Қазақ иделогиясы Қожа Ахмет Ясауиден бастау алады.Бір Фатиха үш Ықылас оқып, Қожа Ахмет Ясауи...
Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің туған күні
Фото: adebiportal.kz
Бүгін белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу Сейдімбектің туған күні, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Марқұм көзі тірі болғанда 82 жасқа толар еді. Бірақ өзі болмағанмен сөзі, өшпес мұрасы соңында қол бұлғап қалды. «Асқар тау алыстаған сайын зорая түседі» деген тәмсіл бар.
Биыл марқұмның өмірден өткеніне де 15 жыл толды. Туған жері Жаңаарқадағы қаралы жиында сол кезде Астана қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов Ақселеуін жоқтар күн алда деп айтқан еді.
Ақселеу Сейдімбектің қазасы тек Жаңаарқаның ғана емес, Сарыарқаның ғана емес, тұтас алаш жұртының қайғысы. Қабырғамыз қайысып тұр, адырнамыз үзіліп тұр. Қанатымыздан қайырылдық, арысымыздан айырылдық. Алаш жұрты Ақселеуін жоқтар күн алда. Еріміздің қадірі артар күн әлі алда. Енді тек соңында қалған ұрпаққа салауат берсін. Ахаңның ісін жалғау – ұрпақ парызы, – деген болатын Иманғали Тасмағанбетов.
Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші, «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Зерде» журналының бас редакторы болған.
Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
Жаңаарқадағы қабірінің басына мәрмәрдан ескерткіш қойылған. Құлпытасына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірімім қанбады» деген өзінің сөзі қашалып жазылған.