Философия және мәдениет

ТАНЫМ
15254

Джорджоне. Үш философ. 1505-1509 жылдар

Философия (қазақша пәлсапа) - дүниеге көзқарастың ғылыми-теориялық түрі. Философиялық көзқарас мифологиялық және діни көзқарастан айырмашылығы - нақты ұғымдарға, категорияларға сүйене отырып логикалық ой қорыту ерекшелігінің бар болуы. Философия даму барысында үш кезеңнен өтті: Космоцентризм, теоцентризм, антропоцентризм.

Философияның пайда болуы адамзат баласының білім деңгейі мен ой-санасының едәуір дамуына байланысты әлемді ғылыми тұрғыда түсінуімен орайлас дүниеге келді.

Сан қырлы табиғат құбылыстарының мәнісін түсінуге тырысқан ойшылдардың философиялық көзқарастары - философия ғылымының беташары іспеттес болды. Алғашқы философиялық ойлардың формасы натурфилософиялық бағытта дамыды.

Философия пәні қоғамның дамуымен тығыз байланыста бола отырып, рухани өмірдің барлық қырларын қамтыды. Философияны алғаш рет ерекше теориялық білім ретінде жинақтап дәлелдеген ерте грек философы Аристотель (б.з.д. 384-322 ж.ж.).Философияның пайда болуының негізгі себебі – танымның жеке түрлерінің (математика, астрономия тағы басқалары) адам мен әлем туралы біртұтас – білім жүйесін жасай алмауы. Оның шығуына ертедегі қоғамда дін мен мифологияға қарама – қарсы рационалдық таным жүйесінің қажеттігін түсіну де әсер етті.Философияның қалыптасуына антикалық қоғамда оны өзінің негізгі дүниетанымдық әрекеті ретінде таңдаған арнайы әлеуметтік топтың пісіп – жетілуі де ықпал етті.

Философияны тек әлем ғана қызықтырып қоймаған, ондағы адам, оның мәні, өмір сүру заңдылықтары да оның назарынан тыс қалмаған. Өйткені, адам осы әлемде өмірге келеді, оның аясында қуанады, қайғырады, таным процесінің дәмін татиды, өледі. Философия - өзінің мәні мен мағынасы тұрғысынан адами сипатқа ие болған ғылыми сала. Өйткені, ешбір басқа әлем мен таным формасы «Әлем - Адам» күрделі байланысының барлық байлығы мен мүмкіндігін жан – жақты ашып көрсете алмайды.

Философия - әлем туралы және ондағы адамның орны туралы жалпы ілім. Ол адам мен әлем байланысын қарастыра отырып, әлемді танудың, оны өзгертудің жалпы заңдылықтарын зерттейді.

Философияның пәні басқа ғылымдардан ерекше. Өйткені, философия дегеніміз - өте терең теориялық білім. Оның құрамында онтология, гносеология, даму теориясы, антропология, әлеуметтік философия сияқты өте күрделі салалар бар.

Философияның даму тарихында одан эстетика, этика, психология, саясаттану жеке пәндер болып бөлініп шықты.

Джорджоне. Өмірдің үш түрлі жасы. 1500-1501 жылдар

Философия – жүйеленген дүниетаным. Тарихта әлеуметтік өмірді, дәстүрлі көзқарастарды, басты нанымдарды күрделі, түпкілікті өзгерістерге ұшырап отыратын ірі идеялық қозғалыстар кең көлемдегі діни – мистикалық, жаңарту ағымдары көп болған.

Қазіргі уақытта мұндай процестердің кең орын алғандығы соншалық, оның ерекше қарқыны туралы атап айтуға тура келеді. Бұл философияның қоғамдық маңызын жоғарылатады, өйткені белгілі бір дүниетанымға негізделмеген қоғамдық белсенділік өте қауіпті. Жеке адамның еркімен дүниетанымның өзгертушілік күші іске асып, қоғамдық мақсаттың орындалуы мүмкін емес.

