрекеттермен нақтыланады. Адам биологиялық субъект ретінде табиғи жолмен бой жетеді, ер жетеді, осы меже енді әлеуметтік (социалдық) деңгейде нақтылануы керек. Тек инициациядан өткенде ғана "табиғи өзгеріс" әлеуметтік мәртебе ретінде қабылданады.
Жетпек — инициация
"Инициация" терминінің дей-түрктік баламасы да - осы "Жет" (*нгенгт) ұғымы. Бұл жерде екі мәселені шешіп алған жөн немесе көрсету қажет.
Біріншісі — "инициация" деген терминге негіз болған латын тілінің түбірінің іс жүзінде дей түрктік екендігін дәлелдеу керек. Латын тіліндегі "initio" — "начинать, посвящать, вводить в культовые таинства" дегенді, ал, "initiatio" — "совершение таинств, мистерий" дегенді білдіреді, этимологиялық тұрғыда "инициация" ұғымын "вхождение внутрь" (ішке ену) немесе "приступание к чему-либо" (әлдебір іске дендеп кірісу), яғни "ступание вплотную" деген мағына береді. Міне, осы тұрғыда латынның "initio" сөзінің қазақтағы "ену", "ентелеу", яғни "ен ет" әрекетін сөз түрінде де, мағына түрінде де көрсетіп тұрғанын байқауға болады. Латындық "initiatio" сөзінің, сол сияқты "инициация" терминінің іс жүзінде осы дей-түрктік "жет" < "ңеңт/нгенгт" праформасы негізінде қалыптасқандығын да көрсете кетуге болады: "initio" етістігінің өзі "ng-ng-t" > "ing-ing-t" > "in-i-t" > "initio" немесе: "ng-ng-t+t" > "init +(a)t" > "initiatio". Мұндағы праформалық "ng-ng-t" сөзіндегі "ng" — "ін" (внутрь, нутро, нора) және "ену" (вхождение, войти) дегенді білдірсе, "ng-t" - "іш" (внутрь; "інт" > "іш"), "есік" ("еңг" > "еш" - еш-ік, ес-ік), сондай-ақ, "ент-елеу" (жақындап қалу, ену, тақалу) деген мағыналарды күні бүгінге дейін қазақ тілінде сақтап отыр. Қазақ тіліндегі "ішке ену" < "іш ен" сөз тіркесінің дей-түрктік варианты "іңт ең" — "ingt eng" болар еді; мұндағы сөздердің орнын алмастырсақ латындық сөз шығады: "eng ingt" > "ing ingt" > "in-it". Яғни, сөз жасаушы автордың латын емес, дей-түрк болғандығы дау туғызбауы тиіс.
Екінші — "инициация" терминіне бүгінгі қазақ тіліндегі баламасын жасау. Латындық "initio" немесе "initiatio" етістіктері мен қазақтағы "жет" (жалпы түрктегі "йет") етістігінің бір текті екендігі анық: "жет/йет" < "нг-енгт" немесе "ng engt", мағынасы — "ішке, інге ену", "жақынтау, тақалу". Бұл тұрғыдан алғанда "инициация" терминінің төте баламасы "жету" не "жетпе" (йетме), "жетпіс" (йетміш) болып шығар еді. Бірақ, бұл сөздер қазақтың күнделікті тілінде орнықты түрде басқа туынды мағыналарында қолданылып отырғандықтан, термин ретінде қолдана алмаймыз, өйткені, ғылыми нақтылықтың орнына жаңа шатастыру туғызып алатынымыз анық. Сондықтан да нақты балама ретінде "жетпек" деген терминді "инициация" сөзінің баламасы ретінде қолданатын боламын.
Жет — инициация мұраты, абсолют, кәміл Жетпек — инициация. Жетпекші — инициациялық сынақтан өтуші. Жетекші — жетпекшіні инициациялық сынақтан өткізуші, жол көрсетуші. |
Жетім
"Жетпек" сөзінің көне қазақтық нұсқасы ретінде "жетмек", яғни "жетімек" сөзін атап көрсетуге болады. Бұл сөзбен қазақтағы "жетім" сөзі де сабақтасып жатыр.
Жетім — бүгінгі мағынасымен түсіндірер болсақ, әке-шешесінен айырылған тұл бала. Осы сөздің байырғы мағынасы қандай? Байырғы мағынасындағы "Жетім" — реалды жетім емес, инициациялық сынақтан өтуші жасөспірімнің атауы. Түсіндірейік. "Инициация" ұғымы, тар мағынасында "баланың ересектер, некелесе (үйлене, күйеуге шыға) алатындар қатарына қосылуын айғақтайтын сынақтар" дегенді білдіреді. Инициациялық жоралғылар үш кезеңнен тұрады:
1. "Жетпекші" (инициациялық сынаққа түсуші) өзінің туып өскен ортасынан (руынан, тайпасынан) "аластатылады", сыртқа шығарылып, жалғыз өмір сүруге мәжбүр етіледі (выделение индивида из общества).
2. "Жетпекші" айдалада (орманда, тауда) белгілі бір уақыт кезеңінде жападан-жалғыз өмір сүреді (пограничный период).
3. Сынақтан аман өткесін өз ортасына жаңа мәртебеге ие болып қайтып оралады (возвращение, реинкарнация в новом статусе или в новой подгруппе общества)22.
Міне, күні кеше ғана ойын-күлкімен уақытын өткізген, бүгінде есейіп қалған жасөспірім енді белгілі бір уақытқа, қоғам сыртына шығарылып, өзіне бейтаныс, қауіп-қатері мол кеңістікте өз күнін өзі көруге, өліп қалмаудың жолдарын іздеуге мәжбүр болады. Бұл — нағыз "жетімдік", яғни, қоғамнан белгілі бір уақытқа кетуге мәжбүр болған жасөспірімнің (жетпекшінің) осы мерзімдегі әлеуметтік, инициациялық атауы да — "Жетім"33. "Жетімдік көру" деген сөздің де байырғы мағынасы осындай, бұл жерде біз үшін маңыздысы — "жетім" сөзінің "жет" деген түбірден (етістіктен) шығуында болып тұр; жетімнің мақсаты, мұраты — "Жет", ол "Жет"-ке аман-сау "жетуі" тиіс.
Ал осы инициациялық ("жет"-тік, "жетпектік") процесті абақ таңба, оның ішінде "жеті абақ" таңбасы арқылы көрсетсек ше? Бұл жағдайда "Жет" сөзінің мұрат, мақсат, арман сипатына ие болған кіндік-нүктеге, ал оған "жету" жолындағы қиын-қыстау уақыт пен кеңістіктің, аман-есен жету жолындағы кедергілер мен іс-әрекеттердің шеңберлерге сәйкес келетіндігін көрер едік. Іс жүзінде барлық инициациялық әрекет те осындай таңба-схема түрінде көрсетіліп, олардың кіндік-нүктелік мұраты міндетті түрде "Жет" деп аталатын болады.
"Жет" сөзінің басқа мысалдарынан (жетілу-жетілмеу, жетілген-жетілмеген, жетілдірілген, жетімді-жетімсіз, жеткізген, т.б.) біз осы сөзге қатысты кәмілдік мағынана көре аламыз; "жетілген" сөзі орыс тілінде "совершенство" деп аударылады, "жетілген" сөзінің араб-парсылық "кәміл" деген де синонимі бар, олай болса "жетілген", "Жет" сөзі "кәміл" (абсолют) деген мағынаға ие болады; Жет — абсолют, кәміл.
Осындай сөз саралау барысында мен, бір-біріне ұқсап тұрған "Жет" және "Жеті" сөздерінің бір бастаудан өрбу ықтималдығын да қарастырмай кете алмаймын. "Жеті" сөзі де — менің топшылауымызша, "нгенгг/ңеңт" праформасынан бастау алған; мұның өзі, өз кезегінде, осы сан атаудың да абақ немесе шоғым таңбаны "оқу" нәтижесінде қалыптасқандығын көрсетеді.
Жете — жад және интеллект
Қазақ тіліндегі "жете" сөзі де осы "нгенгт/ңеңт" праформасы негізінде жасалған. Латын тіліндегі "интеллект" терминіне негіз болған, "разумение", "понимание" дегенді білдіретін "intellectus" түбіріндегі "int" праформасының да дей-түрктік "енгт/еңт" праформасының бір вариантық өзгерісі екендігін ескерсек, "жете" сөзінің де, "жет" сөзінің де қандай мағыналық ауқымды екендігін аңғаруға болады.
"Жеті" сөзінің төркіні
Жеті санының дүние жүзілік дәстүрде өте жиі, тұрақты да орнықты болып кездесетіндігін білеміз. "Жеті анау, жеті мынау..." сияқты сөз тіркестерінің көптігі сонша, тіпті оларды қайталап, арнайы тізім жасаудың өзі де артық болар еді. Жеті саны — қазақ үшін де киелі. Ал, "алты" саны ше? Осы сан да қазақта (басқаларда да), жетіліктен қалып қойғанымен, аса маңызды сипатқа ие. Оның себебін қалай түсіндірер едік?
