Жәлел Шалқар. «Халық жауының» баласы немесе Ноян Нұрмақов кім?

ТАНЫМ
3604

Қазақтың кереқарыс маңдайына сұрқия саясат сыйдырмаған арыстардың атаулы күндерінде олардың тағдырына, өмірі мен өнегесіне қатысты беймәлім дерек-мәліметтерді зерде сүзгісінен өткізіп, жариялай алсақ, сауапты істің бірегейі – сол. Баршаға белгілі жайттарды қайталап айта беру – тұлғаны танудың тың жолы емес. Алаштың арманда кеткен кез келген арда ұлының артында сіз бен бізге әлі күнге беймәлім тарих беттері бар. Дәл сондай ақтаңдақтар Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ келте ғұмырында жоқ дей алмайды ешкім. Тағдыры трагедияға тұнған арыстың соңында қалған тұяғы туралы жалпақ жұрттың біреуі білсе, біреуі білмес. Сол тұяқ – Ноян НҰРМАҚОВ еді. Ал, Ноянның Ұлы Отан соғысында барлаушы болып, минаны залалсыздандыратын саперлікке жіберілуі солақай саясаттың салқыны емес пе екен? Осы тұстан «Халық жауының» баласы минамен қоса, жарылып өлсе де, барлауда жүріп ажал құшса да өкініші жоқ деген сайқал саясаттың құлағы қылтиятын сияқты. Бәлкім, қателесем…

Подольск архивінен алынған дерек

Ноян Нығметұлының өмірі мен әскери қызметіне қатысты картотека Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы орталық архивінде сақтаулы. Ондағы деректер ғаламтор арқылы алынды. Құнды құжаттың қолымызға тиюіне мұрындық болған – газетіміздің тұрақты оқырманы, КСРО ішкі істер қызметінің ардагері, отставкадағы милиция подполковнигі Сәлижан Садықов.

Сол картотекада Ноянның 1923 жылы 27 ақпанда Орынбор қаласында туғаны жазылған. Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының мүшесі екендігі де айтылады.

Әскерге 1941 жылдың желтоқсанында Самара қаласының Дзержинск аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылыпты. Ол кезде ноян 18­ден енді ғана асқан жас жігіт екен.

Нығметтің жалғызының жауынгерлік жорығы 1941 жылдың 1 желтоқсанынан 1942 жылдың 7 сәуіріне дейінгі аралықта Оңтүстік-­Шығыс майданының 285-­атқыштар дивизиясы, 5­-ші инженерлік-­саперлік бригадасы құрамында қатардағы барлаушы ретінде басталған. Одан соң 1942 жылдың тамызынан осы жылдың желтоқсанына дейін аталған әскери құрамның қатарында Сталингад шайқастарына қатысады. Ал, 1943 жылдың маусымынан тамыз айына дейінгі аралықта 2­-ші Украин майданының 5­-ші инженерлік-­саперлік бригадасының барлаушылар бөлімшесінің командирі болады. Воронеж қаласы үшін болған шайқас алдында взводымен жау тылына бірнеше рет кірген. 1943 жылдың сәуірінде Сталинград түбіндегі қанды ұрыстардың бірінде жеңіл жараланады. Қиян­-кескі қырғынның ортасында жүріп, омырауына бір орден, екі медаль тағады. Бұл марапаттардың кездейсоқ беріле салмайтыны белгілі. Осы орден, медальдардың тарихында жете ескерілмей қалған ерліктердің жатуы бек мүмкін. Себеп… «Халық жауының» баласы. Меніңше, солай. «Әкесі жаудың – баласы жау» дейтұғын сол кездегі саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қаратқан саясат мәселенің мәнін ашуға мұрсат бермеген болуы анық…

Өмір мен өлім арпалысы

Кейіпкеріміз «Ерлігі үшін» медалін 1944 жылы 17 ақпанда алыпты. Жауынгерлік тапсырманы тиянақты орындаған 105-­инженерлік-­саперлік батальонның бөлімше командирі, аға сержант Ноян Нығметұлы Нұрмақовты марапаттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан сол күні шығарылған бұйрыққа (№07/н) №5 инженерлік­-саперлік бригада командирі, полковник Мясников пен штаб бастығы, майор Защеринский қол қойып, мөр басқан (Ноянды наградтау парағына қол қойғандардың есімдері жазылмаған, фамилиясы ғана көрсетілген – авт.).

Марапатқа ұсынудың мән­жайы 105­-инженерлік­-саперлік батальон командирі, майор Гулиннің 1944 жылғы 11 ақпандағы наградтау парағында баяндалған. Онда былай жазылған: «1943 жылы 14 желтоқсанда аға сержант Н.Нұрмақовтың бөлімшесі жаудың қорғаныс жүйесін, соғыс техникасын, жол жағдайын, көпірлердің бар­жоғын барлау мақсатында Боковая өзені жағасында орналасқан Парфировка елді мекенінің маңынан жау тылына өтті.

Үш күндік барлау нәтижесінде Нұрмақовтың барлаушылар взводы бригада командирінің тапсырмасын нақты, шығынсыз орындап, олжамен оралды. Барлау барысында жаудың 3 миномет батареясы, 3 пулемет ұясы, 15 окобы, 11 жертөлесі анықталып, картаға түсірілді. Боковая өзенінің бойындағы көпірлердің жай­жапсарына көз жеткізіліп, өткелдер де картаға түсірілді».

Н.Нұрмақов пен оның қарулас жолдастары, осылайша, әскердің ілгері жылжуына оң ықпал еткен. Ал, «1941­1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі 1945 жылы 10 қазанда беріліпті. Бұл кезде ноян 141­-дербес гвардиялық атқыштар батальоны барлаушылар взводының командирі, әскери атағы – гвардия кіші лейтенанты екен.