Адам, оның еркіндігі мен көзқарасы қоғамдық дамудың қайнар көзі. Әлем бүгін үлкен әлеуметті, техникалық және мәдени өзгерістердің алдында тұр. Техника мүмкіндіктерінің тереңдеп, өмірдің барлық саласына еркін енуі үлкен өзгерістер әкелуде.

Философия адам өмірінің мәні мен адам белсенділігінің мақсатын түсінуге көмектеседі.

Философия пәнінің екінші үлкен мәселелері - ол оның гносеологиялық жақтары (gnosis - грек сөзі, тану, білу). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Философия пәнінің ажырамас мәселелерінің бірі - ол оның аксиологиялық, яғни құндылық жақтары, құндылық әлемін сараптау. Адам өмірі мән-мағынасының даму бағытын анықтауда философияның алатын орны мен қызметі ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, философияда мына сұрақтар бар: шындық, әсемдік, ізгілік дегеніміз не? Адам өміріндегі еріктік, әділеттілік, теңдік, жақсылық, өлшем, парасаттылық, құндылықтар қандай орын алады? Философия пәнінің келесі жағы - ол оның праксеологиялық, прагматикалық мәселелері (practicos - грек сөзі, белсенді, іс-әрекетшіл; pragmatos - грек сөзі, іс-қимыл). Өйткені адам Дүниені тану барысында тек қана оны ой-өрісімен қамтып қана қоймай, өз іс-әрекеттерімен түйістіріп, Дүниеде бұрын-соңды болмаған жаңа нәрселерді, құбылыстарды тудырады. Кең түрде алғанда, философияның праксеологиялық мәселелеріне бүкіл адамзат тарихындағы материалдық және рухани өндірістегі жетістіктері мен тәжірибесі, соларға жеткізген сан алуан адамдардың табиғатпен және өз-өздерімен байланыстары мен іс-әрекеттерін жатқызуға боладыЕң соңында біз философия пәнінің ең нәзік, күрделі, терең ой, телегей-теңіз сезімдер, рухани толғау тудыратын жағын атап өтуіміз қажет. Ол Дүниені өзін-өзі танып-білу дәрежесіне көтерген ең әсем күш - адам.Бүгінгі таңда жаңарудағы қоғамның философиялық-әлеуметтік мәселелерін қою және шешу жолында бұрынғы кеңестік қоғамның идеологиялық негізі болған марксизмді сырттатуда философияның негізгі мәселесін де жоққа шығарғысы келетін пікірлер аз емес. Әрине, маркстік философияның шеңберінде «негізгі мәселе» тек қана диалектикалық материализмді дәріптеуге, қалған философиялық бағыттарға «бейғылымдылық» баға беру жолында пайдаланылды.Бірақ, соған қарамастан, біз философияның негізгі мәселесі марксизмнің ойлап шығарған «жалған мәселесі» деген ойдан алшақ болуымыз керек. Өйткені философия дүниеге келісімен-ақ, оның шеңберінде әртүрлі бір-біріне қарсы бағытталған ағымдар пайда болды.Философиядағы әрбір дүниеге деген көзқарастың негізінде осы пәннің негізгі мәселесінің шешімі жатыр.Философияның негізгі мәселесі осы пәннің терең табиғатынан шығады. Дүниенің біртұтастығын, бірлігін ой-өрісімен қамту үшін, біз мына сұраққа жауап беруіміз керек: Дүниенің алғашқы негізгі субстанциясы неде? (substantia - латын сөзі, негізінде, астында жатқан).Екінші жағынан, бұл Дүниені ең шегіне жеткен жалпылық тұрғысынан алып қарағанда, онда біз екі-ақ құбылысты оның бірі материя (materia - латын сөзі, зат) - табиғат заты, екіншісі - сана - адамның ішкі жан-дүниесі, рухы.Жалпы айтқанда, жоғарыда көрсетілген үш ұғымда Дүниені зерттеудегі негізгі үш идея берілген. 

Философиядағы материалистік ағым ең көне, бүгінгі таңда жан-жақты дамыған жеке ғылымдардың нәтижелерін өз бойына сіңіріп, адамзаттың ағарған бөлігінің Дүниеге деген көзқарасы ретінде өзін көрсеткісі келеді.

