Абай Мауқараұлы. Шырпы сөздер

СӨЗДІҢ АТАСЫ
4673

·    Адамдар өз шамасын асыра жоғары, не әсіре төмен бағалайды. Кемелдікке жетпейтіні содан.

·    Адамдар өзін емес, өзгені сынауға жаттыққан. Араздықтың туатыны осыдан.

·    Адамдардың қабілеті өзгенің жетістігін емес, кемшілігін көруге жетілген. Алауыздықтың шығатыны содан.

·    Адамдар істе мүмкіндік іздеуден гөрі сылтау іздеуге шебер. Табысқа жетпейтіні осыдан.

·    Адамдардың қызығу сезімінен, қызғану сезімі артық дамыған. Бақталастықтың өршуі осыдан.

·    Адамдар байқұстан бұрын, байға сәлем бергіш. Әділетсіздік төркіні төменнен, дейтіні осыдан.

·    Адамдар мені күтіп қалмасын деуден, өзім күтіп қалмайын дегіш. Тәкапарлықтың басы осыдан. 

·    Адамдар өзінің орнын емес, өзгенің орнын көздегіш, өкініштен арылмайтыны, өштескіш келетіні содан.

·    Адамдар өзге туралы білуге емес, өзі туралы айтуға құмар. Өзара түсінісудің кем болатыны осыдан.

·    Адамдар кісілікті кішіліктен емес, кіділіктен іздегіш. Кісімісудің шығуы содан.

·    Адамдар салдарды себептен демейді, кенеттен дейді. Күдіктің басталатыны осыдан.

·    Адамдар құрметті абыройдан емес, атақтан келеді деп сенген. Даңққұмарлықтың асқынуы содан.

·    Адамдар өз бағасын өзімен емес, алған сыйлықпен өлшегіш. Атаққұмарлықтың өршуі осыдан.

·    Адамдар асылды құпиядан емес, жариядан іздегіш, қадірдің қашуы содан.

·     Адамдар өнердің өзін тануға емес, оның иесіне табынуға құмар, талғамның тозғындауы осыдан.

·    Адамдар көңілмен сезінетін дүниеге емес, көзбен көретін дүниеге құштар. Дүниеқұмарлықтың меңдейтіні содан.

·    Адамдар бақи дүниеден гөрі, пәни дүниені көп ойлағыш, өткенді аңсай беретіні содан.

·    Адамдар жазғанынан гөрі, аты жөнін, түр түсін танытпаққа құмар. Қарабайыр халтураның өршитіні осыдан. 

·    Адал адамдардың тез күйетіні, аққа қара жұққыш, қара мен мұндалап тұрғыш. Арам адамның еленбейтіні қара, қараны тұтқыш, жалғыз жақсылығы болса, қарадағы ақ та айғайлағыш. 

·    Адамдар өзінің емес, өзгенің мінсіз болуын талап еткіш, өштіктің бас көтеретіні осыдан.

·    Адамдар ақыл алудан гөрі, ақыл айтуды артық үйренген, сөз бен істің қабыспайтыны осыдан.

·    Адамдарда көсемдікті танудан гөрі, көсем болып танылсам деген есек дәме басым. Ғұмырнаманың көп жазылуы осыдан.

·    Адамдар ақшаның алдында өзінің адам екенін ұмытады, парақорлықтың қалмайтыны содан.

·    Адамдар ақиқатты іздегенде өз ақылына ғана сенді. Алуан түрлі измдердің таусылмайтыны осыдан.

·    Адамдар хақ істі сөзімен қолдай тұра, бетпе бет келгенде, қолдамақ түгіл бөгет жасаудан тайынбайды. Екіжүзділіктің жойылмайтыны содан.

·    Адамдар өз әлсіздігінің әшкереленуінен зәресі ұшады. Жағымпаздық мінезден құтыла алмайтыны осыдан.

·    Адамдар биліктің әділетсіз жағын көп байқағыш. Билікке басұрғыш келетіні содан.

