Фазлур РахманФазлур Рахман 1919 жылы Пәкстанның Хазара қаласында дүниеге келген. Ол алғашқы білімін...
Махатма Ганди: «Анам өте ақылгөй адам болатын»
МАХАТМА ГАНДИ – әлемге әйгілі үнді қоғам қайраткері,саясаткер
Анасы – ПУТЛИБАЙ ГАНДИ
«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын ұсынады.
Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген.
Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар туралы сыр шертілген.
«ҰЛЫ ЖАНДЫ» ТӘРБИЕЛЕГЕН АНА…
Ұлына ерекше жылулықпен, сүйсіне қараған Путлибай Ганди, бірде оған былай дейді:
– РУХАНИ ҰСТАЗ – ҚАРАПАЙЫМ МҰҒАЛІМНЕН ОН ЕСЕ АРТЫҚ, АЛ ӘКЕНІҢ ОРНЫ РУХАНИ ҰСТАЗДАН ЖҮЗ ЕСЕ ЖОҒАРЫ ТҰРМАҚ, БІРАҚ АНА – БАЛА ЖАНЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ РЕТІНДЕ, ОҒАН ӘКЕДЕН МЫҢ ЕСЕ ЖАҚЫН, – деген ежелгі нақыл есіңде ме?
Анасына таңдана қараған Мохандас Карамчанд, басын изеп, оның сөзіне келіседі, содан соң өз ойын қосады:
– Сондай-ақ батыста «Әр көрнекті қайраткердің артында әйел тұр» – деген сөз бар!
– Есіңде болсын, ұлым, – деп жалғастырды анасы, – Жан-жүрегіңмен тілеп, шын қалаған арманың қашанда орындалады!
Анасымен болған осы бір әңгімені Махатма Ганди үндістердің тәуелсіздік жолындағы күресінің бастауы болған «тұз жорығы» кезінде есіне алған болатын. Анасының ақ батасы мен өзінің жүрек қалауы Махатма Гандиді еркіндік жолындағы күресті бастауға жігерлендірді. Гандидің күш-жігерінің арқасында, 1947 жылы Үндістан Ұлыбританиядан тәуелсіздік алып, бейбіт жолмен еркіндікке қол жеткізді.
Махатма Ганди 1869 жылы 2 қазанда дүниеге келген. Ол Лондонда заңгерлікке оқыған. Шетте жүрген кезін ол былайша есіне алады: «Мен Англияда өзімді жайсыз сезінетінмін. Әрқашан үй ішін, Отанымды ойлайтынмын. Анамның махаббатын аңсайтынмын... ол жақта менің қайғымды бөлісетін ешкім жоқ еді...».
Махатма Гандидің осы сөзі арқылы Путлибай анасының бала тәрбиесіндегі зор еңбегіне тәнті боласың! Ол өзінің өмірлік тәжірибесін үлгі ете отыра, баласының дүниетанымын қалыптастыруға әсер етті. Болашақ ағылшын заңгері Махатма Ганди сондай қарапайым, шыншыл, арманына адал анасының қашанда шынайы махаббатқа бөленуін қалайтын. Сондықтан, үндінің салт-дәстүріне сусындап өскен балалары, анасын құрметтеп, аяғына иіліп, бата сұрайтын.
Үндістан әрқашан вербалдық мәдениет елі болып қала бермек, ұзтазға деген сыйластыққа негізделген білім беру жүйесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді және сол дәстүрді сақтаушы әрі жалғаушы қашанда әйел адам болды.
Үндістанда ешқашан балалар әдебиеті болған емес – бүлдіршін анасы немесе әжесінің әңгімелеуіндегі «Махабхарата» мен «Рамаяна», «Пуран» хикаяларын тыңдап өседі. Бұл әңгімелердің бәрі апалар арқылы ауыздан ауызға тарап, немесе үнді классикалық әдебиетінің мыңдаған өлең жолдарын жатқа айтатын жергілікті кезбелер арқылы сақталып келген.
