2024 жылғы 26 сәуірде «Семей орманы» МОТР Бородулиха филиалы Дмитрев орман шаруашылығыны...
Қыздарға араша түсемін деп жас жігіт пышақ жарақатын алды
Фото: видеодан скриншот
Қызылордада екі қызға тиісіп жатқан мас ер адамды тоқтатпақ болған 18 жастағы жігіт пышақ жарақатын алды. Қазір жігіт ауруханада жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Желіде тараған ақпарат бойынша оқиға 20 қараша күні кешке Құлагер шағынауданында болған. Ер адам ойын-сауық орнынан мас күйде шығып, екі қызға тиісіп бастаған. Мұны көрген Нұралла есімді жігіт оларға араша түскен. Алайда жанжал кезінде ер адам оған пышақ сұққан.
“Ер адам жігітті оңаша жерге шақырып, үш рет пышақ сермеген. Жігіт күртесін ағытқанда, қанға боялғанын көрген”, – делінген желіде тарап жатқан ақпаратта.
18 жастағы Нұралла қазір медициналық колледждің 4-курс студенті. Жігіт өкпесі мен кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Өкпесінен ауаны шығару үшін оған арнайы түтік орнатылған. Қазір ол ауруханада ем алып жатыр.
Оқиғаға қатысты Қызылорда қаласының полиция департаментінен пікір сұрадық. Ведомство болған жайтты растады.
“Күдікті оқиға ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сот санкциясымен қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы Қызылорда облыстық полиция департаментінің бақылауында. ", – деді ведомство.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.