·    Адамдар көзге көрінбейтін биліктен емес, көзге көрінетін биліктен қорқады. Сатқындық жасаудан арланбайтыны осыдан.

·    Адамдар бақидың бақытынан гөрі, пәнидің пайдасын артық көреді. Өтірік айтудан ұялмайтыны содан.

·    Адамдар өз өзін Алланың құлы деуден гөрі, бір бірінің құлы секілді сезінуді әдет еткен. Теңдіктің жеткізбейтіні осыдан.

·    Адамдар бақытты қайғыдан қашып құтылу, қуанышты қуып жету деп, алданады. Қайғы жүйрік, бақыт қашаған. Пәниде арманның орындалмайтыны осыдан. 

·    Адамдар жаланың қара түсті, адалдың ақ өңді екенін білсе де, қараны емес, қара жұққан ақты сотқа тартқыш. Ақтың ақталмайтыны содан.

·    Адамдар бір кеменің қызметшісі бола тұра, бір бірінен асыра жалақы алуға жарысады. Қақының тең бөлінбейтіні осыдан.

·    Адамдар басқалардың жәй күйін өзімен ғана өлшейді. Барлардың жоқтарға жанашырылығы аз болатыны осыдан.

·    Адамдардың көбі оқуға қажет нәрсені үнемі ертеңге ысырып, еш қажетсізін қолма-қол оқып уақыт өткізуге төселген. Шын білімдарлыққа жетпей, шылғи ділмарлыққа бой алдыратыны осыдан.

·    Адамдар оқуды ойлануға емес, ой қууға арнап әдеттенген. Әркімнің ойшыл емес, ой айтқыш болатыны содан. 

·    Адамдардың көбі ажал келгенше ақиқатқа жетсем демейді, ақиқатқа жеткенде ажал келсе дегенді мұрат еткен. Өлерінде арманда кеттім дейтіні содан.

·    Адамдардың көбі көңілмен сүйгенін емес, ақылмен таңдағанын артық санайтын сатқындыққа еті үйренген. Шын махаббаттың аз кезігетіні содан.

·    Адамдардың сүйіспеншілігін жасыруға сонша шебер болса да, жеккөрушілігін сездіруге одан да шебер. Сүйспеншілікке зәрушілік осыдан.

·    Адамдардың көбі жақсы көруін сездіруге сөз таба алмай тұтықса, жақтырмайтынын білдіруге сөздің көптігінен шашалады. Сүйіспеншілік аңсағандар жеккөрушіліктің шаңын жұтатыны осыдан.

·    Адамдар шын сүйіспеншілікке күмәнмен қарап тұманда адасса, жеккөрушіге тез иланып, оның ызғарынан жүрегі мұздайды. Жанның жалғызсырауы осыдан. 

·    Адамдардың көбі өз мүддесіне жақынды жақсы деп, өз мүддесіне қайшынының бәрін жаман дейтін үкімге үйренген. Мүддесіз ақиқатқа, мүдделі жалғанның қарсы болатыны осыдан.

·    Адамдар сөз өнерінің атасы дарын, анасы білім екенін білгісі келмейді. Жесір мен бойдақтай бірі болса, бірі болмай хас шебердің сирек туатыны осыдан.

·    Адамдар өз орнын іздеуге емес, өзгенің орнын көздеуге әуес. Өз орнын таппағандардың өзгеге өшігетіні осыдан.

·    Асырыңқырап айтсақ, адам өзге туралы түгел біледі де, өзі туралы түк те білмейді. Исламда өзіңді таны деуі, содан.

·    Адамдар біледі: Сыртқы көздің – дүниауи, ішкі көздің – рухани екенін. Дүниауи көз дүниешілікті, рухани көз жансезімді көрмек. Бірі өткірленсе, бірі суқараңғы болатыны содан.

·    Адамдардың мақтағанға қанша құштарланса, даттағанға сонша қорланатыны неден? Бұдан – өз бойымызда, Жаратушыға құмарлық, адастырушыға қарсылық нышаны бар екеніне үңілмей, пенделік мінезге алданатынымыздан.

