Ерболат Әлқожа: Сөз бостандығын шектеу – қателік

СӨЗДІҢ АТАСЫ
4014

Мамырдың 4 күні мәжіліс отырысында депутат Анас Баққожаев қоғамға кері әсер етіп жатқан блогерлерге қатысты мәселе көтерді. Олар ақпараттың дәйектілігін тексермей, «фейк» таратып жатады. Алайда, сол үшін жауапкершілік алып, жазаланып жатқандар аз. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты блогерлердің жауапкершілігін күшейту керегін жеткізді. Бұл сауал әлеуметтік желіде үлкен дүмпу қозғап, өзекті тақырыпқа айналды. Осыған орай, қоғамдағы танымал тұлғалардың бірнеше пікірін ұсынып отырмыз, деп хабарлайды janabastau.kz тілшісі.

Актер Ерболат Әлқожа:

«Біз журналистердің құқығын әбден шектеп, қолдан өлтірген елміз. Олардың сөз еркіндігін, сөз бостандығын тиып тастадық. Содан барып сахнаға блогерлер қауымы көтерілді. Енді блогерлердің құқығын шектейміз дейміз, оның қай деңгейде жүретіні белгісіз. Бірақ оның екі ұшы бар. Мемлекет тарапынан заң шығарып, блогерлерді шектейтін болса, қайта айналып сөз бостандығына келіп тіреледі. Былайша айтқанда, еркіндікке қиянат болады. Мәселе – ол заңды кім шығарады? Еркін, тәуелсіз заңгерлер шығара ма? Әлде ешкіммен ақылдаспай мемлекеттік адамдар өздері бекіте ме? Шынымен ондай заң қабылданатын болса одан кейін блогерлердің құқығы шектеледі де көптеген қоғамдық мәселелер толық айтылмай қалады.

Сосын тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қызметкерлердің арасында мынадай бір сыңаржақ пікір бар: оларға журналистер, блогерлер сұрақ қойып, камераға түсірсе, бірден ат тонын ала қашады. «Неге мені түсіресің?» деп қарсы шығады. Мемлекеттік қызметкерде қоғамдық этика болу керек. Олар баса көктеп, сенің үйіңе барып, түсіріп жатқан жоқ, мемлекеттік жұмысты істеп жатқан соң, оларды қадағалау керек, халық білуі керек, не істеп жатқандарын. Ал еліне, жеріне шын жанашырлар ешкімнен қашпайды. Сұраққа мәдениетті түрде жауап береді.

«Сыйға – сый, сыраға – бал» деген қазақ мақалы бар. Мемлекеттік қызметкерлер қандай болса, журналистер де сондай қарым-қатынас жасайды. Олар мұрынын шүйіріп, дұрыс жауап бермесе, журналистер де эмоцияға ерік беріп, талап жеп қоярдай өршеленеді. Ал мәдениетті болса, соған сай харекет көрсетеді.

Сәйкесінше, блогерлердің де артық пішіп, асыра сілтеп қоятын жерлері бар. Бір мәліметтің ақ-қарасын ажыратпай жатып шығарып жібереді, соңынан опық жейді. Қаржы пирамидасына байланысты істі болып жатқандар да бар. Қазір көбі қате дүниені түсініп, бас тартты. Ол да үлкен сабақ. Осылай көш жүре түзеледі.

Қазір әлеуметтік желіде шығарылған дүние тез тарайды. Оны тез тарататын блогерлер. Мысалы, Ресей азаматтарының 90 күндік визасыз жүруі, Қытай азаматтарының визасыз шекарадан өтуі халықтың қарсылығын тудырды. Әсіресе, блогерлер әлеуметтік желіде көп бөлісіп, ол өзекті тақырыпқа айналды. Осындай дүмпу тудыру билік өкілдеріне ұнамайды. Сосын заң шығарып, блогерлердің құқығын шектейді. Жалған ақпарат таратты деп соттауға дейін апаруы мүмкін. Осындай қитұрқы саясаттың кесірінен олар өз еркіндігінен айырылады.

Менің жеке пікірімде мұндай сөз бостандығын шектейтін дүниені қателік деп есептеймін және құптамаймын. Жалпы бізге еркіндік, сөз бостындығы керек-ақ. Біз өз қателігімізді қашан танып, өз ауруымызды, жарамызды қашан емдейміз, сонда барып ел боламыз.

 Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та елімізде блогерлерге қатысты заң жетіспейтінін айтты.

«Қазіргі таңда Еуропа одағындағы Германия, Франция және Англиямен қатар бірқатар елдер блогерлердің қарым-қатынасын реттеп жатыр. Біздің елге де осындай шаралар жетіспейді. Біз де осы мәселені күн тіртібіне қоюымыз керек. Халықаралық тәжірибеде әлеуметтік желіні пайдаланушылар жөніндегі заңдық тәжірибені біздің елімізде де қамту керек» деп түсіндірді. Сондай-ақ, ол әлеуметтік желідегі бірқатар блогерлерді оқитынын айтты.

«Facebook әлеуметтік желісінде отыратындардың көбісін оқимын. Инстаграм желісінде отырамын, жазамын, бірақ блогерлерді көп оқымаймын. Facebook желісін 24 сағат пайдаланамын және оқимын. Ол жерде жалған ақпарат таратып жатқандарды өз басым байқамадым», - деді Ерлан Саиров.

 Ақын, «Ауыл» партиясының мүшесі Дәулеткерей Капұлы да бұл мәселені қағыс қалдырған жоқ.

«Өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады. Олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр», - дейді депутат.

Қазақта "қыздырманың қызыл тіліне еріп" деген тіркес бар. Бүгінде ашық ақпараттық кеңістікте айғайға сүрен қосқан, құрыққа сырық жалғаған, өздерін «блогер» деп ат қойып, айдарлап алған бір топ бар. «Самауырын суалды дегенді Самарқанды су алды» деп жеткізетін блогерсымақтарға бақылауды күшейткен жөн-ақ! Осы бастан бақыламасақ, «Қатын өтірік айтпайды, қағыс естиді» деген мақалды түсінбей-ақ өтерміз. Жалпы, әркім өз шаруасымен айналысқаны дұрыс қой?!» дейді ақын.

 

Дайындаған: Тілеубек Батыс

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...