Яссауидің алтын кітапшасы. Алтын жазулы есік – аңыз бен ақиқат

Жаңалықтар
1942

Жақында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабірхана есігіне реставрация жұмыстарын  жүргізіп жатқанда  алтын мен күмісті пайдалана отырып жасалған өрнектермен араб әріптерінің сызбалары көріне бастағаны туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз хатшысы Мадина Сабыр әлеуметтік желіде жазған болатын. Реставрация жұмыстарын кім және бұл жұмыс қалай істеліп жатқандығы туралы және жақында «Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне тиесілі құнды жәдігер - саф алтыннан құйылған кішкентай кітапша туралы әңгіме әлеуметтік желіде желдей есіп, кей БАҚ беттерінде осы жайлы мақала да жарық көрген болатын. Осының анық-қанығын анықтау үшін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне хабарласқан едік. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиесілі, атақты Ақсақ Темірдің құнды сыйлығы саф алтыннан құйылған кішкентай кітапша туралы  

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірінші қабатындағы алты залының бірі кезінде үлкен кітапхана қызметін атқарған. Ол туралы М.Дулатов, М.Массон т.б. еңбектерінде жазылған.  Дегенменен, тарихи деректерге жүгінетін болсақ ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан бергі Ресей зерттеушілері, офицерлері т.б. естеліктерінде, кесенеге қатысты онда сақталған құндылықтар жайлы жазылған бірде-бір зерттеулерде, тіпті аңыз әңгімелерде де Әмір Темір кесенеге саф алтыннан қорап жасатылған құран кітап сыйға тартты деген дерек жоқ. Сол себепті, Хусаинова Меруерттің мақаласында аталып отырған құран кітабының Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиесілі болғандығы туралы пікірдің негізі жоқ деп ойлаймыз. Сонымен қатар Меруерт ханымға бұл туралы қайдан, қандай деректерге сүйеніп жазды деген қарсы сұрақ қойғымыз келеді, - дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерсін Тәжібаев.

Сондай-ақ Қорық-музейдің қызметкерлері Меруерт Хусаинованың және мақалада есімдері аталған адамдардың «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі әкімшілігі мен қызметкерлеріне хат жүзінде, не ауызша хабарласпағандығын атап өтті. 

Қазіргі музей қоры  кесенеде сақталып келген және халық келіп тапсырған жәдігерлерден жинақталған. Бүгінгде музей қорына жинақталған 25 мыңнан аса жәдігердің  2 969 данасы жазба ескерткіштер. Оның ішінде құнды болып табылатын 634 дана баспа, қолжазба кітаптары бар. Қорық-музейдің қор бөлімінің қызметкерлері баға жетпес құнды мұраларымызды болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатының үлкен жауапкершілік екенін басты назарда ұстайды, - деді Ерсін Тәжібаев.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабірхана есігіне реставрация жұмыстарын  жүргізіп жатқанда  алтын мен күмісті пайдалана отырып жасалған өрнектермен араб әріптерінің сызбалары көріне бастаған

«Қазқайтажаңарту» мекемесінен «Остров Крыма» зертханалық лабораториясында реставрация жұмыстарын жүргізу туралы сұралған хатқа байланысты Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитеті төрағасының басшылығымен өткен ғылыми-әдістемелік кеңестің 12.07.2021 ж. №11 хаттамасы негізінде Қ.А. Ясауи қабірханасы есігін реставрациялау, консервациялау жұмыстары 2021 жылғы тамыз айынан бастап жүргізіліп келеді.

Музейдің қор сақтау және есепке алу бөлімінің қызметкерлері қор сақтаушы Д.Адиев, суретші реставратор Е.Муташев, реставратор Н.Таджибаев 2021 ж. қазан айының 18-30 күндері аралығында «Остров Крыма» зертханалық лабораториясында реставрация, консервация жұмыстары барысымен танысып, тәжірибе алмасуда.

Реставрациялық жұмыс барысында есіктің төменгі және жоғарғы жағындағы темір құрсауларды есіктен шешіп, тотынан тазаланған бөлігінде алтын мен күмісті пайдалана отырып жасалған өрнектермен араб әріптерінің сызбалары көріне бастаған. Алайда есіктің тек темір құрсауларын толықтай тазартып шығу жұмыстарының көп уақыт алатынын ескерсек, қабірхана есігінің бізге беймәлім жаңалықтары әлі алда деп ойлаймыз.  Есіктің металл құрсауларын тазалау жұмыстарын еліміз бен шетелде танымал реставратор Қырым Алтынбеков жүргізіп жатыр. Сондықтан «Остров Крыма» зертханалық лабораториясында атқарылып жатқан үлкен жұмыстың жаңалықтарын Қырым ағамызбен бірге бөлісетін боламыз, - деді ол.