Алла тағала ғаламды алты күнде жасаған.
"Ол сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратып, сосын ғарышты игерді. Ол жерге кірген нәрсені әрі одан шыққан нәрсені және көктен түскен нәрсені, оған көтерілген нәрсені біледі. Сондай-ақ, Ол, қайда болсаңдар да сендермен бірге. Алла не істегендеріңді толық көруші" (Хадид 57:3).
"Расында көктер мен жерді және екі арасындағы нәрселерді алты күнде жараттық, шаршамадық" (Қаф 50:37).
"Ол сондай. Алла көктер мен жерді әрі екі арасындағыларды алты күнде жаратып, сосын ғарышты меңгерді..." (Сәжде 32:3).
Яғни, ғаламды алты күнде жаратқан. Тауратта да жаратылу мерзімі ретінде осындай алты күндік уақыт көрсетіледі. Ал, осы "алты күн" деп нақтыланған уақыттың астарында қандай реалды уақыт мөлшері жатыр? Ол жағын біз білмейміз, сірә, ешқашан біле алмақ та емеспіз. Бірақ, жаратылу оқиғасының әлдебір алты кезеңнен тұрғандығы анық, соны ғана топшылай аламыз. Ғалам жасаудың реалды оқиғасы бізге белгісіз, сондықтан оған басымызды ауыртпай-ақ, алты кезеңге бөлінген оқиғаны өзім түсіне алатын схема — шоғым таңба — алты-шоғым түрінде түсінуге тырысып көретін боламын.
Мұндағы тоғысу нүктесі — жеті, алты сәуле — алты. Тоғысу нүктесі — "ңеңт/нгенгт" деп аталуы тиіс. \ Бұл - әрине, нүкте мен сызықтың бастапқы атауы емес, алдыңғы уақыттағы нүкте атауының / екі түрлі фонетикалық вариантын қатар пайдаланудан шыққан. Осылайша, "ңеңт/ненгт" > "йент" > "жеті" және "аңт/ангт" > "ант" > "алт" > "алты" сөздері пайда болған. |
"Ңеңт/нгенгт" сөзі "әлдебір шектің ішкі жағын, арғы бетті, төменгі жақты" білдіреді. Мұны "алты-дестені" теріс қараған конус түрінде кескіндеу арқылы түсінуге болады.
Яғни, жоғарғы бет болып түсінілетін шеңбер (ор ернеуі) мен сызықтар "жең" (жаға) немесе "ен" болып аталса (ену, ана жақ, т.б.), төмен жақтағы нүкте, түп — "нгенгт/ңеңт" немесе "енгт/еңт" (анда, ендір, энтер, анти, унтер, ундер, эндо, т.б.) деп аталуы тиіс. Конусты жоғары қаратып көрсеткенде сөз басқа мағынаға ие болады. |
Мына кескіндегі алты сәулені ғаламды жаратуға жұмсалған "алты күн" деп есептер болсақ, осы сәулелердің тоғысу нүктесін ғаламның жаратылмастан бұрынғы түпнұсқасы, яғни протокосмос деп есептеуге болады. Бұл жердегі тоғысу нүктесі — шын мәніндегі бастапқы (бірінші күн), сондай-ақ, ол — жаратылудан кейінгі соңғы (жетінші) күн де бола алады. Алты-шоғымдағы тоғысу нүктесінің көрінбей тұрған "жетінші сәуле" екендігін бірінші болып аңғарған Р. Генон "алты күнде ғалам жасау" оқиғасының сандық символикасын былайша түсіндіреді: "Сформированном септенере (семерке) единица пребывает в центре, а шестерка на окружности; иными словами, такой септенер слагается из единицы и сенера (шестерки), где единица соотвествует непроявленному первоначалу (принципу), а сенер — всей совокупности проявленного. Мы можем установить сходство между этой символикой и символикой "недели" еврейской Книги Бытия, потому что и там тоже седьмой "зон" существенно отличается от шести других: в самом деле, творение есть "дело шести дней", а не семи; седьмой день — день "отдыха". Этот седьмой член, который можно было обозначить как "субботный поистине является также и первым, потому что этот "отдых" есть не что иное, как возвращение Творящего Первоначала в изначальное состояние непроявленности, из которого, впрочем, оно вышло лишь по видимости, по отношению к творению, и чтобы произвести последнее согласно шестиричному циклу, но из которого само по себе реально никогда не выходило. На точку, выходящую из себя самой, чтобы очертить шесть направлений пространства, не влияет разворачивание пространства; на белый цвет не влияет излучение радуги; подобно этому на непроявленное Первоначало, без которого проявление никак не могло быть, не действует "шесть дней творения". И точка, и свет, и Первоначало не зависят от своих проявлений. А "седьмой луч" есть "Путь", которым бытие, пройдя цикл проявленности, возвращвется к непроявленному и действительно соединяется с Первоначалом, от которого, однако, и в самой проявленности никогда, кроме как иллюзорно, не отделялось"44.
Мені қызықтыратыны:
1. Алтылықтың іс жүзінде жетінші элементі байқалмай тұрған "жетілік" болуы.
2. Осы түсініктің тым ежелгілігі; Құран Кәрім, Алла Тағаланың ақпаратын 7 ғасырдағы тағы арабтарға түсінікті болуы үшін, сол арабтардың сол тұстағы таным-дәргейіне бейімделген мәтінмен астарланып беріп отырғанына қарамастан, "алты күнде ғалам жасау" (жеті күнде емес) оқиғасының сандық көрсеткішінің бастапқы нұсқасын өзгертпей жеткізіп отыр. Не себептен? Ол жағына жауап іздеп әрекеттенбей біз де; бізге керегі — нәтиженің өзі.
3. О баста "алты күнде ғалам жасаудың" сандық көрсеткішіне сай, соның үлгісін пайдаланып көптеген туынды схемалардың жасалғандығын топшылауға болады. Міне, осындай "алты" немесе "бір + алты" моделі, уақыт өте "жеті" моделіне ауыстырылған; бұл модельді пайдаланушы дәстүрлер, "жеті" санының аса маңызды, киелі символ екендігін сезініп, осы санды көптеген схемаларда пайдалана бергенімен, осы жетілік модельдің о баста "бір негіз бен оның алты нәтижесі" (бір + алты) екендігін ұмытып кеткен еді.
Алты санының, дәлірек айтқанда, оның еселенуі болып табылатын алпыс санының актуалдануы осы күнгі сағаттық, минуттық, жалпы алғанда бұрыштық (градустық) есептеулерден де көрінеді. Ал, мұндай ("алпыстық") есеп-қисап жүйесі, реалды тарихтың деректерімен шектелгеннің өзінде де, Шумер заманынан белгілі55. Бұл да — кездейсоқтық емес, мұндай есептеу жүйесінің қалыптасуына да бастапқы "алтылықтың" болуы қажет.
Сонымен, Алла Тағала ғаламды әлдебір алты кезеңде жаратып, игерген еді. Ол — бастапқы негіздің, нұрдың алты сыртқы көрінісі, алты туындысы, алты нәтижесі, алты сәулесі болатын. Міне, байырғы замандарда-ақ, адамдар, осындай бір бастаудан тараған алтылықтың болғандығын білгенімен, оның себебін түсіне алмаған; бүгінгі адамдар да оны біліп отырған жоқ. Сондықтан да, олар, осы "бір + алты" моделін тұрақты үлгі, матрица деп қана қабылдап, осы матрица негізінде басқа, іс жүзіндегі қарабайыр алтылықтар (мен жетіліктердің) мысалдарын жасаған.
Келтірілген кескінге қарап, Алла тағаланың жасампаздығын "жет" ұғымымен беруге болады. Яғни, кіндік-нүктеде орналасқан, абсолют, негіз, Принцип болып тұрған "жет" сөзі — құдайдың жасампаздығының атауы, "жеті" саны да осындай мағынаға ие. Осындай сөз жасау, құрылымды түсіндіру үлгісі шумерлік мифологиядағы Күн тәңіриесі — Уту мен кечуалық (инктік) мифтегі Күн тәңіриесі — Интидің есімдерінің қалай қалыптасқанын көрсете алады: "унгт/уңг" > "ут" > "уту(к)", "ингт/иңт" > "инт" > "инти". Арғықазақтық "Жет" ұғымын түсінуде де осы "Уту" мен "Инти" сөздерінің этимологиялық нәтижелері қосалқы көмек бола алады.
