Хафизге үш рет мұң шаққан ақын

СӨЗДІҢ АТАСЫ
5404
(Мұрат Шаймаранның «Жасыл түн» жинағын оқығаннан кейін)

Ли Бай айға шарап толы күміс тостағанын ұсынам деп құлаған айдын көлдің бетін әппақ лотос гүлдері жауыпты. Нишапур миуа бағының іргесіндегі Омар Һайям қабыры басында алмұрт пен шаптол ағаштары құлпыра гүлдеп тұр. Кеңсайдағы көп моланың арасын қуалай соққан қоңыр жел қураған жапырақтарды төңкеріп кетеді. Жұмекеннің құлыптасына сүйеніп бурыл шашты, қапсағай денелі, ажарлы кісі «Жерге тартып туылып, жерге сіңер ұлы ақын...» деп күбірлеп тұр. 

***

Қордай асуынан құлдилап келе жатқан, иығына қоржынын ілген, қалың кенеп шапан, киіз тымақ киген жалқы жолушыға ешкім де мән берген жоқ... Жеңіл мұнар бүркеген, батар күннің алқызыл шапағына кеудесін бояған Алматыға қарап көп кідірді. «Алматы – О, менің жаралы жүрегім» деп шер құсатын ақынның аңыз қаласы, абыз даласы осы екен-ау! Жұмекені мен Мұқағалиы жоқ, «Сыра ішсем екен мен кімді BAR-ға шақырып» деп алып шаһардан сырласар дос таппай, жалғыздыққа жанын көгендеп отырған шығар. Ымырт үйірілмей ақынды тауып алайын, бұл тым шулы қала екен, өзіме таныс Шираз емес, адасып кетермін. 650 жыл бойы күткен күн ақыры туды ғой деп торсығындағы Сейхундарияның суымен таңдайын жібіткен дәруіш қаланың өкпе тұсынан сыналай кірді. 

*** 

Оның артында үш тараулы жол жатыр. Екі жолды басқан, ада қылған. Үшінші жолдың басында арғымағының жалына ақтық төгіп тұр. 
Оның түсіне әппақ сақалы кеудесін жапқан ақсақал кіріп қалауыңды айт, берем депті-мыс. «Атақ, даңқ, байлығың садағам, маған шарап бер» деп қолын көкке созған екен қаршадай бала көзінен от шашып. Тосын тілекке аңырып тұрып қалып, қарқылдап күлген қарт: «Сенің сұрамағың жұмақтың жүзім шарабы ғой, тағдыры жердей ауыр ақын болмақ екенсің. Сөз деген қасыреттің уытын қайтарар емің болсын, бердім қалауыңды, маңдай соры бес елі балам-ай» деп қолындағы асатаяғын сілтеп қалыпты. 
Ол сол күннен бастап «әдемі көздің жарқылы үшін де, әдемі қыздың балтыры үшін де» ішті. Мөлдіреген сұлулық үшін тік тұрып көтерді. Тозаң дүние, үрейлі түс, сайқал тірліктен жанын азат қылып, сәби тазалығына қайтқысы келді. Көктемнің жып-жылы жаңбырына малшынып, кірлеген көңілдерді жуды. Ол көлденеңге құлдық ұрмайтын тым асқақ еді. Асқақтығына айқұлақтанам деген талай пақырдың жастанған жері жат болды. Оны сізге «Жасыл түндегі» бас сүйек егіліп айтып береді. 
Қарашаның сұп-суық көшесінде келе жатып жапырағы төгілген емен ағашының астынан өтесің. Құлап жатқан жапырақ емес ол сенің жүрегің. Адамдардың жоғалтқан жүректері. Әр адам өз жүрегін іздеу үшін алыс бір сапарға жолға шығады. Еркін аспанын іздейді... 

***

Майханаға қоржын асынған дәруіш кіріп, есік жақ қаға берістегі алакөлеңкелеу үстелге жайғасты. Аңырап тұрған қобыз дауысына қынай бел, аққу – мойын, қайың – балтыр, сұңғақ бойлы сұлу қыз қара ормандай шашын жәйіп ессіз елітіп биге басуда. Өзі іздеген ақын қақ төрге жайғасып күндей күркіреп өлең оқып отыр. Бұл Хафизге алғаш рет шағынған шағы. Қою бұйра шашты, сұлу қара мұрты бар қылшылдаған жас жігіт. 