Осыдан екі-үш жыл бұрын кесене қабырғалары арқылы жер асты ылғал жоғары көтеріліп жатқанын мамандар анықтап, дабыл қаққан еді. Ылғал мен тұз қабырға, сырлы қыш, көне қаптама тас беттеріне шығып, оларды бұзып жатыр деп еді, осы мәселе не болып жатыр? Кесене жағдайы бүгінгі күні қандай күйде?

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еліміздің ғана емес, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне алынған ортақ құндылық. Ортағасырлық сәулет өнерінің көркем туындысын қорғау және сақтау мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Кесене айналасындағы жер асты судың деңгейін бақылап отыратын 12 дренаж құдығы бар, бүгінде әр 10 күнде су деңгейін бақылауда, жерасты су деңгейі 9,5 метр тереңдікте жатыр. Кесенеде жерасты судың әсерінен болатын ылғалдылық 100% пайыз тоқтаған. Алматы жерасты су ғылыми-зерттеу институтының мамандарының айтуы бойынша жерасты суы 4 метрге дейін көтерілгенде ғана ылғалдылық әсер етуі мүмкін. 

Қазіргі уақытта кесененің қабырғаларында байқалатын тұздануы қыс, көктем, күз айларында жауын-шашының әсерінен болып жатады, сондықтан жаз айларында кесене айналасындағы көгалдандыру жұмыстары барысында шамадан тыс мөлшерде су пайдаланбау жағын бақылауда ұстауға тырысамыз, - делінген ақпаратта.   

Қорда сақталған мыңдаған құнды заттары бар мұражай  ғимаратсыз жүргені қалай болды? Әзіреті Сұлтан бабаның есімімен музей ашқалы жатыр. Жалпы сіздерге ғимарат беру жағдайы қалай болып жатыр?

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің екі қабаттан тұратын әкімшілік ғимараты мемлекет мұқтаждығына байланысты сүруге алынып, 2019 жылдың қазан айында бұзылғаны рас. Төрт бөлім қызметкерлері, ғылыми кітапхана мен оқу залы, 25 мыңға жуық жәдігері бар музей қоры ХІХ-ХХ ғасырлардың тарихи ескерткіштері «Гарнизон штабы», «Әскери казарма» ғимараттарына уақытша орналастырылды.

Түркістан қаласының «Рухани мәдени орталығында» бірнеше маңызды нысандар бой көтерді. Солардың ішінде «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының сапар орталығы» атымен салынған құрылыс «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне берілмеді. Құрылысы аяқталған келесі нысан, «Қожа Ахмет Ясауи музейі».  Бүгінде болашақ музейдің музейлендіру жұмыстары жүріп жатыр.

Келесі жылдың соңына дейін аталған музейдің барлық жұмысы аяқталып, облыстық әкімшілік балансына өткеннен кейін Мәдениет және спорт министрлігіне өткізіледі, деп ойлаймыз. Мүмкін, содан кейін аталған нысандардың  «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне берілуі күтілуде.

Ғалымдар Түркістанға қатысты тың деректер іздестіру үшін Ресейге аттанған еді, жұмыстар қалай жүріп жатыр?

Мәдениет және спорт министрлігі 2021-2023 жылдарға жариялаған ғылыми қаржыландыру бағдарламасы аясында  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі екі тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.  Музей қызметкерлері үстіміздегі жылдың 10-16 қазан аралығында  «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» атты ғылыми жоба тақырыбы аясында Ресей Федерациясының мемлекеттік архивы, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивы, Ресей Федерациясының ұлттық кітапханасында материалдар жинау жұмыстарын жүргізді. 

Іс-сапар барысында Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивынан Түркбюро, Орта Азиябюро құжаттары қаралды. Аталған архивтің бұрынғы партия архивы болғандығын ескерсек, негізгі құжаттар өлкелік партия комитеттерінің қызметтерін қамтыған. Аталған архивтан межелеу саясатына қатысты құжаттар, облыстың құрылуы, оның алғашқы басшыларын тағайындау бұйрықтар т.б. көшірмелері алынды.   

