«Ордабасыға» Еуропадан бапкер келді: ол кім және қандай клубтарды жаттықтырған?

Фото: MadeniPortal.kz

СПОРТ
234

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубының жаңа бас бапкері болып бельгиялық маман Карел Герартс тағайындалды. 44 жастағы жаттықтырушы бұған дейін Бельгияның «Юнион Сент-Жиллуаз», Германияның «Шальке 04» және Францияның «Реймс» клубтарын басқарған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұл туралы клубтың тең иесі әрі амбассадоры Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Карел Герартс 1982 жылы 5 қаңтарда Бельгияның Генк қаласында дүниеге келген. Ол футболдағы мансабын ойыншы ретінде бастап, жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсетті. Кәсіби футболшы ретінде «Генк», «Брюгге», «Стандард Льеж», «Локерен», «Ауд-Хеверле Левен» және «Шарлеруа» командаларында ойнаған. Сонымен қатар Бельгия ұлттық құрамасының сапында 20 матч өткізіп, төрт гол соққан.

«Юниондағы» жетістігі

Герартстың бапкерлік мансабы 2019 жылы «Юнион Сент-Жиллуаз» клубында басталды. Алғашында команданың жаттықтырушылар штабында көмекші болып жұмыс істеді. 2022 жылы бас бапкер қызметіне тағайындалды.

Оның жетекшілігімен «Юнион» Бельгия чемпионатында үшінші орын алып, Еуропа лигасының ширек финалына дейін жетті. Бұл жетістіктер бельгиялық маманның бапкер ретіндегі беделін арттырды. 2022/2023 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Герартс Бельгияның үздік бапкері атанды.

«Шальке» мен «Реймстегі» кезеңі

2023 жылдың қазан айында Карел Герартс Германияның әйгілі «Шальке 04» клубын басқарды. Ол команда тізгінінде 33 матч өткізді. Алайда Германия клубындағы жұмысы ұзаққа созылмай, 2024 жылдың қыркүйегінде қызметінен кетті.

2025 жылдың маусымында бельгиялық маман Францияның «Реймс» клубымен келісімшарт жасасты. Бұл оның Франция чемпионатындағы алғашқы тәжірибесі болды. Командадағы жұмысы 2026 жылдың мамырында аяқталды. Герартс француз клубының тізгінінде 40 матч өткізген.

Енді тәжірибелі маман Қазақстан чемпионатында бағын сынайды. Айта кетейік, «Ордабасы» 2026 жылғы маусымда клуб тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионаты мен Кубогын қатар жеңіп, «алтын дубль» жасаған еді. Команда бұған дейін молдовалық Андрей Мартиннің жетекшілігімен өнер көрсетті.

Карел Герартстың алдында енді Шымкент клубының жетістігін жалғастырып, команданы халықаралық аренада лайықты деңгейде таныту міндеті тұр. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге қысым көрсету және мәжбүрлі түрде ақша...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қызылордада екі қызға тиісіп жатқан мас ер адамды тоқтатпақ болған 18 жастағы жігіт пышақ жарақатын...