Шумерлік нети — жетекші
Менің "ңеңт/нгенгт" праформасының ілкілігі, оның "жет" және "инициация" сөздеріне негіз болғандығын дәлелдейтін жанама айғақ ретінде шумерлік мифологияның мысалын келтіруге болады. Шумер мифологиясындағы "жер асты патшалығының", яғни "өлілер дүниесінің" қақпасын, кіре берісін күзетуші кейіпкердің есімі — "Нети". Оның есімінің де дей-түрктік "ңеңт/нгенгт" праформасынан шыққандығы көрініп тұр: "ңеңт" > "нет" > "нети". Оның есімінің қазақтағы "жет" сөзімен бір текті екендігін ескерсек, "нети" сөзінің мағынасының "жету, жеткізу" немесе "өткізу, ішке енгізу" болатындығына көз жеткізуге болады. Бұл да — шумер-түрк тілдік байланыстың ақиқаттығымен қатар, термин жасаудағы шумерлік тілдің емес, дей-түрк тілдің үстемдігін, жетекшілігін дәлелдейтін айғақтардың бірі.
Нети — жер асты патшалығының жеті қақпасын күзетеді, ол өлген жанды жеті қақпадан алып өтіп (жетектеп, жетегіне алып), о дүниеге өткізеді. Жетпектік (инициациялық) мағынада Нети — жетекші, жетектеуші, жетегіне алушы, ол жеті түрлі инициациялық сынақ сатыларынан жетпекшіні жетектеп, оған жол көрсетуші, ақыл-кеңес беруші болып шығады. "Нети" есімінің дей-түрктік этимологиясын анықтау маған шумерлік Шолпан — Инаннаның жер асты еліне жасаған сапары жөніндегі мифті түсіндіруге мүмкіндік береді.
Ідіріс немесе Ақнұқ/енох есімінің дей-түріктік негізі
Қарастырылып отырған праформадан өрбіген сөздердің бірі ретінде мен Ідіріс (Ыдырыс, Идрис) пайғамбардың есімін де көрсеткім келеді.
Ідіріс немесе Ыдырыс (Идрис) — ислам дінінің пайғамбарларының бірі, сопылық (суфийлік) танымның көзін ашқан осы Ідіріс болып есептеледі. Әбілғазының "Түрк шежіресінде" оның "Ақнұқ" деген екінші есімі де аталады, мұнысы таураттық (иудо-христиандық) Енох (Энох) пайғамбардың есімінің түрк тілінде бұрмаланған нұсқасы болып табылады (Енох — Ақнұқ). Расында да, Ідіріс пен Енох бір тұлға ретінде қарастырылады.
Әбілғазының "Түрк шежіресінде", Адам-атадан Нұх пайғамбарға дейінгі ұрпақтар тізімінде Ідіріс — жетінші ұрпақ болып аталады, мұнда ол — Бердінің баласы, Мұтұшлақтың әкесі66. Басқа шежірелерде ол Шиш пайғамбардан кейінгі ұрпақ ретінде аталады. Иудо-христиандық Енох та — бір нұсқада Адам-атаның жетінші ұрпағы болып есептелсе, басқа бір нұсқада ол Адам-атаның үлкен ұлы деп саналған Сифтің ұлы, Нойдың (Нұхтың) арғы атасы, Мафусаилдың әкесі болып суреттеледі, мұндағы Сиф — Шиш, Мұтұшлақ — Мафусаил болуы мүмкін.
Әбілғазылық шежіреде Ыдырыстың дінді, ғылымды, медицинаны меңгерген адам екендігі, халқын 82 жыл құдай жолына үндегендігі, жұмаққа кеткендігі айтылады. Жалпы, Ідіріс пен Енохқа қатысты мынадай негізгі екі мезет бар:
1. Басқа дүниеге сапар шегуі. Ідіріс жеті қақ көкте, жеті тамұқ пен сегіз ұжмақта болады, Енох та өлмей тұрып жұмақты көреді, аспанның 7 қабатын аралайды.
2. Олар уақыт өлшемімен байланысты. Енохтың өмір сүру жасы — 365 жыл, яғни ол жыл циклін символдайды. Ідіріс пайғамбардың күн сайынғы өліп-тірілетіндігі жөніндегі мотив бар делінеді; мұндайды, әдетте, солярлық мифпен байланыстырады. Ең бастысы — Ідіріс бұл жерде тәуліктік уақытты символдайды.
Осы екі сипат Ідіріс/Енохты уақыт пен кеңістікті меңгерген кейіпкер етіп шығарады. Сопылар Ідірісті тек еврейлік Енохпен ғана емес, эллиндік Гермеспен, мысырлық тәңірие Тотпен шендестіреді, олардың барлығын бір адамның әр түрлі ортадағы есімдері деп есептейді77. Тот пен Герместың бейнелерінің қандай екендігін білсек (бұлар жөнінде де, Гермес пен Тот жөнінде де "Ер Төстік" мақаласынан оқи аласыздар), Ідірістің негізгі функциясының "жетекшілік" болғандығын анықтай аламыз. Ол — даналықтың, ғылымның иесі, инициациялық (жетпек) сынақтарының жетекшісі. Сондықтан оның есімін де абақ таңбаның кіндік нүктесінің атауы болған "еңт/енгт" немесе "ңеңт/нгенгт" праформасынан өрбітіп көруге болады. "Энох" есімін еврейдің "оқыту, үйрету, дәріс беру, тәрбиелеу" немесе "оқытушы, мұғалім, ұстаз, тәрбиеші", "ағартушы" деген мағыналарды берер деп топшыланатын "hanok" сөзінен шығарады (Енох. МНМ 1-435), бірақ та, біз, осындай түсіндірмені о бастағы ақиқат деп есептей алмаймыз, өйткені, көне еврейлер де өздерінің діни-танымдық жүйесіне сырттан, бөгде тілден қосылған бейненің есімін, уақыт өте, өз тілдерінде этимологизациялауға ұмтылғанда, әлгі бөгде сөзге сырттай, айтылу тұрғысынан жақын келетін өз тілінің сөзін пайдаланып, түпкі есімді, сол сөздің мағынасына қарай бейімдеп өзгертуі де мүмкін. Біздіңше, "енох", "hanok" сөзінің праформасы "ng-ngt" > "nh-anht" > "һ-аnһ" > "һаnоһ" түрінде өзгеруден өткен сияқты. Бұл жағынан ол шумерлік мифтегі жер асты патшалығының күзетшісі, қақпашысы — Нетимен есімдес болып шығады. Енох/Ідірістің грек мифологиясындағы "өлгендердің жанын о дүниеге" дейін жеткізіп салушы болған Гермеспен шендестірілгенін ескерсек, дәл Гермес сияқты "жеткізіп салушы" мамандығына ие болған Нетидің Енохқа шендестірілуіне тіпті де таң қалуға болмайды.
Ал, араби "Идрис" есімі ше? Оның есімі де таңба арқылы "оқылатын" кіндік нүктенің атауы болған "ingt-ur" праформасынан шыққандығы көрініп тұр: "ingtur" > "intr" > "idr" — "идрис" ("Еңт" праформасы жөніндегі мақаланы қараңыз). "Идрис" сөзінің (сірә, түрк тілдерінде) "Индрис" деген вариантының болғандығын түрктанушы Н.А.Баскаков атап көрсетеді; оған, өз кезегінде, "Идрис" сөзінің "Индрис" деген вариантының грек тіліндегі "andreios" ("мужественный", "храбрый") сөзінің өзгеріндісі екендігін профессор Ю. Н.Завадовский айтқан екен88. Бұл жерде араби есімнің грек сөзінен шыққандығы жөнінде сөзсіз сенім жоқ, оның есесіне есімнің негізінде "ид-" емес, "инд-" компонентінің жатқандығы менің этимологиялық қисыныма толығынан сәйкес келеді. "Идрис" — "Индрис" есімінің праформалық нұсқалары ретінде "іңт" > "іңтүр" - "ішке кіру, ену, есікке кіру" мағыналы сөздерді атай аламын, бұл мағыналар аспанның жеті қабатын аралаған, жеті тозақ пен сегіз ұжмақты көрген Ідірістің болмысына толығынан сәйкес келеді. Өйткені, әлгіндей сапар (жеті қат көкке көтерілу, жеті тозақты көру, сегіз ұжмақты көру) тек қана "тесіктен/ есіктен ары қарай, ішке қарай өткенде, енгенде" ғана мүмкін болмақ. Түрк шежіресіндегі салор руынан шыққан Қазан бектің әкесі "Энкеш" деп аталса, атасы — "Эндер" деп аталады99. Бұл оғыздардың, сірә, олардың алдындағы юебаньдіктердің көне (түрктік) есімдерінің бірі. Міне, осы есімнің арғы тарихының б.з. ғасырлардағы юэчжилерге де қатысты болуы мүмкін екендігін ескере отырып, Индрис - Эндер сәйкестігінің де тым ерте замандарға кететіндігін де топшылап көруге болады.