Үнді мәдениетінде әйел-анаға жерге дейін иіле құрмет көрсету қалыптасқан. Әрбір діни рәсімнің астарында әйелдің бойында жасырылған алпауыт күшті аңғарту жатыр. Үндістанда тіпті өзендерге де ару-аналардың атын беру дәстүрге айналған.
Махатма Ганди үшін анасы Путлибай рухани танымы биік ана, данагөй әйел, қасиетті жан болды. Анасының бойындағы шыдамдылық, кішіпейілділік пен Құдайға тынбай құлшылық ету қасиеттері арқылы оның өмірлік қағидалары қалыптасты. Ганди бір естелігінде: «Арайлап атқан күннің өзі оның күйбең тірлігіне сәйкес жылжитындай көрінетін: күн ауладан ас үйге қарай ауғанда, да анам ас әзірлеп, оны үлкен махаббатпен отбасына ұсынады, анамның пісіретіні: өз қолымен өсірген картоп немесе асқабақ қосылған алтындай сары жасымық, үлкен жасыл банан жапырағына оралған ақ маржан күріш... Балаларын Құдайындай құрметтеп, қамқорлық танытып, сүйіспеншілікпен әзірленген асын анамыз күніне үш рет алдымызға ұсынатын.
«ЕСЕЙІП КЕТКЕНІМІЗГЕ ҚАРАМАСТАН, БІЗ, БАЛАЛАРЫ РЕТІНДЕ, АНАМЫЗДЫҢ ЖАН ТАЗАЛЫҒЫ, ТҰТАСТЫҒЫ МЕН КҮШ-ЖІГЕРІНІҢ САҚТАЛУЫНА ҮЛЕС ҚОСУҒА ТЫРЫСТЫҚ!».
1915 жылы атақты үнді жазушысы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагор өз шығармасында Мохандас Гандиді алғаш рет «Махатма» – «ұлы жан» деп атайды. Әрине, аскет ретінде, Гандидің өзі бұл атауға аса қуана қоймаған болатын.
Еркіндік жолындағы күресте Ганди таңдаған негізгі әдіс – қарсыласыңа зорлық-зомбылық көрсетпеу және моральдық қысым жасамау еді. МАХАТМА ӨЗІНІҢ САЯСАТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛЫНДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ КҮРЕСТІ ТАҢДАДЫ.
БҰЛ – АНАСЫ ПУТЛИБАЙДЫҢ ТӘРБИЕСІМЕН БОЙЫНА ДАРЫҒАН МІНЕЗ БОЛАТЫН.
Анасынан алған тәрбиесі саясаткердің мінезінің қалыптасуына үлкен әсер етті, Ганди өмірінің соңына дейін сол қағидаға адал болды. Сенім мен рухани ізгілікке негізделген анасының қарапайым өмір салты оның жүрегінде терең із қалдырды.
Ганди бірнеше рет: «Анамның тақуалығының діни фанатизмге еш қатысы жоқ. Анам маған қашанда шындықты айтуды үйретті. Анамның арқасында мен өмір философиясын таныдым» деген еді.
– Ұлым, «Рамаяна» дастанының саған әсер еткен тұсы қайсы? Байқауымша, бірнеше күн бойы ой үстінде жүрсің... мүмкін мен саған көмектесе алатын шығармын? – деп сұрады Путлибай.
– Мен бұл ежелгі эпикалық дастанның «Ақиқат ізгілік пен адамгершіліктің негізінде жатыр» деген жолдарының мағынасын түсінуге тырысып бақтым, бірақ бұл сөздің мәнін әлі толық ұға алар емеспін. – деді Мохандес байсалды түрмен.
