Қойшығара Салғараұлы (жаңаша пайымдау)Бүкіл адамзат баласына тән ортақ Ататарихты, шын мәнінде,...
Едіге Қожахмет. Қазақы «қала мәдениеті» бар ма?!
Мәдениет - тек әдебиет пен өнер емес. Мәдениет - әр істі әдебіне сай істей білу. Кәсіпкерлік мәдениет бар. Саудагерлік мәдениет бар. Қала мәдениеті бар. Ауыл мәдениеті бар. Ел басқару мәдениеті бар. Көп.
Қала мәдениеті демекші, әр елдің өз болмысына сай қалалық, тұрмыстық мәдениеті болады. Байқасыңздар, біз сол қазақы қалалық мәдениеттен жұрдай болдық. Біздің қалалық мәдениетіміз - кеңестік мәдениет. Кеңестік стандарт. Үйлердің архитектурасы, дизайны бәрі сол кеңестік стандарт. Жаңадан салынып жатқан құрылыстың барлығы дерлік - батыстық, шығыстық, аналық, мыналық бағытта. Бір қалаға кіріп қалғанда - ондағы ғимараттарынан, көшелерінен, базарынан, мазарынан сол елдің иісі аңқып тұруы тиіс. Мысалы, біздің қаладағы тұрғын үй кешендерінің мынадай ерекшеліктері болуы тиіс:
Тұрғындарға ортақ бір асхана. Асхана болғанда - қазан ошағы бар, қоймасы бар, ыдыс аяғы жеткілікті бір жер болуы тиіс. Қуаныш болса да, қаза болса да сол жерде атқарып жіберетіндей ортақ орын. Құда күтіп, билетіп шығарып салуға да болады. Жаназа шығарып, асын беріп жіберуге де болады. Наурыз сияқты мейрамдарда көршілермен бірігіп шаралар ұйымдастыруға да болады дегендей. Қазаққа тән дүние емес пе? КСКға тиесілі боп тұра береді дегендей...
Қарияларға арналған аулада арнайы бір орын. Үлкен кісілер жиналып, самаурынның шәйін ішіп отырып, әңгіменің шүмегін ағытатын бір жылы орын болуы тиіс. Есті балалар мен жастар да кіріп со кісілердің дәмді сұхбаттарын тыңдап жүруі де мүмкін. Біреудікіне мықты әнші, жыршы, күйші кеп жатса - сол жерге жайғасып, көршілерді де жинап, мәслихат пен ду-думан құрып жатқанға не жетсін? Ол жерде ыстық тамақ, ығы жығы дастархан қажет емес. Қазаққа тән дүние емес пе?
Балалар жиналып сабақтарын, үй жұмыстарын жасайтын, кітап оқитын, жастар жұмыс істейтін коворкинг немесе кітапхана. Бұл да кешеннің бір бөлігі ретінде стандартқа кіруі керек.
Мұндай дүниелердің түрлі түрлісін ойластыруға болады. Мұндағы басты ұстаным - қалалық инфрақұрылым қазақтың салт-дәстүрін ұстануға қызмет ететіндей ыңғайлы болуы керек және көршілердің бір бірімен араласуына толық жағдай жасауы керек. Көршілік мәдениеттен де ажырап барамыз. Әлемдік өркениетке бейімделуді ғана емес, соған үлес қосуды ойлайтын ұлт болуды жазғай!