Ресей Федерациясының мемлекеттік архивынан қаржылық бақылау есептері мен статистикалық мәліметтер алынды. Облыс, уездерге байланысты барлық салалар бойынша есептердің ішінен  қала тарихына қатысты мәліметтерді  жүйелеу жұмыстыры атқарылатын болады.

Түркістан қаласы бойынша 1949-1951 жылдары салық комитетінің жұмысын, автобаза қызметін, почта саласын арнайы мемлекеттік тексеру құжаттар қаралды. Бұл құжаттардан кеңес өкіметі тұсында өлкелік органдардың барлық салалары партия назарынан тыс қалмағанын көреміз. Қаланың еңбек адамдарының түрлі марапаттарға ұсынылуы туралы құжаттар қайнаған еңбек ортасын елестеткендей болды. 

ХІХ ғасыр ортасы - ХХ ғасыр ғасыр басында жарық көрген 40-қа жуық еңбектің көшірмесін алуымызды мол олжа, деп білеміз. Біздің қолымызда бұрынғы кезеңде кейбір еңбектердің үзінді көшірмелері ғана болған болса, саяхатшылар, әскерилер, шенеуніктер, ғалымдардың баспадан шыққан түпнұсқа еңбектерінің электронды нұсқасы алынды.

Бұл еңбектер әлеуметтік-қоғамдық өмірдің бар саласын қамтыған материалдарға ие. Сол уақыттың статистика мәліметері Түркістан қаласы  халқының саны жағынан өлкеде Ташкенттен кейінгі үлкен қала болғандығын көрсетеді.  Деректерден Ресей патшалық әкімшілігінің Түркістанды жаулап алғаннан кейін жоспарлау үшін ғылыми талдау жасап отырғанын көреміз.  Адам саны, діни ұстанымы, мал басы, бақшалар, суармалы жерлер, арықтар,  жауын-шашын мөлшері туралы мәліметтер аса ыждақаттылықпен жиналған. Ғалымдардың арнайы зерттеулерінде Түркістан қаласы маңында картоп егудің тиімсіздігі, мол өнім бермейтіндігі туралы ұсыныстары әлі күнге дейін маңызын жоймаған сияқты көрінді.

Ресей әскери басшылары, төменгі шенді офицерлер естеліктерінде Түркістан қаласын жаулап алу, Ясауи кесенесінің зеңбірекпен атқылануы, Иқан шайқасы т.б. оқиғалар баяндалады. Бізге жалпы бұл кезең тарихы Добромыслов еңбегінен, генерал-мойор Веревкин есебінен белгілі болғанымен қолымыздағы мол материалдар сол оқиғаларды салыстырып қарауға, жаңа талдаулар жасауға мүмкіндік беретін болады. Ал, орыс жауынгерлерінің естеліктерінде Түркістан маңында жолбарыс аулауға шыққандарын, қазақ аңшыларының орыс қаруларын сұрап алып, мергендіктерімен ерекшеленгенін суреттеп жазуы тарихқа қызығушы әрбір адамға қызықты болады деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, Москва іс-сапары біз үшін сәтті болды деп ойлаймыз. Көшірмелерін алуға тапсырыс беріп кеткен құжаттар жіберіледі деп күтіп отырмыз. Жалпы жинақталған материалдарды сұрыптау, жүйелеу, талдау жұмыстары әлі алдағы уақыттың жоспарында, - деді қорық-музей директоры.

Дегенменен, айта кететін мәселе архивте жұмыс жасауға рұқсат сұраған ресми хат жазудан бөлек, архивте жұмыс жүргізуге жазылып, кезек алу, белгілі құжатқа тапсырыс бергеннен оны екі күн күту сияқты архивтердің өзіндік жұмыс жасау тәртіптері бар.

Ресей мемлекеттік әскери-тарих архивінен біздің жұмыс істеу үшін кезегіміз он екі күнен кейін келеді, деген жауап естуге де тура келді. Іс-сапарға дейін электронды тіркелу және тапсырыс беру сияқты алдын-ала жүргізген дайындық жұмыстарымыз өз нәтижесін беріп, аз уақытта тиімді жұмыс атқара алдық, - делінген жауапта.

Назым Ерсінғазы

author

Қожа Ахмет Яссауи

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...