– «Рамаянада» ежелгі үнділердің адамгершілік, жақсылық пен жамандық туралы танымы баяндалады, – деді анасы әр сөзін байыппен жеткізіп, – Онда соғыс туралы, жақсылық пен жамандық, батылдық пен зұлымдықтың өзара қайшылығы, ұрлық, заманының батырлары мен олардың қару-жарағын мадақтау туралы жырланады. Бұл дастандар мыңдаған жылдар бойы ауыздан ауызға жеткен, біз әлі де оларды сүйсіне тыңдаймыз, өйткені қанша ғасыр өтсе де, олардың мағынасы өзгермек емес, демек адамзат үшін бұл шығармалардың құндылығы мол.
Бала кезінде анасының көмегімен оқыған бұл дастан, Ганди үшін өмірінің соңына дейін ең сүйікті шығармасы болып қала берді.
Путлибай ұлын жасынан өз тегіне адал, өзгеге шыншыл болуға, батылдық пен кеңпейілдікке үйретті. Әділдік – дана адамның басты қасиеті екенін өз өмірін үлгі ете отырып көрсетті.
Осы ұстанымдарды берік ұстанған Махатма Ганди, саясаткер кезінде кең қолданыстағы «қол тигізбейтін» терминін саяси тұрғыдан дұрыс нұсқасы «харижандар» («құдайдың балалары») деп алмастырды.
Ганди бір жазбасында:
«Анам өте ақылгөй адам болатын. Ол мемлекет істерінен де хабардар еді, сарай ханымдары оның ақыл-парасаты жайлы құрметпен айтатын. Балалық шағымда мен анаммен еріп сарайға жиі баратынмын, оның такор-сахибтың жесір қалған анасымен айтатын қызу әңгімелері әлі есімде», – дейді.
Ұлының естеліктерінен анасының мемлекеттік істерді жақсы біліп, қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты ой бөлісе алатын жан екенін байқауға болады. Әйел адамның саяси мәселелерге қатысты пікір білдіре алуы ол кез үшін өте сирек жағдай болатын.
Саяси мәселелерде Махатма зорлық-зомбылықсыз, тең құқықтық, өзара құрмет пен ынтымақтастық қағидаттарына негізделген әлемдік тәртіп орнату қажеттігін талап етті. Әрине, ондай өркениетті қоғам қалыптасса, біреуді біреу қанауға ешқашан жол берілмес еді...
Гандидің теориясына сәйкес, қатігездік ерте ме, кеш пе зорлық-зомбылықтың артуына әкеледі, ал ізгілік зұлымдық тізбесін тоқтатып, жауды досыңа айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл анасының өмірлік ұстанымы болатын, абзал ана ұлының санасына да осы қиғидаттарды сіңіре білді.
ПУТЛИБАЙ БЕЙНЕСІ ҚАШАНДА МАХАТМАНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ САҚТАУЛЫ, ӨЙТКЕНІ ОНЫҢ БАРЛЫҚ САЯСИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ АНАСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН БОЛАТЫН.
Ананың балаға деген махаббатын шебер бейнелейтін ежелгі аңыз бар. Бірде қайтыс болған адам көкке ұшады. Оған періште ұшып келіп, жер бетінде жасаған барлық жақсылықтарыңды есіңе түсір, сол кезде менімен бірге ұшу үшін қанаттарың пайда болады, – дейді. Адам өмір жолын көз алдынан өткізіп, үй салып, бақ өсіруді армандағанын, бірақ үлгермегенін еске алады. Сол кезде арқасындағы қанат бір бітіп, бір жоғалып, толық өспей қояды.
Сонда ол анасының оны қалай жақсы көріп, оған дұға еткенін есіне алады. Кенет әлгі адамның артынан екі үлкен қанат өсіп шығады.
- МЕН ШЫНЫМЕН ҰША АЛАМЫН БА? – деп таң қалады адам.
«АНА МАХАББАТЫ АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІН ТАЗАРТАДЫ ЖӘНЕ ОНЫ ПЕРІШТЕЛЕРГЕ ЖАҚЫНДАТА ТҮСЕДІ», – деп періште күлімсірей жауап берген екен.