Бұл сөздің де, алдыңғы "енох" сөзінің де авторлары — дей-түрктер, тек "енох" сөзін ежелгі семиттер (еврейлер) шумер тілінің делдалдығы арқылы алса, "идр" сөзін (арабтар) басқа бір жолмен алған.
"Жет" және "Жеңеше". "Юэчжи" мәселесі
"Жет" ұғымының байырғы болмысын реконструкциялау бізге тағы бір маңызды мәселе — қазақ халқының байырғы ата-бабаларының қатарына жататын тарихи жамағат, қытай таңбалауында "юэчжи" деп аталған жұрттың атауының төркінін анықтауға мүмкіндік береді. Юэчжи мәселесі — қазақ тарихы үшін (біздің тарихшыларымыздың назарынан тыс қалғанына қарамастан) аса маңызды дүние, өйткені мен, қазақ тарихының "белгілі" бастауын хуннулардан емес (әрине, хуннулар да — қазақ халқының арғы ата-бабаларының бірі, бірақ ең негізгісі емес), нақ осы юэчжилерден бастап отырмын (бұл жөнінде үшінші кітапта қарастыратын боламын).
Бүгінде "Юэчжи" деп жазылып жүрген этникалық терминнің байырғы қытай тіліндегі айтылу нұсқасын зерттеушілер "ngiwat-tie" түрінде болған деп жүр; олардың пайымы бойынша, бағзы қытайлар бөгде тілде "uti" ("oti" немесе "ati") түрінде айтылуы мүмкін этнонимді өз тілінде "ngiwat-tie " деп бұрмалап айтып, таңбалаған көрінеді.
Сонымен қатар бұл транскрипцияның қытай тілінде мағыналық салмағы да бар, мұндағы "юэ" сөзі "Ай, әйел қуаты — Инь, жұбай, ханым" дегенді білдіреді. Басқа да транскрипциялары бар, олардан да "Айға" қатысты түсініктер шығады.
Мен бағзы қытайлық "ngiwat-tie " терминінің бөгде тілдік, дәлірек айтқанда дей-түрк тілдік түпнұсқасының "нгенгт/ ңеңт" ("ngengt") түрінде болғандығын тұспалдай аламын, бұл сөз кем дегенді үш мағынаға ие болып тұр:
1) "нгенгт/ңеңт" ("ngengt") праформасынан түрктің "жеті" сөзі шыққан.
2) "нгенгт/ңеңт" ("ngengt") праформасынан біз қарастырған "Жет" (мұрат, мақсат, кәміл, абсолют, Принцип) ұғымы шыққан.
3) "нгенгт/ңеңт" ("ngengt") праформасынан бүгінгі қазақтағы (түрктегі) "жиен", "жеңге", "жеңеше" сөздері шыққан: "жиен" < "жиген" < "йенг"-"ен" < "нгенг"/"ңең"; "жеңге" < "жең" < "йенг" < "нгенг/ңең"; "жеңеше" сөзі "жеңге" ("жең/женг") және "еше" сөздерінің қосылуынан пайда болған, мұндағы "жең" сөзінің праформасы — "нгенг/ ңең", ал, "еше" сөзінің праформасы — "енгт/еңт"; бастапқы сөз "нгенг-енгт/ңең-еңт" түрінде болған, сондықтан осы праформаның "Ай, әйел қуаты — инь, жұбай, ханым" деген мағыналық салмаққа ие бол қытайлық "юе''/''ngiwat" иероглифінің астарында жатқандығына сенуге болады.
Осындай праформалық қисындар негізінде "жеңеше мен жиен", "жеңеше мен жеңге" деген байланысты "жеті абақ" немесе жеті (алты) шоғым таңбалар түрінде кескіндеп, мағыналарын түсіндіруге болады. Ал, әзірге айтарым — "жеті тайпалы юечжи" деген этникалық терминнің негізінде реалды жеті тайпаның емес, "жеті" және "жеңге/жеңеше/жиен" ұғымдарынан шыққан мифтік жеті тайпаның жатқандығы. Ең бастысы — юэчжилердің тілдік тұрғыдан алғанда үнді-европалық емес, дей-түрктер болып шығатындығы.
"Юэчжи" терминінің түпнұсқалық жай-жапсарына қатысты басқа да қисындарым бар (жай тасымен, Жайашы есімімен, т.б.), олар жөнінде екінші, үшінші кітаптарымда қарастыратын боламын, ал, әзірге осы этимологиялық тұспалдың да, аталған кітаптарда көрсетілетін тұспалдардың да іс жүзінде бір праформадан өрбіп шығатындығын, бар болғаны сол праформадан өрбіген өзара сабақтас мағыналық вариациялар екендігін алдын ала ескерткім келеді. Мен юэчжи мәселесі алдағы кітаптарымда басқа тақырыптарда да оралып соғатын боламын, өйткен, нақ осы юэчжилер — түрк, қазақ тарихының үздіксіз тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ең басты тірек-буын болып табылады.
"Көк" сөзі және оның туындылары
"Көз", "көк", "көр" және басқа да біраз ұғымдардың шығу тегі ортақ болып келеді. Бұл сөздердің басым көпшілігі арғықазақ мифологиясын реконструкциялауда аса маңызды рөл атқаратын болғандықтан, олардың ілкі тұрпатын қалпына келтіру аса қажет-ақ. Міне, сондықтан да, сатылы реконструкциялауды қолымнан келгенше жүзеге асырмақшымын.
Бірінші кезекте, бастапқы дыбыс — "ң/нг" праформасы "к" (қ, х, һ) болып өзгере алады; осы "к" дыбысының "т", "м", "р" сияқты маңызды праформалар болып табылатындығын айтып өткен болатынмын ("Таңбаны "оқу" мақаласын қараңыз).
Екінші кезекте, бастапқы таңба "оқуындағы" нүкте мен шеңбердің/сәуленің біреуінің атауы болған "ң/нг" сөзінің "к" сөзінің басуына байланысты бастапқыда "ң-ң/нг-нг" түрінде "оқылатын" абақ/шоғым таңбалар енді "к-ң/к-нг" және "ң-к/нг-к" түрінде "оқыла бастайды"; біріншісінде "к" — нүкте атауы, "ң" — шеңбер/сәуле атауы болса, екіншісінде — керісінше белгіленеді.
Үшінші кезекте, пайда болған "к-ң/к-нг" сөзі, сол күйінде бүкіл таңбаның да, оның жекелеген элементтерінің де (нүкте мен шеңбердің/сәуленің) атауы бола алады, сондықтан, таңба "оқудың" кейінгі сатыларында да, таңбасыз сөз жасау процесінде осы сөздің негізінде бірнеше жолмен (әдіспен) тұтас ұғымдық комплекстер қалыптасады. Мен осы әңгімемде тек бір ғана жолды қарастыратын боламын.
Абақ (шоғым) таңбаның нақты мысалдағы "оқылуында" кіндік нүктенің атауы ретінде "к-ң/к-нг" негізді "көң/көнг" ("қон/қонғ", "күң/күнг", "құң/құнғ", "кің/кінг", "қың/кынғ", т.б. дыбыстық вариацияларымен қоса) сөзін алып көрейік.
көң/көнг
көй
көг
көн
көз
көк
көл
көр
Көріп отырғандарыңыздай, ілкі тұрпаттық "көң" сөзінен әр түрлі өзгеру жолымен бүгінгі қазақ тілінде бар "көк", "көл", "көр" және "көз" сөздері шығып тұр. Қарапайым қисын бойынша, егер сөздер бір бастаудан шыққан болса, онда осы сөздердің ортақ сипаттық (мағыналық) белгілері, барлығына ортақ бастапқы мағына да болуы тиіс. Енді осы сөздерді қарастырып көрелік.
"Көк" сөзінің қазақ (жалпы түрк, тарихи түрк) тіліндегі мағыналары мынадай1010:
1. "Көк" сөзі "ілкілік, түпкілік, алғашқылық" сипатқа ие, оған осы сөздің "тамыр", "тек", "түбір", "негіз" (көне қыпшақ тілінде)1111деген туынды мағыналарына қарап көз жеткізуге болады. Бұл мағына, өз кезегінде, "көк" сөзінің абақ/шоғым таңбадағы кіндік нүктелік орнын көрсетеді. Сондықтан да, "көк" сөзі Нұрдың, құдайы құдіреттің, яғни, көрілместің (непроявленность) бір атауы болып есептеледі. Сол арқылы бұл сөз Нұрдың эманациясы болған Ілкі Төрдің, оның эманациясы болған Төретамның да атауы болып шығады.