Бірақ бұл көзқарастың сонау түрпайы материализмнен бастап диалектикалық материализмге дейінгі негізгі елсіз жері - материалдық қоршаған ортаның логикасы қайдан шықты? Дүниенің заңдылықтары, оның дамуының қайнар көзі неде? деген сұрақ. Бүгінгі адамды «ол - Дүниенің ішкі қайшылығында, материяның бейнелеу қасиетімен байланысты» деген жауап толығынан қанағаттандыра алмайды.

Философияның негізгі мәселесін шешу жолындағы материализмге қарама-қарсы бағыт - идеализм (idea - грек сөзі, ой, идея). Дүниенің негізінде субстанция ретінде рухани болмыс жатыр деген қайсыбір дүниетаным мен дүниені қабылдауды біз идеализм дейміз. Идеализм адам өмірінің рухани жағын бірінші орынға қояды. Бұл ағым қайсыбір белсенділік, шығармашылықтың қайнар көзі — рухта деген пікір айтады. Материя мойындалғанымен, ол енжар, болмыстың төменгі жаратылған түрі ретінде ғана қаралады.

Идеализмнің қайнар көзі сонау мифологиялық дәуірдің өзіне барып тіреледі. Өйткені алғашқы қауымның шеңберінде өмір сүріп жатқан адам бүкіл Дүниедегі құбылыстарды адамға ұқсатып түсіндіреді, оларды жандандырады. Әрі қарай жүре келе, адамның абстрактылық ойлау дәрежесі жоғарылаған сайын, идеализмнің дүниеге келуіне толық жол ашылады. Өйткені қайсыбір Дүниедегі құбылыстарды бейнелейтін жалпы ұғымдарда сол заттардың ішкі терең мәні берілген. Сезіммен қабылданатын сол заттар күнбе-күн өзгеріп, тіпті өмірден кеткенмен, ұғымның мағынасы тұрақты болғандықтан, ол өмірде қала береді. Мәселенің екінші жағы - қайсыбір нақтылы зат, құбылыс өзінің ұғымына ешқашанда толық сәйкес келмейді (ханның қызында да кемшіліктер бар). Сондықтан ұлы Абайдың «адам бол» деген нақыл сөзінде терең сыр жатыр. Өйткені бұл Дүниедегі өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдардың ішінен бірде-бір адам идеясына толық сәйкес келетін жанды табу мүмкін емес. Тірі адамның үлесі - өмірінің соңына шейін күнбе-күн өзін жетілдіруге тырысу, сол адам ұғымына жеткенінше сай болу. Олай болса, идеалистердің айтуына қарағанда, ұғым шынайы болмысқа жатса, нақтылы дүниеге келіп, біршама уақыттан кейін дүниеден кетіп жатқан мінді заттар - елес, жалған болмыс ретінде түсіндіріледі.

Джорджоне. Сүлейменнің соты. 1501 жылдар

Мәдениет — философиялық ой-толғамның аса маңызды, терең теориялық мәнді ұғымдарының бірі. Мәдениет ұғымы коғам өмірінің түрлі салаларына байланысты жиі пайдаланылады. Сонымен қатар адамзат тарихын зерттеушілер де мәдениет мәселесін қамтымайынша, дұрыс пайымдаулар жасай алмайтынын ескерте кету керек. Қысқасы, бұл ұғым саналы іс-әрекет жемісін даму процесінде көрсетуге бағытталған. Әрбір тарихи дәуірдің өзіндік мәдениеті бар. Сол сияқты әрбір халықтың өзіне ғана тән дәстүрлері болады. Бұдан мәдениеттің көп түрлілігі ондағы жалпылықты, әмбебаптықты теріске шығарады деген қорытынды тумайды. Керісінше, мәдениеттің нактылы — тарихи түр алуы оның мазмұнының күрделілігін және ондағы жалпы ерекшеліктің диалектикасын білдіреді.