·    Өмірдің нәтижесі біреу. Ол – өлім. Ал, өлімнің нәтижесі екеу, ол – не жұмақ, не тозақ. Өмірдің де, өлімнің де біреу болатыны – Құдайдың біреу екендігінің нышаны.

·    Қоғамның ең кішкене бөлшегі – кісі болса, дүниенің ең кішкені бөлшегі – тозаң. Екеуі де бір жүріп өткен жолымен екінші рет өтпейді, өмірдің өтпелі делінетіні осыдан.

·    Адамшылықтың мәні – төрт «меннен» құралатын сөйлемге сиған. Ол – кісілік пен кісі еместік. Менмен мен меннің айырмасы үшін айтысатынымыз содан.

·    Адамдар өңінде бірінің көргенін бірі көреді, ал ешқашан бірінің түсін бірі көрген емес. Осыдан өтпелі заттық дүние мен мәңгілік ғайып дүниенің өз бойымызда екенін түсінбеуіміз неден?

·    Тым өзімшіл болу да, өте өзгешіл болу да менмен мінезден. Көптің назары үймелеген жерде менмендердің көзге түскіш болатыны осыдан.

·    Адамдар кесек жақсылығы бар пенденің ұсақ жамандығын, үлкен жамандығы бар пенденің ұсақ жақсылығын сөз болдырғыш. Бұл неден? Пәнилік таразының тең еместігінен.

·    Пәниде бақытың түрі көп. Бірақ, нағыз бақыт тек, кемел мұсылмандықта. Онда, қиындыққа төзім, игілікке қанағат бар.

·    Бұл өмірде мақсат көп, бірақ, Ақиқатқа жетуден артық мақсат бар ма?

·    Жалған дүниеде баянды мұрат деген жоқ. Ол тек бақида. Жәннат бұйырса мұраттың мұраты сол.

·    Құдайға бет бұруға шақырған үндеу – құлаққа емес, жүрекке жетсе, естілгені сол.

·    Пайғамбарымыз (с.а.у.) ғұмыр сүрген уақыттан бұрын өмірге келгендер – оның келешекте келетініне сенген болса, онымен тұстас тіршілік еткендерден несі кем?

·    Пайғамбармен (с.а.у.) бірге өмір сүрсе де, оны мойындамаса, бұрын болмағандардан не кейін келгендерден несі артық?

·    Кейін дүниеге келгендер хадиске жүрегімен сеніп оқыса, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сұхбатына қатысқандардан несі кем?

·    Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеттерін сүйіспеншілікпен орындайтын келешектегілер оны көзбен көргендерден несі төмен?

·    Пәни дүниеге яки уақытша өмірге өзгені емес, өзімізді түзетуге келгенімізді ұмытамыз. Үнемі өзімізді емес, өзгені кінәлауымыз содан. 

·    Азамат дегендері халықшыл емес, бастықшыл болса, халқының қамын емес бастығының б...н жеуге әзір жүрсе, елдік құру қиындайды. 

·    Мұхиддин мыналарды айтады: Жыланда екі айыр тіл болса, қазақта үш айыр тіл бар, деп.

·    Қазіргі кезде, мұсылман қазақпын дейтіндердің қыбыласы күнде өзгеретін болған. Мәселен, бүгін депутат болса, ертең айтыскер, бүрсігүні атбегі болып кетеді, арғыкүні көкбаршы, келесі де түріктанушы... т.т.

·    Қосып айттым: Бұрынғы коммунистер болашаққа бесжылдық қашықтықпен қиялдайтын, қазіргі неокоммунистер алғашында отыз жылдық қашықтықпен бастап, содан кейін елу жылдық қашықтықпен қарыштағаны сондай ең ақырында мәңгілік қашықтыққа бірақ секірді. 


author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ЖАЗУШЫ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Индира Елемес Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Әнші күйеу...

PESTEL

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания ба...