2. Көк — тіршілік тумағы (зародыш), оның өсуі, өнуі нәтижесінде тіршілік, ғалам пайда болады. Қазақ тілінде бұл сипат ең алдымен өсімдікке қатысты қолданысқа ие болған; яғни, "көк" — шөптің жалпы атауы, "көктеу", "көктем", "көкке жайылу", "көкшығу" сияқты сөздердің мән-мағынасы осыған байланысты.
3. Осы мағыналық нақтылану барысында "көк" сөзінің жаңа туынды мағынасы пайда болды, ол — осы сөздің көк (синий), жасыл (зеленый) деген түстерді білдіруі еді, өйткені, "көк" деген жалпылама атауға ие болған өсімдіктер дүниесінің негізгі реңі жасыл түс болатын.
4. "Көк" сөзінің екі (бірінші — түпкі бастаулық, негіздік, екіншісі - түстік) мағынасының ұштасуы осы сөздің "аспан" (көк, көк аспан) деген мағынасын туғызды. Бұл жердегі басты идея — "бүкіл ғалам "ғаламат өсімдік" болса, онда оның өсіп-өну нүктесі болуы тиіс" деген қисын болатын; яғни, "көк" сөзі бүкіл ғаламның өсіп-өнуіне мүмкіндік берген ілкі тұрпат — протокосмостың (Нұрдың) атауы да, сол ғаламның"айқын көрсеткіші болған аспанның атауы да болып шығады.
5. Дәл осы мағыналарды біз "көк" сөзінің ілкі тұрпаты болған "көң" сөзіне де, онымен тетелес варианттар болған "көз", "көр", "көл" сөздеріне қатысты да қолдана аламыз.
6. "Көз" сөзінің қазақ тіліндегі үш мағынасы бар: а) ол — көру ағзасы және көру қабілетінің өзі, б) судың қайнар-бастауы (источник), "бұлақ", "тұма", "жұла" (родник) сөздерінің синонимі, сондай-ақ, кез келген нәрсенің бастау-тегі ("қайнар-көзі"), в) тесік (иненің көзі, т.б.). Бұл жерде біз "барлық нәрсенің қайнары, тегі, негізі" және "айрықша қабілет" деген мағыналармен қатар "көз" сөзінің геометриялық пішінінің де абақ таңба (нүкте мен шеңбер) болып шығатындығын көріп отырмыз; абақ таңбаның өзін де кейде "көз таңба" деп атай береміз.
7. "Көр" сөзінің бір мағынасы "көз" сөзімен байланысты (көру, көрмеу, көрген, көреген, т.б.), бұл жерде "көр" сөзі "көз" сөзіне қатысты барлық мағынаны иемдене алады. "Көр" сөзінің "мола, қабір" және "соқыр" деген мағыналары бар, оларды да абақ таңба арқылы түсіндіруге, өзара сабақтастыруға болады.
8. "Көл" сөзінің белгілі мағынасының о баста су айдынының идеал (яғни, жағалық пішінінің шеңбер түрінде болатын) абақ таңбадан өрбігендігін қазақ (түрк) тіліндегі "көлек" (дөңгелек, доңғалақ, айгөлек, көлік, сайгүлік, т.б.), славян тілдеріндегі түрк негізді "колесо", "кольцо", "колесница" деген сөздері қарап көруге болады.
Әрине, қарастырылып отырған "көз", "көр", "көл" сөздерінің этимологиясының басқа нұсқасы да бар (көңөз > көгөз > көөз > көз; көңөр > көгөр > көөр > көр; көңөл > көгөл > көөл > көл), бірақ бұл нұсқада да ілкі тұрпаттың "көң" болып тұрғынын ескеріп, этимологиялық қорытындының алдыңғысынан еш айырмасы болмайтындығын айта аламын.
Сонымен, "көң" (және "көк", "көз", "көр", "көл", "көй", т.б. туындыларымен қоса) праформасы абақ/шоғым таңбадағы кіндік нүктенің атауы болып табылады. Ал, осы таңбадағы екінші элемент — шеңбердің (немесе сәуленің), сондай-ақ, жалпы таңбаның өзінің атауы қандай болмақ? Оның аталу варианттары жетерлік, біз, әзірге солардың біреуін ғана қарастырып көремін.
Қажетті шеңбер (сәуле) немесе жалпылама атау түбір рөліне ие болған нүкте атауы — "көң/көнг" сөзіне жалғау не жұрнақ жалғануы арқылы жасалады. Бізге белгілі универсал сипатты жалғау/жұрнақ — "ң/нг", дәлірек айқанда, оның дауысты дыбыстар арқылы күрделенген түрі ("-ең/-енг", "-үн/-үнг", "-өң/-өнг", "-ің/-інг", т.б.). Нәтижесінде абақ (шоғым) таңбаның мынадай атауларын шығарып алауға болады:
Көң+ең, Көң+үң, Көң+өң, Көң+ің, т.б.
Мұндағы "көң" сөзі де, жалғау/жұрнақ мәртебесіне ие болған "ң/нг" сөзі де тұрақсыз, олардың әрқайсысының өзіндік өзгеру жолдары бар.
КӨҢ
КӨЙ
а) –ЕҢ > -ЕН > -ЕЛ > - ЕР: б) ... > - ЕЙ; в) ... –ЕГ/ - ЕК
КӨН
а) –ІҢ > - ІН > -ІЛ > -ІР: б) ... > - ІЙ; в) … -ІГ/ - ІК
+
КӨЛ
а) – ҮҢ > - ҮН > - ҮЛ > - ҮР: б) … > - ҮЙ; в) … > - ҮГ/ - ҮК
КӨР
а) – ӨҢ > - ӨН > - ӨЛ > - ӨР: б) ... > - ӨЙ; в) … > - ӨГ/ - ӨК
КӨК
КӨЗ
КӨНЕК, КӨЛІК, КӨГЕН, КӨКІРЕК, КӨКЕЙ, КӨКҮР, КӨКІЛ, КӨКҮЛ, КӨЛЕК, КӨН, КӨЛ, КӨР, КӨНЕ, КӨНЕР, КӨЗЕЛ, КӨҢІЛ, КӨЗҮҢГІ, т.б.
"Ң/нг" сөзінің тұрақсыздығы нәтижесінде (схема көрсетілген өзгеру реттіліктері және "ң/нг" сөзінің мүлде жойылып кетуі немесе тек "г" дыбысының қалуы) көрсетілген сөздер қалыптасады. Олардың жеке мағыналарымен қоса барлығы ортақ мағыналық, сипаттық белгілері де бар. Енді кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.
Жүрек пен кеуде ұғымдары. "Көң" праформасының жұрнақ жалғанған әр түрлі комбинациялары нәтижесінде "көкірек", "көкей", "көңіл", "көгіс", т.б. сөздер қалыптасқан.
Көкірек — тірі пенденің кеудесі (кеуделік қуысы) және осы қуыста орналасқан жүрегі. Қазақ пен қарақалпақта "көкірек", қырғызда "көкүрек", ноғайда "көькрек", татар мен башқұртта "күкрәк", құмықта "көькюрек" деп айтылатын осы сөздің бір-бірін жоққа шығармайтын екі ықтимал этимологаясы бар: біріншісі бойынша, мағыналары ұқсас келетін "көк" және "жүрек" сөздерінің қосылуынан шыққан композит сөз болса, екіншісі бойынша, "көң-үң" праформалық нұсқасының "көгүң" > "көгүн" > "көгүл" > "көгүр" — "көкүр+ек" болып өзгеруі нәтижесінде қалыптасқан; "жүрек" (йүрек) сөзінің түбірлік праформасының "ңүр/нгүр" екендігін ескерер болсақ, екінші тұспалдың ықтималдығы жоғары болмақ.
13-14 ғ.ғ. қыпшақ тілінде, "Кодекс куманикустың" сөздік мәліметіне қарағанда "көгіс" (көвс, көкс) сөзі, көне орыс дереккөздеріндегі қыпшақ (половец) ономастикасын зерттеген Н. Басқақовтың көрсетуіне қарағанда "жүрек", "кеуде" деген мағыналарға ие болған1212. Осыған қарап қазақтың эпостық Көгіс батырдың есімінің этимологиясын да, "Көгез" топонимінің де этимологиясын анықтауға болады. Бұл сөздер "көң" праформасына "еңт/өңт/үңт/іңт" (> "еш/ош/үш/іш") праформасының жалғануынан шыққан ("Еңт" сөзі жөніндегі арнайы мақаламды қараңыз).
Көкей — қазақ тіліндегі "көкірек" және "жүрек" сөздерінің тағы бір баламасы. Ол "көң-ең" праформасының өзгеруінен (көңең > көкей) шыққан.1313
Міне, бір мағыналық ұядағы "көкірек", "көгіс", "көкей" сөздері: а) "тек, тамыр, түбір, негіз", б) іс жүзінде абақ таңбалық (шеңберлік, сфералық) сипатқа келтіріле алатын қуыс кеңістікті жене сол кеңістіктегі тіршілік қайнарын білдіре алады.