Бұдан кейінгі наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденінің тарихы, тіпті, ерекше. Бұл жолы наградтау парағын полк командирі, подполковник Алексеевич 1945 жылы 18 мамырда толтырыпты. Онда былай делінген: «1945 жылдың 6 мамырында 305,5 метрлік биіктікке шабуыл алдында Н.Нұрмақов взводымен күндіз, екі мәрте миналанған ашық алаңға шығып, танкке қарсы қолданатын – 10, жаяу әскерке қарсы 12 минаны залалсыздандырды. Соның нәтижесінде, жау бекінісінің оң қапталынан біздің әскердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті.

Келесі 7 мамыр күні біздің әскердің соғыс техникаларының қауіпсіз өтуі үшін Гросс­-Розен-­Кальтхаде бағытындағы миналанған аймақты минадан тазартуға бұйрық алды. Нұрмақовтың взводы бұл жауапты тапсырманы да жанқиярлық ерлікпен, шығынсыз, уақытында орындап, тасжолға шығатын жолға инженерлік барлау жасап, картаға түсірді. Алаңды танкі мен жаяу әскерге қарсы 74 минадан тазартып, полкке қауіпсіз жол ашты».

Полк командирінің осы наградтау парағына сәйкес, саперлердің взвод командирі, кіші лейтенант Ноян Нұрмақовты «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау туралы Богдан Хмельницкий атындағы 285-­атқыштар дивизиясының командирі, полковник Сухарев пен штаб бастығы, подполковник Агапов қол қойған бұйрық (№ 075/н) 1945 жылы 19 мамырда шығады. Бағамдасақ, Ноянды осынау көзсіз ерлігі үшін бұдан да жоғары дәрежелі марапатпен наградтауға әбден болатын еді…

«Жаудың Баласына» жанашырлық жүрмейді

Ноян Нығметұлының соғыстан соң бірден елге жіберілмеуінің себебін осылай ұғыну керек секілді. Қолдағы деректер соны айғақтайды. Соғыс аяқталғаннан кейін де Ноянның батальоны жоғары қолбасшылықтың бұйрығымен Германиядағы нысандарды минадан тазартуға жіберіледі. Жеңіс туы желбіріп, соғыс 1945 жылы 9 мамырда аяқталса да, командирлері Ноянды еліне қайтаруға асықпапты. Ол 1946 жылдың соңына дейін осы аса қауіпті саперлік қызметке қалдырылады. Мұның өзі «Халық жауының баласы» деген жаланың жауынгер Ноянның қыр соңынан соғыста жүрсе де қалмағанын көрсетсе керек…

Нояннан ұрпақ қалды ма?

Ноянның әкесі Нығмет Нұрмақов қызмет орнында тұтқындалып, Әлихан Бөкейхан екеуі  бас­аяғы 15 минутта шыққан сот үкімімен бір күнде атылған соң, бала­шағасы да қуғынға ұшыраған еді. Нығметтің інісі Жәмелдің ұлы, медицина ғылымдарының докторы, академик Аман Нұрмақовтың 2017 жылы «Abai.kz» порталында жарияланған «Нұрмақовтың отбасы тартқан трагедия» атты мақаласында бұл туралы мәлімет берілген…

«Нығметтің екі баласы ноян мен Тамараны бір­-бірінен айырып, Ресейдің Саратов және Пенза қалаларындағы балалар үйіне жібереді. Тамара сонда сырқаттан қайтыс болады, ал, Ноян 1941 жылдың желтоқсан айында өзі сұранып, майданға аттанады. Бұдан кейінгі өмір жолын нақтылау мақсатында академик Аман Нұрмақовтың өзіне хабарластық. Ағамыздың айтуынша, Ноян 1947 жылы елге келген соң, Алматы тау кен­металлургия институтының сирек металдар бөліміне оқуға түседі. Бірақ, онда «халық жауының» баласы оқуға болмайды деген себеппен 1 курстан соң оқудан шығарылған. Кейін Алматы ауылшаруашылық институының гидромелиаративтік факультетіне түсіп, оны үздік аяқтап шығады. Сонан соң, «инженер­-гидрогеолог» мамандығы бойынша Алматы мен Мәскеудегі түрлі мекемелерде қызмет істеген. 1986 жылы 63 жасында жүрек талмасынан қайтыс болып, Мәскеудің Ваганьков зиратына жерленеді».

Тектінің тұяғының соңында Асқар, Алена есімді екі перзент қалыпты. Алена тұрмысқа шығып, ұл сүйген. Оны азан шақырып «Нығмет» деп атапты. Тегін де «Нұрмақов» деп жаздырыпты…

Түйін

Ноян Нұрмақовтың ерлік пен өнегеге толы тағылымды ғұмырынан әкесі Нығметке тән батылдық, алғырлық пен қырағылық аңғарылады. Ол қанды майданның ең қауіпті тұстарында соғысты. Өз өмірін қатерге тігіп, қаншама майдандастарын ажалдан аман алып қалды. «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» дейді қазақ…

Оны қатал тағдыры қаншама рет жауып тұрған оқ астына тастаса да, өзіне бекем сенімі мен Отанына шексіз махаббатының арқасында тірі қалды. Соғыстан кейін де өмірінің соңына дейін адамдық тұғырынан айнымай, ізгілік үшін еңбек етті. «Халық жауының» емес, халықтың өзі толғатып тапқан, азуы алты қарыс Нығметтей біртуар тұлғаның ұлы екенін дәлелдеп, өмірден өтті…

Жәлел ШАЛҚАР.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...