«Құй, қанеки, сахи дос, мөлдіреген шараптан!
Мекенім менің – майхана, өзге жерім жоқ аттам...
Алабұртқан ақынның аңқылдаған жыры үшін, 
Ақсағың да ер екен суырмаған қылышын...» 

Бұл алғашқы кесесін Хафизге арнап көтерген ақынның жаңа туған айдан көзе жасайтын Күйтұнда не жиырма бесімен қоштасатын Үрімжінің бір майханасында шалқып отырған жастық шағы ғой. Ол кезде бәрі басқа еді, созса, көктегі айға да қолы жететін. Шарап толы көзелердің ортасында теңіздей шалқып, өрттей лапылдап отырған асау жүрек, ыстық қанды көрер едіңіз. Адамның жанын иітіп, сезіміне сүмбіленің сұлу таңындай тыныс сыйлайтын жырларына ілесіп, тамыздың таңғы шығын, ақпанның ақ қырауын кешіп ертегі әлемінің табалдырығын аттайсың. 
Өлең аяқталды. Төрде отырған ақын көзесін төңкеріп жіберді. Дәруішті қазірше ешкім байқай қойған жоқ. 
Ол Махамбет пен Мағжанның жүрегіне бойлаған күні өмірге дәт айтыпты. Омарғазысы (Айтанұлы) жоқ қала көрдей суық тартып, жат санаған. Кеше сүйкімді дүниенің жұлдыз жанған терезесінің тұсынан мұңға батып өтуші еді, енді арбап биіне тартса да бармақ емес. Ақыры Омарғазының қабырын сары үкісіне күзеттіріп, өзі еркін аспанын іздеп жолға шығады. 17 жылдан кейін сол сары үкі соңында Жоңғардың жолы тарамдалып қалған тірі ақынды іздеп тауып өлі ақынның жәйін құлағына сыбырлайды.
 
...Ақын тәнін тербеп түннің ырғағы, 
Тым ғаламат ұққаным – 
Кеудесінен жап-жасыл боп бір жалын, 
Аспан жаққа самғап, лаулап шыққаны... 
Өлең текті өршіл Жалын түн жарып, 
Әлі талай жүректерге қонады...!
 
Адамның тәні шіріп, сүйегі қурар. Бірақ, жан өлмес, Ол – мәңгілік. Қайран марқұм ақын жүрегіндегі жалынның қонар кеуде іздеп шарқ ұрып, тура төбесінде, Алматы аспанында өзіне тесіле қарап тұрғандай сезінді. 
Дәруіш барлығын қалт жібермей көріп отыр. Ақын екінші рет қолына көзесін ұстап өлең оқыды. Дауысы бағанағыдай саңқылдап шықпаса да тебінді қуат бар. Шашына шалаң ақ араласып, қабағын жіңішке әжім сызыпты. Хафизге екінші рет мұң шаққан жыры. Бұл Алматыға алғаш көшіп келіп, жаңа ортаға бірден батыса алмай, толқынды ой, тосырқаған сезіммен бірнеше жыл қалам құрғатып алған, өлеңді түйенің боталағанындай аз жазған, көп уақытты артқа тастап барып көктемгі Есентайдай тулаған шағы еді. Екінші жол айырығы, келесі белесі болатын. 

Жүрек, неге жүдеусің сен, неге сонша наласың?! 
Өшкен отты жандырам деп босқа әуре боласың. 
Аласұрып адасасың, көп есікті қағасың, 
Байлауы жоқ тіршілігің тірек болар дейсің бе, 
Бейнеті мол ақыныңды қайда бастап барасың?! 
 