— Жүрек (көкірек, көгіс, көкей) — тіршілікті қамтамасыз етуші ең негізгі нысан болып табылады. Яғни, тіршілік қуатының бастауы, символы ретінде жүрек тек қана тірі пенделердің өмір сүруін ғана емес, бүкіл ғаламның да өмір сүруін қамтамасыз ететін кіндік, орталық, өзек, Нұрдың эманациясы, символы болып табылады.
— Осының негізінде жүректің, яғни, көктің геометриялық символы анықталады; бұл жағдайда "көк" ("жүрек") бір мезгілде абақ таңбаның кіндік нүктесі (тіршілік субстанциясы) тұрпатына ие болса, туынды "көкірек", "көкей", "көгіс" сөздері абақ таңбаның жалпы өзін де, оның шеңберінің (қабығының) да атауы бола алады. Көк (көкірек, көкей, көгіс) — әлдебір оқшау, бітеу, іші қуыс кеңістік және оның ішіндегі тіршіліктің қайнар-көзі, өйткені, шеңбер — бір мезгілде, шекара, қабық та, қуыс та бола алады. Мұның өзі аталған сөздердің барлығын да таңба символикасы ауқымында қарастыруға мүмкіндік береді.
Осы қатарда тұрған сөздердің бірі — "көңіл". Бұл сөз де "көң-ің" (немесе "көң-үң", "көң-өң", "көң-ең") праформасының соңғы компонентінің "ің" > "ін" > "іл" өзгерісінен шыққан. "Көңіл" сөзінің де мағынасы, іс жүзінде "көкірек", "көгіс", "көкей" сөздерімен қарайлас болып келеді, тек бұл сөз аталғандарға қарағанда басқа да мағыналарға ие болып шыққан.
"Көңіл", "көкірек", "көкей", "көгіс" сөздерінің мағыналық болмысы "көз", "қуыс", "ылғал", т.б. ұғымдармен біте қайнасып жатыр.
"Көңілдің көзі", "көкейдің көзі", "көкіректің көзі" деген сөз тіркестерінің бар болуына қарап бұл жерде "көңілдің" (көкейдің, көкіректің) "көретін көзі" немесе "көру (сезу) қабілетінің" болатындығын да, "көңілдің" (көкейдің, көкіректің) әлдебір "ылғалдың (сұйықтың) қайнары" болатындығын да аңғара аламыз; жүректің, сондай-ақ, жалпы тіршіліктің негізгі символы қан (сұйық) болатындығын ескерсек, сөз тіркесінің екінші мағынасына таң калуға болмайды, ал, "жүректің көру қабілеті" бізді мүлде басқа таным деңгейіне көтереді.
Пенденің екі көзі бар екендігін білеміз, ал, көңілдің (көкейдің, көкіректің) көзі — "үшінші көз". Яғни, басқа дәстүрлердегі "үшінші көз" (третий глаз) немесе "бәрін көруші көз" (всевидящее око) дегеніміз де осы — "көңіл (көкей, көкірек) көзі" немесе "көңіл" (көкірек, көкей). Тіліміздегі "көңіл соқырлығы" деген сөз тіркестің болуы да — осының айғағы.
Үшінші (бәрін көруші) көздің таңбалану тұрпаты — үш бұрыш ішіне орналастырылған көз, оның кәдімгі (оң және сол) көздерден өзгеше екендігін көрсету үшін осындай таңба ойлап табылған. Оның маңыздылығын көрсету үшін масондар осы "үшінші көзді" сол көз (ай) бен оң көздің (күннің) арасына орналастырады, бірақ көп жағдайда осы көзді маңдайға, яғни, ортаға орналастыру үрдісі жиі қолданылады. Генонның анықтамасымен айтар болсақ, үшінші көз мәңгілік пен осы сәттіктің бірегей уақыттық кәмілдігі аясында "бәрін көреді" ("видит все" в совершенной единовременности вечного настоящего"). Бұл — "үш ұдайлы уақыт" келтіріміне байланысты, яғни...
— Пенденің сол көзі (Ай) — өткен шаққа қарап тұрады, болашаққа сәйкес келеді.
— Пенденің оң көзі (Күн) — болашаққа қарап тұрады, болашаққа сәйкес келеді.
— Үшінші көз — өткен шақ пен келер шақтың арасында тұрып, уақыттағы мәңгіліктің "жарқылы" болып табылатын тап осы шаққа, яғни бөлінбейтін, ажыратылмайтын "сәтке", "қас қағым сәтке" сәйкес келеді1414. "Көңіл" сөзі де сондай мағынаға ие.
Жалпы, Р. Генонның осы "бәрін көруші көзге" қатысты айтқандарының мен қарастырып отырған мәселеде, яғни қазақ (түрк) сөзінің байырғы универсал мағына тудырғыштығын айғақтауда түгелдей дерлік пайдалануға болады.
Көңіл — көру, болашақты көру, сәуегейлік, көріпкелдік, көрегендік. Р. Генонның сөздерін жалғастырсақ: "Правильный треугольник соотносится именно с Первоначалом; но когда он отражением опрокинут в проявленность, то взгляд заключенного в нем глаза кажется как бы направленным "вниз", т.е. от Первоначала (Принципа) к самой проявленности, и, помимо своего общего смысла "вездесущности", он обретает тогда более отчетливо особое значение "Провидения". Бұл жерде:
— "үшінші көздің", яғни, Көңілдің (көкейдің, көкіректің) барлық жердегі бір мезгілдегі көргіштігімен қатар оның "көрегендігі", "көріпкелдігі", "сәуегейлігі" (яғни, болашақты алдын-ала көргіштігі) де нақтыланып тұр.
— "сәуегей" ("жәді-гөй", "сәуе-гей", "дуа-гөй", т.б.) сөзіндегі "гей" ("гөй") компонентінің де бастапқы тұрпатының "көң/көнг" > "көй" болғандығын, оның да "көру" мағынасына ие екендігін айта кетуге болады.
— арғықазақ (түрк) тіліндегі "бұрыш" (угол) және "дөңгелек" (круг) деген екі ұдайлы мағынаға ие болған "күл" (үшкүл, төрткүл) сөзінің де "көң/күң" праформасынан шыққандығына назар аудару керек. Бұл жағдайда "үшкіл" сөзі үш бұрышты да, ортасында көзі бар үшбұрышты да, яғни, "үшінші көзді" де білдіре алады.
Көңіл (көкей, көкірек) — Айна. Күзүңгі. "С другой стороны, если это отражение рассматривается более частным образом, в человеческом существе, то следует отметить, что форма опрокинутого треугольника есть не что иное, как геометрическая схема сердца. Глаз, являющийся его центром, тогда является, собственно, "глазом сердца" (айн-уль-кальб исламского эзотеризма) со всеми подразумеваемыми в нем значениями". Мұнысы "көңіл" ("көкей", "көгіс") сөзіне толықтай сәйкес келеді, өйткені, "көң" праформасынан бұл сөз "жүрек" деген де, "көз" деген де мағыналарға ие болып тұр.
Алтай-Саян түрктерінің тілінде "күзүңгү" — жай ғана айна емес, "аспан (көк) айнасы"; бақсының керемет көргіштігі осы аспандық айна — күзүңгүнің көмегімен де күшейтіле алатын болған. Тувалықтар бақсы ойынын (қамлауды) кез келген адам жүргізе алады, бірақ күзүңгү тек бақсының қолында ғана болады деп есептеген1515. "Көз" — "айна" атаулық сәйкестігінің болуы өз алдына, бұл жерде сөз праформасының "болашақты немесе осы сәтті көру" мағынасына ие болғандығын білу — біз үшін аса маңызды. Алтай-Саян түрктерінің келтірімінде жай пенденің көре алмайтынын көретін, ерекше көргіштік қасиетке ие болған адамдардың болғандығы айтылады. Мұндай адамдарды "көрүгджи" (қазақша — көруші) немесе "көспөкчи" деп атайтын болған1616; бұл жердегі атауға негіз болған "көр" және "көз" сөзінің нақты көзге емес, іс жүзінде жүрек (көкей, көңіл) көзіне байланысты екендігін аңғаруға болады. Жай адамның көрмейтінін тек жүрек көзімен, "көңіл көзімен" көруге болады ("көңіл соқырлығы" деген сөз тіркестің бастапқы мағынасы да осы жүрек көзіне байланысты, сондай-ақ, көкірекке қатысты айтылатын "көкірегі ашық", "көкірегі жабық" сияқты сөздердінде бастапқы мағынасы осы "көзбен" байланысты болған).
