Фридрих-Вернер фон дер Шуленбург соғысқа дейінгі жылдары Германияның КСРО-дағы елшісі болған. Оған м...
Адам атаның қызынан туған Құж. Сөз кие!
Иә, иә, қазақтың түркі-исламдық таным жүйесінде ондай да кейіпкер бар. Кейіпкер болғанда да қазақ тілінде бірнеше елеулі сөздер мен олардан туындаған қаншама ұғымдар шоғырына негіз болған мифологиялық сипаты басым кейіпкер!
Жалпы, «орман-тоғайдан ағаш тасып, Нұх пайғамбарға кеме жасауға көмектескен» деп әңгімеленетін алапат күш иесі – «Құж» (Ажығұнық) деген дөй алып туралы естуіңіз бар ма? Естіп білмесеңіз жолыңыз болды, біз сізге ол туралы кеңінен ақпарат беретін боламыз.
БӘРІН БАСЫНАН БАСТАЙЫҚ...
«Құж өте ықылым дәуірде дүниеге келген» деп хабарлайды мұсылман деректері. Шын есімі – Ауж ибн Анқ болған екен. Әфсаналардың сөйлеуінше, ол өте зор денелі болыпты. Сорайған бойы таудан асып, көкке жалғасып, бұлт біткен алқа сияқты мойнына киіліп тұрыпты. Пайғамбардың немере інісі Аббастың жеткізуіне қарағанда, Құж Адам атаның қыздарының бірінен туған. Шешесінің есімі – Анқ екен. Топан су әлемді басып, заңғар тауларды суға батырғанда, Құждың алқымына да жетпепті дейді. Бір аңызда «сирағынан аспаған» деп те айтылған. Бірақ оның дерегі тек ауызша жеткен десек, қиянат болар еді. Ортағасырлық «Араис» деген кітапта Құждың бойының биіктігі 23333 зағир болған деп дәйектелген.
Құждың шешесі Анқтың өзі де мол пішімді, ірі адам болған көрінеді. Отырған кезде бір қырмандай жерді алып отырған деген сөз бар. Әйелдер арасында ең алғаш күнәні осы Анқ жасапты-мыс. Сол күнәсі үшін Құдайдың жазасына ұшырап, бір түнде алып адамға айналып шығады. Сөйтіп, бойы елден ерекше болып, күнәсін әшкерелеп тұрған екен.
БҰЛ КЕЙІПКЕРГЕ ҒАЛЫМ-ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫ АУҒАН БА?
Діни персонаж ретінде Құж тереңінен болмаса да бір ауық әдебиетшілер мен тіл ғалымдарының, дінтанушылардың қызығушылығын тудырған. Бірқатар сөздіктер мен кітаптарға да енген. Мысалы, оған Қазақ сөздігінде «Бәрін керісінше жасайтын, аңыздық алып, дәу» деп (Алматы: «Дəуір» баспасы, 2013) анықтама берілген.
Керек десеңіз, филолог-дінтанушы Ә.Нәби секілді бірқатар қазақ зерттеушілерінің арасында«Өте ұзақ өмір сүрген. Өмірінің ұзақтығы сондай, бұл барлық әлемнің мифінде бар образ. Тіпті, Одиссейдің соғысып жүрген Циклопы да осы Құж деп айтылады. Біздің Ертөстіктегі алып дәулердің де прототипі осы – Құж» деген көзқарас бар.
Бұл қатарда айтулы жазушылар да бар. Айталық, 2011 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған М.Мағауинның «Құждың қу жілігі» атты әңгімесі ол туралы таным көкжиегін кеңейтуімен құнды десек, артық айтқандық емес. Арнайы ізденушілер табылып жатса, осы еңбекті оқыса өкінбейді. Жазушы бұл еңбегінде тарихи деректер мен Ніл өзенінің үстінде алып адам жілігінің көпір болып тұруы туралы өз атасы айтқан аңыз арасын біздің замананың пайымы тұрғысында таразылап шыққан.
Осы орайда Құж есімінің ас ішер алдында «Біссіміллә» деп айту уәждемесінде ауызға алынуы да қызық. Бұл жайт Degdar сараптама орталығының порталында жарияланған қиссада былай деп толғанылған:
Ол жалғыз өзі таудың үңгірінде жататын. Құждың бір ғана қайғысы – қарнын тойғызу. Ішегі тәулік бойы шұрқырап тұратын. Ертелі-кеш орманнан отын шауып, нәпақасын айырып жүрді. Бірде Нұх Құжды шақырып, ағаштарды тасып беруін өтінді. Сонда Құж:
– Қарнымды тойғызсаң, ағашты тасиын. Осыған дейін майлы ас жеп, қарным жұбанған емес. Тойып тамақ ішу – маған арман, – деді.