Сахи досқа шүпілдетіп шарап құйдырар асау көңіл байырқа тапқан жыр. Желғабыз жастық шақты іздеген асық көңіл күзгі шидай уілдейді. Күміс көзедегі кетікті өмір түсірген. Тірліктен де жиі жеңіліп, мұқалатын шақ болады. Енді ақынның Хафиз жүрегі Алматының бейғам көшелерін бойлап келе жатып жылап-жылап алады. Бірақ, дүниені тұл етіп сүймей кетпейді. «Қайтты құстар еркіндігін ұқтырып, Мекеніне қайту қандай мықтылық» деп жеткен жерұйықты талақ тастамас. Ақбас Алатауға қарап басын иіп тағзым қылады. Ендігі музасы Алматыны жырлар. 
Ақын екінші тостағандағы бал шарапты тартып жібергенде айналаға бір түрлі ғажап хош иіс шашылды. Дәруіш өз-өзіне күбірледі. Алдындағы алшаң басқан ақжелең күнді қуалап жүріп, артында сарғалдақтай сағыныш қалыпты-ау. Мынау бұрқыраған туған жерінің, топырақтың иісі ғой, жарықтық. Түсіне топырақ кіріп жүр екен-ау! Түсіңде әжеңнің басынан бір уыс топырақ алып тұрсаң да сен мынау Алматыңды сүйесің. Арбатында жырға қосып, болымсыз бұрышында күбірлеп өлең оқып тұрасың. 
Ақын үшінші тостағандағы шарапты қысып тұрып Хафизге үшінші рет мұң шағып жыр оқыды. Ел ағасы жасына келген шақ. Бағанағыдай емес үні баяу, қоңырлап шықты. Сәлиқалы салмақ бар.
 
...Сағым жортқан сар даламды сағынам, 
Мен де сендей шайыр болар едім-ау, 
Тіптен Ақсақ Темірім жоқ, не қылам... 

Бір кезде Хафизды төрге оздырып, алғашқы тостты сол ақын үшін көтерер боз жігіт араға жиырма жылдай уақыт салып Шираздық шайырменен басқаша тілдесуі ақиқат еді. Сол поэзия салтанат құрған төрде Хафизбенен сырлас дос боп төс қағыстырып, сыр ақтарысып тең отырғанын сезбей қалды. Уақыт оны да сол биікке шығарып үлгерген. 
Нәзік, аққұбаша даяшы қыз алаңғыт бұрышта отырған дәруішті енді ғана көріп, қасына таңдана басып келді. 
- Сәлеметсіз, қандай шарапқа тапсырыс бересіз? 
- Жүзім шарабы. Бұл жердің аты қандай? 
- «Қаламгер» кафесі. 
- Өлең оқып, кітап көруге бола ма? 
- Әлбетте. 
- Тамаша. Маған бір ақынның кітабын тауып бере аласыз ба? 
- Қайсы ақын екен?
- Мұрат Шаймаран. 
- Иә, бізге кеше ғана жаңа кітабі түскен. Күте тұрыңыз. 
Елпек қыз көп айналмай «жасыл түнмен тысталған» кітапты алып келді. 
Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген?! Мөде, Ескендір, Бонапарттар өткен ғой мына жарық күннің астында. Мәңгілік ештеңе жоқ екен. Күн боламын дегендер күл болды. Ақын ұлы бабатанымын аңсайды, түпсанасын оятқысы келеді. Ақынның жаны қамыттан босап шығып еркіндікке көтерілген. Еркін аспан өлеңіне айналған. Тәңірдің махаббаты мен шұғыласына бөленген. Сор кешкен жүрегі Тәңір мен адамдар арасында қанатымен су тасып дәнекер болған. Қасиетті сөз құдыретіне сыйынады. Ұлы бабаларындай күнге қарап қол жайып тұр. Жарық Күннен туғанын іші сезеді. 
- Мінеки шарабыңыз, қайдан келесіз жолаушым?! – деп қыз жымиды. 
- Мен Хафизды жерлесіп, Шираздан бір ақынды іздеп шыққанмын.
Түк те түсінбеген қыз дәруіштің бетіне таңдана қарады. 
- Мына кітапты маған қиыңыз, ақысын берейін, - деп дәруіш
Қалтасынан Тайтұяқ жамбы алып шығып үстелге қойды да, кітапты жыртық қоржынына салып жатты. Қыз әлі аңырып тұр. Селт етіп есін жиып қараса жолаушы есіктен шығып бара жатыр екен. 
- Жолаушы, қайда барасыз? – деп соңынан дауыстады. 
- Мен мыңжылдықтарға кетем. 


Ғылымнұр Кәдірбай1997 жылы тамызда Құлжа қаласына қарасты Мұңғұлкүре ауданында дүниеге келген. «Үттегі қақ» жыр жинағының авторы. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.


author

Мұрат Шаймаран

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...