МАҚТАНҒА МАДАҚ!Мақтауды кім сүймес? Мақтанды кім іздемес?Бәрі сүйеді. Бәрі іздейді. Белгілі жай.Ал м...
МИНИСТР ТІЛДІҢ ЖАУЫ ЕМЕС
Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездестім. Мақсат -тіл жанашыры ретінде соңғы күндерде су жаңа министрдің ел алдындағы есептік жүздесуінде қолданыстағы, құлақсіңді болып қалған терминдерді түгелдей қайта өзге тілге ауыстыру туралы айтқан сөзінің шынында да өз жүрегінен өткізген, зерттеп, көзі жеткен нақты ұстанымы екенін анықтау болатын. Өйткені, кеше ғана қызметке келген министрдің екі - үш күнде осынша салмақты дүниені зерттеп, ғалымдармен, халықпен ақылдасып жария етуіне уақыты қалай жетті деген күдік тұрды көкейде. Бұл жаңа министрді сүріндіру үшін әдейі жасалған әрекет дегеннің де жөні келмейтін сияқты. Қанша жерден арам ниетті бақталастары болса да өте нәзік мәселе - тіл мәселесімен ойнауға болмайтынын кім- кімде білуге тиіс-ті.Оның ақ- қарасы анықтала жатар...
Әңгіме барысында бір нәрсеге көзім анық жетті. Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін, қарапайым, қазақы мінезді министр Ақтоты Райымқұлова ешқандайда қазақ тілінің жауы емес. Қайта мемлекеттік тілдің барлық салада кеңінен қолданылуы, тіл тазалығы туралы өз пікірі бар екен. Терминдерді бекіте салмай, жария етіп, халықпен ақылдасып жасау керек деген ойда. Оны жақын күндерде өзі жариялай жатар. Терминдерге келсек, әңгіме ешбір ақылға симайтын баламалар туралы дейді ол. Тіпті техникалық саладағы кейбір қолдан жасалған терминдер қазақ ұғымында жоқ. Қолдан жасалған сөзді қазақтың өзі түсінбесе, халық қабылдамаса, ондай сөздердің не керегі бар.Олай болмас үшін ендігі жерде қандай да бір терминнің баламасын мекемелер, халық ұсынады. Ұсынылған баламаны ғалымдар лингвистикалық сараптамадан өткізеді, содан соң оны бауырлас тілдердегі сөздердегі баламаларымен салыстырылады. Ақыр соңында ең лайық балама халыққа ұсынылып, талқыланады. Содан кейін барып қабылданып, қолданысқа енгізіледі. Министр ханым осылай дейді.
Бұл мәселе бойынша кеше Тіл комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдеш те жан-жақты түсінік берді.
Бұл өте дұрыс бағыт. Өйткені, қазіргі құлаққа сіңіп, көзіміз үйренген терминдерден бөлек, мүлде түсініксіз қолдан жасалған терминдер де жетерлік. Әсіресе техника, нақты ғылым, медицина терминдерінің баламаларында. Жалпы, "Шет елден енген терминдердің бәрін сол қалпында пайдалана берейік" деген көзқарас дұрыс емес. Бұл туралы Ахмет Байтұрсыновтың төмендегі пікірі қай министрге, терминкомға да Құран сөзіндей болуға тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы: "Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”,- деген болатын.
Сөз соңында айтарым, тілге қатысты пікірін білдірген әр азаматтың ұстанымы өте дұрыс. Халық өміріне қатысты кез- келген мәселе халықпен келісе отырып шешілуге тиіс. Министр Ақтоты ханыммен әңгімеден кейінгі түйгенім, ол тіл мәселесін халықпен ақылдаса отырып жұмыс істеуді жауапкершілікті міндеті деп санайды. Сіздер болып, біздер болып біраз сынадық, халықтың ой пікірін, ұстанымын айттық. Қоғамдық пікірге құлақ түргіздік. Енді министрдің осы бағытта атқаратын жұмысын бақылайық.
Құрметті тіл жанашырлары, бауырларым, ұлтжанды азаматтар, ТІЛ баршамызға ортақ, одан дау жасамай, өз қарындасымыздан жау жасамай, терминдердің баламасын жасауға баршамыз ынтымақпен белсенді атсалысайық. Қазақ өз тілін таза, бай қалыпында ұрпақтан ұрпаққа табыс ете алғанда ғана тарих сахнасында мәңгі қалады.
Әділбек Қаба