Көпшілікке арналған әдебиетте мәдениет мәселесін рухани, көркемдік салаларымен байланыстыра қарау басым. Шынына келгенде, мәдениет — адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, оған рухани да, материалдық та жетістіктер жатады. Басқаша айтқанда, адам болу үшін еңбек құралдарын жасауы, сөйлесуі, пікір алысуы, түсінісуі қажет. Міне, сол алғашқы еңбек құралдары, сондай-ақ мақал-мәтелдер ежелгі мәдениет ескерткіштері болып табылады.

Материалдық өндіріс рухани өмір сияқты бір қалыпта қала бермейді. Өндіріс қажеті оның дамуын, жаңаша қалыптасуын туғызады, оны күрделі ете түседі. Әрбір жаңа материалдық белес мәдениеттің де жаңа, неғұрлым жоғары деңгейге көтерілуін білдіреді, яғни мәдениет ұғымының қоғамдық-гуманитарлық білім шеңберін кеңейтіп, кең саланы қамтитындығын айтып өткен жөн. Бұл арада материалдық мәдениеттің адам тарихындағы ерекше рөлін арнайы бөліп айту себебіміз - мәдениеттің адам проблемасымен тығыз байланыстылығын естен шығармау қажет екендігіне көңіл аудару болып отыр. Материалдық мәдениет құрамына еңбек құралдарымен катар барлық қолмен, ақылмен өңделген еңбек заттары жатады. Олардың мазмұны мен түрі мәдениеттің даму сатысын көрсетеді. Сондықтан мәдениеттегі қазіргі бардың, болашақтың сабақтастық байланысын тани білу қажет. Өткендегі құрал-саймандар із-түзсіз жоғалып кетпейді. Антик дүниесі философиясының өкілдері, қайта өрлеу дәуірінің ойшылдары, жаңа заман идеологтары, XIX ғасырдағы рухани дүние алыптары өздерінің шығармаларымен қазіргі күнге қызмет етіп отырғанына ешкім күмәндана алмайды. Сол сиякты біздің дәуіріміздегі мәдениет те болашаққа ұмтылысымен, әлемдік мәселелерге тікелей қатынасымен жер бетінде адамгершіліктің салтанат құруына атсалысуда.

Мәдениет негізі — еңбек. Еңбек неғұрлым күрделі болған сайын, мәдениет те жаңа сипат алып отырады. Алғашқы еңбек бөлінісінен қазіргі кезеңге дейін еңбек материалдық өндіріс мәдениетін жетілдірудің негізі болып келеді. Егер садақ пен жебе, жүген мен үзеңгі, кәдімгі доңғалак бір кезде адамның табиғатпен байланысындағы төңкерістің куәсі болса, бүгін ғылыми-техникалық революция жетістіктері де, өндірістегі жаңа техника мен технология да материалдық мәдениеттегі төңкерісті білдіреді.

Мәдениет адамсыз жасалмайды. Адам дамуы мәдениетке байланысты. Тек осы өзара тәуелдікті анықтай алғанда ғана мәдениеттің адамзат тарихында, адам өмірінде алатын орнын түсінуге болады. Мәселен, 1823 жылы гректердің Милос аралы жағалауындағы теңізден табылған Венера (Афродита) аталған, бойы 207 см келетін әйел мүсіні — әйел сұлулығының үлгісі аталды. Теңіз ішіндегі құмнан шығармақ болғанда мүсіннің қолы сынып қалса да, ондағы әйелдің тұрған тұрысы, бейнесі, мойны, омырауы, белі, мықыны қай заманда болсын ғажап сұлу көркемдікті паш ететін құбылыс. Ол б. з. б. IІІ—II ғасырларда жасалған көрінеді. Ал енді мүсін тек адамдарға ғана рухани ләззат береді. Адамнан басқа тірі жанға оның ешқандай әсері жоқ, болмайды да. Олай болса, сол мүсіннің тек геометриялық түрі емес, оның рухани мәні болғанын байқатады.

Мәдениет тарихи процестермен ұштасып жатады, сол тарихи процестердің тікелей туындысы болып табылады. Сонымен бірге мәдениеттің бір ерекшелігі оның өз бойындағы сабактастықты терең сақтай білуінде.