Бүгінгі қазақ тіліндегі "айна" (зеркало) сөзі, сірә, араб тілінен ауысқан сияқты, бұл сөз араб тілінде "көз" дегенді білдіреді (мәселен, арабтың "айн-уль-кхулъд" сөзі "мәңгі өмірдің (көрер) көзі" деп те, "мәңгіліктің (қайнар) көзі" деп аударылады, "айна-уль-кальб" — "жүрек көзі", "инсан-уль-айн" — "көздің қарашығы"). Ал, көне түрк тілінде (сондай-ақ, бүгінгі түрк тілдерінің кейбірінде) "айна" сөзінің тол баламасы "кузуңгу"деп аталған (М. Қашғари сөздігінде: көзңү — айна, көзгі (МҚ 3-507)). Бұл жерде де осы сөздің "көң/көнг" праформасынан өрбіген "көз" түбірі негізінде жасалғандығын көреміз. "Көзүңгү" ("көзңү") сөзі — сірә, "көз" және "үң" (үңілу) деген сөздердің қосылуынан пайда болған; бұл жердегі "үңілудің" төменгі, тұңғиық жаққа, яғни Ілкі Бастаудан (Принциптен) жан-жаққа қарау болып шығатындығын айтуға болады.
Көкейтесті. "Кроме того, уместно добавить, что именно посредством этого, согласно другому выражению, сердце "отверсто" (эль-куальб-уль-мафтух); такое отверстие, глаз..., может символически изображаться как "рана"...". Бұл жерде қазақтың "көкейтесті" деген сөзін "тесілген жүрек", "жүрек тесігі" дегенді білдіріп тұрғандығын көруге болады.
Осылардан басқа, Р. Генон үшбұрыш ішіндегі көздің "ұрық" (семя) деген мағынаға да ие болғандығын айтады: "... согласно одному из ее иероглифических значений, олицетворяет также "семя", заключенное в сердце, символически уподобляемом плоду. И, кстати сказать, это равно может пониматься в смысле макрокосмическом и микрокосмическом... "лобный глаз" и "глаз сердца", в конечном счете, олицетворяют две различные локализации и который является ядром или "зародышем бессмертия". Ал, мен "көк" сөзінің "тек, тамыр, түп, түбір, негіз" деген де мағынаға ие болғандығы жөнінде айтып өттім ("көктем", "көктеу" сөздерінің мағыналарына да назар аудар); "көк" сөзінің де "көң/көнг" праформасынан бастау алғанын еске түсірсек, осы праформаның да "ұрық", "жеміс тұқымы", "тумақ" деген мағыналарға ие болғандығын, ал, праформаның ғалам кіндігі, тоғысу нүктесінің атауы болғандығын ескерсек, келтірілген мағыналардың алдына "мәңгі" деген сөздің жалғанатындығын көрсетуге болады.
Осындай салыстыру барысында біз қазақ (жалпы түрк) танымының бір кездері басқа, бүгінде дамыған дәстүрлерден әсте кем түспеген абстрактылы ой машығына ие болғандығын көре аламыз, бір ұғымға қатысты басқаларда бар қисын мен келтірімнің арғықазақта да болғандығы - осыған куә. Ең бастысы — барлық қисын мен мағынаның, келтірімнің іс жүзінде бір таңбадан және таңбадан бастау алған "көң/көнг" праформасынан өрбіп шығуы болып тұр, бұл жағдай, яғни жай ғана кескін-символдар мен сөз тіркестеріне қарап пайым жасау емес, нақты сөз түбірі арқылы ғана ауқымды пайым жасау - арғықазақтардың (дей-түрктердің) арғысы — үндіевропалықтарсыз да, қытайларсыз да, бергісі — араб-парсысыз да, өз алдына дербес, өз сөзі мен өз таңбасы негізінде арнайы нақтылы да, абстрактылы да ұғымдар жасай алатын матрицаға немесе жүйеге иелік еткендігін көрсетеді. "Көңіл", жалпы "көң" праформасынан өрбіген басқа да сөздер — осындай байырғы жасампаздықтың болғандығын дәлелдей, айғақтай алатын куәгер-сөздердің біреуі ғана.
Көңіл сарайы және Патша көңіл. Көңіл — Ілкі Төрдің және Төретамның бір атауы, оларды "Көңіл сарайы" деп те атауға болады; мұнысы мен қарастыратын "ғаламдық үй" символикасына сәйкес болып шығады. Жүректің және жүрек орналасқан қуыстың атауы болған бұл сөз сонымен бір мезгілде "жан" (душа) деген мағынаға да ие. Көңіл — жан қоймасы (вместилище души). Парсы тілінен ауысқан, бүгінде "менталитет" деген ұғымның қазақша баламасы ретінде ауық-ауық қолданысқа ие болып жүрген: а) "сердце, душевное состояние, духовный мир человека", б) "ум, мысль" деген мағыналарға ие болған "діл" (дил) сөзінің байырғы түрктік төл баламасы да — осы "Көңіл".
Айтылған ой "көкейге қонады", айтылмақ ойдың өзі "көкейде тұрады", осы қатарға "көкейтесті", "көксеу" ("көксеген") сөздерін де жатқызуға болады; бұл жердегі "көкей", "көкіс" сөздері: а) "ойдың тұрақтаған орны, ұясы", б) "ойдың бағыты" деген мағыналарға ие болып тұр, осы мағынаның "көз, көру" ұғымымен байланысты екендігі аңғарылып тұр, тек көкей (көкіс) көзбен көрмейді, оймен көреді. Бүгінгі қазақ тілінде "жақсы күй" (хорошое, благое настроение) деген мағынаға ие болған "көңіл" сөзі де, "көңіл сарай", "патша көңіл", "көңіл-күй", "көңіл соқырлығы", "көңіл сыйса, бәрі де сияды" деген сөз тіркестерінің барлығы да, жинақтала келе "көң" праформасының сипаттарын анықтап бере алады.
Көңіл (көкірек, көкей, көгіс) — ылғалдың көзі. Аталған сөздердің барлығына ортақ болған "көң" праформасы ылғалға қатысты мағыналарға ие бола алады, яғни, ол:
— Сұйықтың (ылғалдың) өз тұлғалануы. "Сұйық" деген сөздің "сұй" деген түбірінің өзі "құң" праформасының бір фонетикалық варианты болып табылатын "сұң" праформасынан өрбіген (сұйылу, сұйылту, сұю); қазақ (түрк) тілдеріндегі "су", "сүт" сөздері де, сірә, осы праформадан өрбіп шыққан. "Көң" праформасының "құң" деген вариантынан "құй" (құю, құйылыс, құйын, құйма, т.б.) ұғымы қалыптасқан.
— Сол сұйықты (ылғалды) өндіретін қайнар-көз (источник).
— Сол сұйықты (ылғалды) сақтайтын қуыс кеңістік (ыдыс, қапшық, мес, тостаған, қазан, саба, т.б.). "Көнек" сөзі де осы "көң" праформасынан шыққан; көң — сұйық болса, көнек — сол сұйықты сақтаушы.
Нақты "көңіл" сөзін қарастырар болсақ, оны таңба арқылы оқуға болады:
Бұл жерде шеңбер немесе сәуле атауына айналған "іл" сөзі бір мезгілде "ылғал" (сұй-ыл, құй-ыл) және "әрекет" ("айналу әрекеті") дегенді білдіре алады. Мен бұл қисынның басқа да нақты мысалдарын кейінгі әңгімелерімде тоқталып өтетін боламын. Ал, таңбаның өзіне келсек, көң — бұлақ көзі болса (көрілмес), көңіл — сол бұлақтың туындысы, сыртқы дариясы (көресіні) болмақ. Бұл жағдай "көкүл" сөзіне де қатысты.
Сонымен, дей-түрктік "көң" (басқа да фонетикалық варианттарымен бірге) сөзі, жай ғана "бастау, бұлақ, көз" мағыналарын ғана емес, универсал сипатты: а) "су, ылғал атаулының қайнар-көзі" (көнек, көл, сондай-ақ, құю, құдық), б) "сезімнің қайнар-көзі" (күлу, көңілді, көңіл-күй), в) "үн мен дыбыстың қайнар-көзі" (күй, көңіл күйі, күмбірлеу, күңгірлеу, күңірену, күңкілдеу), г) "ақыл мен даналықтың, ойдың қайнар-көзі", д) "тіршілік атаулының қайнар-көзі" (көк, көктеу), е) "кеңістіктің қайнар-көзі" (кең), ж) "уақыттың қайнар-көзі" (кез, кезең) сияқты т.б. ұғымдардың бастау алатын қайнары да, көретін көзі де болып табылады.
"Көк"және "Көңт". "К-ң" праформасы, оған "т" деген ілкі жұрнақты жалғау барысында, жаңа орынға ие болады; ол енді абақ таңбаның шеңберінің атауына айналады. Ал, нүктенің атауы қандай болмақ? Алдыңғы "таңба оқу" қисындары бойынша, ол — "к-ңт/к-нгт" (көңт, күңт, кеңт, кіңт) түрінде айтылатын болады.