– Айтқаның болсын, – деді пайғамбар. Құж ертесіне Нұхтың ағаштарын тасып берді. Жұмысы біткен соң, Нұх оның алдына бір шелпек әкеліп қойды. – Өй, мынауың жұмырыма жұқ болмайды ғой, – деп Құж ашуланды.
– «Біссіміллә» деп же, сонда тоясың, – деді пайғамбар. Құж «біссміллә» деп шелпектің жартысын жегенде тоқтығы білінді. Жартысын қалтасына салып алды. Қарны тойғанға мәз болып, жөніне кетті.
ҚОШ, СОНЫМЕН, ОНЫҢ ОБРАЗДЫҚ БЕЙНЕСІНІҢ ҚАЗАҚ ЛЕКСИКАСЫНДАҒЫ ПРОЕКЦИЯСЫНА КЕЛСЕК.
«Бейнесі» деп отырғанымыз, кей сөздер діни-мифологиялық мотивтер мен сюжеттердің көрінісі іспетті. Ал бұл сондайлықтың классикалық үлгісі. Ең алдымен, оның тікелей атауымен үндес әрі тұлғалас «құж» сөз бірлігін негіздеп, сын есім ретіндегі «Бұжыр, кедір-бұдыр. Құж денелi. Қорбиған, еңгезердей. Құж қара. Үлкен қара бұжыр» (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі, Алматы: «Дəуір» баспасы, 2013) деген мәндерде өзге сөздермен тіркесе қолданылатынын атап өту керек-ақ. Яғни, аңыздық кейіпкердің бірінші сапалық белгісі – алпауыт алыптығынан мағына алып тұр:
Жақсы айғыр үйірін қорғайды,
Құж мойын бұқа сом мүйізін қорғайды (Қазақ мақалы).
Екіншіден, құждың жіңішкелеу дыбысталу вариациясы «күж» формасында да қолданылатынын ескерген жөн: Күжбан, күждей, күжди, күжқара, күжірею яки күжілдеу.
Үшіншіден, «қож» нұсқасын да есептен шығаруға болмайды. Мысалы, «қожбан» сөзі сын есім ретінде – «Аса їрї, дәу, күжїрейген. Қожбан қара. Еңгезердей, дәу қара (кїсї)».
Бірақ осылардың арасынан бәріне тән қимыл атауын білдіретін ортақ ұғым – «күжірею» сөзін алып шығуға болады.
Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігіне сәйкес «Күжірей» етістігі:
1. Дөңкию, күдірею.
2. Ауыс мағынасында «Айбаттану, сес көрсету».
Мұнаң өзінен туындаған сөз орамы мен сөз жасамдары қаншама, оның бәрін дәл бұл жерде тізіп жатпақ емеспіз. Тұжыра айтқанда, «құж/күж/қож» – бір нәрсенің аумағының кең, оралымсыз болып ерекшеленіп көрінуі. Синонимдері: күдірею, дөңкию, күржию, теңкию.
«ҚҰЖ» СӨЗІНЕ ҚАТЫСТЫ «ҚЫРСЫҚТЫҚ» МӘНІ ҚАЙДАН ЖҮР?
Жасыратыны жоқ, тілімізде «Құж емес шығар, ақылға көнер. Ары құла десе, бері құлайтын Құж» деген сөз оралымдары бар. Рас, мұның негізінен еліміздің шығыс өңіріне, Қытай тарабын мекендейтін қазақтарға тән екендігі де белгілі. Бұл туралы тіптен М.Мағауин өз әңгімесінде «Біздің ауыл, Шыңғыстау өңірі, бәлкім, бүкіл қазақта шаруасын керісінше жасайтын, қисық-қыңыр кісілерді «мынау бір құж ғой» деп айтатын» деп жазады.
Шынымен де, Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде де (Алматы, Арыс баспасы, 2005) «құж» – «қисық, қырсық, бері жығыл десе, әрі жығылатын кісі (Шығ. Қаз., Ү-Н.)» деп берілген.
М.Әуезовтің «Абай жолы» романында да Абайдың інісі Оспанның қырсықтығын сипаттау үшін мынадай диалог берілген:
«Сүйіндік Байсалға күбір етіп:
– Жаным-ау, қасқыр бала мынау ғой! - деді.