Мәдениетті түсіну үшін тарихи дәуірді білу, оның өндірістік қатынастары қандай болғанын анықтау, өмір салты, рухани дүниесі қандай ерекшеліктермен анықталатынын ажырата білу кажет. Олай болса, мәдениетті адам әрекетінен, оның өзгертуші қызметінен бөліп алу мүмкін емес. Керісінше, ертеде өткен адамдардың түрлі кұрал-саймандары калдықтарына (сынықтарына) қарап, ол қауымдастык қашан өмір сүрді, даму деңгейі, дүниетанымы қандай болды, соны ажыратып білуге болады.

Джорджоне. Боран. 1508 жыл

Өткен уақыт мәдениеті — халықтық мұра, ол адамның өзі, оның өткен жолы, болашағынын сатысы, сондықтан бұрынғы мәдениет туындыларын қазіргі сана дәрежесі негізінде, қоғамның осы заманғы қалпына сөйкес бағалау диалектикалық ойлауды кажет етеді. Байқасақ, мәдениетті қоғам дамуынан бөліп алуға болмайды, өйткені мәдениет — сол дамудың көшірмесі, бейнесі, белгілі бір мағынада болашағы да. Жаңа тарих дәуірі кейбір антикалық ойларды қайта жаңғыртып, мәдениет дамуына тиек етгі. Солардың бірі — мәдениетті табиғи ортамен байланыстыра қарау. Оған мысал ретінде Д. Дефоның «Робинзон Крузо» романындағы Робинзон образын келтіруге болады.

Мәдениет қандай түр алса да, адамдық мазмұнда болады. Тек өзгертуші, жасаушы субъект ретінде ғана адам мәдениетті қабылдайды, дәлірек айтсак, тарихи процестердің субъектісі болып табылатын адамның қоғамдық, материалдық және рухани қызметінің барлык саласы мәдениет деген жалпы ұғым арқылы түсіндіріледі. Бұл тарихты материалистік тұрғыдан түсінуге сай келеді.

Мәдениеттегі адам қызметі өзінің объективті мазмұнымен анықталады. Қандай мәдениет көрінісін алсақта, біз белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты жарық көрген адам кызметінің нәтижесін мақтан етеміз (тіпті ондай мақтаныш болмаса да, еңбек жемісін мойындауға мәжбүр боламыз). Мәдениет көрінісін өткінші, бүгін бар да, ертең жоқ деп қарауға болмайды. Тарихи сабақтастыкты ақиқат деп қараушы әрбір адам мәдениеттегі шындықты әлеуметтік қажеттерден туған шындық деп бағаламай тұра алмайды. Мәдениеттің ерекшелігі сол - ол тек объективті шындық түрі ғана емес, шығу тегі жағынан алғанда, оның объективті мазмұны. Мәдениеттің материалдылығының өзі, оның шығу көзі адамға байланыстылығында. Адамның өмір сүру әдісі мен объективті қызмет негізінде ғана мәдениет материалдық сипат алады. Маркстің сөзімен айтқанда, мәдениет туындысы дегеніміз - адам тұрмысының затқа айналған мәні. Бұдан мәдениет дайын зат ретінде, заттық түр ретінде өмір сүреді деген қорытынды жасауға болады. Шынында да, материалдық мәдениет өндіріс құрал-жабдықтары, сәулет өнерінің мұралары арқылы білінсе, рухани мәдениет кітаптар, қолжазбалар, қылқалам шығармалары ар¬қылы, сондай-ақ өлең, жыр, ертегі, терме, жұмбақ, жаңылтпаш, әңгімелерден мәлім болады. Заттың мәдени бағаға ие болуы үшін ең алдымен адамдық сипат алуы керек.