Кіндік нүктелік "көңт" (күңт, кеңт, кіңт) сөзі "көш" (күш, кеш, кіш), "көк" (күк, кек, кік), "көт" (күт, кет, кіт) түрінде өзгере алса, шеңберлік/сәулелік "көң" (күң, кең, кің) сөзінен қандай өзгерістер туындайтындығын (көз, көл, көр, т.б.) айтып өттік.
Қарап отырсаңыз:
1. Бүгінгі түрк (сондай-ақ, мадияр) тіліндегі "кіш", "кішкене", "кішкентай", "кішік" сөздеріне негіз болған "кіш" ("киш"), "кіндік" сөзіне негіз болған "кінд" праформасынында (европалық тілдердегі "центр"1717сөзінің де), неміс тіліндегі "бала" деген мағына беретін "киндер", "кинд" сөзінің де нүктенің орталық (центральное) орналасу жағдайына және нүктенің мөлшерлік (кішкентайлық) жағдайына байланысты "кіңт" праформасынан өрбігендігін көруге болады. "Күш" сөзі де осындай жолмен шыққан; тек бұл жерде нүкте "қуат, энергия көзі" деген мағынаға ие болған.
2. Шеңбердің атауына айналған "кің/кінг", "күң/күнг" немесе "көң/көнг" праформалық варианттары тиісінше "кіл", "күл", "көл" деген сөздерді туғызады; бұл сөздердің барлығының да мағынасы "дөңгелек, шеңбер" дегенге келеді (дөң-гел-ек, ай-гөл-ек, көл-ік). Жалпы таңба атауы немесе шеңбер атауының екі түрлі атауларының қосарлануы "кің-кіл" ("кінг-кіл" > "кінгіл" > "кігіл"), "күң-күл" ("күнг-күл" > "күнгүл" > "күгүл"), "көң-көл" ("көнг-көл" > "көнгөл" > "көгөл") деген сөздерді туғызады; біз осы сөздердің сөздік жағынан да, мағыналық жағынан да "үндіевропалық түбір" делініп жүрген әлгі "киклен" (фригиялық), "кокале" (тохарлық), "цикл" (гректік) сөздердің расында да дей-түрк негізінде жасалғандығын көрсетіп бере алады.
3. Шеңбердің атауына айналған "кің/кінг", "күң/күнг" немесе "көң/көнг" праформалық варианттары тиісінше "күй", "кей", "кій" ("киг"), "кір" сияқты сөздерді де туғызады; бұл жерде сыртқы қабық, қоршау, яғни шеңбер сипатына ие болған "кию", "кигізу", "киіндіру", "киім", "көйлек/көйнек" деген сөздердің қалай пайда болғандығын көруге болады.
"Көң"праформалы сөздердің дөңгелектік сипаты. Қарастырылған сөздердің барлығы да абақ таңбадан шыққандықтан, іс жүзінде, екі өлшемді кеңістікте шеңбер, үш өлшемді кеңістікте сфера (қуыс, қабық, шар, доп) пішінді болып шығады. Міне, сондықтан да осы пішіннің (шеңбер не сфера) осы соз ("көң-") арқылы осындай мағынаны (дөңгелек) білдіретін болуын табиғи іс деп қарастыруға болады.
"Көң" праформасы тура жолмен де, "көң-ең" сөзінің өзгеруі нәтижесінде де "көл" (круг, кругообразный объект) деген сөзді туғыза алады. Мәселен, ұсақ малды мойынан байлап қоятын мойынілгіштері бар арқанды білдіретін "көген" сөзі де, балық аулайтын аудың атауына айналған "көкүл" сөзі де идеал нұсқасында шеңбер сипатты болып шығады. Сонымен қатар, "көң" ("кің", "күң", "кең") праформасына оның туындысы болған "көл" ("күл", "кіл", "кел") сөзінің жалғануы арқылы да шеңберді білдіретін ұғымдар жасалады: "көңкөл", "кіңкіл", "күңкүл", "кеңкел". Осы сөздердегі "ң" дыбысының жоғалуы барысында мынадай ыңғайдағы сөздер қалыптасады:
Көңкөл — Көкөл.
Күңкіл — Күкүл.
Кіңкіл — Кікіл.
Кеңкіл — Кекіл.
Міне, осы өзгерінді нұсқалардың дей-түрк тілінде пайда болуы уақытын ең бері дегенде б.з.д. 4-3 мыңжылдықтар деп көрсетуге болады, өйткені, нақ осындай түрде бұл сөз "үндіевропалық" делінетін тілдердің кейбіріне ауысқан. Мәселен, "дөңгелек", "арба" ("повозка", "телега") деген мағыналарға ие болған фригия1818тіліндегі "Kiklen" және тохарлық "Б" диалектісіндегі "Kokale" деген сөздердің, сондай-ақ, бүгінгі европалық тілдерде қолданылып жүрген "цикл", "мотоцикл", "циклоп" ("киклоп"), "циклотрон" сияқты т.б. ұғымдарға негіз болған, "шеңбер, дөңгелек" (круг) деген мағына беретін көне гректік "kyklos" (латындық "cyclus")1919деген сөздерінің этимологиясын осындай түрк тілдік реконструкция барысында көрсетуге болады. Дей-түрктер, "көң" негізді сөздердің, ұғымдардың, сол сөзбен байланыстырылған "таңба оқудың" авторлары болғандықтан, нақ осы (шеңберлік) мағынаны сақтамаған (өйткені, ол сөздің негізгі және жалғыз емес, бар болғаны мағыналық ауқымының бір деңгейі ғана еді). Ал, үндіевропалық (фригия, тохар, грек) тіл тек осы мағынаны ғана сақтап қалды. Соған қарағанда, бұл сөз оларға абақ таңбаның (ортасында нүктесі бар шеңбердің) атауы, яғни, кескін түрінде таныс болса керек.
Міне, маған, тіл мамандарына әлгіндей "ундіевропалық" қорытынды шығарған кезде асығыстық жасаған сияқты болып көрінеді; зерттеушілер осы сөздің байырғы грек, фригия, тохар тілдеріне б.з.д. 5-2 мыңжылдықтарда басқа (дей-түрктік) тілден ауып баруын мүлде есепке алмаған, біріншіден, осы сөз, оның түбірі "үндіевропалық" деп есептелетін басқа тілдерде кездеспейді, екіншіден, "көкүл" сөзінің абақ таңба арқылы "оқылуы" оның дөңгелектік, шеңберлік мағынасының түрк тілі негізінде жасалып отырғандығын көрсетіп отыр. Бүгінгі түрктердегі "дөңгелек" (доңғалақ, домалақ, томалақ, т.б.) сөзі "дөң" және "гелек" деген бірдей мағынаға (круг) ие сөздердің қосарлануынан кейінірек, бүгінгі, "ресми" түрк тілінің қалыптасуы заманында жасалған, ал, дей-түрктік тілде осы мағынаны қандай сөздің бергендігі ұмытылып кеткен. Ал, көне жазба мәтіндерде сақталып қалған фригиялық, тохарлық, гректік мысалдар шын мәнінде түпкі, жалпы "үндіевропалық" емес, бір кездері дей-түрк тілінен ауысқан соз болуы мүмкін. Мұны, бүгінгі түрк тілдеріндегі мифтік мағынаға ие "көкүл", "көкүр" негізді сөздердің жеткілікті түрде сақталуына қарап та тұспалдауға болады; үндіевропалық тілдерде "кикл", "кокал" негізді сөздер тек жалқы мағынасында ғана қолданылып отырған болса, түрк тілдерінде елеулі мифтік ұғымдарды жасауға негіз болған, бұған алда қарастырылар мысалдар куә бола алады.
Осындай түйіндеуге көңіл бөлмей-ақ қоюға да балар еді, бірақ, арғықазақтың мифтік келтірімдерін реконструкциялауда осы сөздің аса маңызды ұғымдарды бере алатын маңыздылығы осы сөздің тегіне деген көзқарасты өзгертуге итермелейді. Өйткені, аталған сөздердің "үндіевропалығын" нақтылау дей-түрктік мифологияның бастауларының өрбу бағытын түсіндіруде басқаша бағыт беруге алып келіп отыр, оған Ю. Зуевтың тарихи қисындары ("байырғы түрктердің бар жақсысын, жетістіктерін іс жүзінде үндіевропалық келтірімдердің көшірмесі деп қарастыру" сыңайындағы) куә. Сондықтан, бұл жерде сөз тегін дұрыс анықтап, сөз жасаушы ортаның этникалық тегін анықтауды жай ғана еріккендік деп емес, қажеттілік деп түсінуіміз керек.