– Құж десеңші. Мынадан ба, мынадан шығар-ау! - деп Байсал да күңк етті».
Енді бұл ұғымның қайдан шыққанын пайымдау үшін Отбасы хрестоматиясы кітаптарының бір сериясында жарыққа шыққан Құж жайлы тағы бір қиссалық-аңызды келтіре кеткен жөн:
«Жаңбыр қырық күн, қырық түн нөсерлетті. Сұрапыл апаттан екі мақұлық аман қалды.
Бірі – Mыстан кемпір, екіншісі – Құж. Мыстан кемпір суға батпай жүре беретін. Құрғақ құрлық қалмаған соң тамақ таппай, ақыры аштан өлді. Топан су Құждың тізесінен зорға асыпты. Ол қарны ашса, судан балық сүзіп, оларды күнге қақтап жейтін. Құж құрғаққа шықпаған соң, сирағы шіри бастады. Балтыр еті жидіп, сүйегі көрінгенде жүруден қалып, құлауға айналды. Сол кезде Нұхтың кемесі алдынан шыға келді. Шайқалақтап әрең тұрған Құж тура кеменің үстіне құламақ болды. Құждың қыңыр мінезін жақсы білетін Нұх: – Біздің үстімізге құла! Кемені басып қал! – деп айғайлады. Құж қырсығы ұстап, кері қарай құлады. Кеме аман қалды».
НЕМЕСЕ СӨЗІМІЗГЕ ДӘЛЕЛ БОЛУЫ ҮШІН «ӘЛДИДЕН ЭПОСҚА ДЕЙІН» КІТАБЫНАН ЖӘНЕ БІР ҮЗІНДІ ДЕРЕК:
«...Құж кесір мінезді, ешкімнің ақылын алмайтын, оң істі терісінен істейтін қыңыр болыпты...».
«Бабалар сөзі» жүзтомдығының 78-томында да осыған ұқсас әфсана бар. Ондағы баянға сәйкес, бүкіл жер жүзіндегі жан иесі түгел топан суға батқанда, жалғыз ғана Құж деген алып адам батпапты. Толқын қуып, қалтылдаған Нұх кемесі бір кезде қалқып, Құждың қасына келгенде, кемедегілер Құжды құтқарып алмақ болып: «бері жығыл!» деп кемеге шақырса, Құж ерегісіп, ары жығылыпты да, суға ғарық болыпты. Кітап куәләндіруі бойынша қазақтың қайраты мол, алып адамды «Мынау бір Құж екен» дейтін теңеуі де, міне, осыны жад етуден шыққан.
ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗДІҢ ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІНІ:
«Құж» атты кейіпкердің тілдік қорымыз бен діни-мифтік тарихи өрісте қалдырған ізінің бір мұнымен бітпейтіні анық. «Аңыз түбі шын» дейтұрғанмен, бәлкім бұл ертеде орын алған әлдеқандай құбылыстардың аллегориясы немесе түсіндірілуі қиын жайттардың метафорасы ма екен, о жағын да таразылау керек. Тап осылай болды, я болмады, оны әркімнің иман таразысы – өзі шешеді, сену, сенбеу де өз еркінде. Бұл сенімнің мәселесі. Қалай десе де, құдайлық мазмұнды бойына сіңірген ұлттық-сакральдылық мәдениетімізде Құждайын алыптың өмір арнасына толып, болып, арқырап өткендейін ауқымды орны бар.
P.S. Алыптың ажалына қатысты аңыздарда «Құж топан су заманынан кейін 3600 жыл өмір сүріп, Мұса пайғамбарға қарсы соғысқан» делінеді. Ол үлкен бір тасты лақтырғанда, Мұса сарбаздарының жартысы қырылыпты. Екінші рет лақтырмақ болғанда, Жасаған ие қыран құсты жұмсап, ол тастың ортасын тесіп, ұнтақтарын көзіне кіргізіп жібереді. Сол кезде ғана пайғамбар еркін қимылдап, дәуді қасиетті асатаяғымен тобыққа ұрып құлатады. Жерге жығылғасын тұрғызбақ жоқ, әскері жабылып жүріп, кескілеп өлтіреді. Кейіннен Құждың бір сирағын өздерімен бірге ала кетіп, Ніл өзеніне көпір жасаған һәм сирақ жілігінің жуандығы сондай, көпір үстінде екі керуен қатар жүре алған екен деседі.