Кең мағынада алғанда, мәдениет адамдардың өндірістік қызметінің барлық салаларын қамтиды, өйткені еңбексіз адам тарихи процеске қатыса алмайды. Тар мағынада алғанда, мәдениет кәсіптік мамандығы бар адамдардың немесе кәсіптік одақтардың қызметі аркылы баянды болады. Бұл екі тұжырым да орынды. Мәселе — мәдениет жайында қай уакытта, қандай жағдайға байланысты сөз етіліп отырғанында болмақ. Адам қызметінің кажетті шарты ретінде табиғат пен қоғам адамның мәдени болмысының көрінісі болып табылады, өйткені тек табиғи және қоғамдық ортада ғана адам өзінің күрделі адамдық қасиетін білдіре алады. Сонымен бірге табиғат қандай да бір мәдениеттен бұрын болады, мәдениеттің пайда болып, дамуының алғышарттары рөлін атқарады. Табиғат пен мәдениеттің бірлігі шартты, олар бір-біріне қарсы емес, қайта мәдениеттің дамуына табиғат әсерін тигізсе, мәдениет өз кезегінде табиғаттың мәдени түр алуына жағдай туғызады.

Табиғат пен мәдениет барлық уақытта бірдей, парапар болмайды. Олардың терең мәнді айырмашылықтары да бар. Табиғат мәдениеттен бұрын, адам еркіне, санасына тәуелсіз пайда болған, ал мәдениет — адамдар қызметінің жемісі, олардың қажеттерін өтеуге негізделген. Бірақ бұл — үстіртін сипаттама ғана. Табиғат пен мәдениет арақатынасының өз тарихы бар, оны осы екеуінің ажырамас бірлігін мойындамайынша түсіну мүмкін емес. Шынында, табиғат мәдениет дамуының алғышарты бола отырып, көп жағдайда сол мәдениет көріністерінің табиғи процестерге тікелей араласуы салдарынан не көркейіп, не құлдырап, азып-тозып кетуі мүмкін. Табиғат пен мәдениеттің арақатынасын шешкенде табиғатқа деген қамқорлық, мейірімділік естен шықпауы керек. Ол ұмытылса, мәдениет деген мәдениетсіздіктің, табиғатқа озбырлықпен қараудың нақ өзіне айналады.

Мәдениет субъектісі бола отырып, адам әрдайым өз белсенділігін көрсетеді. Ол белсенділік ақылға сыйымды болса, мәдениет табиғаттың көркейіп, гүлденуіне демеуші болады. Керісінше, ол белсенділік жеке бастың мақсатынан туатын болса, табиғатқа да, қоғамға да орасан нұқсан келтіреді, экологиялық апаттар туғызады. Себебі тарихи процесте табиғат пен мәдениет ажырамас бірлікте болып табылады.

Джорджоне. Ымыртта. 1510 жыл

Табиғат пен мәдениеттің арақатынасы - адамның табиғатқа қатысы, табиғатпен байланысы, табиғи ортаны игеру әдісі. Материалдық игіліктерді өндірсе де, рухани қызметпен айналысса да, адам сол табиғаттан нәр алады, басқаша айтқанда, оның тарихи дамуы табиғатқа байланысты. Анықтап айтқанда, табиғат материалдық өндірістің мазмұнын анықтауда ерекше рөл атқарады. Өндіріс әдісі көп жағдайда сол табиғи ортаға байланысты. Мысалы, кең дала, көшпелілікке ыңғайлы жағдай қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы мәдениетінің сол көшпенділікке бейімделе қалыптасуына себепші болдыАдамның табиғатқа қатысы оның қоғамдык тіршілік әдісіне негізделеді. Осыдан келіп адамның мәдени деңгейін анықтау туады. Табиғаттағы барды молайта түсіп, азды үнемдеп, тіршілікті аялай білу адам мәдениетінің даму деңгейін көрсетеді.

Мәдениеттің мазмұндығы рухани арақатынастан айқын көрінеді, өйткені адам санасының мәдени-тарихи түрінің негізі философиялық дүниетаным болып табылады. Шынында да, мәдениеттің тарихи мәні, жасалуы, дамуы іргелі философиялық мәселелердің бірі болып отыр. Мәдениет біркелкі емес: онда прогресшіл, болашаққа қызмет ететін және регресшіл, кертартпа, тек өткенге немесе өткіншіге қызмет ететін элементтер болады.

Мәдениеттің философиялық сипаттамасын оның құрылымы ар¬қылы көруге болады. Ресми әдебиетте «саяси мәдениет», «экономикалық ойлау мәдениеті», «адамгершілік мәдениеті», «тәрбие мәдениеті», «ұлтаралық қатынас мәдениеті» деген көптеген мәдениетке қатысты сөз тіркестері кездеседі. Олардың әрқайсысы, жекелеп алып қараған¬да, философиялық мәселелер. Басқаша айтканда, философия мен мәдениеттің арақатынасы қоғамның рухани өмірінде орын алатын келелі, күрделі құбылыс екенін бөліп қарау қажет.

Мәдениет пен өркениеттілік тарихта ұдайы қатар жүріп келеді. Мәдени көрсеткіш неғұрлым жоғары болған сайын, адам еркіндігі де соғұрлым арта түседі. Өркениеттіліктің өндірісті дамытпай тұруы мүмкін емес, өндірісті дамыту дегеніміз жаңа материалдық және рухани қазыналар жасау болып табылады, ал мұның өзі күрделі қоғамдық катынастарды қамтиды. Табиғи ортаны игеру, коғамды жетілдіру мәдениет пен өркениеттілік деңгейін көрсетеді. Олай болса, бұл - өркениеттілік пен мәдениет өзара тығыз байланысты жөне бір объективті негізде дамиды деген сөз.

Сонымен бірге өркениеттілік пен мәдениеттің өзара байланысының сипаты қоғам құрылысына қарай өзгеріп отыратынын да айту қажет. Таптық қоғамдарда олардың жолында қиын терең кайшылықтар болады. Еңбекші бұқара жасаған мол мәдениет казыналары көбінесе үстем тап өкілдерінің меншігіне айналады, солардың түрлі мақсатына, игілігіне жұмыс істейді. Тіпті қазіргі капитализм өз мәнін қаншама демократияландыруға ұмтылса да, тұтыну заттарын көбейтіп, қоғамдык жағдайларды қаншама жақсартса да, өзінің үстем таптық, басқа елдердің табиғи байлығын талан-тараждау, т.б. тар сипатынан арыла алмай отыр. Әрине, мәдениет шын мәнісінде халықтікі. Бірақ мұндағы өркениеттілік пен мәдениет диалектикасын даңғыл жолмен ешқандай бөгетсіз жүріп бара жатқан процесс деп қарауға тағы болмайды. Мысалы, ұлтаралық қатынас мәдениеті өркениеттілік жағдайында дүмпулі қайшылықтардан аулақ болуы қажет. Сол ұлтаралық қатынастар мәдениетін жоғары дәрежеде іске асыру үлгісін халықтар Ассамблеясының баянды жұмыстары арқылы Қазақстан бүкіл әлемге паш етіп отыр. Олай болса, бұл мәселені шешуге болады. Ал әлеуметтік саяси шындық, өркениеттілік пен мәдениет арасында шешімі табылмаған күрделі қайшылыктар бар екендігін өмір көрсетіп отыр. Оны ғылыми - техникалық революция жетістіктерін пайдаланудан да көруге бола¬ды. Өркениеттілік - қоғамдық қатынастар мен рухани көзқарастың нөтижесі. 

Қорыта айтсақ, философия мен мәдениет қатар жүретін саланың бірі.Философияны тек әлем ғана қызықтырып қоймаған, ондағы адам, оның мәні, өмір сүру заңдылықтары да оның назарынан тыс қалмаған. Өйткені, адам осы әлемде өмірге келеді, оның аясында қуанады, қайғырады, таным процесінің дәмін татиды, өледі. Философия - өзінің мәні мен мағынасы тұрғысынан адами сипатқа ие болған ғылыми сала. Өйткені, ешбір басқа әлем мен таным формасы «Әлем - Адам» күрделі байланысының барлық байлығы мен мүмкіндігін жан – жақты ашып көрсете алмайды.Философия - әлем туралы және ондағы адамның орны туралы жалпы ілім. Ол адам мен әлем байланысын қарастыра отырып, әлемді танудың, оны өзгертудің жалпы заңдылықтарын зерттейді.

Оразбекова А.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...